«Оңтүстiк Қазақстан» бастауын «Ақ жол» газетiнен алған

«Ақ жол» газеті 1920 жылдың 7 декабрінен бастап, 1926 жылдың көлемінде Түркістан Республикасының кіндік басқарма комитеті һәм ортақшыл партия кіндік комитетінің атынан Ташкентте жеті сайын үш мәрте үзбей шығып тұрды.

Басылым 1925 жылы 19 июнь 577-санынан бастап Сырдария атқару және партия комитетінің атынан Шымкент қаласында шығып келген. Алайда, кеңестік идеологияның тар шеңберіне сыймаған Алаш ардақтыларының көсемсөзі кейінгі ұрпақ санасынан әдейі өшірілді. Жазуымыз төте араб әліпбиінен латынға, іле-шала кириллицаға көшірілді. Халқымыз өткен тарихынан еріксіз көз жазып қалды.

Алаш ардақтыларының аманат сөзін мойнымдағы парызымдай көріп, 2008 жылдың соңына қарай Ташкент мұрағатынан «Шолпан» (1922-1923) журналымен қатар «Ақ жол» газетінің ондағы бар санын алып келдім. Онымен қоса аталмыш газетті араб әліпбиінен кириллицаға аудару үстінде Мәскеудің Химкиіндегі Ресей мемлекеттік кітапханасының бөлімшесімен, Ташкент қаласындағы Әлішер Науаи кітапханасымен және Алматыдағы Ұлттық орталық ғылыми кітапханамен, «Мұрағат ісі және құжаттау жөніндегі ғылыми-техникалық ақпарат» орталығымен тығыз байланыста болдық. Соның нәтижесінде ұзын-саны 613 нөмірдің ізін тауып, табылған, қолымызға тиген 38 санының басын қосып, екі кітап дайындадық.

Ал, газеттің мазмұнына келсек, 1920 жыл дегеніңіз – қазақ баспасөзінің енді ғана аяққа тұрып келе жатқан тұсы. Олай дейтініміз, XX ғасырдың бас кезінен Петерборда татар тілінде шығатын «Фікір» газетіне қосымша ретінде қазақ-қырғыз тілінде тұңғыш газет «Серке» шыға бастады. Алайда, екі нөмірден кейін жабылып қалды. Онан соң Омбы қаласында «Дала уәлаяты» газеті жарыққа шықты. Бір жағы орысша, бір жағы қазақша, оның өзі ел тіршілігінен ұсақ-түйек хабарлар болмаса, көбіне Үкіметтің бұйрық-жарлықтары жарияланатын. Мақалалары да ресми ретте болатын. Ол кезде қазақ арасында қалам қайраткерлері де жоқ еді. Және де халық арасына кеңінен тарай алмады. Сол себепті артықша маңызы да болмады. 1905 жылғы Ресейдегі төңкерістен кейін қазақ даласында саналы азаматтар шыға бастады. Бұл азаматтар қазақ-қырғыз халқының аянышты халін сезді, аштық, ашаршылық жайлаған оқу-білімсіз қараңғы халқын бодандықтан құтқарып, өзге ұлттармен терезесін теңестіру үшін ең әуелі оларды сауатсыздықтан құтқарып, рухын ояту керек екенін терең түсінді. Ол үшін баспасөз саласын, газет-журнал ашу ісін мықтап қолға алды. Бұл топтың алдыңғы легінде Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, осы «Ақ жол» газетінің ең алғашқы ұйымдастырушысы, редакторы Сұлтанбек Қожанов, Нәзір Төреқұлов, т.б. жүрді.

