Тұрар – тарихи тұлға

Тұрар Рысқұлов 1894 жылдың 26 желтоқсанында Жетісу облысында (қазіргі Алматы облысы) бостандық пен теңдік жолында талмай күрескен қазақ отбасында дүниеге келген.
Әкесі Рысқұл Жылқыайдарұлы 1859 жылы Сырдария
облысы Черняев уезі, Майлыкент болысында (қазіргі Түлкібас ауданы)
туған. Жергілікті би-болыстардың қысымына шыдай
алмаған әкесі осында қоныс аударған екен. Елге аты мәлім кәнігі аңшы Рысқұл жергілікті жер
жағдайын жетік білгендіктен, 1903 жылы зерттеуші ғалым С.Д.Димитриев Талғар
тауын зерттегенде жол бастаушы болыпты. Есіл өзенінің бастауындағы мұзды алқап
«Рысқұл алқабы» деп аталады.
Жаңа
қонысында да әділетсіздікке тап болған Рысқұл 1904 жылдың желтоқсанында
халыққа тізесі батқан
әрі өзіне нақақ жала
жапқан болысты атып өлтіріп,
Верный түрмесіне жабылады. Бұл жайында жазушы М.Әуезовтің «Қараш-Қараш оқиғасы» шығармасының желісі
бойынша фильм түсірілген. Он жастағы ойын баласы Тұрар әкесімен бірге түрмеде
отырғанда орыс тілін меңгереді, әріп танып, сауатын ашады. Бір жылдан
соң әкесі Сібірге айдалғанда қорғансыз қалған
жас бала туыстарының көмегімен
1907 жылы Меркедегі
орыс-түзем бастауыш мектебіне Қырғызбаев деген бүркеншек фамилиямен қабылданып, оны үздік бітіреді.
1910 жылы
Пішпектегі 1-дәрежелі ауыл шаруашылығы мектебіне оқуға түсіп, 1914 жылдың қазанында бау-бақша өсіруші мамандығы бойынша
бітіреді. Самара қаласындағы
орта дәрежелі ауыл
шаруашылығы училищесіне арнайы
жолдама берілгенімен, училище директоры «көшпелі қазаққа жер өңдеуді оқудың
қажеті жоқ» деп қабылдамайды. Тауы шағылған Тұрар 1915 жылы Ташкентте жаңадан
ашылған мұғалімдер институтына оқуға түсуге ниеттенгенімен, оны «бұратана»
деген сылтаумен жолатпайды. Осы жылдары теміржол құрылысының Түлкібас
бөлімшесінде қызмет бабымен жүрген қазақтың тұңғыш инженері М.Тынышбаевпен жолығады.
Ол Тұрардың оқуға
түсуіне көмек ретінде
100 рубль береді (бұл туралы
М.Тынышбаевтың естелік жазбасында
көрсетілген). Алған бетінен
қайтпайтын Тұрар Оқу министрінің арнайы рұқсатымен емтихан
тапсырып, институтқа қабылданады.
1916 жылдың
жазында қазақ даласында
патша өкіметіне қарсы
ұлт-азаттық көтеріліс бұрқ ете қалған. Жалынды жас Әулиеата уезіндегі
қазақтардың ұлт-азаттық көтерілісіне
қатысып, өзін қалың бұқараның әділет жолында тайсалмайтын жетекшісі
ретінде көрсетеді. Т.Рысқұловты патша
әкімшілігі тұтқындағанымен,
іс-әрекетінен кінә таба алмай, босатады. Бұдан былай Тұрардың саяси қызметпен айналысуына қатаң тыйым салады. 1916 жылғы
ұлт-азаттық көтерілістен соң қапастағы
халқының тағдырына налыған намысты жас азаттық жолындағы күреске белді бекем
буып кірісу қажет деген шешімге келеді.
Қазақ халқының
бостандығы үшін күрес
жолына түскен Т.Рысқұлов 1917 жылы
көктемде Меркеге оралып, қазақ жастарының «Бұқара» революциялық одағын
құрады. 1917 жылдың жазында Ташкент қаласында қазақ депутаттарының Түркістан өлкелік кеңесі құрылғанда
жетекшілерінің бірі Т.Рысқұлов болды. 1917 жылы қыркүйекте РСДРП мүшелігіне
қабылданды. Оның большевиктік
бағыттағы саяси ағымға
қосылуына большевиктер партиясы
қазақ халқын теңдік
пен бостандыққа жеткізе
алатын бірден-бір саяси
күш деп түсінуі себеп болды әрі өзі
шыққан әлеуметтік орта
оны осы бағытты
қабылдауға итермеледі.
