Сіз жатқа оқуға тиіс бір өлең...

Темірғали КӨПБАЕВ

ҚОЙЛАР


Ұлар ұшқан кешегі ұлы дала төсінде,

Жылнамалар жылыстап, заманалар көшуде.

 

Ұлы дала төсінде көз ұшында көсілген,

Бір оқиға көрдім мен, мәңгі кетпес есімнен.

 

Неге сонша теңселдім, неге сонша шерлендім,

Бөріге ұқсап ұлыған қой отарын көргенмін.

 

Әлімсақтан қой деген маңырайтын емес пе ед,

Мықты болсаң қойлардың ұлығанын елестет.

 

Өз көзіме сене алмай, есеңгіреп, ес кетіп,

Қой соңында қойшыға кезіккенмін кештетіп.

 

– Мына жалған дүниенің астары көп, апыр-ау,

Қасқырға ұқсап ұлыған бұл қандай қой, бәтір-ау?

 

Сонда қойшы еске алды өткен күнді кешегі:

– Арғы атасы бұлардың бөрі болған деседі.

 

Қасқырлықтан жұрдай боп сан ғасырдың шегінде,

Рухын жерлеп, ұмытқан бөрі деген тегін де.

 

«Момыным» деп алдаған Құдай санап халықты,

Бойында тек бөрінің ұлығаны қалыпты.

 

Айрылған соң өрліктен тағдыр солай қас қылған,

Қой болғасын садаға кетсін олар қасқырдан.

 

Жуас тоқты қашан да жайлы келер жүндеуге,

Ұлығаны болмаса, өзі – қой ғой құркеуде.

 

Ал, сенбесең қара, – деп, теуіп еді құйрықтан,

Күйсей берді қой сорлы, қайдан оған ширыққан.

 

Сөзін тыңдап қойшының өзімді-өзім жек көрдім,

Қасқыр жұртын қой қылған заманаға кектендім.

 

Содан бері... Құрысын... айта берем несіне,

Қасқыр ұли бастаса, қой келеді есіме.

 

 

Пікір қалдырыңыз