Соғыс және баспасөз

Сабырбек ОЛЖАБАЙ, «Ońtústik Qazaqstan».

Алла тағала ең әуелі сөзді жаратқан деген тәмсілді бүгінде діннен хабары барлар да, хабары аздар да біледі десек, қателеспеспіз. Расында да, Жаратқаннан кейін қасиетті сөзден асқан құдірет жоқ. Бір ауыз сөздің қасіретті тиятыны, тау-тау абырой жиятыны және керісінше, әлемге де әйгілі етіп, жаманатқа қиятыны айдай шындық. Сонымен бірге бір ауыз сөз мұхиттарды жалғайтыны, ұран болып самғайтыны да талас тудырмайды. Міне, сондықтан да, қанқасап шайқастарда жауынгерлер жан берісіп, жан алысып жатқан қиын-қыстау күндердің өзінде де насихаттың өткір құралы ретінде майдан газеттері шығып тұрды. Олардағы публицистикалық мақалаларда отаншылдық рух пен патриотизм лебі жауынгерлерді өшпес ерліктерге жігерлендірді.

Соғыс жылдарында қазақ баспасөзі де сол ортақ мақсатқа қызмет етті. 1941-1945 жылдар аралығында республикада 229 газет тұрақты шығып тұрыпты. Оның төртеуі республикалық, 28-і облыстық, 197-сі қалалық және аудандық газеттер еді. Рас, республикалық «Лениншіл жас» газеті мен «Октябрь балалары» журналы соғыс жағдайына байланысты жабылып қалды. 13 облыстық газеттің көлемі кішірейтілді. Соның өзінде білім саласындағы «Жаңа жазу» (қазіргі «Қазақстан мұғалімі») газеті шығуын тоқтатқан жоқ. Мұның өзі білім мен ғылым қай кезеңде болсын өзекті екенін көрсетсе керек. Әдеби журналдардың уақытша тоқтатылғанын да айта керу керек шығар. Аудандық газеттер листок, бюллетень түрінде шығып тұрды. Облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газеті (редакторы – С.Шөкенов) 1942 жылы 2000 данамен тарады. Ал, 1944 жылы (редакторы – М.Сәрсенбаев) таралымы 9200 данаға жетті.1945 жылы (редакторы – Ә.Омаров) газет таралымы жоғарыдағы саннан көбеймесе, кеміген жоқ. Өйткені, насихатшы, үгітші міндетін мінсіз атқаратын газет жұртшылыққа ауадай қажет еді.

Қазақ даласынан ер азаматтар түгелдей майданға аттанған сұрапыл күндерде ауылда қалғандар сол газеттерді оқып жұбаныш табатын. Ал, майдандық газеттердің жігер, рух беруші рөлі орасан зор болды. Айталық, Қызыл Армияның Жоғарғы Саяси басқармасы Ленинград майданында қазақ тілінде газет шығару керек деп ұйғарды. Майдандық «На страже Родины» газетінің жанынан «Отан күзетінде» атты қазақша басылым оқырмандарына тұрақты жететін. Соғыстың алғашқы жылында 10 майдандық, 10 дивизиялық газет шықты. Олардың екеуі қазақ тілінде еді. Бұлар – 8-гвардиялық дивизияның «Отан үшін» және 105-кавалериялық дивизияның «Қызыл семсер» газеттері. Осыларға қосымша қазақ тілінде «Үгітші блокноты» және ондаған майдандық листок жауынгерлерге таратылып тұрды. 1942 жылдың 12 қарашасында майдандық алты қазақ газетінің алғашқы нөмірлері жауынгерлердің қолдарына тиді. Бұлар Батыс майданының «Қызыләскер ақиқаты», Брянск майданының «Жауға қарсы аттан», Волков майданының «Майдан ақиқаты», Бірінші Украина майданының «Отан намысы үшін», Ленинград майданының «Отан күзетінде» газеттері еді.

Бұлардан бөлек, Бірінші Беларусь майданының «Қызыл Армия», Екінші Беларусь майданының «Майдан ақиқаты», Бірінші Прибалтика майданының «Жауға қарсы аттан», Екінші Прибалтика майданының «Суворовшы», Үшінші Украина майданының «Совет жауынгері», Төртінші Украина майданының «Сталин туы», Волков майданының «Отан үшін ұрысқа», Қиыр Шығыс армиясының «Дабыл» майдандық газеттері бар еді. Майдан газеттерінің беттерінде ұрыс қимылдары, кеңес жауынгерлерінің жанқиярлық ерліктері тұрақты жарияланып тұрды. Әр мақала, публицистика, очерк жауынгерлердің намыс-жігерін жанып, жауға кек болып атылып жатты.

