Ұлыңызды ұлтымыз біледі, өзіңіз кімсіз, Қалдаяқ ата?

Ұлы композитор Шәмші Қалдаяқов қазақ халқына сарқылмас рухани қазына қалдырды. Енді осы рухани қазынаны жас ұрпаққа насихаттау, таныту, келешек буынға аманаттау бізге, аға буынға, парыз болмақ. Оның бір жолы – мемлекеттік негізде Шәмші Қалдаяқовтың сазды-мемориалдық музейін ашу еді. Бұл мемлекеттің, Үкіметтің, нақты айтқанда, Мәдениет және спорт министрлігінің, облыстық мәдениет басқармасының құзырындағы іс. Шәмші құндылықтары адамзаттың мәңгілік рухани игілігі екенін жан дүниесімен сезінген Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің әлеуметтік парақшасы арқылы Шәмші Қалдаяқовтың мұрасын тиісті орындарға барынша насихаттауды тапсырғанын хабарлады. Қашан да мемлекеттік маңызы бар істердің қасынан табылатын Өмірзақ Шөкеев жаңадан құрылған Түркістан облысының қат-қабат жұмысымен жүрсе де, Отырар ауданының Шәмші ауылында ашылған Шәмшінің этно-мәдени мемориалдық кешеніне ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованы ерте келді. Ақтоты Райымқұлова Отырардай тарихи ауданның әкімі Әбдіғани Жүнісовке Шәмші Қалдаяқовтың 90 жылдық мерейтойына орай туған ауылында, ашық аспан астында қоржын үйінің нобайын, ән сахнасын, гүл бақшасын жасатып, ертедегі Отырар өркениетін елестеткені үшін үлкен алғысын білдірді. Министр, сондай-ақ, музей қорындағы Шәмші мен әкесі Қалдаяқ ұстадан қалған жәдігерлерді Шәмші үйіне әкеліп, ұлы композитордың мемориалдық музейін ашуға үлес қосқандары үшін Түркістан облыстық тарихи-өлкетану, Шәуілдір кентіндегі Руханият – Әбу Нәсір әл-Фараби, Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейлерінің басшыларына, ұжымына да ризалығын жеткізді. Түркістанды түлетудің басы-қасында жүрген облыс әкімі Өмірзақ Естайұлына осындай игілікті істерді үнемі назарында ұстайтындығы үшін алғысын білдірді.

Облыс әкімі мен министр өз сөздерінде аталған мемориалдық кешеннің болашақта руханият орталығына айналатынын, ол үшін Шәмші ауылынан Руханият – Әбу Нәсір әл-Фараби музейінің филиалы етіп Шәмшінің сазды-мемориалдық музейін ашу керектігін қадап айтты. Халықаралық ән байқауынан бастап, ұлы композиторға қатысты барлық іс-шараларды осы музей аясында өткізу керектігін, яғни Шәмші музейінің көрермендерге қызықты экспозиция мен көрмелерді ғана көрсете алатын миссияда емес, кездесулер мен мәдени форумдар және білім беретін бағдарламалар өтетін, функционалдық және техникалық жағынан бүгінгі музейлік мекемелерге қойылатын талаптарға сай болуын міндеттеді. Өңір басшысы мен министр бұл келелі ойларын Шәмші ауылының өткені мен болашағын таразылап айтқаны белгілі.

Иә, қазіргі Шәмші ауылы, бұрынғы «Еңбек Қызыл Ту» орденді «Темір» асыл тұқымды қаракөл қой кеңшары ауыл шаруашылығын өркендетуде жеткен орасан зор жетістіктері үшін Одақта бірінші рет «Коммунистік еңбек совхозы» атағын жеңіп алған Қазақстандағы бірден-бір шаруашылық еді. Кеңшарды ұзақ жыл Социалистік Еңбек Ері Шерім Ерманов басқарды. Қазақстанның «Алтын кітабына» есімі жазылған атақты Айтбек Мұсаев бастаған комсомол жастар бригадасы ерен еңбегімен кеңшар даңқын бүкіл Одаққа көтерді. Шәмші ауылының түлегі Дәмелі Қоңырбаева КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды. Кеңшар еңбеккерлері туралы «Мәңгі жастық» деген тамаша кітап жазылды. Академик Әбдірахман Омбаев осы ауылда туып-өсті. Шәмші ауылының бас қақпасын тұрғызып, жол салуға, ауылдың Шәмші аталуына себепші болған да осы ғалым. Алаш ардақтыларының бірі Абдолла Жармұханбетов осы топырақтың түлегі.

