Әл-Фараби және Әл-Машани

Аты мен атағы дүние жүзіне мәшһүр Әбу Насыр әл-Фарабидің әлемдік ғылымның дамуына қосқан еңбегі ерекше. Туған жері Фараб (Отырарды арабтар солай атаған) Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан.

Араб, парсы тарихшыларының айтуынша, Фараб қаласында заманында Шығыстағы аса бай кітапхана болған. Демек, әл-Фараби бабамыз білім бастауын өзінің туған жерінен алған деуге толық негіз бар.

Әбу Насыр әл-Фараби «Музыканың ұлы кітабы» еңбегінде өз елі, жұрты, мәдениеті жайлы деректер қалдырғаны белгілі. Туған қаласынан білім бастауын алған Фараби Хорасан, Самарқан, Бұқара, Хиуа және Шығыстағы мұсылман әлемінің біраз жерлерін аралаған, кейін Бағдатта тұрған. Мысырда да болғаны, түркі, араб, парсы, грек, тағы басқа бірнеше тіл білгені туралы айтылады. Өмірінің соңғы жылдарын Каирде, Дамаскіде (Шам) өткізген. Адамзаттық өркениетте ерекше орны бар ежелгі грек ғылымы мен философиясының кемеңгерлері Пифагор, Аристотель, Евклид, Птолемей мұраларын меңгеріп, одан әрі дамытқан. Дүние жүзіндегі барлық ғалымдардың бірінші ұстазы (муғаллим ауал) Аристотель деп, екінші ұстаз (муғаллим сани) Әбу Насыр әл-Фараби деп мойындаған.

Әл-Фарабидің ХХ ғасырда қазақ қоғамына қайта танылуында ғұлама Ақжан Жақсыбекұлы әл-Машанидің еңбегі зор. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары академик Қ.Сәтбаев А.Машанидің әл-Фараби туралы зерттеулеріне үлкен қолдау көрсеткен. Кувейт елінің ғылыми журналына жариялаған еңбектің ғылыми мәйегіне сүйсінген араб ғалымдары Машанов деген тегін әл-Машани деп жазған. А.Машани 1958 жылдан бастап Лондон, Каир, Париж, Берлин, Лиссабон, Бейрут, т.б. қалалардың ең ірі кітапханаларына хат жазып, әл-Фарабидің шашырап жатқан мұраларын жинастырып, бірқатар еңбегінің библиографиясын тауып алады. 1961 жылы әл-Машанидің республика Ғылым Академиясы хабаршысының №5 санында «Әл-Фараби және оның мұралары» деген алғашқы мақаласы жарық көреді. Бұған дейін әл-Фараби туралы ешкім айтпаған еді. 1962 жылы «Білім және еңбек» журналының бірінші санында жарияланған әл-Машанидің мақаласында әл-Фарабидің қазақ топырағынан шыққаны тұңғыш рет айтылды. Бұл әлем зиялыларының көзқарасында өзгерiс тудырған тосын жаңалық еді.

Әл-Фарабидің Отырардан шыққан қазақ-қыпшақ перзенті екендігіне көз жеткізіп, бұлтартпас дәлелдермен ресми мойындатқан А.Машани «Ұлы ұстаз» атты еңбегінде: «Әл-Фарабидің туған жері Сырдария бойындағы Фараб екенін дәлелдеп жазып, картаға түсірген атақты ғалым ибн-Хаукал. Ол өзінің «Китаб Масалик уа мамалик» аталатын географиялық еңбегінде Түркістан аймағының сипатын берген, қалаларын картаға түсіргенде әдейі арнайы тоқтап «Бұл жер атақты ғұлама, асқан философ әл-Фарабидің туған жері» деп жазған. Ибн Хаукал әл-Фарабидің шамалы кіші замандасы және екеуі бірін-бірі жақсы білген, екеуі де Сирияның сол кездегі әмірі Сайф-ад-Даула сарайында қызмет еткен. Ибн-Хаукалдың сол кездегі жасаған картасы біздің қолымызда. Оны қазіргі картамен салыстырғанда, ғажайып дәлдікті көреміз. Демек, әл-Фарабидің туған жері туралы ешбір күмән болмаса керек. Ал, ХІІІ ғасырда өмір сүрген Ибн Халликан «Уфиат аль-аиан фи ал-Заман» («Ғалымдар өмірінен ескерткіш») атты әйгілі еңбегінде мұсылман елдерінің атақты ғалымдарының өмірбаяны мен еңбектеріне шолу жасап, соның ішінде әл-Фарабиге үлкен орын берген. Осы кітап араб, Еуропа тілдерінде бірнеше рет басылды. Одан кейін ХVІ-ХVІІ ғасырларда өмір сүрген түріктің атақты ғалымы Хажы Халифа Мустафа Челеби өзінің «Кашаф ал-Зунун. Куман айру» атты еңбегінде әл-Фараби түркі нәсілді, түркістандық екені баяндалған. Оның арғы аталарының есімдері Дархан, Ұзлақ деген таза түркі нәсілінің ежелгі, исламға кірмей тұрғандағы атаулары екені айтылады» деген құнды мәліметтер ұсынады.

