Музей қойма да емес, көрме де емес...

Музей – рухани мәдениетті сақтаушы, насихаттаушы бірден-бір орын. Оның құнын көтеретін, мәртебесін жоғары ететін – экспонаттар, соның ішінде аса құнды жәдігерлер. Қолды болып кетуден, жарамсыз болып қалудан сақтау үшін құндылықтар міндетті түрде мұражайдан орын алғаны абзал. Музей қызметкерлері ғылыми-зерттеу, насихаттау, жинастыру жұмыстарының нәтижесінде рухани орталықты этнографиялық жәдігерлермен толықтырып келеді. Ұрпақтан-ұрпаққа жеткен отбасылық құнды жәдігерлерін тапсырған жандарға алғыс айтамыз. Олар ата-бабасынан қалған мирасты өткізу арқылы ұрпақтың тарихи танымына үлкен үлес қосып, Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейіне зор сенім білдіріп отыр деп білеміз.

Десек те, этнографиялық экспедиция барысында ата-бабадан жеткен құнды жәдігерді бір отбасының немесе бір әулеттің дүниесі деп санап, сол мұрадан айрылғысы келмейтін жандарды да кездестіресің. Өкініштісі, олар мемлекеттік маңызы бар мәдени мұра музейде сақталуы керек екенін білмейді, тіпті, біле тұра қасақана айрылғысы келмейді. Музейге лайықты бағалы бұйымды, асыл затты, маңызды құжатты экспонат ретінде қорға тапсыру – барлық өркениетті елдерге тән үрдіс. Сондай-ақ, музейде сақталынған заттың арнайы төлқұжаты болатынын, онда заттың иесі, кімнен алынғаны – бәрі тиянақты жазылатынын жұрт білуі керек. Музейге тапсырылған зат ауа, ылғал, шаң-тозаң, күннің көзі, электр жарығы сияқты шіруге, бүлінуге, жойылуға ықпал ететін құбылыстардың бәрінен сақтандырылады. Осылайша ұрпақтан ұрпаққа бүлінбей жетеді. Өркениетті елдерде музейге, мәдениетке деген жалпы халықтық құрмет ерекше. Біз де қазақ болмысын әлемге таныту үшін мәдениетімізге, рухани құндылықтарымызға деген құрметімізді күшейтуіміз керек. Бұдан ұтпасақ, ұтылмаймыз.

Биыл ел ішінде елеусіз жатқан құнды дүниелерді, ұлтымыздың ұлы тұлғалары қолданған заттарды музейге сыйға тарту арқылы қоғам назарын тарихи-мәдени мұрамызды сақтауға аудару мақсатында «Музейге сыйға тарту» атты акция ұйымдастырдық. Іс-шараға халық ақыны, «Парасат» орденінің иегері Әселхан Қалыбекова, мәдениет қайраткері, этнограф, өлкетанушы Абдолла Жұмашов және музей ісінің ғылыми кеңесшісі, археолог Нұртаза Алдабергенов өздерінің жеке кітап қорынан 20-дан астам әдеби-тарихи кітап табыс етті. Сондай-ақ, қолөнер шебері Жалғас Сүлейменова ақ киізден басқан сырмақ, ерте кезде анасының қыз жасауымен келген ағаштан жасалған кебежесін, ардагер ұстаз, қолөнер шебері Сәрсенкүл Жамашқызы қолөнер бұйымдарын, сондай-ақ музей қызметкерлері археологиялық және этнографиялық заттарын музей қорына тапсырды. Музей қызметкерлері барлық жәдігерді ресми рәсімдеп, келісімшарт негізінде қабылдап алды.

Музей тек құндылықтар сақтайтын қойма немесе сол құндылықтарды көрсететін көрме ғана емес. Ең алдымен, жоғарыда айтқанымыздай, ол – ұлттық ғылыми-зерттеу мекемесі. Мысалы, музейге бір жәдігер келді делік, оны есепке алу, камералық өңдеуден өткізіп, тегін анықтап, этникалық парқын айғақтау, осының бәрі «атрибуция» деп аталады. Одан кейін жәдігердің төлқұжаты жасалып, тақырыптық каталогтаудан өтеді. Зерттеп, зерделенген жұмыстар кітап түрінде көпшілікке ұсынылады. Мұндағы этнографиялық жәдігерлер халқымыздың салт-дәстүрінен, әдет-ғұрпынан, тыныс-тіршілігінен, мәдениетінен мол мағлұмат береді. Тұтас бір ұлттың рухани келбетін, оның мәдениетін, өнерін, тарихи мұраларын, ғасырлар шежіресін жан-жақты зерттеумен насихаттап, дәріптеуде музей қызметкерлерінің де орны ерекше. Заман жаңғырып, салт-дәстүрімізге елеулі өзгерістер ене бастады, оны жасаушы шеберлердің саны да сиреп барады. Осы негізде «Музейге сыйға тарту» акциясының бұдан кейін де жалғасын табатынына сенімдіміз.

Қалипа Кемелова, Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-мұражайының аға ғылыми қызметкері, мәдениет саласының үздігі.

 

Пікір қалдырыңыз