Міне, Қазақстан Әнұранының авторы, ұлы композитор Шәмші Қалдаяқовтың туған жері, өскен ортасындағы өркениет осылай жалғасып келеді.

Бұл салада біз белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, этнограф-ғалым, музейтанушы Өзбекәлі Жәнібеков айтқандай, бүгінге дейін жолайрықта тұрдық. Олай дейтініміз, кеңестік кезеңде де, Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назарбаевтың тікелей пәрменімен қабылданған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында да Шәмші мұрасы жинақталып зерделенді. Ұлы Шәмшінің жеке тіршілігі мен шығармашылығына көптеген адамдардың шапағаты тиді. Мәселен, кезінде республиканың бірінші басшысы Д.А.Қонаев оған үш бөлмелі пәтер бергізсе, Ө.Жәнібеков әр облысқа телефон соғып, Шәмшінің елмен жүздесуіне барынша жағдай жасап, шығармаларының жинақталып, Қазақ радиосының қорына жазылып алынуына, әндер жинағының шығуына, насихатталуына көп көмек көрсетіп, қамқорлық жасады. Кейін оның жерлестері, соның ішінде Қазақстанның халық ақыны Әселхан Қалыбекованың ұсынысымен Үкімет тарапынан оған ресми көңіл бөлінуін, қамқорлық көрсетуін сұрап, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевқа хат жолданды. Хат Қызылқұм (қазіргі Отырар) ауданы тұрғындарының Шәуілдірде Шәмшінің 60 жылдығына орай өткен жалпы жиналысында қабылданған. Онда: «Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! ...Жасы алпысқа келсе де тиісті құрмет көре алмай жүрген қазақтың аяулы азаматы, адал ұлы, асқақ композиторы, бүгінгі заманның Ақан серісі – Шәмші Қалдаяқұлына қамқорлық жасауды, оған «Қазақ КСР халық әртісі» деген құрметті атақтың берілуіне ықпал етуіңізді өтінеміз. Республикалық «Арай» журналының мыңдаған оқырмандары жазған: «Шәмші кірмеген одақ... кімге керек?» деген ашық хатты Сіз де қолдайды деп сенеміз» деп жазылған еді. Бұл хатта айтылған жайттарға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің табиғатына тән аса жауапкершілікпен, сергектікпен қарап, ұлы композиторға әлеуметтік жағынан да, рухани жағынан да көп көмек берді.

Осыдан кейін елдің пікірін қолдап, республикада үлкен қоғамдық ой-пікір туғызған Шәмшінің шығармашылығы туралы зерттеу мақалалар жазып, «Кеңсайдағы» қабіріне кесене-белгі қоюға, ескерткіш орнатуға, әндерін жаздырып, фестивалін, мерейтойын өткізуге, мектеп пен көшеге, Мәдениет сарайларына атын беруге атсалысқан талай абзал азаматтар болды.

Жалпы, Шәмші мен әкесі Қалдаяқ ұстаға қатысты жәдігерлерді алғаш ғылыми негізде жүйелі жинастырып зерттеп, зерделеп, ғылыми сипаттамасын жазған Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің негізін қалаған ҚР еңбек сіңірген қызметкері Асантай Әлімов еді. Асекең жиырмасыншы ғасырдың 60-70 жылдары өз оқушыларымен тау-тасты, елді мекендерді аралап жинаған мыңдаған жәдігерлерінің қатарында Қалдаяқ ұстаның металды, ағашты өңдейтін құрал-саймандарын, басқа да тұрмыстық заттарын, құжаттарын, фотосуреттерін, қолжазбаларын, Шәмшіге де қатысты дүниелерді өнер иелерінің отбасынан, ел ішінен тауып, өзі ұйымдастырған музейге жинақтаған. Кейін Қазақстанның халық ақыны Әселхан Қалыбекова бас болып музей қызметкерлері Асантай ағасының ғылыми-жинастыру жұмысын әрі қарай жалғастырды.

