Әмір Темір көреген бе, гураган ба?

Көкірегі ояу қазақ Әмір Темірдің есіміне көреген деген сөзді қосып айтады. Көреген сөзінің мағынасын Әмір Темірдің алысты көріп, болжай білетіндігімен түсіндіреді. Бұл халық аузындағы аңыз. Иә, Әмір Темірде көрегендік қасиеттер болғанын ешкім де жоққа шығара алмайды. Дегенмен, бұл жерде «көреген» сөзінің мағынасы сәл басқашалау...

Әсілінде «көреген» емес, «гураган». Ол моңғол сөзі, мағынасы «хан күйеуі» деген сөз. Әмір Темірдің (қаһан) ұлық лауазымына ие болу құқы жоқ еді. Сондықтан Темір өзін «әмір» деп атады да «көреген» сөзін қосып қойды. Ата-бабалары да өздерін «әмір» деп атаған. Мәселенің төркіні мынада.

Туманахан атты бабаларының бір қатыны егіз ұл туады. Біріншісінің аты – Қабыл, екіншісінің аты Қашули болатын. Олардың хандыққа таласуы мүмкін еді. Оған жол бермеу үшін мынадай шарт қойылды. Қабыл және оның әулеті хан (қаһан) болады. Қашули және оның әулеті әмір (әскер басы) болады. Шартқа Қабыл мен Қашули қол қояды. Әкесі Туманахан мөрін басады. Кейін бұл шарт Шыңғыс хан Қарашар ноян (Әмір Темірдің бесінші бабасы) кезеңінде тағы қол қойылып пысықталды.

Қабылдан Шыңғыс хан ұрпақтары, ал, Қашулиден Әмір Темір ұрпақтары тарады. Қабыл – Шыңғыс ханның (1155-1227 ж.ж.) үшінші бабасы. Қашули – Әмір Темірдің (1336-1407 ж.ж.) сегізінші бабасы. Шыңғыс хан мен Әмір Темірдің бабалары әріден қосылады.

Шежіресін келтірейік: Туманаханнан Қабыл – Қашули. Қабылдан Бұртан бахадүр, Ясуко баһадүр, Темушин (Шыңғысхан).

Қашулиден Ердамшы барлас, Суғу шешен, Қарашар ноян, Ийжил ноян, Илангиз баһадүр, Әмір Биркул, Әмір Тарағай, Әмір Темір.

Барлық билік Әмір Темірдің өз қолында болса да, шартты түрде болса да Шыңғыс хан әулетінен бір ханзаданы хан тағайындап қоятын. Әмір Темір заманында ол ханзадалардың бірнешеуі «хан» лауазымын иеленді.

Айтылған жайларға негіз болатын деректі жазбалар баршылық. Солардың ішінен мына екі жазба дереккөзді айтсақ та болар. Біріншісі, 1300-1310 жылдар аралығында жазылған Рашид ад-диннің «Жамиғ ат-Тауарих» атты үлкен шығармасы. Екіншісі Шарафуддин Али Яздийдің 1419-1424 жылдар аралығында жазған «Зафарнаме» («Жеңіснаме») еңбегі.

Және бір ауыз сөз Әмір Темірдің түрік этносына қатысы туралы. Шыңғыс ханның екінші ұлы Шағатай хан ұлысының ыдырауына байланысты Қарашар ноянның көп әулеті Шахрисабз уәлаятына орналасты. Қарашар ноян Шағатай ханның әскербасы еді. Ол көп әулетті батыр ноян болатын. Кеш уәлаятында түркі этностары мен парсы-тәжік нәсілдері жасаушы еді. Қарашар ноян әулеті (жалпы, барлас руы) жергілікті этностарға сіңісіп, түркіленіп кетті. Осы жағдайға байланысты Әмір Темір түркі этносына табиғи түрде еніп, сіңіп кетті.

Нұралы ӨТКЕЛБАЕВ, профессор.

 

 

Пікір қалдырыңыз