Қажымаған қара нар

Қазақтың тұңғыш кәсіби балуаны әрі ұлы перзенті Қажымұқан Мұңайтпасұлы 1871 жылы Ақмола облысындағы Қараөткелде өмірге келген. Кейінгі зерттеулер оны 1886 жылы туылды деп жүргенімен, бұл дерек әлі ғылыми тұрғыда толық дәлелдене қойған жоқ. Сонымен, биыл, яғни 2021 жылы Қажымұқан атамыздың дүниеге келгеніне 150 жыл толғалы отыр.

Бұл айтулы дата қазақ спорты ғана емес, еліміздің мәдениеті мен руханияты үшін де аса үлкен мән-мағынаға ие. Өйткені, тарихи дамудың дәл қазіргі кезеңінде ұлттың өз-өзіне сенімін арттырып, рухани жағынан көтеру қай кездегіден де маңызды болып отыр. Әлемді қауіпті дерт жайлап, адамзат қалыпты тірлігінен ажыраған тұста ұлттың еңсесін көтеріп, рухын тіктеу үшін Қажымұқанның өмір жолын, әйгілі жеңістері мен адамдық болмысын насихаттаудан артық қандай қайырлы іс табуымыз мүмкін.

Иә, Қажымұқан атамыздың шынында қазақты ғана емес, бүкіл адамзаттың тарихында сирек кездесетін дара дарын екені талассыз. Қажымұқан күрескен, ізі қалған құрлықтың бәріне барып, әлем елдерінің архивтерінен құнды деректерді тірнектеп жүріп жинаған зерттеуші-ғалым Мұратхан Тәнекеевтің жазбаларынан осыны анық аңғарамыз. Зерттеушінің жазуынша, сол кезде дүние жүзі мықтыларының дені Қажымұқанның шеңгелінде қыран ілген түлкідей қалтырапты. Чемпиондардың чемпионы Иван Поддубныйдың өзі «Қажымұқанды еркін еңсеріп ем» дегенді тісінен шығармаған екен. Әлем чемпионы Георг Лурих «Сен Петербургтің сүйікті балуанысың. Егер мен өткізетін чемпионаттарға қатыссаң, әлемнің сүйікті балуаны боласың» дейді. Қажымұқанға «Ямагата Муханура» деген жасырын атауды берген Лурих деседі.

Қажымұқан сол кезде атағы шығып жүрген Омер де Бульон, Карл Поспешил, Циклон-Бенковский, Карл Корнацех, Вен Ольсен, Вейланд-Шульц, Розенталь, Алекс Аберг, Паул Шмидт, Генрих Вебер, Карл Мосин, Ян Краузе, Франц Зауэрер сияқты кәсіпқой балуандармен терезесі тең күресіп, көбін ойсырата жеңген. Бұл азаматтар өз ұлтының мақтанышы, айтулы тұлғалары еді.

1910 жылы Қажымұқанды ресейлік төрт балуанмен бірге Америкаға шақыртады. Сол жылы балуандар бірнеше шағын топтарға бөлініп, әр жерде күреседі. Оңтүстік Американың ірі-ірі қалаларында күш сынасады. Олардың Аргентина астанасы Буэнес-Айреске барған сапары сәтті болады. Қажымұқан бұл сапардан үлкен алтын медальмен оралады. Бірақ, Қажымұқанның Америкада күрестің қай түрінен өнер көрсеткенін анықтаудың әзірше сәті түскен жоқ. Оның Американың еркін күрес түрі бойынша сайысқа түсуі әбден ықтимал деген пікір бар. Себебі, Қажымұқан әрқашан да еркін күрестен өзін мықты сезінген. Еуропада да еркін күрестен ешкімнен жеңілмепті.

Ол 1911 жылдың қаңтарында Мәскеуде өткен Халықаралық чемпионатқа қатысады. Бұл жолы Қажымұқан Разумовтың, Шнейдердің, Иогансанның, Винтердің, Апполиннің жауырындарын қысқа уақытта кілемге тигізген. Осы чемпионатта сол заманда аты дүрілдеп тұрған Циклоппен ұзақ алысады. Айқас 20 минутқа созылып, тең аяқталған. Чемпионаттың жетінші күні Қажымұқан әлем чемпионы Лурихпен кездеседі. 20 минутқа созылған бұл қиын кездесу еш нәтиже бермей, тең аяқталады. Ертеңіне Лурих қазақ балуанын тағы да кілемге шақырады.