Бабамыздың мұрасын іздетуді тоқтатпаған әл-Машани әйгілі ғұлама Птоломейдің арнайы карта жасап, Отырарды әл-Фарабидің туған жері деп көрсетіп кеткен бұлтартпас дәлелін де табады. А.Машани «Әл-Фараби ұлы ғалымдар қатарында халықаралық тізімге енгізілсін, оның 1100 жылдық мерейтойы КСРО-да, Отаны Қазақстанда тойлансын» деген ЮНЕСКО қаулысының қабылдануына көп еңбек сіңірді. Түркіславистика ғылымын негіздеген Олжас Сүлейменов бір сөзінде: «Кезінде белгілі ғалым Ақжан Машановтың баласымен бірге өстім. Үйінде жиі болушы едім. Ақжан ағаның өзінің де, әйелінің де мамандығы кенші болатын. Әйтсе де ол кісі Фараби бабамыз жайлы тереңдете зерттеу жүргізіп, оның арғы түбі қазақ екенін әлемге дәлелдеп шыққаны, ол жөнінде көптеген еңбектер жазғаны белгілі. Үйіне барған кезде сол кісінің бұл іске бар жан-тәнімен кіріскенін талай рет көргенім де бар. Менің де зерттеушілікке бой ұруыма Ақжан ағаның әсері болғаны анық» дей келіп, өзінің Бейбарыс бабамыз туралы деректерді жинап, егжей-тегжейлі зерттегенін әңгімелеген екен.

Әл-Фараби мұраларын іздестірген Ақжан әл-Машани Уфа мешітінің қарамағында сақталған Ғалия медресесінің кітапханасынан үш бірдей кітабын тапқан. 1907 жылы Каирде шыққан екі кітапта ұлы бабаның он екі еңбегі және өмірбаяны жинақталған. 1970 жылы әл-Машаниге Уфа шаһарында Камал Башари есімді қария әл-Фараби кітаптарын табуға көмектесе отырып «біз әл-Фараби туралы дәрістер оқыған едік. «Оны біз араб ғалымы деп білетін едік. Сіз оны қазақтан шыққан деп дәлелдесеңіз, ол зор еңбек» деген екен.

Кезінде Қазандағы Маржани медресесінде Шоқанның досы, замандасы Шағабутдин әл-Маржанидің әл-Фараби ғылымының мұраларынан арнаулы дәрістер (Фараби логикасы (мантих) оқытқаны – ілімдердің терең игерілгенінің белгісі. Сондай-ақ, ол кісі қазақтың белгілі тұлғалары, ақын-жазушылары оқыған Ғалия медресесін ұйымдастырған. Шағабутдин әл-Маржани араб тілінде жарық көрген «Өткен бабалар өмірінен» атты кітабында әл-Фарабиді тереңінен зерттеп, ғылым, философия, музыка саласындағы қағидаларын үлгі еткен. Осылайша әл-Фараби есімі Қазан-Уфа медреселерінде мәлім болған. Ал, Ш.Маржани шәкірттері баба есімін, ілімін таратушылар болған. Ұлы Абай әл-Фарабиді білді деген дәлел Ақжан әл-Машаниде осылай қалыптасқан. Әл-Машанидің пайымдауынша, Абайдың даналық бастауы – қазақтың және Шығыстың көне мәдениеті мен ілімінде. Абайдың даналық дариясына орыс мәдениеті бастау болды деген пікірге Ақжан әл-Машани қарсы болып, дүниеден озғанша осы ниетінен таймаған. Ғалым «Әл-Фараби мен Абай» атты еңбегінде қос ғұламаның даналықтарының арасын жалғастыратындай дәйектер тауып, рухани байланыстарын салыстырып, ұлтымыздың мыңжылдық мәдени, ілімдік тарихының желісін ашып көрсетеді.

Зерттеуші Шәмшиден Әбдіраман «Әл-Фараби мұрасы және әл-Машани» атты еңбегінде: «Ал, осы екі алып тұлғаны жеке-жеке тануда едәуір істер істелгені рас. Бірақ, бұлардың арасын жалғастырып тұрған ғажайып нәзік, тамаша берік рухани жіпті біз әлі таба алмай жүрміз: бірақ, оның барын анық сезсек те, оны «көруден» әлі шалғай жатырмыз, – дей отырып Ақжан аға: «Мұхтар Әуезовпен бір кездескенімде осы жөнінде сұраған едім. Ол кісінің сондағы маған айтқаны мынаған келеді: «Абайдың даналық дариясының бастауында үш көзі бар: олар – бірінші қазақ халқының көнеден келе жатқан мәдениеті – өнері, екіншісі орыс мәдениеті, сол арқылы Батыс мәдениеті, үшіншісі – араб мәдениеті. Сенің айтып отырғаның осы кейінгі үшінші көзі ғой. Оны мен өз еңбегімде көрсете алдым демеймін. Бұл мәселе кейінгілердің ісі болады-дағы» деп еді. Енді сол үшінші көздің бетін ашып, сонан сусындайтын мезгіл жетті деп білемін» деп жазады. Ежелден ілімді дамытып, таратушы түркілердің рухани, табиғи туыстас тұтастығын ғылым да дәлелдеген. Абай тереңдігінің Шығыстың рухани-ілімдік бұлағымен сабақтас екенін Мекемтас Мырзахметов ағамыз да дәлелдеп келеді.

