Сайрам оазисі

Шымкенттің айналасы мен Түлкібас, Төлеби, Сайрам аудандары және Қазығұрт ауданының шығыс бөлігі Ұлы Жібек жолының «алтын кіндігі» деп әспеттеледі. Аталған жер аумақтары жалпы – Сайрам оазисі деп аталады. Осы аумақтан басталатын кеңістік әлемнің төрт бұрышына тарайды. Осы аумақтан Ұлы көш бастау алады.

Сайрам оазисі – қайталанбас географиялық аймақтардың бірі. Оның Алатау мен Қаратаудың бір тармағы деп саналуында үлкен мән бар. Табиғаттың қайталанбас көрінісіне тәнті боласыз.

Осы жерден Алатаудың батыс бөлігінен Қазығұрттың шыңдарына дейін көз тастаудың мүмкіндігі туады. Қазығұрт – қосөркеш түйенің бейнесін көз алдыңа әкеледі. Ал, осы түйе бейнелі тау Ордабасы биіктеріне қарай ұласып жатыр. Қазығұрт шын мәнісінде төңіректің шамшырағы іспетті. Жолаушылар оны алыстан-ақ аңғарады.

Түркістан облысындағы ең биік шың «Сайрам шыңы» деп аталады.

Қаратау тауы да өзінің еншілесінен кем қалмайды. Мәселен, жолаушылар аталған таудың маңындағы бес асудан өтіп, сапарларын жалғастырады. Жергілікті тұрғындар оны Бесжалтау деп атайды. Соның ішінде Түлкібас ауданындағы Түркібасы биігі ерекше мәнге ие.

Төлеби ауданында географиялық жағынан ерекше мәнге ие екі нысан бар. Олар – Қаратөбе және Домбырашалды (Дабырашалды) жоталары. Олардан кейін Қырғызстанға қарай жаяу соқпақ басталады. Оны адамдар соғыс жылдары пайдаланған екен.

Сондай-ақ, Шақпақ және Машат асулары да тарихқа бай. Ал, Алатау мен Қаратаудың аумағын қайталанбас көрініс десе болады. Осындағы Ақсу-Жабағылы мемлекеттік қорығының көрінісі неге тұрады! Бұл-дағы Табиғат-ананың пендесіне сыйлаған қайталанбас сыйы. Мұнда шатқалдардың арасымен сыңғыр қағып өзендер мен бастаулар ағады. Осылардың барлығы ұлы Сырдарияның арнасын толтырады.

Қазақстанның оңтүстігінде өсімдіктердің барлық түрі өседі. Көкке бой созған тал-теректер, дәруменді доланалар, алмалар мен өріктер, шие мен жылас дәрумендерге тұнып тұр.

Осы жерде өмір сүріп, мекен еткен арийлер мен қангюйліктер, туралардың соңында тек археологиялық ескерткіштер ғана қалған жоқ. Қаратау мен Ақсу-Жабағылы қорығының және Алатау сілемдерінің беттерінде, шыңдарында бабаларымыз қашаған жазулар әлі де сақтаулы. Бірқатар петроглифтерде тайпалар мен рулардың таңбалары бар.

Сайрам оазисінің жері шұрайлы, табиғаты бай. Мұнда кезінде теле, жужан, оғыз, түрік, түргеш, қарлық, тағы басқа да тайпалар өз биліктерін жүргізді. Міне, осы жерден Қарахан мемлекетінің билеушілері жеңімпаз жорығын бастаған болатын. Осы өңірге қарай Шыңғысхан, Темірлан және жоңғар басқыншыларының бір құрамдас бөлігі болып саналатын қарақытайлар да өз билігін жүргізуге ұмтылғаны белгілі. 1864 жылы осы өңірге полковник Черняевтің отряды билік жүргізді.

«Алтын кіндікте» түркілік ортағасырлық Сингапур ретінде саналған Исфиджаб (Сайрам) ерекше рөл атқарды. Осы жаққа сауда керуендері үздіксіз ағылып жатты. Түрлі маңызды саяси мәселелер шешімін тапты. Талай түйткілдердің түйінін тарқатудың реті келді. Өңірдің тағдыры шын мәнісінде қуатты Сайрамның қолында еді. Осы өңірге таяу орналасқан тұрғындардың барлық мәселесі Сайрамда шешілетін. Сайрам оазисінде ондаған қала бар еді. Қазақстанның өзге аймақтарымен салыстырғанда бұл өңірдің ортағасырлық қалалар кезіндегі мүмкіндігі ерекше. Осының өзінен-ақ аталған аймақтың маңызды әрі ерекше орынға ие болғандығын аңғару қиын емес.