Белгіленген уақытта Лурих тағы да жеңіске жете алмайды. Күресті тамашалауға жиналған көпшілік бұл шешімге келіспейтіндіктерін білдіріп, үлкен шу шығарады. Жарысты ұйымдастырушылар кілемді тастай қашады. Төрешілердің Қажымұқанға қарсы ойлап тапқаны ол жарыс ережесін бұзды деген сылтау ғана еді.

Мұнан кейін Қажымұқан мұсылман мемлекеттерінен шақырту алып, Стамбулда, Мекке, Мәдине қалаларында осындағы бар мықты балуандарды жығады. Елдің сөзін ұстаған абыздар «қажы» атандырып, «мұсылмандардың ең күшті балуаны» атағын береді.

Мұратхан Тәнекеевтің жазуынша, Харбинде өткен орыс-жапон балуандарының текетіресінде орыс балуанынан жеңілген жапонның бас балуаны Саракики Джиндофу қарсыластарын джиу-джитсу күресіне шақырған екен. Сол кезде ресейліктердің ешбірі тәуекел ете алмағанда «жаным – арымның садағасы» деп білген Қажымұқан ортаға шығып, жапон балуанының бас терісін сыпырып алған.

Иә, айта берсеңіз, Қажымұқанның өмірінде аңызға бергісіз әңгімелер, рухты жеңістер көп-ақ. Ендігі жерде біздің міндет – сол дара тұлғаны жас ұрпаққа өнеге ете білу. Қайсыбір жылы осы бағытта айтарлықтай маңызды іс атқарылды. Шымкенттегі «Сақ» киностудиясы түсірген «Күш атасы – Қажымұқан» атты анимациялық фильмді айтып отырмыз. Сөз жоқ, бұл көркем туынды қазақ балаларына балуан бабасын танытудың таптырмас құралы болып отыр. Бірақ, ұлттың мақтанышы болған дара тұлға жайлы тек мультфильм және бір ғана көркем фильм түсірумен ғана шектеліп отырғанымыз ойлантады. Ал, Ресей болса, 12 миллион АҚШ долларын шығындап, Иван Поддубный жайлы көркем фильм түсірді. Орыстың бас балуанын ұлттық дәрежедегі тұлға етіп көрсетіп, кейінгі ұрпаққа тамаша естелік қалдырды. Осыны ойлағанда Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдығына орай осындай көркем фильмді біз де түсірсек деген ой келді.

Негізінде Қажымұқан Мұңайтпасұлын ұлықтауға арналған шаралар елімізде тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Мысалы, Мәдениет және спорт министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, Қ.Мұңайтпасұлын еске алуға арналған жастар арасында дәстүрлі спорттық турнирлерді жыл сайын ұйымдастырады. Оған қоса Сенат депутаттары Ә.Бектаев пен Ә.Құртаев өткен жылы Премьер-министр Асқар Маминнің атына депутаттық сауал жолдап, Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдығын жоғары деңгейде атап өту мәселесін көтерген еді. Үкімет басшысы Мәдениет және спорт министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдық мерейтойына дайындық және оны өткізу бойынша іс-шаралар жоспарын әзірлеуді тапсырғанын хабарлаған. Біздің ойымыз, пандемия екен деп осы маңызды мерейтой ескерусіз қалмаса екен деген тілек қана. Мерейтой аясында халықаралық экспедициялар өткізіп, кесенелер орнату, музейді жөндеу, ескерткіш пен мемориалдық тақталар орнату, Қажымұқан Мұңайтпасұлы мен оның туыстарының жерленген орнын абаттандыру жұмыстары қолға алынса, нұр үстіне нұр болар еді.

Сөз соңында сүйіншілеп кетсем болады, Ордабасы ауданындағы Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы мектеп ғимаратының құрылысы басталып та кетті.

Абай ВАЛИЕВ, Қажымұқан атындағы жалпы орта мектебінің директоры. Ордабасы ауданы.

 

 

3 пікір

  • Жаналы Шұғыла
    Жаналы Шұғыла

    Нормально

  • Жаналы Шұғыла
    Жаналы Шұғыла

    Керемет

  • Жаналы Шұғыла
    Жаналы Шұғыла

    Керемет Қажымұқан атамыздың қарсыластардың аттарын нақты белгілесеңіздер

Пікір қалдырыңыз