Көркем сөз бен көсемсөздің шебері

Мархабат БАЙҒҰТ – 75 жаста

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының, «Жалын» баспасы мен «Қазақ әдебиеті» газеті сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасы Президенті степендиясының иегері, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының басқарма мүшесі, «Бауырмал» сыйлығының, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, қазақтың көрнекті жазушысы Мархабат Байғұт жетпіс бес белеске көтеріліп отыр.

«Шілде», «Сырбұлақ», «Интернаттың баласы», «Нәурізек», «Қорғансыз жүрек», «Дауыстың түсі», «Машаттағы махаббат», «Серт пен сенім», «Әдебиет пәнінің періштесі», «Жоғалған жұрнақ. Желтоқсанға 20 жыл», «Түркі текті Темірханға», «Белесебет пен байлық» сынды көптеген туындылар авторының 2005 жылы төрт томдық шығармалар жинағы жарық көрген. Жазушының бірқатар шығармалары орыс, украин, өзбек, түрік, саха, қарақалпақ тілдеріне аударылған. Өзі В.Шукшиннің, Ю.Покальчуктің, У.Ирвингтің, Ш.Айтматовтың шығармаларын аударған.

Біз бүгін жерлес жазушыны осы мерейлі мерекесімен құттықтай отырып, оған зор денсаулық, баянды бақыт, отбасына амандық, шығармашылық табыстар тілейміз.

 

ТҮЛКІБАСТЫҢ ТЕКТІ ҰЛЫ

Түлкібас – еңселі Алатау мен қарт Қаратаудың түйіскен жеріне орналасқан, табиғаты көрікті, берекелі де құнарлы, қасиетті аудан. Киелі аймақтан есімдері елімізге елеулі, Алаштың айбынды ұлдары Тұрар Рысқұлов, Бауыржан Момышұлы, Шерхан Мұртаза шыққан. Ал, ғылымға ерен еңбегі сіңген Әбсаттар Дербісәліні, Мекемтас Мырзахметұлын, Оразалы Сәбденді, Дархан Қыдырәліні, көркемсөз шеберлері Тұтқабай Иманбековті, Мархабат Байғұтты және басқа да азаматтарды жерлестері әрқашан құрметтейді, мақтан тұтады. Заңғар жазушы Ш.Мұртаза «Түлкібас – тұлпарлар туған жер, сұңқарлар қонған жер» деген теңеуді текке айтпаса керек.

Халықаралық «Алаш» және «Түркі әлеміне қызметі үшін» сыйлықтарының иегері, көрнекті қаламгер, көптеген кітаптардың авторы Мархабат Байғұт ағамыз биылғы 25 мамырда 75 жасқа толғалы отыр. Ол тамаша табиғаттың төрінде орналасқан Пістелі елді мекенінде дүниеге келген. Аталмыш ауылдың атауы еліміз бойынша өзге жерде өспейтін таупісте атауымен тікелей байланысты. Қаратау бөктеріндегі Бозторғай асуынан басталып, үлкен Көкбұлақ өзенінің бойын жағалай орналасқан. Айналасындағы Бөкейтау мен Аққұзар шыңдары, Пістелі, Бекі, Аршалы, Алшалы, Құлбайшоқы жоталары алыстан менмұндалайды.

Жер жәннаты саналатын тау қойнауындағы ауылда Махаңның балалық бал шағы өткен. 4-сыныпқа дейін Пістелі бастауыш мектебінде, кейіннен көршілес Жуалы ауданындағы «Кеңес» орта мектебінде білім алады. Кітап десе, ішкен асын жерге қоятын ол әдебиетке біртабан жақын болып өседі. Пістелі ауылындағы шағын кітапхананың бар кітаптарын Әбдібек Аралбайұлы екеуі алма-кезек оқып тауысқан. Ескі атауы Әлдибастау, одан кейінгі атауы Каганович, Шараков болып әлденеше рет өзгерген Абай ауылындағы мектепте жетінші сыныпқа дейін білім алса, кейін аудан орталығында оқиды. Абай атындағы мектептің алпыс төртінші жылғы түлегі атанады. Осылайша, Мархабат ағамыз түгін тартсаң майы шығатын, төскейі төрт түлік малға, етегі бау-бақша, егінге толы қасиетті Түлкібас атырабынан қанат қағып, ат жалын тартып азамат болып өседі. Арман қала Алматыдағы ҚазМУ-де білімін шыңдайды. Аудандық «Шамшырақ» газетінде алты жыл, кейіннен «Оңтүстік Қазақстан» газетінде он жыл тынбай еңбек етті.

Елбасы Н.Назарбаев «Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады» дегендей, Мархабат ағаның Түлкібас ауданына деген сүйіспеншілігі ерекше. Туған жерінің көркеюіне және гүлдене түсуіне бір кісідей атсалысып келеді. Әсіресе, жергілікті қаламгерлерге қолдау көрсету, жастарды әдебиетке баулу мақсатында қолға алған жобаларын айрықша атап көрсеткіміз келеді. «Бұлақ көрсең көзін аш» дегендей, дарынды жастардың шығармашылығын қолдау мақсатында 2014 жылы ауданымызда «Мархабат — Мирас» қоры құрылып, «Шырайлым — Шұбайқызылым», «Тұтқабай толғаныстары», «Түркібасы тебіреністері», «Мархабат оқулары» тақырыптарында жас ақын-жазушылардың байқауы республикалық және халықаралық деңгейде ұйымдастырылды. Байқауда жас талапкерлердің тұсауы кесіліп, қазақ қызғалдағы, туған жер, егеменді ел, атамекен туралы өрелі өлеңдер мен прозалық шығармалар дүниеге келді. Түлкібас жерінен А.Сматулла, Н.Нұрғазы, А.Мұратбаева, А.Сағындықова сынды жас қаламгерлер шығып, оқырмандарына танылды.