Біз музей тарапынан Қалдаяқ қариядан қалған жәдігерлерді іздестіру, жинастыру жұмыстарын өткен ғасырдың 80-ші жылдарынан бастадық. Ал, негізінен бұл жұмыс сол кезде қоғамдық негізде жұмыс істеп тұрған қазіргі «Руханият – Әбу Нәсір әл-Фараби мұражайы» МКҚК-на Шәмші Қалдаяқовтың келуінен бастау алған болатын. Бұл туралы біз «Қалдаяқ ұста – Шәмшінің әкесі» (2009) атты альбом-кітапшамызда былай деп жаздық:

«1990 жылдың маусымында музейге Шәмші Қалдаяқов келді. Қасында жан досы, жазушы-драматург Оразбек Бодықов бар. Оларды ауданға Шәмші ағамыздың 60 жылдық мерейтойын өткізуге байланысты іс-шаралар жайын ақылдасуға аупарткомның бірінші хатшысы М.Шәкенов пен ауатком төрағасы Қ.Сыздықов арнайы шақырыпты. Біз ол кезде Оңтүстік Қазақстан кешенді археологиялық экспедициясының Шәуілдірдегі базасынан әдебиетші Әдіһам Шілтерханов арқылы экспедиция бастығы Кемел Ақышевтан бір зертханалық залды, бірнеше бөлмелерді сұратып, сол жерге қазіргі Руханият – Әбу Нәсір әл-Фараби музейін қоғамдық негізде ұйымдастырып жатқан болатынбыз. Жұмыс жоспарымыздағы күнтізбе бойынша Шәмші 1990 жылдың 17 тамызында (бір деректерде 15 тамызда) 60 жасқа толатын еді. Осы мерейтойға орай музейде көрме ашқан едік. Шәмші музей экспозициясын аралап, сол көрменің тұсына келгенде:

– Әбеке, музейлеріңіз Әбу Нәсір әл-Фараби бабамыздың атында болса, болашағы зор болар. Мен Қазақстанның бірталай музейлерін аралап көрдім, менің 60 жылдығыма арнап бірінші көрме қойған сіздер екенсіздер. Көрмелеріңіз үшін үлкен рахмет. Бірақ, менің әндерімді ел Шәмшінің әні деп, атымды ұмытса, халықтың әні деп айтып жүрер. Ал, әкем Қалдаяқ дүкен ұстаған үлкен ұста еді. Менің жүрісім мынау, әйтеуір басына сағана тұрғыздым. Сол жарықтықтың қолөнері көмескіленіп бара жатқандай. Саған музей қызметкері ретінде айтар өтінішім, әкемнің мұрасына бас-көз бола жүріңдерші. Ол кісінің дүниелері Сарысудан Сарыкөлге дейінгі қалың елде қалды ғой, әкемнің өнері туралы музейдің атынан кітап шығарсаңыздар дұрыс болар еді, – деген еді.

Мен осы жолы Шәмші ағаның жан дүниесінен әке мұрасына деген соншалықты жанашырлық сезімін байқадым. Бұл сезімнің ұшқыны ұлы сазгердің сонау балалық шағында әкесіне көмекші болып, балғасын соққанда, маңдай терін көргенде пайда болған болу керек. Шәмшінің бұл қасиеті маған өмірлік сабақ болды.

Бұл өтінішті отырарлық досы, халық ағарту саласының ардагері Келдебек Жабатаев ағайға да айтқан көрінеді. Келдекеңнің айтуынша, 1988 жылы Шәмші Оразбек Бодықов екеуі Келдебек ағайдың үйіне келіп қонады. Таңертең шай алдында таза ауада серуендеп жүріп Шәмші: «Келдебек, шалдың дүкені қайда? Сендегі әкемнің дүниелерін құртпашы, оны іздейтіндер табылады» деген екен.

