Қаратауды жырлаған, қазақтың мұңын мұңдаған

Қазақ халқының талантты перзенттерінің бірі, Қазақстанның халық жазушысы Сәуірбек Бақбергенов 1920 жылы 15 сәуірде Оңтүстік Қазақстан облысының Созақ ауданында дүниеге келген.

Жастайынан қозы-лақ бағып, ауылдың жұпар шашқан мақпал ауасы мен салқын самалымен тыныстап, еңбекпен қатайып өседі. Қаламгердің шығармаларының бірінде қозы-лақ бағып жүріп, бөркін сағыз шөптің (Созақта тау бөктерінде сағыз деген шөп өседі) басына кигізіп, бас киімін – даулап келуші, өзін – Шойынбет би атасының орнына қойып, билік айтатын жері бар. Балалық арманы орындалып, Сәуірбек аға елімізге танымал жазушы атанды. Өзінен кейінгі буын қаламгерлердің шығармаларына сын көзбен қарап, ақыл-кеңесін айтқан сәттерінде баяғы Шойынбет би атасы мен сағыз басындағы жел тербеген бөркі көз алдына келген де болар.

Сәуірбектің атасы Дос аласапыран заманда жауға қарсы қол бастаған батыр кісі болыпты. Ал, өз әкесі есімі бүкіл Теріскейге танымал «бапкер Бақберген» атанған. Содан да болар, ол жастайынан жылқы малына құмар болып өсті. Туындыларының бірінде жылқыны былайша суреттейді: «Қарақұлақ» жылқы тұқымы болғанымен ақылды. Ал, оның денесінің сұлулығын айтып жеткізу, тілмен айту мүмкін емес. Ақ жалпошты үстінен сыпырып алғанда көз алдыңда ат емес, ең бір асыл тастан қашаған немесе алтын мен күмістің қосындысынан құйылған ғажап бір сурет тұратын. Кеуде кең де биік. Мойыны жұмыр. Жалы сұйық. Құлағы құрақтай тік. Шоқтығы биік те тұтас. Ал, белі мен бөксесі ше! Қақпан белдеу келгенімен сауыры мінсіз жұмыр, дөңгелек еді. Артқы аяғы ботаның тірсегіндей иіліп тұратын. Құйрығын өмірінде денесіне тигізіп ұстаған мал емес. Төңкерген кеседей құйма тұяқ, көбесі мықты, шашасы биік, шашалық жүні сирек, әлпі ұзын еді. Жемді де, шөпті де, суды да құнығып көп ішпейтін. Содан да іші тартыңқы, бүйірі салыңқы келетін».

Теміржолшы болуды армандаған Сәуірбек бала болып алаңсыз ойнамапты да. Жас кезінен елдің сыйлы азаматтарына еліктеп, солар секілді көп қадірлейтін тұлға болуды мұрат тұтқан. Түркістан каласыңдағы балалар үйінде тәрбиеленген дарынды жас алдымен теміржолшылар училищесін, кейіннен педагогикалық училищені бітірген соң Шымкент мұғалімдер институтына оқуға түседі.

1939 жылы Кеңес Армиясы қатарына шақырылып, Подольскідегі жаяу әскерлер училищесін бітірісімен атақты И.В.Панфиловтың 8-гвардиялық дивизиясы атқыштар взводының командирі болып, Мәскеу түбіндегі ұрыстарға қатысады. Ұлы Отан соғысына бастан-аяқ қатысып, елге жеңіспен оралған соң республикалық «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетіне әдеби қызметкер болып орналасып, қара шаңырақта журналист, жазушы ретінде таныла бастайды. Ұзақ жылдар бойы республикалық газет-журналдарда қызмет атқарып, замандастары жайлы көптеген очерктер жазады, ел экономикасын дамытуға шығармашылығы арқылы үлкен үлес қосады. Ол шығармаларында заманның, қоғамның өзекті проблемаларын көтеріп, оны терең талдап қана қоймай, шешу жолдарын көрсету арқылы үлкен абыройға ие болған қаламгерлердің бірі. 1950 жылы «Жазушы» баспасынан С.Бақбергеновтің алғашқы очерктер мен әңгімелер жинағы жарық көрді.

