Дарияның дариядай даналығы

Кешегі Сақтар дәуіріндегі Томирис секілді.

30 жылдық баянды тәуелсіздігі бар Қазақстан дейтін пейілі кең елімізде үшінші мегаполис атанған Шымкент дейтін шырайлы шаһар бар. Сол Шымшаһардың төрінде қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің есімін иемдеген жоғары оқу орны орын тепкен. 75 жылдан астам тарихы бар бұл оқу орнын бүгінде тарих ғылымдарының докторы, академик Қожамжарова Дария Пернешқызы басқарып отыр. Университет тарихындағы тұңғыш әйел ректор. Кешегі Сақтар дәуіріндегі Томирис секілді. Дария Пернешқызы басшылық еткен оқу орнының 2 жылда жеткен  жетістігі шаш етектен. Ең әуелі жоғары оқу орнының қабырғасынан «Мұхтартану» ғылыми-зерттеу орталығының ашылуы. Бұл – қазақ ғылымындағы ең бір елеулі бетбұрыс болғаны даусыз. Ғылыми орталықтың тұсауын кескен күннен бастап бұл мекенге Мұрат Әуезовтен бастап, Дияр Қонаев, сенатор Қуаныш Сұлтанов, Дархан Мыңбай, Қазақстанның Білім және Ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, ауыр атлеттен әлемнің 4 дүркін чемпионы Илья Ильин, шет елдік қонақтардан Египеттен, Өзбекстан Республикасынан, Кашмир, Американың Аризона штатынан қаншама делегаттар орталықтың құрметті қонағы болды. Өткен аптада ғана Шымкент әкімі Мұрат Әйтенов те «Мұхтартану» ғылыми-зерттеу орталығының тыныс-тіршілігімен танысып оң бағасын беріп кетті. Сонымен қатар университетке ерекше үлгідегі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, бас ғимараттың алдынан Мұхтар Омарханұлының жаңаша стильдегі ескерткіші заңғар жазушының мерейін одан әрі асқақтатып тұр.

Өздеріңізге мәлім Дария Пернешқызының мамандығы – тарихшы. Ұстаз-басшымыз өзі тарихшы болса да, өзге де гуманитарлық ғылымдарға деген шәкірттердің қызығушылығын молайту жолында мынадай дүниелерге бет қойды.

Ең алдымен М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің гуманитарлық-жаратылыстану, әлеуметтік-техникалық сынды бүкіл факультеттерге «Абайтану», «Мұхтартану» пәндері енгізілді. Өйткені Дария Пернешқызы Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан мақаласында атап көрсеткен ұлы Абайдың «Толық адам» ілімін өскелең ұрпақтың бойына сіңіру жолында тынымсыз еңбек етуде. «Біз Абайдың «толық адам» тұжырымын қайта зерделеуіміз керек. Бұл бағытта ғалымдарымыз тың зерттеулерді қолға алуы қажет. «Толық адам» концепциясы, шындап келгенде, өміріміздің кез келген саласының, мемлекетті басқару мен білім жүйесінің, бизнес пен отбасы институттарының негізгі тұғырына айналуы керек деп есептеймін», – деген президент сөзі бүгінде жүзеге асып жатыр. Неге десеңіз, «Толық адам» ілімінің негізгі іргетасы Абай атамыздың біз 38-ші қара сөз атап жүрген, ақиқатында «Китаб тасдиқ» атты туындысында өрбіген екен. Хакім Абайдың дәл осы «Китаб тасдиқ» деп тақырыпталып, шағатай тілінде хатқа түскен шығармасы сонау Мүрсейіт қолжазбаларында сақталған екен. Біз жоғарыда атап өткен Дария Пернешқызының тікелей бастамасымен құрылған «Мұхтартану» орталығына Мұрат Әуезов пен Дияр Қонаевтардың өзі арнайы ат басын тіреген болатын, сол кісілердің рұқсатымен қолжазбаларды қолымызға түсірген едік. Содан Мүрсейіт қолжазбаларын қолға түсіре салысымен профессор Ә.Қоңыратбаевтың сөзімен айтқанда: «ешкімнің тісі батпай жүрген» ұлы Абайдың 38-ші қара сөзінің жұмбағын шешкендей болдық. Сонымен «Мұхтартану» ғылыми-зерттеу орталығы қызметкерлеріның тарапынан хакім Абайдың «Китаб тасдиқ» еңбегі қазақ әдебиетінің тарихында тұңғыш рет транскрипцияланып, арнайы монография болып жарық көрді. Монографияның жарыққа шығуына өзі себепкер болып, осы еңбекке арнайы алғы сөз жазған да Дария Пернешқызы болатын.