Біз қат-қабат музей ісімен жүрсек те, Шәмші ағаның осы аманатын ешқашан ұмытқан емеспіз. Оның үстіне, Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің негізін қалаушы, ұстазым Асантай Әлімов ағамыз Қалдаяқтан қалған жәдігерлерді бөле-жара жинастыруды үнемі еске салып, өзінің Қалдаяқтың үйінен үлкен төсін музейге алдырғандығын айтатын. Шәмші ағаның сол аманатымен жүріп, Қалдаяқ ұста жасаған бір құралды (шапашотты) 1990 жылдың желтоқсанында Қаратау, Қазығұрт атырабы мен Сыр өңірінде белгілі ақын, ауыз әдебиетінің көрнекті өкілі Айтбай Белгібайұлының жұбайы Қаншайым әжейден алдық. Әжейдің айтуынша, 1946 жылы Қалдаяқ ұста бір мал сойып, арғыннан Әбурайраны, қоңыраттың божбанынан Әбусейітті, жетімдерінен Оспанқұлды, тінейінен Айтбайды және тағы бір кісіні, барлығы бес молданы шақырып, «Арқадан ауған Жағалбайлы едім, өнеріммен Сыр еліне сіңісіп кеттім. Мына бір-бір шот пен пышақты сіздерге сыйлаймын. Қасиетті Ислам дінінің жолында жүрген адамсыздар ғой, маған Құраннан тілектес болып жүрерсіздер» депті.

Шаппа шот (шапашот) ағашқа түскіштігі жағынан, еңкіштігі, қайқылығы, салмағы, суы мүмкіндігінше дәлдікпен ескеріліп, классикалық үлгіде жасалынған. Дәл осындай үлгідегі шаппа шот (шапашот) пен дән үккішін, қол төсін, шалғы орақтың мойын темірін, балта шотын отырарлық Келдебек Жабатаев ағайдан алдық. Келдекең қария 1947-1948 жылдары жазғы демалысында «Қызыл Түркістан» ұжымшарында Қалдаяқ ұстаның балғашысы болған екен. Бейнетқор, сезімтал, тіл алғыш, епсекті баланың еңбегіне риза болған атақты ұста оған шәкіртім бол деп керекті құрал-саймандарын жасап берген. Әдетте зауытта жасалған шалғы орақтың мойны қалың, шөпті орғанда тез сынатын осал болып келеді. Сондықтан Қалдаяқ ұста шалғы ораққа беріктік үшін мойын темір салған.

Қалдаяқтың Арыс қаласында, Шәмші ауылында тұратын ұрпақтарынан бірталай заттар алдық. Мәселен, Қалдаяқтың Арыс қаласында тұратын келіні Сағдия Гафанқызы Минуллинадан (Қалдаяқтың Қадір деген баласының әйелі) шибарқыт шапанын, ағаш балғасын, Шәмші ауылында тұратын кенже баласы Бақыттан қобдишасын, үлкен қол шырағын, білік төсін, зергерлік әшекей заттарын, немере келіні Аманкүл Мәуленқызынан қырғыш пен қант қайшысын алдық. Қалдаяқтың көршісі болған Пернекүл Бақжанова апай қысқашын тапсырды. Шәуілдір қыстағында тұратын ерлі-зайыпты ардагер ұстаздар –Шәмшінің досы Құрманбай Әлшериев ағай мен Алма Мұғжанова апай отбасында қасиеттеп, көздерінің қарашығындай сақтап келген Қалдаяқ дүкенінің терезесіне қойылған айшықты темір торын, кезінде бұйрытпалатып жасатып алған кепсерін, әкесі Әлішер Смайыловқа арнап жасап берген ұстарасын қимай-қимай берді. Ал, мәдениет жанашыры, Шәмшінің рухани жақын досы, еңбек ардагері, шежіре қария Сағындық Қыдыров ұлы композитордың мандолинасын тапсырды.

Түп деректерге қарағанда, Қалдаяқ ұста қазақ қолөнерінің ағаш ұқсату, металл өңдеу, сүйек пен мүйіз ұқсату, т.б. түрлерін, оны жонып келтіру, ию, ою, шегелеу, отқа қыздырып соғу, қалыпқа құю, кептеу, тінікелеу, қаралау, бедерлеу, безеу, сірке салу, қақтау, дәнекерлеу, ұламалау секілді әдістерін жетік меңгерген ісмер болған. Оның ұсташылық өмір деректері, жасап қалдырған қолөнер мұралары осыны меңзейді.

