Шаянның Шерханы

Сабырбек ОЛЖАБАЙ, «Ońtústik Qazaqstan».

Қазақта таныстың жақсы бір тірлігін, яки теріс қылығын көрсе өнегелі өмірімен өнеге қалдырған өр тұлғалы тарландарға немесе табиғаттың әлдебір құбылыстарына теңеп жататын әдеті бар ғой. Халықтың қойған сол аты негізінен бұрыс кетпейді. Халық айтса, қалып айтпайды. Дөп айтады. Осы тұрғыда Қазақстанның құрметті журналисі, Бәйдібек аудандық қоғамдық кеңесінің мүшесі, сол төңіректің бетке ұстар азаматтарының бірі Серікбай Тұржанды жерлестерінің «Шаянның Шерханы» атауы тегіннен-тегін болмаса керек. Өйткені, қай қырынан алғанда да ол қазақтың аса көрнекті жазушысы, қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаға ұқсап бақты. Жерлестері оның, әсіресе, кемшілікке төзбейтін турашыл мінезіне тәнті болды. Сонымен бірге аудандағы көпшілік күшімен бітетін игілікті жұмыстардың көшбасшысы ретінде таныды. Осы ретте ауылдастарының күрмеуі қиын шаруаларда онымен кеңесетіні жоғарыдағы сөзімізді растай түседі. Оның үстіне «Ауылға барсам, Серікбай ағаның қара қылды қақ жаратын әділдігі мен турашылдығын естимін. Аудан тұрғындары бас қосқан жерде ағаның ел мүддесін көп ойлайтыны айтылады. Ол елдің сөзін сөйлеп, мұңын мұңдап жүреді. Сондықтан оны «Шаянның Шерханы» деседі екен. Несі бар, дөп айтылған сөз» деп қаламдас інісі Көлбай Адырбеков жылы лебіз қалдырыпты.

Мына бір сәйкестікке де назар аударуымыз керек сияқты. Бәйдібек ауданындағы Жүзімдік ауылынан қаламдары қарымды, сөздері шалымды, іс-қимылдары арынды үш бірдей журналист шықты. Түркістан облысының құрметті азаматы, Қазақстанның құрметті журналисі Байдулла Қонысбековті Оңтүстік өңірде танымайтын жан кемде-кем. Ал, жазушы-журналист, Тұңғыш Президент сыйлығының иегері Көлбай Адырбековтің есімі тіпті республикамызға мәлім. Солардан Серікбайыңыз да қалыспайды. Аға Байдулла, кіші Көлбайдың жолы бір бөлек. Ал, Серікбай аға бірнеше жыл баспасөз саласында жемісті еңбек етті. Аудандық «Алғабас» газетін ұзақ уақыт басқарды. Еңбегі еленіп, «Қазақстанның құрметті журналисі», Бәйдібек ауданының құрметті азаматы атанды. Бірнеше рет аудандық Кеңес пен мәслихатының депутаты болып сайланды. «Қазақстан Тәуелсіздігіне – 25 жыл», «Қазақстан Конституциясына – 10 жыл» мерекелік медальдарымен марапатталды. Аудандық, облыстық деңгейден алған Құрмет грамоталары бір төбе. «Шерхан шыққан шыңға шықтым» демес. Әйткенмен, Серікбай ағаның қаламынан туған «Өмір шындық», «Сағыныш екен сол бір кез», «Ауылдың ардақты азаматтары» атты кітаптары оқырмандарынан лайықты бағасын алды.

Бала күнінен жүрегіне жақын дүниелерді қағазға түсіріп, түртіп жүруді дағдыға айналдырды. Оны төрге жетелеген тынымсыз еңбегі, үміт еткен ізденісі. Алтыншы сыныпта жүрген балаң шағында-ақ ол «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газеті мен «Балдырған» журналына қысқа әңгімелері мен жаңылтпаштарын жариялайды. Ал, сегізінші сыныпта республикалық «Социалистік Қазақстан» («қазіргі «Егемен Қазақстан») және «Оңтүстік Қазақстан» газеттерінде ауыл өмірінен жазылған суреттемелері, мақалалары, репортаждары жарық көре бастады.