Сонымен қатар, көктем мезгілінде еліміздің ешбір аймағында өспейтін қызғалдақтар шоқысының атауын жаңғырту, алқызыл гүлдер аймағын сақтап қалу мақсатында қайта-қайта жазып, айтып жүріп, бұрын «Красна горка» атанып кеткен жерге «Шұбайқызыл» атауын қайта оралтты. Жыл сайын қызғалдақтары жұлынып, айналасы егіске айналған шоқы арнайы қорғауға алынды. Бұл жер енді жыл сайын «Қызғалдақтар» фестивалінің өткізілуіне мұрындық болды. Сонымен қатар:

«Алатау мен Қаратау түйіскен төр,

Сұлулық мөлдірлікпен сүйіскен жер.

Қазақтың қызғалдағы – Шұбайқызыл,

Алаштың аруы ғой тиіспеңдер!» – деген өлең жолдары арналған аталған төбеге «Қызғалдақ» белгісі орнатылды. Бұл да қаламгер ағамыздың табиғатқа деген жанашырлығы мен қайраткерлігінің арқасында жүзеге асты десек қателеспейміз. Сонымен қатар, «Мархабат – Мирас» қорының ұйытқы болуымен үш жылда бір рет өткізілетін түркі тілдес халықтардың әдебиетін дамыту, жас қаламгерлерді қолдау мақсатында «Таупістелі тағлымы» жобасы да қазақ әдебиетінің дамуына өзіндік үлес қосуда. Түркі халықтарының ақын-жазушылары, еліміздің атақты қаламгерлерінің Түлкібас жеріне, аядай ғана Пістелі ауылына ат басын бұруы жас қаламгерлердің әдебиетке деген қызығушылығын оятуға серпіліс беруде.

Ешкім де бірден Еңбек Ері болып тумайды. Абырой да, құрмет те еңбекпен келеді. Әркім – өз дәуірінің перзенті. Замана талабына өзінше үн қосады, еңбегін арнайды. Бар саналы ғұмырын әдебиетке арнап, қалың оқырман сүйіп оқитын тағлымы мол туындылар жазып, әдебиетіміздің өрісін кеңейткен Мархабат ағамыздың мерейлі 75 жасы құтты болсын! Қаламы қарымды қаламгер ағамызға шығармашылық шабыт, мол табыс тілейміз.

Марат ҚАЛТАЕВ, Түлкібас аудандық «Шамшырақ» қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы.

 

ПІКІРЛЕР

Мархабат – тұңғыш әңгімелер жинағымен-ақ танылып үлгерген жазушы... «Оңтүстік Қазақстан» газетінде істей жүріп, неғұрлым нақтылыққа, қысқалыққа машықтанған. Көркем туындылары өз табиғатынан бастау алады. Тәржімашылдығы да тәнті етеді.

Тәкен Әлімқұлов.

 

Жазушы Мархабат Байғұт облыста тұрады. Астанадан да, Алматыданда алшақ. «Киікоты» – оның жазғандарының бір тамшысы ғана. Талай-талай құнды көркем кітаптардың авторы. Бұл жазушыда жаратушы өзі бұйыртқан уыз тіл бар.

Шерхан Мұртаза.

 

Мархабаттың басқалардан артықшылығы ― ол өз кейіпкерлерінің қалың ортасынан алыстаған емес.

Дулат Исабеков.

 

«Әдебиет пәнінің періштесі» отбасы, ошақ қасының күйбеңшіл күңкілі емес, биікке талпынған бекзат болмысымыздың шерлі шежіресіндей шығарма.

Нармахан Бегалы.

 

Бұрын да қаламын құрғатпай, Оңтүстіктің бар жақсысын жарқыратып көрсетіп келе жатқан қаламгер Мархабат Байғұттың Оңтүстік өңірінде тұруы, өмір сүруі – Оңтүстік үшін үлкен абырой.

Құлбек Ергөбек.

 

ЖУСАН ИІСІ

Осыдан он бес ғасыр бұрын Тұранның Қауыншы қамалына парсылар тарапынан қатты қатер төніпті. Сол күндері Тұранның ұлы қолбасшысы өз әскеріне мынадай жарлық беріпті: «Бәрің түгел қырылып қалсаңдар да қамал ішіндегі ғалымдарды, шайырларды Ханбалақ қамалына аман-есен жеткізіңдер. Бір ғалым, бір шайыр үшін он мың әскердің қаны төгілсе де қарсы емеспін. Бір ақынды жау қолына бергеннен гөрі бәріміздің түгел қан майданда қаза тапқанымыз артық. Ақынын қорғай алмаған халықтың да, қамалдың да, әскердің де маған керегі жоқ».

Тұран елінің ұлы әміршісі неге сонша жан түршігерлік, тым қатыгез бұйрық берді? Неге дейсіз ғой?

Қырық жыл бойы саны аз болса да жауға берілмей келе жатқан қайсар халықтың рухы биік болатын. Сол құдіретті рухты жасап, жауға қарсы бағыттап отыратындар – ғалымдар, ақындар еді. Әмірші сол ұлттық рухтан айрылып қалу – түркі жұртының жер бетінен біржола жойылып кетуіне әкеліп соғатынын жан-тәнімен сезінген болатын.