Ақжан әл-Машани кеңестік дәуірде Қазақстан Ғылым академиясының президенттері Қ.Сәтбаевтың, кейіннен Ш.Есеновтің тікелей қолдауымен шетелдерден әл-Фараби еңбектерін алдыртып, оларды қазақ, орыс тілдеріне аудартып, философиялық, логикалық, саяси-әлеуметтік, математикалық, жаратылыстанушылық, музыкалық трактаттарының жеке кітап болып екі тілде басылып, жарық көруінің басы-қасында жүрді. Осы кезеңде әл-Машанидің «Әл-Фараби мұрасын зерттеу туралы», «Шығыстың Аристотелі», «Әл-Фараби еңбектерін қазақ тіліне аудару туралы», «Әл-Фараби», «Орта Азия мен Қазақстанның ұлы ғалымдары» атты 200-ден астам ғылыми еңбек, әлемдік екінші ұстаздың көркем бейнесі сомдалған тұңғыш көркем шығарма – «Әл-Фараби» (1970) тарихи романы, «Әл-Фараби және бүгінгі ғылым» (1975) монографиясы, «Әл-Фараби және Абай» (1994) атты кітаптары жарық көрді.

Ақжан әл-Машани 1962 жылы әл-Фарабидің философия үйренушілерге бағытталған тоғыз трактатын аударып, тұңғыш рет ұлы бабаның еңбектері қазақ тілінде таныстырылды. Сондай-ақ, ол 1968 жылы ғұламаның Дамаскідегі қабірін тауып, мінажат етіп, Сирия өкіметіне өтініш айтып, басына белгі орнатуға мұрындық болады.

А.Машани әл-Фараби қағидаларының бүгінгі ғылымдағы көріністері мен қазақтың дүниетанымдық пайымдауларын сабақтастыра зерделеп, фарабитану методологиясының ғылыми ислами негізінің концепциясын жасайды. Фарабидің атақты еңбектерінің бірі – «Ғылымдар энциклопедиясы» трактаты. Ғылым тарихында ерекше орын алған бұл еңбек «Ғылымдар энциклопедиясы», «Ғылымдар реті», «Ғылымдар классификациясы» және басқа аттармен Шығыс елдеріне ертеден белгілі болып, Еуропа ғалымдары ХІІ ғасырдың өзінде арабшадан латын тіліне екі рет аударып, одан тәлім алған. Бұл еңбек ғасырлар бойы Шығыс, Батыс оқымыстыларының қолынан түспей, ғылым негіздерінің басты оқулығы болған. Фарабитанушы мысырлық ғалым Оспан Аминнің айтуынша, Әбу Насыр әл-Фараби «Екінші ұстаз» деген құрметті атақты осы еңбегі үшін алған көрінеді.

Әлем мұрағаттары мен кітапханаларында сақталған Фараби мұрасын жинап, жүйелеп, зерттеп, ғылым игілігіне, ұлт мүддесіне жаратуда «Мәдени мұра» бағдарламасы шеңберінде әл-Фарабидің он томдық еңбектерінің жарыққа шығуы үлкен маңызға ие. Фараби мұраларын зерттеп, оқырман қауымға таныстыруда көп еңбек сіңірген ғалым А.Көбесов. Ол – «Әл-Фараби эстетикасы» және «Қазақ даласының жұлдыздары» (І тарау) атты Әбу Насыр әл-Фарабиге байланысты көлемді еңбектер жазған. Белгілі арабтанушы-ғалым Ә.Дербісәлі, М.С.Бурабаев, А.Х.Қасымжанов, Н.Келімбетов, М.Мырзахметов және басқа да ғалымдар әл-Фараби мұраларын сан қырынан зерттесе, Қ.Жарықбаев әл-Фараби еңбектерінің библиографиясын жасады.

Бір ойшылдың «Ұлттың рухын көтеру белгілі бір уақыт ағымына ғана тиесілі емес, шексіз орындала беретін парыз» дегені бар. Осы тұрғыдан алғанда, рухани дүниеміздің асыл кәусары – әл-Фараби мұрасын зерделеу арқылы бүгінгі ұрпақтың рухы еңселеніп, ұлттың мерейі көтерілмек.

Раушан ҚАЖЫАҚБАРОВА, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің доценті.

 

Пікір қалдырыңыз