Бүгінгінің батырлары қашан да алғы шепте

Дәулет ТҰРСЫНҰЛЫ, «Ońtústik Qazaqstan».

Түркістанның қазақ деген ұлттың ел болып қалыптасу тарихындағы орны ерекше. Арада талай жыл өтсе де бұл құндылық өз маңызын жоймайтыны анық. Себебі, көне шаһар халқымыздың тұтас тарихымен етене астасып жатыр.

Түркістан қаласы облыс орталығына айналған мезетте-ақ көне шаһарға алғашқылардың бірі болып полиция қызметкерлері қоныс аударған еді. Өйткені, қаладағы қоғамдық тәртіпті сақтау мәселесі ырғалып-жырғалуды күтпейді. Келген бетте шаһар орталығындағы ғимаратқа жайғасып, шаһардың ғана емес, тұтас өңір тыныштығын қамтамасыз етуге кіріскен полицейлер соңғы екі жылда бірқыдыру табыстарға қол жеткізді.

 

Халықтық кеңсе халыққа жақындатты

Сол оңды істердің ең алғашқысы ретінде облыстық полиция департаментінің жанынан ашылған халықтық кеңсені айтар едік. Президент «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» атты өз тұжырымдамасында ішкі істер саласына халықпен етене болуды міндеттегені белгілі. Халықтық кеңсе – сондай ниетпен қолға алынған бастама. Мұның көпшілік үшін тиімділігі сол, олар кеңседен 10 минут ішінде бүкіл полиция қызметіне қатысты сұрақтарына жауап ала алатын мүмкіндікке ие болды. Мұнда әр азамат арыз-шағым қалдырумен қатар көлікке қатысты айыппұлдардың дұрыс-бұрыстығын тексеріп, істің жүргізілу барысын бақылай алады. Ең бастысы, тұрғындар кезек күтпей, өздерін толғандырған мәселенің анық-қанығына көз жеткізеді. Қазір мұндай кеңселер барлық аудан және қалалық полиция бөлімдері мен басқармалардың жанынан ашылған.

 

Туристерге алаңдамаса да болады

Түркістан қаласына келетін туристердің қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз ету мақсатында облыстық полиция департаментінің көші-қон полициясы басқармасы жанынан туристік полиция бөлімі құрылды.

Былтыр жұмысын бастаған туристік полиция бөлімінде 10 қызметкер жұмыс істейді. Оның бесеуі Қ.А.Ясауи кесенесіне келетіндердің қауіпсіздігін қадағаласа, қалғаны Отырар ауданындағы Арыстанбаб кесенесінде. Кесене жанынан модульдік түрдегі стационарлық бекеттер орналастырылып, ондағы қызметкерлер бейнетіркегіштермен, планшеттермен, рациялармен және арнайы киіммен қамтамасыз етілген. Алдағы уақытта тарихқа жетік әрі бірнеше тілді меңгерген туристік полиция қызметкерлері облыстағы ең көрікті деген бес нысанда жұмыс істейтін болады.

 

Олар үлкен сынақтан өтті

Дегенмен, соңғы жылдардағы орын алған оқыс оқиғалар облыс сақшыларын үлкен сыннан өткізді десе де болады. Ойда-жоқта елді әбігерге салған Арыс оқиғасына да бір жыл өте шықты. Қоймадағы жарылыстан өрт шыққан сәтте-ақ оқиға орнына шұғыл жеткен полицейлер халықты санаулы сағаттың ішінде қауіпсіз жерлерге көшірді. Үдере қашқан жұрттың бос қалған үйлерін күзетіп, қараусыз қалған дүниелердің қолды болып кетпеуіне күш салды. Жарылыстың ортасында жүрсе де, халыққа қол ұшын созып, азаматтық борыштарына адал екендіктерін көрсетті. Олардың арасында Арыс қалалық полиция бөлімінің аға жедел уәкілі Нұрсұлтан Набиәлиев те бар.

Мамыр айында Өзбекстандағы Сардоба су қоймасы жарылып, одан шыққан су Мақтаарал ауданының біраз ауылын шайып кеткені белгілі. Ауданда төтенше жағдай жарияланып, тұрғындар жылы орындарын суытуға мәжбүр болды. Мұнда да полицейлер ең бірінші болып халықтың қасынан табылды. Халықты эвакуациялау жұмысына жеке құрамның 450 қызметкері мен Ұлттық ұланның 250 сарбазы жұмылдырылып, суда қалған адамдар мен төрт түлік малды құтқару жұмыстарына атсалысты. Жергілікті тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіру, жол кептелістерін болдырмау, ұрлықтың алдын алу, аймақтың тыныштығын қамтамасыз ету, зардап шеккендерге көмек беру кезінде де тәртіп сақшылары алғы шептен көрінді.

 

Құрмет – кәсібіне адалдарға!

Облыс полицейлерінің ерлікке толы істері қарапайым халықтың көз алдында өтіп жатыр. Мәселен, полицейлер Қазығұрт ауданында бір үйлі жанды асырап отырған отағасын суицид жасамақ болған жерінен аман алып қалса, көпірден секірмек болған жас келіншекке де өз бастарын қатерге тігіп, араша түсті. Олар суға батып, өмірімен қоштаспақшы болған бойжеткенге де өмір сыйлады. Күні кеше ғана жетісайлық тәртіп сақшысы небары 3 минутта оқиға болған жерге жетіп, суық судың ортасында қалған оқушыны құтқарып қалды. Бүгінгінің батырларына лайық мұндай оқиғаларды тізбектей беруге болады...

Түркістан қаласындағы орталық көшеде орналасқан қонақүй өртенген кезде үш адамды оттың ортасынан аман алып шыққан облыстық полиция департаментінің патрульдік полиция батальоны командирінің орынбасары Қанат Рақышевтың ерлігін ел әлі ұмыта қоймаған болар. Қанат алғашында лаулаған өрттің ортасынан шетелдік екі азаматты қауіпсіз жерге алып шықса, кейін олардың қалып қойған құжаттарын алмақ болып ішке қайта кіреді. Ал, үшінші жолы үшінші қабатта жалғыз қалған 4 жасар бүлдіршінді сыртқа алып шығады. Бұл – түркістандық полицейлердің қызметіне адал, жұмысына жауапты екендіктерінің бір көрінісі. Соңғы екі жылда Түркістан облысының оннан астам полицейі «Айбын», «Құрмет», «Даңқ» ордендерімен және «Ерлігі үшін» медалімен марапатталыпты. Әрине, олар мұндай марапатқа әбден лайық.

 

 

 

Пікір қалдырыңыз