Ұлы Гетенің: «Дүниеге қандай да бір сызат түссе ол ең әуелі ақын жүрегі арқылы өтеді» дегеніндей, шын мәнінде ақын-жазушылар жер бетіндегі қасірет пен қиянат үшін алдымен қайғырып, жақсылыққа өзгелерден бұрын қуанып, адамзат тарихы үшін өздерін жауапты сезінеді. Алайда, осынау қасиетті миссияны мойнына алып, дөңгеленген дүниедегі шуақты күн үшін күресу екінің бірінің қолынан келе бермесі анық. Мұндай миссия – таңдаулылардың ғана еншісінде. Сондай таңдаулылардың бірі де бірегейі «Гамбург қазақтарын» дүниенің түкпір-түкпіріне «саяхатқа» жіберген жазушы Мархабат Байғұт десем, қателеспеймін.

Жаратқан мағыналы да мәнді, мазмұнды да мәртебелі өмір бұйыртты оған. Осынша абырой, осынша сый-құрмет маңдай терінің шүмектеп ағуымен келгені әмбеге аян. Көптеген оқырмандары қаламгердің жұмысты қалай істейтінін, кітабы баспадан шығып, халқының игілігіне айналғанға дейінгі жан қиналысын, сират көпірден өткендей шығармашылық азапты басынан өткеретінін көз алдына елестете алар ма екен, сірә. Қайдан?...

Біз, бәріміз де Байғұттың сұлу үйлестірген, поэтикалық әуенмен үндескен шығармаларына, оның дәлме-дәл, өткір де мөлдіреген таза халықтық тіліне сүйсінеміз, таңданамыз, таңдай қағамыз. Ақ көңілден шыққан тыраулап ұшқан тырнадай сөз тізбектері, майы тамған жіліктің кемігіндей құнарлы ойлары еріксіз тамсандырады, тәнті етеді. Өзіңнің дәл осылайша ойдың қиюын келтіре алмайтыныңа налисың, назырқанасың.

Ол жасаған образдардың скульптуралық мәнеріне, табиғатына сүйсінесің. Біз жазушы түзген образдардың психологиясының тереңдігін жан дүниемізбен сезінеміз, характерлерінің шынайлығына бас шұлғимыз, таңырқаймыз. Әңгіме-хикаяларынан дала шөбінің, қары кетіп, жіпсіген жердің, жылқының ащы терінің, ашыған айранның, қымыз бен қымыранның, киікотының танау қытықтайтын хош иісі, яғни қазақтың өзіне ғана тән иісі сезіліп тұрғандай болады.

Мархабат Байғұт шығармаларындағы жан дүниеңді толқытатын қарапайым да шынайы өмір көріністерін бастан қайта кешіру үшін, тағы бір рет ләззат алу үшін бұл туындыларды қайта-қайта оқимыз. Осынау көркем суреттеулердің адам айтқысыз қажырлы еңбек етуді талап ететіні жайында ойланып та жатпаймыз. Жазушы кітаптарының беттерінен көзге көрінбейтін ұйқысыз түндері, ойланып-толғануы, азап шегуі, күмәндануы мен күдіктенуі, қуанышы мен өкініші менмұндалайды.

М.Байғұттың жазушы ретінде өзіне талап қоюы аса қатал. Бір байқағанымыз, шығармасындағы оқиғаларды өмір шындығына сай етіп беруде сан рет түрлендіріп, бірнеше мәрте қайта өңдеп қана қоймайды, қазақы қалыпты дәл беру жолында әрбір сөзді, әрбір метафора мен эпитетті, теңеу мен тропты ой елегінен өткізеді. Әр сөздің мағынасына терең үңіледі, оны түрлі саққа айналдырады. Әлжуаз, сұрқай қолданыста сансыз рет қайталанып, жауыр болған сөздерді алып тастайды.

Жаңа сөздер, соны фразеологизмдер, анағұрлым айқын анықтауыштар іздейді. Жаңа ғана көңілінен шыққан фразаны тағы ұнатпай қалуы кәдік. Содан тағы да мылтығын алып «аңға» шығып, жаңа сөздер мен соны теңеулерді аулауға кіріседі.

Ұйқысыз түндер, күлкісіз күндер өтіп жатады. Ақыры іздегені табылған сияқты, енді қаламгер «шимайына» көңілі көншіп, өзіне-өзі разы болады. Бірер күн өткенде қайта оқиды. Таптым дегендері бір-бірімен жымдаса айқара құшақтасып, ажырамас біртұтас ағзаға айналмай тұрғанын көріп, көңілі су сепкендей басылады. Бәрі тағы да басынан басталады: жыртылған қолжазба пәре-пәресі шығып, қоқыс жәшігіне тоғытылады. Сәлден соң қаламсабы қағаз бетінде қайтадан жорғалай жөнеледі. Сонымен тыным таппай сағаттар, тәуліктер, апталар, айлар, тіпті жылдар бойы осылай жалғасады.