1917 жылы
25 қазанда Петроградта
жеңіске жеткен Қазан
социалистік революциясы буржуазиялық
Уақытша үкіметті құлатып, саяси билік
басына Кеңес үкіметі
мен большевиктер партиясын
әкелді. 1917-1918 жылдардың
қысы аса ауыр өтті. 1917 жылдың
күзіне таман басталып, 1918 жылдың
қыс айларында үдей түскен
ашаршылыққа ең алдымен уездің көшпелі халқы
ұшырады, отырықшы орыс шаруалары мұндай ауыртпалықты басынан кешірмеді. Саяси белсенді іс-әрекетімен
таныла бастаған Т.Рысқұлов
депутаттардың ұсынуымен 1918 жылы
сәуірде Әулиеата уездік
кеңесінің атқару комитеті
төрағасының орынбасары болып
сайланды. Сол жылы шілдеде
Әулиеата уездік кеңесі өзінің ең
белсенді мүшесі ретінде Т.Рысқұловты Ташкент қаласында
шақырылған Түркістан
Республикасы уездік кеңестері
төрағаларының І съезіне өкіл етіп жіберді. Ал, күзде Түркістан Республикасының Денсаулық
сақтау халық комиссары болып тағайындалды. Комиссариаттың
жұмысы қайта құрылып, негізгі күш халық
арасында кең тараған жұқпалы ауруларды жою ісін
ұйымдастыруға, дәрігерлік
көмекті дұрыс жолға қоюға
жұмсалды.
Келесі
жылдың қыркүйегінде Ташкентте өткен ТКП IV съезі мен Түркістан Республикасы Кеңестерінің кезекті VIII съезі
Т.Рысқұлов пен ол басқарып отырған Мұсылман Бюросының саяси беделі
жоғарылағанын көрсетті. Съездерде ұлт мәселесі негізгі тақырыпқа шықты.
Кеңестердің VIII съезінің мәжілістерінде
төрағалық еткен Тұрар Түркістан Республикасында
мемлекеттік деп жарияланған тілдердің тең құқылығын сақтау үшін
делегаттарға бұл мәселеге ерекше
көңіл бөлуді ескертті.
1920 жылы
қаңтарда Түркістан ОАК-нің
төрағасы болып сайланып, ТКП-нің V өлкелік конференциясында
«Ұлттық мәселе және ұлттық коммунистік секциялар» тақырыбында баяндама жасады. Конференция Т.Рысқұловтың
Түрік Республикасын және
Түрік Компартиясын құру туралы ұсынысын қабылдады. Бұл
қайраткердің «Түркістан, тұтас бол,
түркі тілдес, түгел
бол!» деген идеясы болатын.
1920
жылдың 25 мамырында
Ф.Ходжаевпен және Г.Бек-Ивановпен бірге В.И.Ленинге «Ресей Социалистік
Федерациясының Түркістан Автономиялық Кеңестік
Республикасы туралы ережесінің»
жобасын тапсырды. 1920 жылдың
сәуір-шілде айларында оның ұйымдастыруымен редакция мен
баспахана жасақталып, «Жаңа
өріс» газеті жарық
көрген болатын. Маусым айында Мәскеуде болғанында РКФСР үкіметінен жазу
машинкаларын, бояу, арабша қаріптер, екі
жылға жететін қағаз
алып, Ташкентке жеткізеді.
Алайда, Кремль көсемдеріне Түркістанның егемендігі туралы
идеясын өткізе алмаған Тұрар отставкаға
кеткен соң Түріккомиссия «Жаңа өріс» газетін жаптырады. Бірнеше айдан соң
Мұсылмандар бюросы қазақ қайраткерлеріне
«Жаңа өрістің» базасын
пайдаланып, газетті «Ақ жол» деген атпен
шығаруға рұқсат береді.