Қалдаяқ қолөнерінің ең жетілген кемел кезі – ол өмір сүрген заманда қоғамдық құрылымдар алмасып, жекеменшік ұжымдық меншікке ауысып жатқан шақ болатын. Сондықтан ол негізінен колхоздың ауыл шаруашылығы үшін зауыт жасап шығарған техниканы, құрал-саймандарды жөндеп, оның кейбір қосалқы бөлшектерін, сондай-ақ, арба, шана сияқты сүйретпе көліктерді, жер ағаш, сабан, теміртіс, мойынтұрық, тырма, айыр, күрек, кетпен, дән үккіш, орақ, қырықтық, кісен, пышақ, қақпан, мылтық, шаппашот, байтесе, қайшы, қысқаш, кепсер, қырғыш, қант қайшы, керней, темір пеш, үш аяқты темір ошақ, кебеже, сандық, тағы басқа шаруашылыққа, күнделікті үй тұрмысында қолданылатын құрал-жабдық, саймандарды, білезік, жүзік, сырға, шашбау, шаштеңге, шолпы, өңіржиек құдағи жүзік, кемер белдік секілді зергерлік әшекейлер жасаған.

Қалдаяқ темірді балқытып жатқанда балқу қалпын жетік білген, асылы мен жасығын балғамен ұрып-ақ таныған. Техниканың табылмайтын құйма бөлшектері сынса өз қолымен қайта балқытып, қайнатып жасаған. Білік темірлерді шалғы орақтан ара жасап кесетін. Қалдаяқ ұста түптеп келгенде темірдің суын тапқан.

Қалдаяқ қарияның екінші жұбайы Жұмашкүл әженің айтуынша, 1941 жылдың қарашасында фашистік Германия әскерлері Мәскеуге жақындап қалғанда Қазақстанда жасақталып, Мәскеуді қорғауға аттанған әскери құрамалар мінген паравоздың Арыс пен Түркістан арасындағы №37 бекетінде жетекші бір тетігі сынып, пойыз тоқтап қалады. Мемлекеттік Қорғаныс комитетінің қаулысымен Мәскеуден 100-120 шақырым жердегі қорғаныс шебінің бәріне жауапты болып тағайындалған, яғни партия мен халық алдында астана үшін жауап беретін Батыс майданының қолбасшысы Г.К.Жуковтың тікелей бақылауында тұрған бұл әскери эшелонның кешігуі ол заманда нағыз төтенше жағдай еді. Машинистер болған жайды рациямен хабарлағанда, Арыс пен Түркістан деполарынан барлық механик ұсталарды алып, екі жақтың да станса бастықтары оқиға болған жерге жеткен. Бірақ, ешбір ұста бұзылған тетікті жөндей алмаған. Сонда бір қарт теміржолшы «бұл білікті бір жөндесе, бұрын Түркістан мен Арыс деполарында ұста болған, кейін Шәуілдірге көшіп кеткен Қалдаяқ ұста жөндейді» деген. Содан аупартком арқылы Шәуілдірден Қалдаяқ ұстаны алдырып, жетекші білікті Арыс депосына апарып, сонда жөндеп, қалпына келтіріп, орнына салып, эшелонды жүргізіп жіберген. Сонда станса басшылары Қалдаяқ қарияға «Айналайын, Қалеке-ай, бізді бір ажалды жазадан құтқардыңыз-ау» деген екен.

Ғалым Нұрлан Әбілдаев өзінің «Отырар аймағын суландыру» атты зерттеу мақаласында (Дүйсенбай Алтынбеков. Құрастырғандар Ноян Дүйсенбаев, Алмас Жұмашев. Алматы. 2013.). Қалдаяқ ұстаның Шәуілдір плотинасында ұста болғандығы туралы: «Плотина құрылысында жұмыс смена бойынша істелді. Іс барысында кешегі шаруалар құрылыс шеберлеріне айналды. Қалдаяқ Домбаев темір ұстасы, Төрегелді Жұматаев механизатор-шофер, Кәдір Сайбеков темір ұстасы, И.Байтеміров сылақшы, А.Раманқұлов тракторист мамандықтарын осы құрылыста жүргенде игеріп шығады. Плотина құрылысы кезінде норманы 200-250 пайызға дейін орындайтын еңбек екпінділері көп болды» деп жазды. Сол екпінділердің бірі – Қалдаяқ ұста болған. Тоғанның құрылысы аяқталғаннан кейін, 1936 жылы еңбек қорытындысы бойынша Домбаев Қалдаяқтың жанқиярлық ұсташылық еңбегі ескеріліп, марапатталады. Шаруашылықтың Қалдаяқ ұстаға деген ділгірлігі сонша, оны көбіне кезекті еңбек демалысынан арнайы бұйрықпен кері шақырып алатын болған.