Махаң тыныш кабинетте отырып шығармашылық қызығына бататын томаға-тұйық жазбагер емес. Ол – біле білсеңіз қала, облыс, республика, тіпті түркі әлеміндегі басқосулардың бел ортасынан табылатын көрнекті қоғам қайраткері. Түнгі деңгейдегі кездесулер, сұхбаттасулар, пікір алысулар, жергілікті, отандық ақын-жазушылардың мерейтойларын ұйымдастыру, конференциялар мен симпозиумдарда баяндама жасау, газеттер мен журналдарға мазмұнды да мағыналы мақалалар жазу, құдайым-ау, толып жатқан тағысын-тағылар... Мойын бұруға қолы тимей жүріп, асқан табандылықпен қыруар дүниелер жазғанына, еңбекқорлығына бас шайқап, таңдай қағасыз. «Не деген іскерлік?» – деп жағаңызды ұстайсыз.

Қазақта «Жер – таптай берсең топырақ, баптай білсең Отан» деген тәмсіл бар. Кіндік қаны тамған киелі жер «Отан», «Атамекен» деген ұғымдар жазушы туындыларында ерекше жылы леппен, шексіз махаббатпен өрнектеледі. Қазақтың сайын даласы мен кең атырабы – қаламгердің басты тақырыбы. Мәселен, жазбагер «Таңғажайып тау төрі» туындысында былайша толғанады: «Ауаның тазалығынан басың айналғандай. Шілденің шіліңгір күндері... үлде мен бүлдені аяп, аялайтындай. Бидайықтың балтыры, сарымсақтың саны ғана сарғайған, өзге дүние жап-жасыл, кейбірі, бәлкім, көгілдір. Сәл үңіле түссең, қызыл гүлдер, сары гүлдер, көк гүлдер... Теңгежапырақ, қоңырау басты қалқа гүлдер мен ерек шөптер үстінде неше алуан көбелек пен құстар асыр салады. Сәл әрегіректе ұшқат ойланып, тобылғы толғанып, қайың нұрланады. Тәңіртаудың әрбір шыңынан. Әрбір құзынан, төбе-төбелерінен қымыздай ағараңдаған алтын бұлақтар – бірі бұлдырап, бірі сылдырап ағып, Үлкен Қайыңдыға айналған соң сарқырайды-ай келіп...».

Туған өлкесінің сулулығын осылайша үздіге, сүйсіне, тамылжыта суреттейді жазушыңыз. Сұлу суреттер, көркем көріністер бірінен-бірі өтеді.

Мысалы, «Ерке сылқым» туындысынан мына қайырымды оқып көрейікші: «Сол жағымызда қарқаралы қалың қамыс ырғалып, Шу шымырлап ағып жатты. Қаншама қайталап қарасаңыздағы, Шудың сұлулығына, қамысы мен құрағына, шалғыны мен сазына, жусаны мен ерменіне, жидесі мен талына тоймайсыз ғой, тоймайсыз тіпті». Міне, дәйек.

Жанды сурет. Мұндай сөз – суретті тек дала стихиясын бар болмыс-бітімімен, бүкіл табиғатымен барынша терең сезіне білген адам ғана сала алса керек. Елім, жерім деген әрбір қазақтың көкейіндегісін тап баспаған деңізші! Дей алмайсыз! Осынау жұмақты өлкеде, кең жазирада туылғаныңа қуантады, шаттандырады. Сүйсіндіреді.

Жазбагеріңіз ата-баба рухы сіңген ол сайын даласын, төл табиғатын шексіз сүйеді. Жер-анадан нәр емген фаунасы мен флорасына өлшеусіз зиян тартқызып жатқан жеті басты аждаһаның зұлмат зардаптары жайында қынжыла отырып, пәтуәлі ой айтады. Мәселен, «Жер бусанып жатыр еді...» деген мақаласында: «...Жапырақ жайған шырыш арасында шыбыш толғатып жатты...

Кенет, жетінші сәуір күні Байқоңырдан аспанға тік шаншылып, тағы да бір әбжылан ұшты... Шақпақ дауыл беймезгіл шабынып, Қауыстың өлкек желі өкпекке айналды. Тіпті, Жиделі-Байсынның мырза даласына дейін сұстанып, Сайрам сабдалысының, Қазығұрт өрігінің гүлдері үгітіле төгіліп түсті...

Шық тұнған шырыш арасында толғатқан шыбыш елік шырқырай шошынып, лағын өлі туды...», – деп жаралы өлкесіне жаны ашып, жүрегі қан жылайды жазушыңыздың. Үкіметтен араша болуын сұрайды. Қасірет қамытын кигізетін әбжыландарды ұшыру тоқтатылуын талап етеді.

«Байқоңыр біздің жер емес пе? Неге төменшіктеуіміз керек?» деген түйінді ой білдіреді табиғат жанашыры, ел жанашыры, зурият жанашыры.

Кіндік қаны тамған жері үшін, туған елі үшін күреспеген адамның өмірі кейінгі ұрпаққа үлгі бола алмайтынын ишаралайды.

Махаң туған жерінің тауы мен тасын, өзені мен көлін, ағашы мен шөбін қандайлық жақсы көрсе де, сайын даланың хош иісті гүлдерінен рахаттана иіскеп ләззат алса да бәрінен де жақсы көретіні, жарататыны, сүйетіні – еңбек адамы. Әрбір іскер де адал жан – суреткердің досы әрі бауыры. Қарапайым мұғалім, ұжымшар бригадирі, егінші, дәрігер, балабақша тәрбиешісі, бақташы – оның сүйікті кейіпкерлері.