Қытай саяхатшысы Сюанцзанның еңбегінен Исфиджаб жайында мол мағлұмат аласыз. Исфиджабтың даңқы шартарапқа тарады. Бірінші кезекте ол ірі сауда орталығы атағын иеленді. Осы қалада теңгелер, қару-жарақ жасалды. Ортағасырлық барлық қолөнер және кәсіптің түр-түрі дамыды. Шын мәнісінде, тұрмыстың барлық саласы қыз-қыз қайнады. Исфиджаб ХІІІ ғасырда жаңа атау – Сайрам атауына ие болды. Қазір де осы атаумен көпшілікке кеңінен мәлім. Махмуд Қашқари аталған қаланың тұрғындары екі тілде (түрік және соғди) сөйлегенін өз еңбегінде атап көрсеткен.

Сайрам сонымен қатар, даңқты перзенттерімен мақтана алады. Оның «Сансыз бабтар мекені» деп аталуы тегін емес. Осында Қожа Ахмет Ясауи өмірге келген. Сайрамда сонымен бірге, өткен ғасырлардың сәулеткерлік ескерткіштері көп. Солардың қатарында Абдул-Азиз баб, Мірәлі баб, Ибрагим ата, Қарашаш ана, өзге де әулие кісілердің кесенелері бар. Сонымен бірге, жерасты жолдары мен мешіттер көптеп кездеседі. Тастан қаланып салынған қабырғалар да көп еді. Осының өзі қаланың тарихи-археологиялық жұмбақ шежіресінен сыр бергендей. Сайрамның тарихын зерттеуге В.В.Бартольд, М.Е.Массон, А.Н.Бернштам, Е.И.Агеева, П.П.Иванов, Г.И.Пацевич, К.М.Байпаков, Б.А. Байтанаев секілді ғалымдар үлкен үлес қосты.

Сайрам ауылынан шығысқа қарай үш шақырымдай жерде Мәртөбе биігі орналасқан. Міне, осы жерден кезінде сайрамдықтар сауда-көлік керуендерін күтіп алыпты. Мәртөбенің маңы егіншілікпен айналысуға өте қолайлы. Оның солтүстік-шығысқа бастар тұсында бір қалашық орналасқан. Біздіңше, кезінде бұлар бір-бірімен бәсекелес қалалар болған. Мәртөбенің жалпақ жұртқа кеңінен мәлім болатыны осында қазақтың ханы Тәуке «Жеті Жарғы» заңын қабылдаған. Бұл заң көшпенділердің қоғамдық өмірін реттеп отырған.

Сайрам оазисі өзендер мен бастауларға да бай. Олар – Арыс, Машат, Ақсу, Сайрамсу, Біркөлік, Бадам өзендері. Аталған өзендердің маңында бірнеше ондаған елді мекен менмұндалайды. Мәселен, Ақсу өзенінің бойында тағдыры талайлы Маданкент қалашығы бар. Ол Ұлы Жібек жолының маңызды стратегиялық телімінде орналасқан. Қалашықтың бойында Ақсу өзені, бір бөлігінде Бұлақ-Кобал бастауы ағып жатты. Аталған қалашықта сауда мен өнеркәсіп өркендеген. Мұнда моншаның кірпіштері осы күнге дейін сақталған.

Ақсу өзенінің құяр сағасы өзіндік маңызға ие. Мысалы, Маданкенттен шығысқа қарай бір шақырымдық жерде ортағасырлық Қалмақ төбе қалашығы орналасқан. Соның жанында Ақсу өзеніне құятын бастау бар. Өзеннің арғы ағысында ерте дәуірден қалған қорғандар орналасқан. Соның бірі – Жартытөбе жотасы. Сонымен қатар, Ақсу өзенінің жағасына орналасқан Көлбай қалашығы да (Төлеби ауданындағы Сарқырама ауылының маңында) өзінің сан ғасырлық сырын ішіне бүгіп жатыр. Аталған археологиялық нысан Қарахан мемлекетіне тиесілі.

Осы Сарқырама ауылының шеткері жағында тағы екі археологиялық ескерткіш бар. Бұл VІІ және ІV ғасырдың куәсіндей Базарбай төбе ескерткіштері.

Аталған өзеннің жоғарғы сағасынан, атап айтқанда, Мәдени ауылының тысқары жағында тағы бір қалашықтың ізі аңғарылады. Бұл қалашық өзеннің күрт бұрылысында орын тепкен. Ортағасырлық тұрғындар жағдайдың қиындығына қарамастан сол кезде-ақ аталған өзеннен нәр алған. Ақсудың төменгі сағасында орын тепкен Құрлық және Ханқорған қалашықтары да археологиялық ерекше нысандар. Шын мәнісінде, Сайрам оазисінің ұлтарақтай жерінің өзі ежелгі дәуірдің куәсі.

Әбдіқадыр ДӘУІТБЕКОВ, Чувашия Ғылымдар Академиясының академигі, Ресей және Чувашия Жазушылар одақтарының мүшесі, М.Әуезов атындағы ОҚУ-дің ғылыми қызметкері.

 

 

Пікір қалдырыңыз