Троицк қаласынан «Айқап» журналы, 1912 жылы қазақ халқының құбыласы болған Орынборда А.Байтұрсынов пен М.Дулатовтың басшылығымен атағы алты Алашқа мәлім «Қазақ» газеті шықты. Оқыған, саналы қазақ азаматтарын төңірегіне жинаған, халықтың мұң-мұқтажын жоқтап, қазақ-қырғыз халқына жөн көрсетуші қазақ газеті 1918 жылға дейін шығып тұрды. «Қазақ» газетін тынбай іздестірудің нәтижесінде ғалым апамыз Үшкүлтай Субханбердина оны жеке кітап етіп шығарғаны бәріңізге мәлім. Осы арада айта кетейін дегенім, мен ғалым емеспін, ғылыми атағым да жоқ, бірақ халқымыздың тарихынан там-тұмдап болса да кейінгі ұрпаққа із қалдырып кету мақсаты ғана бар. Әрбір адам қолынан келген шаруасын қоғам үлесіне қоса білсе тәуелсіз еліміздің қоржынына салған үлесі болар еді деген ой ғана. Төте араб жазуынан кириллицаға көшіріп жазудың өзі бізге оңайға түспеді. Осы орайда «Ақ жол» газетін төте араб әліпбиінен кириллицаға аударуда Шығыс Түркістанның Алтай өлкесінен келген жас маман, мұражайдың ғылыми қызметкері Ғалымбек Елубай есімді жігіттің еңбегін атап өткім келеді. Кітапты баспаға жіберер алдында көпке танымал Тұрсынбек Кәкішев, Тұрсын Жұртбай, Сейіт Қасқабасов, Мәмбет Қойгелді, Хазретәлі Тұрсын, Дихан Қамзабекұлы қатарлы алаштанушы ғалымдардың оқып шығуына ұсындық.

Әлқисса, сол жылдары қазақ баспасөзінің молайған, бір арнаға түскен мезгілі еді. «Сарыарқа», «Жас азамат», «Бірлік туы», «Ақ жол», «Тәжі», «Жас қайрат», «Ұшқын», «Кедей сөзі», «Бостандық туы», «Қазақ тілі», «Жаңа дауыс», «Кедей еркі», «Қызыл ту» газеттері, «Абай», «Шолпан», «Сана», «Таң» журналдары жарық көрді. Осылардың қай-қайсысы болсын сол кездегі аумалы-төкпелі тарихи кезеңдегі қазақ халқының тұрмыс-тіршілігінен, әлеуметтік ахуалынан, енді орныға бастаған кеңестер үкіметінің жайынан, бізге беймәлім кейбір қырларынан хабардар етеді. «Ақ жол» газетінің бұл тұрғыдан алғанда оқырман қауымға берері тіпті мол.

Жалпы, газет мазмұны «Басқармадан», «Сыртқы хабарлар», «Ішкі хабарлар», «Бұйрық-жарлықтар», «Әйел теңдігі», «Жастар арасында», «Ресми бөлім», «Елден», «Басмашылар тарихы» сияқты айдарларға бөлінеді. Кітапқа енген сандардың редакторы – С.Қожанов пен уақытша шығарушы Қ.Құлетов. Бұдан кейінгі сандарға С.Оспанов, С.Аспандияров, С.Сәдуақасов, И.Тоқтыбаев, Н.Төреқұлов, Т.Байқасқаұлы, М.Қайыпназар қатарлы белгілі тұлғалар қатысады. №271-305 сандарын Түркістандағы жазушылар ұйымы шығарған.

Саяси жағынан алғанда да, «Ақ жол» газетінің бетінде жарияланған, көтерілген мәселелердің Кремльдегі «күн көсемдердің» көңіліне кірбің ұялатқаны да тегін емес, 1925 жылы 29 мамырда И.Сталин Қазақ өлкелік партия комитетінің бюросына «Ақ жол» газетінің саяси бағытына байланысты арнайы хат жолдайды. Қырөлкеком бюросының барлық мүшесіне, көшірмесі Ж.Варейскийге жолданған хатта: «Жуырда менің «Ақ жол» журналымен танысуға мүмкіндігім болды. Мен осыған байланысты белгісіз емес Шоқаевтың ақ гвардияшыл баспасөздегі кейбір мақалаларын еске түсірдім және өзімді шошытқан осы мақалалармен «Ақ жол» журналының рухани «ынтымағы» деуге болатын кейбір жаңалықты аштым. Ақылға сыймаса да, бұл – факт. «Ақ жол», әрине, өзі де аңғармастан Шоқаевқа көлемді материал береді. Тіптен де аңғармай қалмайтын Шоқаев болса бұл материалдарды қорытады және жұртқа ұсынады». Сондай-ақ, «Ақ жол» бетінде жарияланған сыни мақалаларға талдау жасап және олардан Алаш зиялыларының қастандық әрекетін көріп, партияда жоқ зиялыларды қазақ жастарын саяси және идеологиялық тұрғыдан тәрбиелеу ісіне жіберуге үзілді-кесілді қарсы екендігін білдіреді.