«Беретінін бермесең» туындысында: «Сайып келгенде, мына дүние-әлемді, Жер-Ананы әуелі Алла содан соң... негізінен қарапайым адамдар, қалың бұқара халық, қатардағы қара жұмыс атқаратындардың ақ пейілі, ақ жүрегі, адал ниеті, қажырлы еңбегі ұстап тұр емес пе?» деп ағынан жарылады. Сондықтан әр уақытта солардың ортасынан табылғысы келеді. Сөзін сөйлейді. Кетпенін шабады. Қолтығынан демейді.

Әсіресе, суреткер балалар образына жиі барады. «Патефон», «Таудағы андыз», «Ақ орамалды қыз», «Жанымайдың жотасы» атты шығармалары осы пікірімізге дәлел.

Қамбар ата мен жас бала арасындағы үйлесім былайша беріледі. «Атқа (Сарықасқаға) тақымы тигенде (Қаратайдың) өзін-өзі билей алмай, буын-буыны діріл қағады. Біразға дейін сөйтеді. Бір түрлі, балдан тәтті, ұнамды діріл, тал бесіктей тербейтін толқыныс. Кеудесінің әлдебір тұсы сәл ашығандай болады, ол да ұнамсыз емес». Қазақтың алқызыл қанының Қамбар ата малына деген толғанысын осылайша тербейді қаламгеріңіз. Мархабатыңыз.

Оқырмандар М.Байғұттың күллі шығармасын дәлме-дәл нақты шындығы, шынайылығы үшін, қазақ тұрмысы мен болмысына терең бойлағаны үшін, еңбектеген жастан еңкейген кәріге дейінгілердің психологиясын, жан қуаныштарын шебер бере білгені үшін, айтар ойының кең ауқымы мен тегеурінді күш-қуаты үшін, ауық-ауық езу тартқызар юморы мен аса жоғары көркемдігі үшін сүйеді. Құрметтейді.

Ұлы Мұхтар аға Әуезовтің: «Әрбір қаламгер әдебиетке талантымен ғана емес, мінезімен де сіңісуі керек» дегеніндей, оқырман осынау шығарма авторын көркем мінезділігі үшін де, қарапайымдылығы үшін де сыйлайды, сүйеді, қадірлейді, төрінен орын береді. «Жақсы мінез – жан сұлулығы» деген сөз бар қазекемде. Қарапайымдылық, адалдық, өзгеге жақсылық жасау, кез келген жағдайда сабырлылық таныту сияқты қасиеттердің қосындысын бір ауыз сөзбен айтқанда көркем мінез деп жатамыз. Демек, мінезді бір қалыпты ұстаудың өзі де мәдениет деген ұғымға саяды. Шынтуайтына келгенде мәдениеттің түп-төркіні тұлға бойындағы мінезде жатыр. «Он ақылдыдан бір мінезді артық» деп бір абыз бекер айтпаса керек. Махаң бойынан осы қасиеттердің бәрін кездестіруге болады.

Біздің бойымызда ата-бабаның алқызыл асыл қанының түйіршіктері лүпіл қағуда. Жазушы қай жағдайда да, қай елде жүріп жазса да сол қан, текке тартпай қоймайды. Гәп суреткердің ниеті, пиғылында. Құдайға шүкір, Мархабатымыздың пиғылы да, ниеті де қазағын кірпік қағым сәт те жадынан шығарған емес. Ұмытпайды да.

Жазушының күллі шығармаларының астарында халық көкейіндегі мұң мен шерді, арман мен үмітті, тілек пен мүддені, бар мен жоқты, қуаныш пен қайғыны, жетістік пен кемшілікті, адамдық пен надандықты, тектілік пен тексіздікті, көргендік пен көргенсіздікті сөз етеді. Өзекті жарып шығар өнерді де, қоғамды жатқызып-өргізетін саясатты да зәу биіктен, көкірек көзімен көре алатын көреген, мәні бөлек жан.

Жазушы шығармаларының басты лейтмотиві – өз ұлтының салт-дәстүрі мен тұрмыс-тіршілігін ұлықтау. Өйткені, қазақтың атам заманнан қалыптасқан дүниетанымы, тілі мен ділі ұлтты жаһанданудан, еуропаланудан, орыстанудан, америкаланудан сақтап қала алатын жалғыз фактор екенін тереңінен түсінеді. Ұлттың дәстүрі аясында тәрбиеленген ұрпақ елі үшін, жері үшін тұра алатын, тұрыса алатын азамат болатынын білгендік.

Солтүстікке қарай ағатын гольфстрим ағыны суық теңізді жылытатыны белгілі. Махаңның осы пікірі «солтүстікке» ағып, суи бастаған қазақы қанды жылытатұғын рухани гольфстрим сияқты көрінеді маған. Ақиқаты сол.

Суреткер туындылары жайында сөз қозғағанда оның көркем тілінің ерекшелігіне тоқталмай кетпеуге болмайды. Сұлу сөз өнерінің өмірі – бейнелеу тілі мен тақырыптың мағынасына сәйкес келіп, тұтастық құруында, үндесуінде. Біреуде бар, біреуде табылмаған сол үйлесім шіркініңіз, М.Байғұттың қолына қонған десем қателеспеймін. Мәселен, «Ақ орамалды қыз» әңгімесінен үзінді келтірейік: «... Бар арманым – су таситын бөшкелі арба. Бірақ, оған конкурс көп болады. Өткен жылы аттың мойнына қамыт салуға бойым жетпей, арманым арман күйінде қала берді. Биыл сыриып өсіп кеткенімді өзім емес, ел-жұрт айтып жүр.