1920
жылдың 13 маусымында В.И.Ленин Т.Рысқұловтың түрік халықтарының
автономиясы жөніндегі жобасын
қабылдамайды. Сол жылы күзде РКФСР
Ұлт істері жөніндегі
халық комиссарының, яғни И.Сталиннің
екінші орынбасары болып
тағайындалды. Жыл соңында комиссариаттың Әзірбайжандағы өкілі
болып қызмет ауыстырады.
1920 жылы
қыркүйекте Баку қаласында өткен Шығыс халықтарының
І съезіне қатысады. 1922 жылы қыркүйекте
Түркістан АКСР Халық Комиссарлары
Кеңесінің Төрағасы болып
тағайындалды. Сол жылдың желтоқсанында КСРО кеңестерінің І съезінде
КСРО ОАК-нің мүшесі болып сайланды.
Келесі жылдың қыркүйегінде Түркістаннан келіп оқып жатқан студенттердің
жағдайымен танысу үшін Германияға
барады.
1924 жылдан
Т.Рысқұловтың өмірі мен
қызметінің жаңа кезеңі
басталды: сәуірде Коммунистік Интернационал атқару комитетінің
Орта-Шығыс бөлімі меңгерушісінің
орынбасары болып бекітіліп, халықаралық деңгейге көтеріліп, Моңғолияға қызметке
жіберілді, Коминтерннің өкілі болды. Онда
болған кезінде саяси мәселелермен қатар елдің экономикалық проблемаларымен де айналысты. МХР-дың тұңғыш Конституциясын,
партияның екінші бағдарламасы мен жарғысын жасап беріп, елдің болашағын
демократия жолына бағыттады.
1926 жылы
Т.Рысқұлов РКФСР Халкомкеңесі
Төрағасының орынбасары болып
тағайындалады. Ол Үкіметтегі
Шығыс халықтарының бірден-бір
өкілі болды. ҚР Тұңғыш Президенті
Н.Ә.Назарбаев «Халық комиссарлар Советі төрағасының орынбасары Т.Рысқұловқа
дейін қазақ баласы дәл мұндай қызмет атқарып көрмеген болатын» деп атап
көрсетті. Кәсіпшілік кооперациясы мен
қолөнершілік өнеркәсібі комитетінің
басшысы (1932-1934 жж.), коммуналдық шаруашылық
бас басқармасының бастығы
(1930-1931 жж.) болды. Түрксіб
құрылысына жәрдемдесу комитетін басқарды (1927-1930 жж.). 1930-1934 жылдары Ресей
Федерациясының Экспорттық кеңесін басқарса,
біліктілігі жоғары қызметкер ретінде Т.Рысқұловты КСРО Халкомкеңесі жанындағы тұрақты мақта
кеңесінің төрағасы етіп
бекітеді (1926-1930 жж).
1927-1930
жылдар Т.Рысқұлов үшін Орта Азия республикаларының түрлі ведомстволары мен үкіметтерінің
Түркістан-Сібір теміржол құрылысын үйлестірумен айналысқан қауырт кезең болды.
Т.Рысқұлов басқарған Жәрдемдесу комитеті
іс жүзінде осынау алып
құрылыстың нағыз штабына
айналды. Теміржол құрылысын жүргізуге Мұхамеджан Тынышбаевты шақырады.
Кеңестік
үкімет М.Тынышбаевты қашаннан «ұлтшыл» ретінде қара тізімге енгізіп, жауапты
жұмысқа жақындатпай келсе, Т.Рысқұлов батыл шешім қабылдап, оған жауапты
қызметті сеніп тапсырады. Түркістан-Сібір
теміржолы Сібірді Орта
Азиямен жалғастырып,
соңғысын жақын аудандардан
(Сібір, Қазақстан және Қырғызстан)
арзан астықпен жабдықтауды
қамтамасыз етеді. Осылайша мақта-мата
өнеркәсібіміздің негізгі шикізат базасы болып табылатын Орта
Азияда мақта шаруашылығын
дамытуға шешуші ықпал
етеді.
Т.Рысқұлов Халкомкеңесі
Төрағасының орынбасары бола
жүріп, көптеген мәселелермен
айналысты; өнеркәсіп кәсіпорындарын үздіксіз өндіріске көшірумен
байланысты жұмыстарды ұйымдастыру
және басшылық жасау жөніндегі
үкіметтік арнаулы комиссияны
басқарды.