Сұрапыл соғысқа бастан-аяқ қатысып, елге оралғаннан кейін қолына қалам ұстаған С.Бақбергенов шығармашылығын майдандас достарының ерлігін жырлаудан бастайды. Бұлай болуы заңды да. Өйткені, ол атақты И.В.Панфилов атындағы 28-ші гвардияшылар дивизиясында атқыштар взводының командирі, байланысшы офицер болды. Қираған қалалар мен ауылдар, перзентінен айрылып аңыраған ана, жетім қалған бала, жесір қалған сүйген жар, халық мойнына түскен соғыс зардаптары, майдан даласындағы ажалмен арпалысқан сәттер, Отан үшін жан қиған жауынгерлердің ерліктері жазушы творчествосына үлкен әсер етеді.

Әскери тақырыптағы шығармаларында қаламгер өзі құрамында болған атақты дивизияның жорық жолдарын, жауынгер достарының ерліктерін суреттейді. Өзі қатысып, куә болған оқиғалардан сыр шертеді. Бейбіт өмір үшін құрбан болғандардың ерліктері мен есімдерін ел есінде мәңгі қалдыруды мақсат тұтады. Оның соғыс тақырыбындағы алғашқы туындылары екі рет Кеңес Одағының Батыры атағын алған атақты ұшқыш Талғат Бигелдинов жайлы очерктері еді. Соғыстан кейін іле-шала жазылған бұл очерктерді оқырман қауым іздеп жүріп оқыды. Осынау шығармалар Талғаттың ерліктерін республика жұртшылығына әңгімелеп қана қоймай, жастарды отансүйгіштікке тәрбиеледі.

Ұлы Отан соғысында ерекше ерлігімен көзге түскен қазақстандықтар көп. Солардың бірі әрі бірегейі – әйгілі Бауыржан Момышұлы. С.Бақбергенов Баукең туралы құнды шығармалар жазды. Соның бірі – «Ат жалында» портреттік очеркі. Жазушы Момышұлының портреті арқылы қазақ командирінің ерлігін мадақтап, қарапайым тілмен нанымды етіп суреттейді. «Менің достарым» атты кітабында да Сәукең майдандас достарының ерлікке толы патриоттық бейнелерін жасады. Шығармада майдан эпизодтары, жауынгерлердің ауыр халі, өмір мен өлім арасындағы арпалысы, Отан үшін жанын пида еткен ерліктері әңгімеленеді.

Бақбергенов туындыларының тақырып ауқымы кең. Соғыс тақырыбынан бөлек, өндіріс озаттары, еңбек ерлері, ғалымдар, өнер адамдары, спорт жеңімпаздары туралы жазып, оларды елге танымал етті. Әрине, елге еңбегі сіңген, атақты адамдардың образын жасау үшін қаламгерлік талантпен бірге жан-жақты білім мен өре, жоғары мәдениеттілік керек. Батыр жауынгер, талантты жазушы Сәуірбек Бақбергеновте осы қасиеттердің бәрі де болды. Оның еліміздің атақты адамдары жайлы туындылары оқырмандардың сүйіп оқитын шығармаларына айналды.