– Әй, сенің бойың қайда кетіп қалған-ей?! – деді бригадир. – Басың бұлт арасынан көрінбейді ғой, жүдә».

Айтқыштар бар «Шешенің судай төгілген, тыңдаушың бар бордай езілген» демекші, қаламгердің қарапайым бригадирдің аузына қандай сөз салғанын көрдіңіз бе?! Сүйсінесіз. Қайта-қайта оқисыз. Қазақтың сөздік қорына осынау зүбаржат бедерді жүздеп, мыңдап қондыра беру Мархабат Байғұт сияқты даңғайыр суреткердің ғана маңдайына Жаратқан Ие жазған несібе.

Қазақтың ұлттық құндылықтары жайлы сөз қозғағанда Мархабатты ерекше толғандыратын нәрсе ұлт тілінің жағдайы. Рас, егемендіктің елең-алаңында мемлекеттік мәртебеге ие болған қазақ тілі кеңістігінде тәуелсіздік жылдары көп нәрсе жүзеге асты, жаңа бағыттар қалыптасты. Дегенмен, мемлекеттік мәртебеге ие болғанына ширек ғасыр толса да қазақ тілін меңгеру әрбір азаматымызға міндетті болмай отырғанын айта келіп, бұдан шығар жолды ұсынады.

1991 жылы журналшы-публицист Мархабат Байғұт туысқан саха елінде қазақ әдебиеті күндерінің ашылу салтанатының куәсі болады. Тағдыр-талайы, бақыты мен қасіреті түп-түгел қазақтың тағдырына ұқсас. Саны аз (360 мыңдай ғана) саха халқының ұлттық мүддеге тұтаса, тас-түйін болып күрес жүргізіп жатқанына жүрегі жарыла қуанады. Мақсаттарына жете беруіне тілектестігін білдіреді. Оның мына сөзі соған дәлел.

«Бір байқағанымыз сол, ұлттық тіл жөнінде саха ағайындарымыз тас-түйін жұмылып, айқай-шусыз да талай тірліктерді тындырып жатыр. Ақсақалдары да, жастары да үнсіз ұғынысып, тас-түйін түрде түпкі мақсатқа бекінісіп, бөлініп жарылмай, мәдениетті түрде келеді-ау дедік» деп саха ағайындардың ұлттық мәселеде бөлінбей, жарылмай, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып отырғанына сүйсінеді.

Ал, біздегілердің көкейкесті мәселелерде: «Тіпті, біздің баршамызға бармақ тістеніп отырған тіл жөніндегі Мемлекеттік бағдарламамыздың бар маңызынан майырылып, ең елеулі екі пунктінен айырылып қаларына да ең алдымен осы бір «әсіре белсенділер мен айқайшылар» кінәлі... Әттең, парасаттылық, заманның қисындығы мен күрделілігіне қарай үн-түнсіз тірлік тындыру жөнінен сахалардан үйренер ме еді біздің кейбір ақсақалдарымыз... Әй, қайдам-ау!» деп жастарымызға үлгі-өнеге көрсету орнына ала қойды бөле қырыққысы келетін кейбір қарттарымыздың іс-әрекетіне қаны қайнайды, жаны күйзеледі.

Қазақтың қара сөзінен қаймақ қалқытқан Әбіш аға Кекілбаев: «Жалпы, маған өзінің халқын сынайтын адамдар, өзіне көңілі толмайтын жандар ұнайды. Бұл жағынан алғанда, әйелдерді жақсы көремін. Әйелдер өзінің сұлу екенін біліп тұрса да, айнаға күніне қырық рет қарайды. Сонда олар «Мен сұлу емеспін!» деп бармайды, өзінің сұлулығын арттыру үшін қырық рет барады. Өзінің ұлтын, өзін сынайтын адамдар да осы айнаға қарайтын әйелдер секілді»...

Ұлтыңды жақсы көрсең жетістігімен бірге кемшілігін де жіпке тізіп отыруды қалайды. «Сын түзелмей, мін түзелмейтінін» меңзейді ұлы Әбіш аға. Мұхтар аға Әуезовше айтсақ: «Туған елін жақсы көрген адам ғана сол елдің ең бір болымсыз кемшілігіне ең қатал сын айта алады».

Сондай-ақ, Мархабатыңыз да қоғамдағы қордаланған кемшіліктерді сын садағына нысана етеді. Мәселен, жетесіздерді жетелеуге байланысты. Ол: «Біреу баласын жетелеп жүріпті. Біреу қызын жетелеп жүріпті. Біреу немересін жетелеп жүріпті. Біреу құдасын. Біреу құдашасын. Біреу бірдеңесін бергенді. Біреу өрен-жаранын. Біреу руласын. Біреу аталасын. Біреу көңілдесін. Бәрі жақсы ғой, алайда толып жатқан өкіметтік, өкілеттік буындарда жетесіздер, ел мен мемлекет қамы, ұлт мүддесі миына кірмейтін мәңгүрт, өзімшіл өжендер, едіреңдер мен күдіреңдер, шілтіреңбайлар неге көп? – деп сұрақ қояды да, жетесіздер жетелеуден ғой әрине» деп дедукциялайды. Бұл шындықты қалайша жоққа шығармақшысыз? Ақиқат демей көріңізші! Байқайсыз ба? Көптеген керуен басында «көзің қайсы? десең, мұрнын көрсететін» «көрегендердің» отырғандарына бүгінде етіміз де үйреніп кетті.

