Жемқорлыққа қоғам болып қарсы тұру қажет

Оның өзі үлкен жетістік.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына жолдауында айтылған маңызды мәселелердің бірі – сыбайлас жемқорлықпен күрес. Бұл қазіргі кезеңде белең алған бір індет десек болады. Сондықтан, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің жаңа тәсілдерін енгізген құба құп.

 

Президент Жолдауындағы маңызды мәселе әрі көңілге қонымды шешім –мемлекеттік қызметшінің немесе квазимемлекеттік мекеме басшысының қос азаматтығы анықталған жағдайда олардың қызметтен босатылатындығы. Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс жасағандарға шартты түрде мерзімінен бұрын босату шарасы қолданылмайтындығы мен жемқорлықпен ұсталғандардың мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда жұмыс істеуіне өмір бойы тыйым салынатындығы. Себебі сыбайлас жемқорлық – заманмен бірге өсіп-өркендеп, небір тегеурінді қарсылықтарға төтеп беріп, қай жерде мол пайда болса, сол жерге тамыр жайып, бүгінге дейін жойылмай отырған қауіпті кеселдің бірі. Оған тек осындай қатаң шаралар қолдану арқылы ғана тосқауыл қоя аламыз. Сонымен бірге, Қылмыстық Кодекске құқық қорғау органдары қызметшілерінің, судьялардың, пара берушілердің және парақорлыққа делдал болғандардың сыбайлас жемқорлығы үшін жазаны қатайту тұрғысынан өзгерістер енгізу де індетпен күрестің тиімді жолы деп білемін. Жемқорлықпен күрестің жаңа тәсілдері қарастырылып, нақты әрекет еткен жағдайда ғана оң нәтижеге қол жеткізуге болады.

 

Бүгінде сыбайлас жем­қор­лық ұғымы қоғам­да үйреншікті құбылысқа айнал­са, екінші жағынан Қазақ­стан­ның қауіпсіздігіне, ел эко­но­­ми­­ка­сының дамуына керағар әсер ететін факторға айналып отыр. Ста­­­­тис­­­тикалық мәліметтерге сүйенсек, рес­публикада сыбайлас жем­­қор­­­лық­тың нәтижесінде кө­лең­­келі кәсіп дамып, жыл сайын мем­­­ле­­­кеттік қазынаға түсетін едәуір кіріс желге ұшады екен. Оны өз өкілеттілігін саудалайтындар мен оны сатып алатындардың көбеюі және соңғы жылдарда жүргізілген криминологиялық зерттеулер айқын көрсетіп отыр. Сол себепті де жемқорлықпен күреске ерекше көңіл бөлініп келеді.

 

Ел қазынасына қол салатындарға қарсы нақты шаралардың бірі «Сыбай­лас жем­­қор­­лықпен күрес туралы» ҚР Заңы. Бұл құжатта ТМД көлемінде алғаш рет мем­лекет­тік дең­гейде сыбайлас жем­қор­лық­­пен күреске бағыт­тал­ған заңдық нормалар бел­гіле­ген және бүгінге дейін бірнеше рет толықтырулар мен өзгерістер енгізілді.

 

Меніңше, сы­байлас жемқорлықтың кең көлем­­дегі түсінігін қолданған дұ­рыс. Өйткені сыбайлас жем­­қорлықты парақорлыққа тел­іп қоюды құптамаймын. Осы­ған бай­ланыс­ты жем­қор­лыққа анықтама бермес бұрын осы құбылысқа тән негізгі сипат­тарды теориялық жағынан бел­гі­леген мәнді болар еді. Коммер­ц­иялық құрылымдар мен өзге де ұйым­дар­­­дың қызметкерлері қызмет ба­бын асыра пайдаланған жағ­дай­да мемлекеттік органдар мүд­­­десіне айтарлықтай нұқсан кел­ме­й­ді және ұжымды әлсі­рете қоймайды. Әрине, өкілеттілікті теріс пай­да­ла­нушылық мате­риалдық шығынға ұшыра­туы және басқа да ауыр жағдайға ұрындыруы мүмкін. Бұл ретте «корпоратив­тік сыбайлас жемқорлыққа» қар­сы іс-шаралар туралы сөз болуы шарт.