Шын мәнінде, бұл хатта Сталинді «шошытқан» «Алаш зиялыларының қастандық әрекеті» және Шоқаев «қорытады», «ұсынады» дегені жай ғана жорамал емес. К.Л.Есмағамбетовтің М.Шоқай туралы «Әлем таныған тұлға» атты кітабында (230-бет) «Эмигранттық басылымдардағы мақалаларға қарағанда Мұстафа «Ақ жол» газетін жүйелі түрде алып тұрған. Ол қазақтардың мал шаруашылығының дағдарысқа ұшырауы, қазақ ауылдарындағы кеңес хүкіметінің заңсыздықтары жөнінде осы басылымның 1923 жылдың 24 желтоқсанындағы, 1925 жылдың 16, 25 наурызындағы сандарына сілтеме жасайды» деп көрсетеді.

Осыған сәйкес РК/б/П ОК5 Баспасөз бөлімі өзінің қаулыларында және арнайы пікірлерінде «Ақ жол» қазіргі кезеңге дейінгі бүкіл Киргизиядағы ең ұстамсыз газет болып қалуда. Оның саяси бағыты, әсіресе, соңғы айларда мүлде төзуге болмайтындай болып кетті» деп көрсетеді. Осыдан кейін РК/Б/П Қырөлкекомның 1925 жылы 10 маусымдағы бюро мәжілісінің №69 хаттамасы бойынша «Ақ жол» газеті қайта ұйымдастырылып, губерниялық органға айналдырылсын, бірақ бұқаралық шаруалар газеті сипатын алсын. Мұны Орта Азияны ұлттық межелеп бөлуге байланысты РК(б)П Сырдария губкомының және Қырөлкекомының ұйымдық бюросының Ташкенттен Шымкентке көшуінен, «Ақ жол» газетінің соңғы кезге дейін Ташкентте қалып қоюынан партиялық басшылықтың сол тұста әлсіреп кетуімен түсіндіруге болады» деп көрсетті. Сол арқылы әдебиет пен мәдениеттің қайнаған ортасы, Алаш зиялыларының топтасқан жері Тәшкеннен алыстатылып, редакция Шымкентке көшіріледі. Алайда, Алаш аманатын арқалаған «Ақ жол» қызыл кісенге тірсегін қажатып, тұсаулы тұлпардай шапшуырлап алға ілгерілей берді. Газеттен түскен ақшаны Арқа мен Жетісудағы аш адамдарға жәрдемге жіберді.

Аралдың майшабағын Мәскеуге тасытып, май шайнап отырған «маңғаз» коммунистер болса бұл кезде аштықтан шыбындай қырылып жатқан қазақ-қырғыз жұртының нәубетті халін көрсе де көрмеске салды. Елдегі жағдайды ернінен шығармақ түгіл емеурінмен айтуға тыйым салған кеңестік цензура әлдебір жандайшаптары арқылы газет атынан да мін тапты. «Ақ жол» неге «Қызыл жол» емес? («Ақ жол», №11, бейсенбі, январь, 1921 жыл, «Басқармаға хат»).

Мұның ең басты себептерінің бірі де бірегейі – газет бетінен үлкен көрініс тапқан, қазақты шөбі шүйгін, суы мол шұрайлы қонысынан айырып, бетпақ далаға, тау-тасқа тентіретіп жіберген орыс «қара шекпенділері» туралы наразылық. Партия басында отырған қазақ өмірінен хабарсыз немесе біле тұрып «білгенін істейтін» «қызыл шекпенділер» туралы бас мақалалар.