Бақбергеновтің «Дина», «Бозторғай» повестеріндегі басты кейіпкерлердің бірі – атақты күйші Дина Нұрпейісова, бірі халық ақыны, әнші-сазгер Кенен Әзірбаев. Ол шығармаларында Әсет Найманбаев, Дәнеш Рақышев, Роза Бағланова секілді құдіретті өнер адамдарының тұтас образдар галереясын жасады. Жазушының ұзақ зерттеп жазған туындысы – Дина күйші жайлы «Қайран шешем» романы. Бастапқыда ол Дина жайында «Ақсақ киік» әңгімесін жазды. Кейіннен «Күйлер» атты кітабын шығарды. Содан кейінгісі – жоғарыда айтылған «Дина» повесі. Әнші, композитор Кенен Әзірбаевты халқына кеңінен таныстырған да Бақбергенов. Өйткені, ол Кенен Әзірбаевтың қой жайып жүріп шығарған әнін бала кезінен тыңдап, өзі де сол әнді шырқап өсті. Кененнің өзімен жолығып, творчествосымен терең танысып, жыр жинағының редакторы болды. Осылайша Кенен өнерпаз жайында «Бозторғай» повесін өмірге әкелді.

С.Бақбергенов «Социалистік Қазақстан» газетінің қызметкері ретінде он жыл бойы редакция тапсырмасымен кең-байтақ еліміздің түкпір-түкпірін аралады. Жаңадан бой көтеріп келе жатқан алып құрылыстарда болып, жұмысшылар мен инженер-техник қызметкерлердің ерен еңбектерін шабыттана әңгімеледі. Оның сол очерктері «Қаратау – Кентау», «Қияға тартқан жол» «Өзіміздің жігіттер», «Біздің колхоз», «Алтын емелден асқанда» деген аттармен жеке кітап болып шықты.

Қарапайым сауыншыдан кеңшар директорлығына дейін көтерілген Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты Зылиха Тамшыбаева, екі рет Социалистік Еңбек Ері атанған колхоз төрағалары Николай Головацкий мен Нұрмолда Алдабергенов сияқты ерен еңбегімен ел құрметіне бөленген азаматтарды кейіпкер етіп, қаз қалпында әдебиетімізге алып келді. Сондай-ақ қазыналы Қаратау тәжі – Кентау қаласы, Ащысай түсті металл комбинаты, Мырғалымсай кеншілері туралы көркем очерктерді дүниеге келтірді.

Қаламгер тақырыбын терең зерттеп, талдап, зерделеп жазғаны соншалық, ондағы көтерілген мәселелер әлі күнге дейін өзектілігін жоғалтқан емес. Мәселен, «Су бар жерде – ну бар» очеркінде автор оңтүстіктегі су шаруашылығы мәселесіне ғылыми тұрғыдан талдау жасап, қиындықтардан құтылудың нақты жолдарын ұсынады. Очерк ырыс-береке арнасына айналған Сырдың суын тиімді пайдаланудың күн тәртібіндегі кезек күттірмейтін өзекті мәселелеріне арналған. Ежелден Сыр бойында ғылым мен мәдениеті дамыған Отырар деген қала болғанын, оның төңірегінде жиырмаға жуық қалашық пен Отырар суландыру жүйесі болғаны жайында өткен тарихтан нақты фактілер келтіреді. Сырдария, Арыс өзендерінің бойында ерте кездің өзінде-ақ жергілікті тұрғындардың егіншілікпен айналысқанын айта келіп, «қазір сол сулар қайда кетті? Өзен сулары неге жылдан-жылға азайып барады? Бұлай жалғаса берсе келешекте жер тағдыры, сол жерде өмір сүріп отырған адам тағдыры қалай болмақ?» деген ой тастайды. Ағын суды тиімді пайдаланып, оны келешек ұрпақтың игілігіне қалдыру үшін кешенді шаралар атқарылуы керек екендігі жайында сөз қозғайды. Сондай ақ, очеркте Түркістан аймағының келешегі туралы әңгіме айтады. «Қаланы қоршай айнала салынған қорған, бекініс, қамал, қалалардың атын атап шығудың өзі көптеген тарихи жайларды еске салады. Қарнақ, Шорнақ, Сауран, Жүйнек, Бабайқорған, Сығанақ, Жаңақорған, тағы басқалары осы Түркістанды айнала қоршап, пана тұтқан мекен жайлар» екені айтылады.

