ҰБТ басталды

Еліміздің барлық өңірінде Ұлттық бірыңғай тестілеу басталды. Тест 5 ақпанға дейін жалғасатын болады. Жалпы республика бойынша барлығы 143 тест өткізу пунктінде 1 230 аудитория дайын.

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов 2021 жылғы Ұлттық бірыңғай тестілеу жүйесіне енгізілетін жаңа форматты атады. Сондай-ақ, бүгінгі тест сұрақтары көңілінен шықпайтынын да жеткізді.

«Әріптестерімізбен тестілеуді өткізу рәсімін жетілдіру керек деген қорытындыға келдік. Цифрландыру дәуірінде комиссия құрамында бірнеше мың адамның болуын қамтамасыз ету үшін 1,5 миллиард теңге жұмсауға жол берілмеуі керек. Оның үстіне мұның нәтижесі – тиімсіз. Сондықтан бұл рәсім заманауи прокторинг пен бейнебақылау жүйесі қамтамасыз етілген электронды форматқа өтеді.

Сонымен қатар, соңғы бірнеше жылда тестілеу сұрақтарының базасын жаңарту бойынша жұмыс жүргізілгендігіне қарамастан сұрақтардың басым бөлігі әлі де қажетсіз фактілерді жаттап, есте сақтауға бағытталған. Содан кейін бірінші орынға сыни ойлау мен функционалдық сауаттылықты қоймаса, жаттанды ақпаратты автоматты түрде айту арқылы оқу процесінің маңыздылығы жоғалады. Функционалдық сауаттылыққа мән беру және білімді өмірде қолданатын кез келді. Енді алдымызда бұл жүйенің базасын SAT, PISA секілді тесттердің үлгісі бойынша толық жаңарту мәселесі тұр. Бұл мүлдем басқа сипаттағы тапсырмалар, яғни тестте жаттап алуға, көшіруге мүмкіндік бермейтін сұрақтар болуы керек. Талапкерлер тапсыратын пәндер бойынша да нақты шешім қабылдауы қажет» дейді Білім және ғылым министрі.

Биыл 120 мыңнан астам адам ҰБТ тапсырады деп жоспарланып отыр. Сондай-ақ, бақылау тестін өткен жылы ҰБТ нәтижелері жойылған талапкерлер және шығармашылық білім беру бағдарламалары бойынша басқасына ауысқысы келетін студенттердің де қатысу мүмкіндігі бар.

Тестілеу 5 пән бойынша өтіп жатыр.

3 міндетті пән және таңдаған мамандығына байланысты 2 бейінді пән. ҰБТ қатысушыларына барлығы 120 тест тапсырмасы беріледі, оның ішінде Қазақстан тарихы бойынша 15 сұрақ, математикалық сауаттылық пәні - 15 сұрақ, оқу сауаттылығы бойынша 20 сұрақ және бейінді пәндер бойынша 35 тапсырмадан болады.

Тесті тапсыруға 4 сағат (240 минут) уақыт беріледі. ҰБТ-ға қатысушылар барлығы 140 балл жинай алады.

Өңірлерде ҰБТ өткізу ережелерінің сақталуын жоғары оқу орындарының қызметкерлері мен Ұлттық тестілеу орталығының өкілдері бақылайтын болады. Сондай-ақ, өңірлердегі тестілеу барысын білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаменттерінің қызметкерлері қадағалайды.

Коронавирустық инфекцияның таралу қаупін азайту мақсатында ҰБТ өткізу кезінде санитарлық-эпидемиологиялық нормалар мен әлеуметтік арақашықтық қатаң сақталатын болады. Тестілеу барысында қатысушылар арасында кемінде 2 метр қашықтық қамтамасыз етіліп, аудиториялардағы адамдардың саны 50%-ға қысқартылды. ҰБТ басталар алдында аудиториялар бактерицидті шамдармен зарарсыздандырылатын болады. Сонымен қатар, санитарлық нормаларға сәйкес ата-аналар мен мұғалімдерге ҰБТ өткізу пунктінің аумағында болуға тыйым салынады.

Е.СЕРІКҚЫЗЫ.

 

 

Пікір қалдырыңыз