Ол РКФСР
Халкомкеңесінің 296 мәжілісіне қатысты, 34
рет Ресей Федерациясы үкіметінің мәжілістеріне
төрағалық етті, РКФСР Халкомкеңесінің 2070
қаулысына қол қойды.
Тұрар
Рысқұловтың өмірдегі үзеңгілес серіктері де осал болған жоқ: Мағжан Жұмабаев,
Жүсіпбек Аймауытов, Халел Досмұхамедов, Ораз Жандосов, Сұлтанбек Қожанов, Нәзір
Төреқұлов, Санжар Асфендияров, Нығмет Нұрмақов және тағысын-тағылар.
РКФСР Халкомкеңесі
төрағасының орынбасары қызметінде
жүргенінде туған-туыстарынан
келген хаттардан елдегі аштық, қазақтардың атамекенінен қоныс аударып кетуі
туралы естіп, елі туралы көп ойланып-толғанады.
Т.Рысқұлов
Қазақстанда Голощекиннің басқаруымен жүргізілген жаппай коллективтендіру салдарынан тұрғылықты
халықтың аштыққа ұшырап, елден босып кеткеніне күйзеліп, Сталин мен оның
айналасындағыларды бағытты өзгерту
қажеттігіне сендіруге тырысты. Т.Рысқұлов
И.Сталиннің қабылдауында болғанында ВКП (б) Орталық Комитетінің
қарауына ашаршылықтан қазақтардың елден көшіп кетуін тоқтату жөнінде бірқатар
міндеттер қояды және олардың орындалуын бақылап
отырады. Бұған Сталинге жазған
үш хаты айғақ, оның
басты идеясы қазақ ұлтының гендік
қорын сақтау болып
табылады. Қазақстан
Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев 1994 жылы ұлт қайраткерлеріне арналған «Тарих зердесі» атты
кеште сөйлеген сөзінде «Тұрар
Рысқұловтың асыл аруағына тағзым етіп, атын ардақтағанда біздің
ойымызға оның ел үшін еткен ең ересен, ең ірі, ең қасиетті еңбегі
алдымен оралады. Қазақ даласына
айдың-күннің аманында, қазан ұрмай, қар
жаумай-ақ келген нағыз
нәубәт – алапат ашаршылық тұсында
Рысқұлов тұлғасының шын
мәнінде ұлы екені
айқын көрінді. Ақ дегені алғыс, қара
дегені қарғыс болып
тұрған, қырына алғанның қабырғасын
қақыратып, көлденең тұрғанның бәрін көрде шірітіп жатқан Сталиндей
тиранға қарсы шабу, қазақ даласындағы
қолдан жасалған қырғынды тоқтаттыруды талап
ету өлімге бас
тігіп, ажал аузына өзі
барумен бірдей ерлік
болатын... осы ұлы еңбегі үшін
Қазақ елі Тұрар Рысқұловтың атын мәңгі-бақи ардақтап өтетін
болады!» деп атап көрсетті.
Т.Рысқұлов
ВКП (б) Қазөлкеком ғана емес, сондай-ақ қырғыз және башқұрт АКСР үкімет органдарына да
қазақтардың қоныс аударуын тоқтату, оларды жұмыс орындарында қалдыру
жөнінде хаттар мен
телеграммалар салады. Оның
Халкомкеңесі төрағасының орынбасары қызметінде
орындаған соңғы жауапты
тапсырмасы мынадай: 1937 жылы 18 қаңтарда
ол РКФСР Конституциясының
түпкілікті мәтінін әзірлеу үшін редакциялық комиссияға енгізілді. Комиссия құрамына М.И.Калинин, Т.К.Орджоникидзе, РКФСР
ХКК-нің төрағасы Д.Е.Сулимов, Т.Рысқұлов
және басқалар сайланды. Өкінішке қарай, Т.Рысқұлов Конституцияға өзінің
реформаторлық идеяларын енгізе алмады
және 1000 беттік «Қазақстан тарихы» атты монографиясын аяқтай алмады.
Өйткені ол Сталиннің
жеке бастың билігі
режимінің құрбаны болды.