Жазушы шығармаларында қазақ халқының қасиетті қара шаңырағы болып есептелетін қазыналы Қаратаудың өткені мен бүгіні, келешегі терең толғаныспен жырланған. Әсіресе, Қаратаудың өткені жайлы халық аузындағы аңыз әңгімелерді тарихи деректермен байланыстыра отырып суреттеуі оқырманды ерекше қызықтырады. «Қаратаудың басынан көш келеді...» деп басталатын әйгілі «Елім-ай» әніне арқау болған қасиетті Қаратау жайлы қаншама аңыз-әңгімелер қазақтың бай фольклорын құрайды. Міне, аңыздан аңызға көшіп, атадан балаға тарап келе жатқан еліміздің өткен тарихынан елес беретін осы бір қара шаңырақ атанған қасиетті таудың атына байланысты аңыз, ертегі, шындықтан туған әңгіме көп. Мәселен, Байжансай, Келіншектау, Ақсүмбе, Ақбикеш, Жылаған ата, Хантағы, Ащысай, Торлан, Алтынтау, Суындық, Біресек, Баба Ата, Шолақ аңыздарына келсек, бұларды шағын мақалада түгелдеп шығу қиын. Әрқайсысы бір-бір дастан, поэма, кітап.

С.Бақбергенов «Қарға тамған қан», «Алтын күрек», «Адам және көлеңке», «Кентау», «Мен сізді сүйемін», «Ақ боз атты ару», «Бөрте – Шыңғыс ханның жұбайы» секілді жиырмадан астам роман мен повестердің авторы. Кім білсін, тарихы терең, шежірелі өлкеде туып өскеннен кейін бе, Сәуірбек ағамыздың жазғандарынан Келіншектаудың сырлы да нұрлы, жұмбақ көшінің, Едігенің «Майлы жұрты» атанған көне қала Құмкенттің, қазақ хандарының алғашқы тұрақ мекені – астанасы болған Созақ шаһарының, Ақсүмбе-Ақбикештің боз мұнарға оранған сұлу бейнесі менмұндалайтын. Сәукең «Қарға тамған қанды» жазсын, мейлі тарихқа тереңдеп ұлыларды сөйлетсін, мейлі Бөрте анамыз жайлы сыр шертсін, солардың қай-қайсысынан да қасиетті туған жердің топырағының иісі аңқып тұратын. Өйткені, Сәукеңнің тілі, толғамы Қаратауды жайлаған көне жұрттың шұрайлы да шырайлы тілі болатын. Міне, Сәукеңнің қаламынан туған әрбір дүниенің мәңгі жасайтын өнер туындысы болатындығы сондықтан деп білеміз.

Жазушы шығармалары орыс, белорусь, грузин, армян, қырғыз, өзбек, ұйғыр, татар, эстон тілдеріне аударылған. С.Бақбергенов аудармашы ретінде де жемісті еңбек етті. Ол М.Горькийдің, А.Г.Короленконың әңгімелері мен ертегілерін төл тілімізде сөйлетті.

Сәуірбек Бақбергенов Ұлы Отан соғысындағы ерліктері үшін І дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденімен наградталған. Қазақ әдебиетін дамытудағы жетістіктері үшін көптеген медальдармен, төрт мәрте Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасымен марапатталды. 1996 жылы Қазақстанның халық жазушысы деген құрметті атаққа ие болды.

