Қазақста университет көп, ҚАЗҰУ жалғыз


          Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тарихы 1934 жылдан бері бастау алады. Мәселе уақытта емес, сол уақыттың ішінде атқарылған жұмыстың сапасында. Қай салада болмасын биік белестерді бағындырып жүрген оқу орнының талай тағлымды тарихтың куәсі болғаны ақиқат.

ҚазҰУ-дың бүгінгі мәртебесі, ғылыми жетістіктері жетерлік. Қазақстандық университет QS жаһандық рейтингісінде 165-орынға көтеріліп, айтарлықтай серпіліс жасады. ҚазҰУ халықаралық ғылым және білім кеңістігіндегі өзінің көшбасшы университеттер қатарында екендігін дәлелдеді. Сонымен қатар университет «Алтын Сапа» белгісіне ие. Еуропа мен Азия университеттері арасындағы «UI GREEN METRIC» экологиялық фестивалінде Қазақ ұлттық университеті әлемнің ең экологиялық таза 200 ЖОО-ларының қатарына кірді. Бұл дәреже тек экологиялық тазалықты ғана емес, студенттердің салауатын, су-электро инфрақұрылым жүйесінің дамуы мен оны дұрыс пайдалануды да айқындайтын мәнге ие.

      «Қарашаңырақ» ұғымы қазақ халқының өмірінде үлкен маңызға ие екенін білеміз. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аты да осы ұғыммен егіз айтылады. Университет  «EXPO-2017» көрмесінде болашақтың энергиясы атты жобаға қатысты. Онымен қоса біздің университет өскелең ұрпаққа тағылымы мол «100 кітап» жобасын жасап, инновациялық идеялар орталығы болған «Инкубаторды» ашты. Бұл аталмыш жобалар, өз нәтижесін беруде. Елге адал қызмет етуді жастарға үйрету университеттің айнымас борышына айналған. Қазақ жастары арасында дәл осындай көзқарасты қалыптастыруда Қазақ ұлттық университетінің еңбегі орасан.

     Тарихы тереңге жайылған бұл қарашаңырақ оқу орны дамудың дара жолына түсті. Өскелең ұрпаққа дұрыс жол көрсетуге бағыт алған білім ордасының жеткен жетістігі аз емес. Мұның дәлелі ретінде еліміздің өркендеуіне үлес қосып отырған әр саладағы біздің түлектердің еңбегін айта аламыз.

«Атына заты сай» - деген ұғымды қалыптастырудың өзі қажырлы еңбекті талап етеді. 1991 жылы ұлы ғұлама ғалым, әлемнің екінші ұстазы әл-Фарабидың есімі дәл осы оқу орнына берілді. Әйгілі ғалымдар «әл-Фарабимен теңесе алатын ғалымды табу қиын», «әл-Фарабидің ғылымға қосқан үлесі жан жақты»  деген пікірлер айтып келеді. Дәл осы пікірлер оның есімімен аталған университет жайлы да айтылып жүр.

«ҚазҰУ» деген сөзді естігенде «Сапа, жетістік, көшбасшы, біліктілік, бәсеке» деген сөз тіркестері бірден ойға келеді. Осының өзі ҚазҰУ-дың бүгінгі келбетін айқындай түссе керек. Талай білімді азаматтарды тәрбиелеген университет аты Қазақстан тарихында алтын әріптермен жазылары даусыз.

      Ел мүддесін ойлай алатын және сол мүддені жүзеге асыра алатын білікті, білімді маман иесін даярлап шығаратын университеттің бірі екеніне ел сенеді. Ең басты жетістік те осы ғой.

 

Р.ҚАСЫМОВА,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті.

А. Жапсар,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің

1 курс магистранты.

Пікір қалдырыңыз