Алдындағы ақтылы қойынан, атақонысынан, бас еркіндігінен айрылған, қазақ-қырғыздың көш жолында көзіне қамшы тиген ботадай шыркөбелек айналған шындығы. Айталық, «Ақ жолдың» 1921 жылы 16 апрель, сенбідегі 48-санында «Түркістан қазақ-қырғыз съезіне ел жайынан берілген баяндамалар» (Әулиеата, 20-30 январь, 1921 жыл) «Піспек үйезі» атты мақалада анық көрінеді. «Переселен мекемелері ашылып, іштен мұжықтар келе бастаған соң, қазақ-қырғыздың шаруасы кеміп, мал азайып, егін шашатын жері тарыла бастады. Переселен мекемелері елдің қолындағы еңбек сіңіріп қазып шығарған суларын, ең шұрайлы шабындықтарын, егіндіктерін тартып алып келімсектерге беріп, соларды орналастырды. Қырғыздарды атамекенінен шығарып, қолайсыз, сусыз жерге айдап салды. Содан бастап мал тұқымы азая берді. Ел өспеді. Кеміп, кейін кетті. Қазақ-қырғыз кедейлері келімсектерге жалшылыққа кірді.

Сонымен келімсек отаршылар тұрғын халыққа екі түрлі көзқараспен қарайтын болды: бірсыпырасын өзінің жалшысы, құлы деп санады. Екіншілерін жау көріп, аямай қырып жібергісі келді. Екі ұлт арасына араздық туды. Зорлықшылдар қожалық етуге ұмтылды. Қазақ-қырғыз өзінің бұрынғы құқығын жоқтады» дейді. Сонымен қатар Тәшкен төңірегіндегі Ферғанадан бастап, Сырдария, Жетісу, Арқа, Әулиеата, Торғай, Бөкейлікке дейінгі тұтас аумақтағы халықтың жалпы жай-күйінен толыққанды мағлұмат береді.

Алдағы сандарында қазақ-қырғыз даласындағы ашаршылық, оқу-ағарту саласындағы істер (мектеп ашу, балабақша салу, түрлі мамандық иелерін дайындау), жастар съезі, жалпы қазақ-қырғыз съезі кеңінен сөз болады. Халықтан алынатын алым-салық туралы «Ақ жолда» жазылған кейбір мақалаларда Қазақстанда Кіші Қазан төңкерісін ұйымдастырып, нәубет әкелген голощекиндік саясаттан бұрын да қызыл үкіметтің басында отырып жөнді-жөнсіз салық салып, онсыз да шаруасы шатқаяқтап, шаңырағы шайқалған қазақ-қырғыз жұртының берекесін алған қитұрқылардың орынсыз іс-әрекетін айыптау да жиі кездеседі.

Бір ғасыр бойы мұрағат шаңына көміліп, сарғайып жатқан «Ақ жолды» парақтап отырып, бүгінде өзекжарды мәселенің бірі саналатын тіл мәселесі осыдан 91 жыл бұрын көтерілген жайдың жалғасы екенін оқығаныңызда жағаңызды ұстамасқа амалыңыз қалмайды. Ел ішіндегі болып жатқан түрлі саяси жағдайлармен қоса «сыртқы хабарлар» бөлімінде сол кездегі әралуан халықаралық шиеленісті оқиғалардан хабардар етеді. Мағжанның, Бейімбеттің, Жүсіпбектің, басқа да Алаш қаламгерлерінің төл туындылары кездеседі. Түрлі бүркеншік атпен жазылған Алаш зиялыларының, ұлттың рухани көсемдерінің қолтаңбасымен қауышасыз. «Қараңғы қазақ көгіне, өрмелеп шығып күн болам» дейтін жауынгер сезім иелерінің жанайқайымен, бүгінде құнын жоймаған, қадірін жоғалтпаған ойлармен бөлісіп, өткен ғасырдың басындағы Алаш тарихының кейбір ақтаңдақ тұстарымен танысасыз.

Егер тарих шындығын қайта таразыласақ бүгінде 95 жылдығын тойлағалы отырған облыстық «Оңтүстік Қазақстан» қоғамдық-саяси газеті өзінің бастауын осы «Ақ жол» газетінен алады деп есептеу керек. Ондай жағдайда алдағы жылы «Оңтүстік Қазақстан» газетінің жарық көргеніне 100 жыл толар еді.

Ханбибі ЕСЕНҚАРАҚЫЗЫ, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ақын.

Пікір қалдырыңыз