Қалдаяқ Домбаев ақын, дінтанушы Шәді төре Жаһангерұлының жақын шәкірттерінің бірі болды. Оның жұбайы Жұмаш әжей мен кенже баласы Бақыт Қалдаяқұлы тапсырған араб әрпімен (харпімен) жазылған «Әбжат Тафсирі», «Дұғалар», «Дінге уағыздың сауабы», «Азан айтылғанда айтылатын дұға және оған түсінік», т.б. бірнеше қолжазбаларына, кезінде Қалдаяқ ұста жата-жастанып оқыған Ас Ададин Умар ат-Тафтазанидің «Шарх әл-Махасид» – «Мақсаттар түсіндірмесі» атты екі томдық «Ілім туралы», «Алланы тану туралы», «Философия туралы», «Әйел ана туралы», «Логика туралы» атты бес бөлімнен тұратын кітабына қарағанда Қалдаяқ қария өте діни сауатты кісі болған. Бұл оның кеңестік пролетарлық атеизмге байқатпаған, замандастары білмеген жан дүниесі. Мәселен, оның қолжазбаларындағы «Абжад тафсир ушбудир. Қола-ан – Набиуалейхиссалам: Уайлун лил илми жаһһала матн тафсир абжад- Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Абжад тафсирі туралы былай дейді: «Кімде-кім абжад тафсирінің мәтініне күмән келтірсе (надандық қылса), ол ілім зая кетеді» деген жолдар осы ақиқаттың айғағы.

Біз, музей қызметкерлері Шәмшінің аманатымен оның аяулы әкесі Қалдаяқ ұстаның құндылықтарын мүмкін болғанша жинастырып, сақтадық, қайта жаңғырттық, экспозицияладық, ғылыми сипаттамасын жазып, құжаттадық. Шәмшінің аманатымен ғылыми баспа жұмыстары бойынша «Қалдаяқ ұста – Шәмшінің әкесі» (2009) атты альбом-кітапша шығардық.

Ұлы композитор өмірден озған соң аманаты бізге де қатысты болып қалды. Сондықтан музейдің сан-салалы жұмыстарымен қоса Шәмшіге қатысты экспонаттарды да ыждағаттылықпен іздестірдік. Сол құндылықтардың бір парасы мынау: Шәуілдір қыстағындағы Шәмші Қалдаяқов атындағы саз мектебінің бұрынғы директоры, марқұм Жақсылық Әбуовтің «Отырардағы рухани мәдениет музейіне Шәмші Қалдаяқовтың өз қолымен жазған «Отырардағы той» әнінің нота текстін сыйлаймын. Мектеп директоры Ж.Әбу, 25.07.1997ж.» деген нұсқадағы қолхатын тапсырған «Отырардағы той» әнінің нота парақшасы, Шәмшінің: «Ана туралы ән шығарған едім. Әл-Фараби елінің жігітімін ғой, әке туралы, жерлестерім туралы ән шығарамын, қыздарым, інілерім. Я родился в Шаульдере. Не забуду Шаульдер. Ш.Қалдаяқов» деген қолтаңба жазуы бар фотосуреттер, Шәмшінің үлкен қарындасы, марқұм Раушан апамыздың «Ағам Шәмші Қалдаяқовтың мандолинасын Отырардағы «Руханият – Әбу Нәсір әл-Фараби мұражайына» сыйлаймын... Абитова (Қалдаяқова) Раушан. 28.08.2010 ж» деп қол қойған қолхатпен тапсырған мандолині, пальтосы, парсыша кітабы, інісі Қадыр Қалдаяқовтың: «1988 жылы ағам Шәмші сыйға тартқан осы «Унисон-3» баянын Отырардағы «Руханият – Әбу Нәсір әл-Фараби мұражайына» – әкем Қалдаяқ пен ағам Шәмшінің музейіне сыйлаймын. Қалдаяқтың баласы Қадыр Шымкент. 2011 жыл, 28 тамыз» деген қолхатпен тапсырған баяны, Шәмшінің өзі, отбасы тұтынған бұйымдары, шығармашылығы жайлы әдебиеттер, құжаттар, фотоқұжаттар...