Бақбергенов шығармаларын жастайымнан оқып, ағамыз туралы көп естіп жүрсем де, өзімен 1990 жылы қыркүйекте ғана кездесіп, таныстым. Ол кезде Арыс аупарткомының бірінші хатшысы болып істейтінмін. Маған Түркістан ауданы басшыларының бірі телефон соғып, «Түркістаннан Мәскеу–Алматы пойызымен бір топ жазушы Алматыға жүргелі тұр. Мүмкіндік болса сол кісілерді перронда күтіп, құрмет көрсетіп жіберсеңіздер» деп телефондады. Қазақстан Жазушылар одағының біздің облыстағы бөлімшесінің бастығы, жазушы Мархабат Байғұт та хабарласты. Махаңның айтуынша, қазақтың көрнекті, майдангер жазушысы Сәуірбек Бақбергенов өзінің 70 жылдығын туып-өскен жері Созақта, Түркістанда тойлап, енді Алматыға қайтып бара жатқан беті екен. Қасында қазақтың белгілі жазушылары Сафуан Шаймерденов пен Сәбит Досанов бар. Сәуірбек ағамыз Түркістандағы кездесуге көңілі толмай, ренжулі келе жатқанын, мүмкін болса Арыс стансасында жазушылардың көңілін көтерудің амалын қарастыруымды өтінді. Түркістаннан Арысқа дейін жүрдек пойыз екі сағаттай жүреді. Шұғыл тиісті адамдарды шақырып, дастарқан, шапан-шаттық ұйымдастыруды жүктеп, мәдениет бөлімінің меңгерушісі мен термешілер мектебінің директоры, ақын Қарсыбай Ақтаевқа мәртебелі қонақтардың әрқайсысына арнау өлең дайындауды тапсырдым. Пойыз келіп тоқтаған сәтте вагонға кіріп қонақтармен сәлемдесіп, құттықтап, оларды ертіп перронға шықтық. Перронда қонақтарды ұлттық киім киген қыз-жігіттер домбыра, сырнайлармен әндетіп қарсы алды. Сәуірбек ағамызға мерейтойымен құттықтап арнау айтылды, Сафуан аға мен Сәбит ағаларға да ән арналды. Аудан тұрғындары атынан мерейтой иесін құттықтап, қонақтардың иықтарына шапан жаптым. Перронға дастарқан жайылды. Мұндайда уақыт тез өтетіні белгілі, 15 минут тоқтайтын пойызды тағы да 5 минутқа кешіктіруге тура келді. Жазушы ағаларымыз да ризашылықтарын айта-айта қимай қоштасты. Кейін Мархабат Байғұт мырза телефон шалып «сіздердің Арыстағы экспромт күткендеріңіз өте дұрыс болды. Елдегі кездесулерге көнілдері толмай, ренжулі келе жатқан жазушы ағаларымыз сіздерден кейін жадырап, көңілденіп, әзілдесіп, риза болып кетті» деді.

Биыл еліміз Ұлы Жеңістің 75 жылдығын тойлайды. Қазақстанның халық жазушысы С.Бақбергенов 100 жасқа толады. Қазақ әдебиетіне қомақты үлес қосқан халқымыздың біртуар азаматы, майдангер жазушы С.Бақбергеновке күні бүгінге дейін не туған жері Созақта, не оқыған жері Түркістанда, 50 жылдан астам шығырмашылықпен айналысып, тұрған жері Алматы қаласында бірде-бір көшенің немесе мектептің аты бұйырмапты. «Ештен кеш жақсы» деген. Қазақстан Жазушылар одағы, Алматы қалалық, Түркістан облыстық, Созақ аудандық әкімдіктері жазушының 100 жылдық мерейтойын жоғары деңгейде өткізуді ұйымдастырып, есімін мәңгі есте қалдыру үшін Алматы, Түркістан, Шымкент, Кентау қалалары мен туған жері Созақ ауданында көшелер мен мектептерге есімін беріп, оқу орындары мен мекемелерде еске алу кештерін өткізсе өте орынды, ұлағатты іс болар еді. Бұған Қазақстан Жазушылар одағы мен Созақ ауданы әкімдігі мұрындық болуы тиіс деп ойлаймыз.

Қуаныш АЙТАХАНОВ, қоғам қайраткері. Нұр-Сұлтан қаласы.

 

1 пікір

Пікір қалдырыңыз