 

 

Академик Д.П.Қожамжарованың тікелей қолдауымен жарық көрген магистр Ә.Ү.Исабектің «Абайдың «Китаб тасдиқ» шығармасы» атты монографиясы.

 

Ғылыми жұмыс мұнымен шектелмеді, Дария Пернешқызы «Китаб тасдиқ» туралы салмақты тұжырымдары мен толғаныстарын еліміздің бас басылымдары «Егемен Қазақстан» мен «Айқын» газеттері арқылы халықпен бірге бөлісіп отырды. Иә, бұл деген сөз ұстаз-басшымыздың «абайтану» ғылымында да өзінің қолтаңбасы бар екенін одан әрі айқындай түседі.

    Өздеріңізге мәлім биыл алғаш рет Nur Otan партиясы ішінен ел тарихында алғаш рет праймериз өткізіліп жатыр. Мақсат: бәсекеге қабілетті тұлғаларды іріктеп шығару. Осы додаға қатысып отырған Дария Пернешқызы өзінің бағдарламасында: «жас ұрпақтың бойында ұлттық сана-сезімді қалыптастыру бойынша маңызды шараларды атқару; жас ұрпаққа төл халқының тарихи жолдарын ұғындырып, ұлттық сананы дамыту жолы арқылы ұлттық идеяларды ендіру міндеттерін қою; Әл-Фараби бабамыздың қайырымды қаласында, Абайдың толық адамдары өмір сүретін орта қалыптастыру» идеясы көзделген. Дария Пернешқызының бұл сөзіне жоғарыдағы ғылыми еңбек дәлел. Осындай тұлғаның тарихи санаға мән беруін құптай отырып, өз басым Дария Пернешқызының бұл праймеризде асығы алшысынан түсуі керек деп есептеймін. Даналық осындайда, Бауыржан Момышұлы атамыз бір сөзінде: «мен батыр емеспін, бесікті де, әлемді тербеткен ол – ана». Ананың батырлығының жанында менікі сөз емес» деген екен. Хакім Абайдың:

Мазлұмға жаның ашып, ішің күйсін,

Харекет қыл, пайдасы көпке тисін.

Көптің қамын әуелден Тәңірі ойлаған,

Мен сүйгенді сүйді деп иең сүйсін, -

деген керемет тәмсілі бар. Сол айтылғандай көптің игілігіне қызмет етіп қана қоймай ғылымға асқан жанашырлықпен қарап, оған қанат бітіру екінің бірінің қолынан келе бермесі анық. Алайда сол жолдардың қиындығына қарамастан шыншылдық пен сапа құндылығын серік еткен Дария Пернешқызының игі істеріне қарап Баукеңнің жоғарыдағы сөзіне таңданбау мүмкін емес. Ұстаз-басшымыздың жасап жатқан осындай табанды тірліктері мен көпке үлгі болған өнегелеріне Жаратушы өзі жар болып, әрдайым биік тұғырдан көрінсін дегім келеді.

 

Әзімхан ИСАБЕК,

Гуманитарлық ғылым магистрі.

Пікір қалдырыңыз