 

Сыбайлас жемқорлық­­тың субъек­­тілері болып мемлекеттік қыз­мет­ті атқаруға уәкілетті, не оған теңестірілген, лауазымды және лауа­зым иелері болып саналмайтын мемлекеттік қызметкер­лер та­ны­лады. Егер лауазым иелерінің сыбайлас жемқорлық субъектілеріне қатысы жайлы қоғамда бірыңғай пікір қа­лып­­тасқан болса, лауазым иесі болып саналмайтын мемле­кет­тік қызметкерлерді осы са­нат­­қа жатқызу даулы мәселе бо­лып есептеледі. Алайда мем­ле­­к­ет­­­тік билік пен жергілікті өзін-өзі басқару органдарына кез келген қызметкер бел­гілі дәре­жеде қауіп төндіре алады. Сондықтан мемле­кет­тік қызметкер өзінің қызмет бабын жеке мақсатта пайдаланып, құқық қорғау мүддесіне орасан зор нұқсан келтірсе, онда оны жауап­қа тарту керек.

 

Қазіргі уақытта кездесіп жататын «жемқорлық жасады» деп жалған мәлімет беретін субъектілердің көпе-көрінеу әрекетке барғаны үшін қолданылатын жауапкершілікті күшейтіп, қылмыстың аса ауыр санатына жатқызу және арнайы заң нормасын қылмыстық кодексте көрсету керек. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағытталған құжаттардың өзара қайшылықтарын жойып, олардың нақты қолданылу механизмін жетілдірген жөн. Осы айтылған ұсыныстар Заң аясында қолға алынса, сыбайлас жемқорлықпен күрес одан сайын дами түсер еді. Әрине, бүкіл қоғам жеңе алмай жатқан індетпен соғысу оңай шаруа емес, ол ұзақ мерзімге бағыт­тал­ған мемлекеттік шара. Ең бас­тысы осы кеселге қатаң бағыт­талған мемлекеттік бағ­дарлама жоғары деңгейде іске асырылуы тиіс. Сонда ғана Президент Жолдауындағы бастамалар толық жүзеге асар еді. Сонда ғана бүкіл әлем елдерінің дамуына кері әсер ететін сыбайластық саябырситын еді.

 

«Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру – мемлекеттік саясаттың басты мақсаты» атты ҚР Президентінің Жолдауында «демократиялық қоғам жағдайында қылмыс пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес ерекше мәнге ие болады» деп атап көрсетті. Бұл мемлекеттің осы жағымсыз іс-әрекетті жою бағытындағы кешенді және жүйелі күрес жүргізу саясаты жанданып, әрі қарай жалғасын табады деген сөз.

 

Сонымен қатар сыбайлас жемқорлықпен пәрменді күресу үшін халықтың құқықтық сауатсыздығын жоятын бастамаларды іс жүзінде қолға алудың маңызы зор. Өйткені кез келген адам өз құқығын, өзіне қарсы қандай да бір құқықбұзушылық жасалғанын және ондай кезе қандай іс-қимылға бару керек екенін білуі қажет. Оған қоса осы бір дерттің зиянын түсіндіріп, онымен күресу адами парызы екенін ұғындыру өте маңызды.

 

Қазақстан Республикасының тәуелсіздік алғанына отыз жылдай уақыт болды. Осы мерзімде біздің еліміз бүкіл әлемге танылатындай ауқымды істер атқарды. Оның ішінде мемлекетіміздің тамырын тереңге тартып, нығая түсуіне бағытталған құқықтық заңнамалар мен іс-шаралар қабылданғаны ерекше мәнге ие. Олай дейтініміз, біздің елдің азаматтары тең құқылы өмір сүреді. Оның өзі үлкен жетістік. Сондықтан, мемлекеттің және әлеуметтік жағдайымыздың дамуына кедергі болатын сыбайлас жемқорлыққа қоғам болып қарсы тұруымыз қажет.

 

Майор Күлдербаев Жандос Тынымбекұлы,
Түркістан облысы қорғаныс істері жөніндегі

департамент бастығының орынбасары.



 

 

 

 

 

Пікір қалдырыңыз