Майдан газеттері қазақ әскери публицистикасының тұтастай мектебін қалыптастырды. Ә.Сәрсенбаев, Ж.Жұмаханов, Д.Әбіл, С.Машақов, Қ.Бекхожин, Қ.Сағындықов, С.Сейітов, Қ.Аманжолов, М.Әлімбаев, Т.Ақшолақов, З.Тұрарбеков, Ғ.Әбішев, Т.Бердияров, Ә.Нұршайықов, М.Дінішев, С.Омаров, Ж.Молдағалиев сияқты жауынгерлер майданда қаруларымен қатар қаламдарын да жауға қарсы қару ретінде пайдаланды.

Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов публицистикалық шығармаларымен от пен оқтың арасында жүрген қазақ жауынгерлеріне туған жердің ыстық сәлемін жеткізіп қана қоймай, оларды тасқайрақтай қайрай да білді. Ғалымдар да ғибаратты қадамдарға барды. Қаныш Сәтбаев, Ахмет Жұбанов, Есмағамбет Ысмайлов, Қажым Жұмалиев, Бейсенбай Кенжебаев, Халел Әділгереев сынды ғалымдар әдеби-тарихи мақалаларын майдан газеттеріне үзбей жолдап тұрды. Жамбыл Жабаев, Асқар Тоқмағамбетов, Әбілда Тәжібаев, Тайыр Жароков, Ғали Орманов, Жақан Сыздықов сынды ақындардың зор пафоспен жазылған жырлары жауынгерлердің жігерлерін жаныды. Ұлт мақтаныштары Бауыржан

Момышұлы, Мәлік Ғабдуллин және майдангер-публицист Баубек Бұлқышев те бұл жауапты міндеттен сырт қалмады. Олардың очерктері, мақалалары, афоризмдері майдандық басылымдардың ажарын ашты.

Соғыс жылдарында тіптен плакаттың өзі жігер беруші күшке айналды. Мәселен, Жамбыл Жабаевтың «Ленинградтық өрендерім!» атты даңқты жыры қазақстандық ақын Павел Кузнецевтің аудармасымен «Правда» газетінің 1941 жылдың 5 қыркүйек күнгі нөмеріне жарияланды. Ал, ертесіне, яғни 6 қыркүйек күні республикалық «Социалистік Қазақстан» және «Ленинградская правда» газеттеріне көшіріліп басылды. Сол күннің кешінде оны диктор М.Меланед эфир арқылы оқып, бүкіл елге таратты. Мұнымен бір мезетте аталмыш өлең сан мыңдаған данамен плакат болып шығарылып, Солтүстік-Батыс майданындағы барлық қалалар мен елді мекендерге жөнелтілді.

Көрнекті ақын, Ленинградты қорғауға белсене қатысқан А.Прокофьев: «Жамбылдың «Ленинградтық өрендерім!» деген жыры Ленинград қаласына қатер төнген, сондай бір аса ауыр шақта жарияланды. Халықтың рухын ерекше көтерген бұл жыр Ленинград радиосы арқылы күніне әлденеше рет оқылып тұрды. Жыр ірі әріптермен теріліп, көшелерге плакат болып ілінді. Сол плакаттағы жырды үймелеп оқып, көзінен жасы сорғалаған талай адамды көрдім» деп тебіреніспен еске алады. Ақын өз естелігінде Жәкеңнің бұл өлеңінің Ленинград халқын, жауынгерлерді жігерлендіруде өте зор рөл атқарғанын баяндайды. Мұндай пікірді көрнекті жаушы Вс. Вишневский де айтқан. Ол қазақ халқының достығы мен сүйіспеншілігіне шексіз риза болғанын ағынан жарыла жазады.

«Соғыс кезінде көркем прозаның шағын жанрлары – публицистік очерк, әңгіме жанры көбірек дамыды. Халықты ерлікке үндейтін, майдан жауынгерлерінің ерлігі мен тыл еңбеккерлерінің еңбектерін ерекше қарқынмен суреттеуде бұл жанрлар поэзиямен бірге ұшқырлық көрсетті. М.Әуезовтің «Ерлік – елдік сыны», «Асыл елдің алып ұлы», «Көркем әдебиеттегі отансүйгіштік», Ғ.Мүсіреповтің «Шегінбелік бір адым да», «Барлық адам баласы атынан», «Горький айтқан жаңа адам», Б.Бұлқышевтің «Шығыс ұлына хат», т.б. публицистік мақалалары, памфлеттер мен очерктері, өлеңдері өткірлігімен, рухтылығымен ерекшеленді. Отанды сүюді, елдік ерлік салтын, адамдарымыздың патриоттық істерін негізгі тақырып етіп алды» деп жазылды «Қазақ совет әдебиеті» кітабында.

Буырқанған жылдардың баспасөзі Ұлы Жеңіске осылай қызмет етті.

 

Пікір қалдырыңыз