Ел тарихы сурет тілінде

Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейі қорын толықтырып отырған жәдігерлердің бірі – жергілікті суретші Бақыт Амангелдиевтің 1998 жылы салған туындысы. Портретте Әбу Насыр әл-Фарабидің бейнеленуі ұлы бабамыздың 1150 жылдығына керемет тарту болды.

Топтық портретте киелі Отырар өңірінде өсіп-өнген, 20 тарихи тұлғаның бейнесі композицияланған. Портреттің оң жақ фонында Сырдария өзенінің бойында сырмақ сырып отырған әйелдер, алтыбақан тепкен ауыл жастары мен атқа мінген шабандоздар бейнеленген. Сол жағында көшпелі өмір салтының көрінісі ретінде арбаның дөңгелегі, Ұлы Жібек жолымен жүріп өтетін сауда керуені, бұрынғы Қызылқұм, қазіргі Шәуілдір ауылынан соғысқа аттанған жары мен ұлының жолын сарғая тосып, теміржолға телміре қарап тұрған балалы ананың бейнесі салынған. Табиғаттың құбылуы, күннің қоюланып батып бара жатқаны мұңды, көңілсіз күйді білдірсе, ашық аспан мамыражай, бейбіт өмірді көрсетеді. Осылайша көркем туынды, мұңды болып басталып, көңілді күйге ауысады. Артқы көмескі фонда көне Отырар қаласының қорғаны және дәл ортасында ғұлама-ғалым Әбу Насыр әл-Фарабидің бейнесі келтірілген. Бұл жерде негізгі қорытынды ой – осындай қасиетті, тарихы тереңде жатқан, түртсең тасына дейін сөйлеп қоя беретін киелі, құтты мекенде ұлтжанды азаматтардың дүниеге келгендігін білдіру. Әл-Фарабидей ұлылар туған өлкеден өнегелі ұрпақтар тарағандығын көрсету.

Музейде жәдігерлердің өзіне тән ерекшеліктері мен өзгеге ұқсамайтын болмысы ескеріле отырып сақтауға алынады. Себебі, әрбір халықтың рухани болмысы, оның материалдық дүниелерінде көрініс беріп отыратыны белгілі.

Сәбира АЙТБАЙ, Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің аға ғылыми қызметкері.

 

 

Пікір қалдырыңыз