Сіз жатқа оқуға тиіс бір өлең...

Толқын ҚАБЫЛША

ҰНАЙДЫ

Жастығымның сөнбеген,

Шырағданы секілді.

Ғайып болған бір арман,

Оралғаны секілді,

Мынау ессіз кеудемнің,

Қуанғаны секілді,

Ең аяулы мезеттің,

Ұялғаны секілді,

Осы бір сәт ұнайды!

 

Бәйшешектің беймезгіл

Бүр атқаны секілді.

Жауабы жоқ жалғанның,

Сұрақтары секілді.

Үнсіздігі үміттің,

Жылатқаны секілді,

Осынау күй ұнайды!

 

Жазмышымның тосындау,

Жұмбақтары секілді.

Жан-жүректің тосылмай,

Тіл қатқаны секілді.

Менің нәзік жүзімді,

Күн қаққаны секілді,

Осы бір сәт ұнайды!

 

 

Пікір қалдырыңыз