Бозала таңнан тұратын бозбала сол жылдары туған жерінің табиғаты мен тарихына етене енуге мүмкіндік алды. Көсіліп жатқан дархан дала балапан жүрегін тебірентуші еді. Ол мектеп бітіре сала еңбек майданына араласып кетті. Дала қаһармандарымен бірге қосындарда түнеп жүріп, аспанда шүпірлеген сан мыңдаған жұлдыздарға қарап армандарын жамыратты. Осы арман оны асу-асу белестерге жетеледі. Болашақ журналист ұйымдастыру жұмыстарына сол кезден бастап ысылды. Мектеп мұғалімі, кеңшар комсомол комитетінің хатшысы қызметтерінде жүргенде жастарды отансүйгіштікке, еңбекқорлыққа, ауызбіршілікке тәрбиеледі. Буыны толық бекімей сүйегіне сіңген осы қасиет бүгінде ақсақалдық ауылына ат басын тіреген оны жаңа қырынан танытып келеді.

1972 жылдан бастап ол өмірін бірыңғай журналистикаға бағыттады. 1983 жылы аудандық «Алғабас» газетінің тізгінін ұстады. Оны жиырма жылға дейін басқарып, басылымның билік пен бұқара арасындағы дәнекер болуына қолдан келгенінше атсалысты. Қоғамда кемшіліктер болмай тұрмайды. Ал, қоғам сырқатын бойдан сылып тастау үшін қашан да батыл әрі қырағы болу керек. Серікбай ағаның сын семсерін қолға алатын себебі осы. Ол әлдекімді мұқатайын немесе пайда табайын деп емес, олқылықты қайтсек оңалтамыз деген принцип ұстанды. Біз жамандап жүрген коммунизм кезеңі сын және өзара сын дегенге келгенде жомарттай қолы ашық еді ғой. Міне, біздің кейіпкеріміздің мемлекетшіл мінезі сол тұста айқындала түсті.

Кезінде Серікбай аға «Оңтүстік Қазақстан» газетінің Бәйдібек ауданындағы меншікті тілшісі болып біраз жыл тер төкті. Сонда берілген тапсырмаларды тап-тұйнақтай етіп орындап тұратын жырақтағы журналист әріптесімізге жүдә риза болушы едік. Сәкең зейнеткерлікке шыққаннан соң да қол қусырып қарап отыра алмады. «Оңтүстік ұстаздары» атты газетке қызметке шақырылып, редактордың орынбасары болып жұмыс істеді. Артынша «Зейнеткер тынысы» атты республикалық газет ашып, күні бүгінге дейін осы басылымды басқарып келеді.

Қоғаммен тығыз қарым-қатынастағы адам ешқашан қалғымайды. Біздің Сәкең аудандық қоғамдық кеңестің мүшесі. Ол туралы қоғамдық кеңестің төрағасы Сылқым Спабеков былай дейді:

– Қоғамдық кеңестің 22 мүшесі бар. Ең белсендіміз Серікбай аға. Күн тәртібіндегі көтерілген мәселелердің оң шешімін табуына ағаның қосып жүрген үлесі үлкен. Кез келген түйінді мәселенің нүктесін ағамыздың ұйғарымынан соң қоямыз. Сондықтан да оны үлкен-кіші ақылшы аға тұтады.

Иә, әркім шыққан тауы биік болсын деген үміт дүниесінің желкенді қайығымен жүреді. Ол бос қиялдан гөрі өзінің еңбегіне сенеді. Таза еңбек тауға да шығарады, дауылдан да алып өтеді. Әр кәсіптің өз қызығы мен қиындығы бар. Әңгіме сүйген ісінен сүйініш табуда. Ал, осы ретте Серікбай Тұржан атқарып жүрген жұмыстарынан тиянақ тапқан базарлы жан.

 

Пікір қалдырыңыз