«Бес асыл іс, бес дұшпан» деген толғанысында: «... құныққан құлқын, кердең мойын жемқорлар мен парақорлардың соншалықты ардан безгендігі калай? Қайран қазақтың несібесінен миллиардтаған долларды жымқырғандардың шет жұрттарға жылыстап кетіп, жайбарақаттанатыны қалай? Қанағатсыздықтың, құнығушылықтың, тойымсыз тоғышарлықтың, қулық-сұмдықтың, сатқындықтың, сыбайласқан жемқорлықтың үйреншікті жағдайға айналғаны қалай?» деп күрсінеді Мархабатыңыз.

«Жалпы алғанда, – дейді Мархабат Байғұтыңыз, – адамзаттың наданзатқа айналып кету қаупі қалыңдап барады» деп жүйелейді.

Міне, жазушы көзқарасындағы біздің қоғамның бүгінгі бейнесі. Өтірік деп айта алмайсыз!

Нобель сыйлығының иегері, жазушы Марио Варгес Льосот: «Жазушы кеше де, бүгін де, ылғи да наразы болуы тиіс. Өмірдің жабайы шындығын қабылдаған және онымен келіскен адамнан жазушы шықпайды» дегені бар.

Бұл, меніңше, кез келген қаламгердің бағдаршам етіп алатын алтын ережесі. Яғни ақиқат жоқ жерде көркем туынды да жоқ. Шындық үшін шырылдап, ақиқат үшін арпалыспаған әдебиет қаншалықты сөз маржанымен әдіптелгенімен, небір сұлу сөз тіркестерімен жиектелгенімен құнсыз да қадірсіз. Сөз етіліп отырған авторымыз осы қағиданы киелі кітаптың хадисіндей қабылдағанына күмәнсізбіз.

Жазушы ойының ұшқырлығы мен тілінің құнарлылығы қатар туса, меніңше, бақ. Ол қанатын тек қаққан құс секілді биікке самғаса керек. Мұндай төрт құбыласы тең шығарма жүректі жылытып, тұшынтып, айналасын нұрға бөлейді. Ал, оқырман жаны барахат тауып, шамға ұмтылған пәруанадай үйіріліп, кітаптан бас көтере алмай жатқаны – әне, жазушы миссиясының орындалғаны, Тәңірдің таланттыға түсірген қарызының өтелгені.

Аты да, даңқы да ел аузында жүрген жазбагерлерде кездесе бермейтін сөз саптау Махаңда менмұндалайды. Танымалылардың көбі кейіпкерлерінің іс-әрекеттерін не бірінші, не екінші жақпен баяндауға машықтанса, ал, сөз етіліп отырған авторымыз бір сөйлемге екі жақты да ендіруге шебер-ақ. Дәлел ме? Онда «Ерке сылқым» туындысындағы мына мәтінді талдап көрейік: «Жүдеулеу, желге қатты тотыққандай қараторы жігіттің жүзі суық та сұсты екен... Қолымызды оншалықты менсініңкіремей алып, тұп-тура Омекеңнің (Омарбай Малқаров) қасына барып отырды. Кеңшар директоры шетімізден таныстырды. Әбдімомын Желдібаев аз-маз сусындап, демін басыңқырап, терін сүртіңкіреп алып, тиісе бастады.

– Омекең дейсіңдер ме, әйтеуір естуім бар, – деді.

Пауза. Омекеңнен қатты қауіптеніп ек, сыр бермеді.

– Нәсіредин Серәлиев дедіңдер ме? – деп, оған да онша жатырқамай, сәл ғана бұрылыңқырады, – Құлағымда сәл-пәл бірдеңе бар.

Тағы да пауза...

Біз пақырыңыз терлеп кеттік.

– Мына біреуді кім дедіңдер? Естігем де емеспін, оқымаппын да, – деді Әбдімомын...».

Біріншіден, Махаң кейіпкерлердің образын беруде диалогты сәтті пайдаланған. Мәтінді оқи отырып «Ерке сылқым» күйінің авторы Әбдімомын аға Желдібаевтың қызулау екенін аңғарасың.

Екіншіден, «Біз пақырыңыз терлеп кеттік» деген сөйлемде бірінші жақ (біз) пен тәуелді тұлғалы екінші жақты сөздің (пақырыңыз) қол ұстасып қатар тұруы көркем сөз өнерінде соны жаңалық. Біздіңше, «пақырыңыз» сөзі оңашаланған айқындауыш, өйткені ол «біз» сөзін айқындап, дәлелдеп тұр. Сондықтан «пақырыңыз» сөзінің алды-артына үтір қойылуы тиіс.

Үшіншіден, суреткердің өзін-өзі төмендетуі біреуге жақса, біреуге жақпас. Олай дейтініміз «пақыр» сөзінің синонимі бейбақ, сорлы, бейшара, кедей деген мағынаны білдіреді. Өмірде қазанат пен жабының айырмасын, жақсы мен жаманның парқын тереңінен толғайтын, өз ескерткіштерін көзінің тірісінде орнатқан сөз зергеріне жараспайтын сияқты ма қалай? Қалтасы тесік болғанымен, ақын-жазушылар рухани бай емес пе? Басы жұмыр пендеге одан артық не керек? Не?... «Қылыш ел шауып, қазына жинайды. Қалам қазына тауып қайыр сұрайды» дегеннің кері ме? Қалай?...