Шәмшіге қатысты құндылықтардың дені Отырар ауданының орталығы Шәуілдір кентіндегі Шәмші Қалдаяқов атындағы орта мектепте ашылған композитордың музейінде сақтаулы. Кезінде бұл жәдігерлерді мектептің сол кездегі директоры Пердехан Жаппарқұловтың тікелей ұйымдастыруымен Оңтүстік астанамыз Алматыға дейін барып тірнектеп жинап, Қазақстан мектептерінде алғаш Шәмші музейін ашқан аталған мектептің мұғалімі, білікті, білімді, ұстаз Күләш Қыдырова қарындасымыз болатын. Музей қорында Шәмшінің әндер жинағы түсірілген әдебиеттер, күйтабақтар, үнтаспалар, композитордың қойын дәптерлері, пианиносы, фотосуреттері, бөркі, киімдері мен басқа да жәдігерлері бар. Аталған мектеп музейінде ғылыми-танымдық мәні бар экспозиция құрылған. Ал, жеке кісілердің қолында сақталғаны қаншама... Мәселен, Төлеген Айбергеновтің қызы Салтанат Айбергенованың үйінде Шәмшінің саусағының табы қалған пианиносы («Аңыз адам»), дүнген ауылының тұрғыны Илья Гашизовта шахматы («Аңыз адам»), Нұрғали Нүсіпжановта «Талдықорған – әнім менің» әнінің нота парақшалары («Аңыз адам»), сақтаулы.

Жоғарыда аталған мемлекет және қоғам, ғылым, мәдениет қайраткерлеріне, республика, облыс, аудан басшыларына, мемлекеттік, қоғамдық ұйымдарға, журналистерге, жеке азаматтарға, музей ұжымдарына Шәмші мұрасын ата мұрам деп сақтап насихаттағаны, халық игілігіне айналдырғаны үшін шексіз алғыс айтамыз. Бұл кісілердің біразы өмірден өтті. Өткендерінің рухына бас иіп, қалғандарына Алладан саулық тілейміз.

Домбы әулетінен шыққан әкелі-балалы Қалдаяқ (Әнапия) пен Шәмші (Жәмшид) қазақ өнерінде өшпес із қалдырған дара да, талантты тұлғалар еді. Қалдаяқ қария темір мен ағаштан түйін түйген ұста, атақты Шәдінің шәкірті, Құран-кәрімнің дүниенің жаратылуы туралы аяты талданған ғылыми трактатты таратып оқыған ғұлама, ал, Шәмші халқына әннен әсем мүсін құйған (Мұхтар Әлиев) сазды әнімен әлемді тербеген ұлы композитор болды. Оның жүздеген әндері қазақстандықтардың, әлем халықтарының жан дүниесін баураған рухани мұраға айналды. Монғолия қазақтары Шәмшінің «Ана туралы жырын» өздерінің ұлттық әнұранындай көрсе, Пәкістан, Қытай, Түркия, Германия қазақтары Шәмші әндерін «Отанымның әндері» деп атап, өздерінің атамекені – Қазақстанға деген сағыныш сезімдерін Шәмші әндерімен басқан.

Ал, Қазақстан Республикасы Әнұранының авторы, ұлы композитор Шәмші Қалдаяқовтың әкесі, үлкен өнер иесі, атақты ұста, үлкен молда Қалдаяқ Домбаев Шәуілдірді түлеткен заманының ері еді. Сондықтан Қалдаяқтың қабірін, ол жерленген мазаратты киелі орын ретінде Шәмші Қалдаяқовтың мемориалдық кешені қатарында күтімге алу – қазіргі ұрпақтың парызы.

Абдулла ЖҰМАШЕВ, әдебиетші, этнограф, музейтанушы, мәдениет қайраткері.

 

 

1 пікір

  • Рысқұлбек
    Рысқұлбек

    Шәмші атамыздың ұл қыздары туралы нақты дерек жоқ екен

Пікір қалдырыңыз