Т.Рысқұлов
РСФСР Халық Комиссарлар Кеңесі төрағасының орынбасары қызметін
атқарып жүрген 1937 жылдың 21
мамырында «халық жауы» деген жаламен қамауға алынды. 1938 жылы
ақпанда «үштіктің» үкімімен ату
жазасына кесіліп, екі күннен соң,
10 ақпанда үкім орындалды.
1956 жылы
8 желтоқсанда КСРО Жоғарғы Сотының Әскери коллегиясы Т.Рысқұловты Отан,
халық алдында жазығы
жоқ деп ақтады.
Қыруар
еңбек етіп, халқының бақыты үшін аянбай тер төккен асыл азаматты отаршыл озбыр саясат өз халқына жау
етіп көрсетіп, тәжірибесі молайып, кемеліне
келген шағында мерт етті. Бірақ, халық
оның есімін ұмытқан
жоқ. Бүгінде еліміздегі бірнеше қаланың көшесі, жоғары оқу орындары мен мектептер, аудан мен ауыл атаулары
Т.Рысқұловтың есімімен аталып, ескерткіші орнатылған.
Т.Рысқұловтың
100 жылдығына орай Түлкібас ауданы мен Майлыкент ауылдық
округінің орталығына,
орталық көшеге, аудандық
музейге Тұрар Рысқұловтың есімі
берілді. Сол сияқты «Жанкент» шағын ауданындағы
«Жастар» саябағына ескерткіші
қойылған. Түлкібас бекетіндегі,
сондай-ақ Рысқұлов ауылындағы
жалпы орта мектеп қайраткердің атында. «Батыс Еуропа –
Батыс Қытай» күре жолының бойына көрнекті ескерткіші сән беріп тұр.
Ауданымыздың 90 жылдығына орай М.Тынышбаев пен Т.Рысқұловқа Түлкібас бекетінде
ескерткіш қойылды.
Т.Рысқұловтың өмірі мен
қызметін зерттеу өткен ғасырдың
алпысыншы жылдары басталды. Алғашында мерзімді
баспасөз бетінде көрініс
тапқан жарияланымдар
бірте-бірте ірі ғылыми
ізденістерге жол ашты. 1974
жылы, яғни қайраткердің 80
жылдығы қарсаңында белгілі
қазақ тарихшылары – С.Бейсембаев
пен С.Көлбаевтың, 90 және 100
жылдық мерейтойына арнап
В.Устинов пен О.Қоңыратбаевтың еңбектері
жарық көрді.
Тұрар Рысқұловтың
сан-салалы қайраткерлік қызметі
кейінгі жылдары да
үздіксіз зерттелуде. Бұл бағытта Ш.Мұртаза, О.Қоңыратбаев, А.Исмаилов,
В.Устинов, Д.Қамзабекұлы, М.Қазбек, Ғ.Маймақов, О.Сәбден, М.Әбілтай секілді
тұрартанушылар қыруар іс атқарды. 2011
жылы «Аңыз адам»
сериясының тұтас бір нөмірі Тұрар
Рысқұловқа арналып, көптеген ғалымдар қайраткердің қоғамдық және мемлекеттік қызметіне
сараптама жасады.
Осы кезеңде
қайраткердің туындыларын жинастыру, кітап етіп бастыру қолға алынды. 1984 жылы Тұрар
Рысқұлов еңбектерінің
таңдамалы жинағы, 1997 жылы 3 томдығы,
ал, 2007 жылы Елбасының бастамасымен 5 томдық толық жинағы жарық көрді. «Қазақфильм» киностудиясы «Революция
түлегі» атты деректі фильм, режиссер Еркін Рахышев бейнетаспа фильмін шығарды.
2012 жылы
журналист Дулат Әбіш
бастаған делегация «Ұлыларға
тағзым» атты бағдарламамен Мәскеу қаласындағы
«Коммунарка» зиратында
жерленген алаштың ірі
тұлғалары, мемлекет және қоғам қайраткерлері
Тұрар Рысқұлов, Нәзір
Төреқұлов және Сұлтанбек
Қожановқа туған жерінен топырақ апарып салып, белгі қойды.
Лесбек
МАХМҰТОВ, Түлкібас аудандық Т.Рысқұлов атындағы тарихи-өлкетану музейінің
меңгерушісі.