Біздің Махаң – жаны аса сұлу жан. Сондықтан болу керек әсемдікті ұнататыны, сұлулықты қадірлейтіні. Шығармасындағы күллі қыз-келіншектері бірінен-бірі өткен көрікті, бірінен-бірі өткен көркем. «Ерке сылқым» туындысындағы көкжасыл көйлекті, еркелей басқан келіншектің кескін-келбеті соның дәлелі. «Запорожецтің» ішінен келіншек шықты. Көкжасыл көйлегі де, тіп-тік балтыры да, желкесіне түйіп алған шашы да, жұп-жұмыр, аппақ мойнына салып алған үлбір-зипа шалмасы да, мөлт етіп бір бұрылып қарағандағы жалқы мәрте жалт ете түскен жанары да, түп-түзу біткен әп-әдемі мұрны да, ақша маңдайдың төменгі тұсында қиылған жіңішке қас та, балалардың дөңгеленген ойыншық шелегін барынша қыса түсіп ұстаған сүйрік саусақтар да – бәр-бәрі бірінен бірі өтеді-ай! Ою-ою өрнектері бар ойыншық шелекті билеткен күйі көк жасыл көйлегі желбіреп, Шудың суына қарай еркелей басып барады келіншек. Ерке қимыл, сылқым қадам адам біткенді баурап алған. Шудың шымырлап аққан айдынына, қамыс-құрағына ілестіріп әкете барған».

Мұны оқи отырып, біздің де Шудың қамыс-құрағына қарай келіншекке ілескіміз келіп-ақ кеткені шындық. Портрет жасаудағы шеберлік бәлкім осы шығар-ау. Онысымен қоймай, әлгі әсем келіншек мінген машина ұзап кеткенде жетпіс жастағы ақсақалдың аузына мына сөзді салғанын көрмейсің бе!

– Бай-бай-бай-бай, жаңағы келіншек жаман қоңыздан аумайтын «Запорожецке» емес, Асекең (Оңтүстік Қазақстан облысының сол кездегі бірінші хатшысы Асанбай Асқаров) берген ақ «Волгаға» лайық қарағым екен дә-ә-ә! Біреуіңді тастап мінгізіп-ақ алар ем-ау, айналайын-ай...!» – дегізуі еріксіз езу тартқызады. Жетпісте болса да бөрікті ғой... Көңіл қартаймайды деген осы дә-ә!

Мархабат Байғұттың шығармашылығы жайында аз-кем айтсақ, оқығанымызды, көңілге тоқығанымызды сөз еттік. Айсбергтің біздің ой-өрісіміздің деңгейінен көрінген жағын суреттедік. Оның бүкіл болмысын, су астында көрінбей жатқан тұстарын, туындыларын тұтас жіктеп, жіліктеп бере алдық, сыры мен қырына қанықтырдық десек асылық еткеніміз...

Қай ортада да қазақтың қазыналы қариясы керек-ақ. Махаңның шаршамай-шалдықпай бой түзеп жүруі – сөз өнерінің маңдайы бір еліге болса да ырысы. Баяғының абыздарындай төрде молдас құре-е-еп: «Әй, балалар, бұл хикая былай жазылса құп», – деп дауыс көтеріп, қойғанының өзі не тұрсын! Тіршіліктің бүкіл нәрін бойға жинап, жетпіс беске толып, ақыл айтып, абыз атанатын шаққа келді. Махаңыздың «Туғанына бәлен жыл» дейтін тәмсілді ауыз толтырып айту үшін оның «кетігін тауып қаланған кірпішіне» баға беру керек болар. Бүгінге дейін салған «ғимараттарының» әсемдігі мен әсерлілігін, маңызы мен мәнділігін, қазыналы ғұмырын бажайлау қажет болар. Бұл орайда жазушы, журналшы-публицист Мархабат Байғұттың жұлдызы жарық, бұлағы тұнық.

Өткен жазда Түлкібас ауданындағы табиғаты тамылжып тұрған Ақсу-Жабағылы қорығына баруға тура келген-ді. Түс ауа жол серіктерімізбен аласа ғана дала дөңнің бөктеріне келіп жайғастық.

Сонау көз ұшында, ойпаттарда бұлдыр сағым мұнартып, мың сан құбыла тербеліп тұр. Алыста тентек құйын Жер-ана төсінен шөп-шалам аралас қара күрең тозаңды ұршықша үйіріп, басы ауған жаққа маңып барады.

Жер қадірін, шөп қадірін білетін ақын Құрал қырынан жастанып алып, қалыңның ішінен жусанның сабақты шоқтарын тауып, үзіп алды.

Ол аса сақтықпен жіптіктей талшықтарын алақанына салды да жапырақтарын уқалап, алақанын бетіне тақады. Көзін рахаттана жұмып:

– Мінеки, біздің қасиетті шөбіміз, сайын даламыздың қасиетті өсімдігі осы, – деді. Маған қарап:

– Сен мұны үзіп ал, аяғыңмен тапта, жеті қат жер астына жібер, бәрібір қасиетін жоймайды. Жусан иісі – жаныңды жадыратып, көкірегіңе нұр құйып, бойыңды балқытатын, өшпейтін де өміршең, күшті де жанды иіс. Сайын даланың төл иісі. Қазақтың өзіне тән иіс.

Тап сондай жаныңа ләззат сыйлар жұпар иісті, даланың өміршең гүліндей, көктемгі хош иісті жусанындай болып көрінеді маған Мархабат Байғұттың күллі туындылары. Иә, қазақтың керме иық дала жусанының иісіндей...

Бегман ЫСҚАҚ, тіл жанашыры.

 

Пікір қалдырыңыз