СОТҚА ДЕЙІНГІ ТЕРГЕП-ТЕКСЕРУДЕ КЕМШІЛІК КӨП
Мәселен, аталмыш сот соңғы бес жарым айда ҚР ҚПК-нің 323-бабына сәйкес 9 тұлғаға қатысты 6 қылмыстық істі қайтарған.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде
полицейлер тарапынан көптеген қателіктер орын алып жатады. Осыған орай Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі
мамандандырылған ауданаралық сотында «Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің сапасы –
заңды сот актісін шығарудың кепілі» атты «дөңгелек үстел» мәжілісі өтті. Оған,
судьялар, прокурорлар, тергеушілер, адвокаттар мен БАҚ өкілдері қатысты.
Қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық
сотының төрағасы Әбсаттар Шахидиновтің айтуынша, істерді сотта қарау барысында
бірқатар проблемалық мәселелер туындайтын көрінеді. Олардың бір бөлігі полиция
қызметкерлерінің сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізу кезінде жіберген
қателіктерінен орын алады екен. Мәселен, аталмыш сот соңғы бес жарым айда ҚР
ҚПК-нің 323-бабына сәйкес 9 тұлғаға қатысты 6 қылмыстық істі қайтарған. Бұл
жөнінде сот төрағасы анықталған кемшіліктер бойынша мысалдар келтіріп, сотқа
дейінгі тергеп-тексеру органы мұндай істерді прокурорға қайтаруға және жеке
қаулы шығаруға негіз болатынын қадап айтты.
-Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының
«Сот ісін жүргізу тілі қағидатын қолданудың кейбір мәселелері туралы»
нормативтік қаулысында көрсетілгендей, елімізде сот ісі қазақ тілінде
жүргізіледі, қазақ тілімен қатар ресми түрде орыс тілі, ал қажет болған
жағдайларда басқа тілдер де қолданылады. Бірақ, бүгінде аталған қаулының
талаптары өз деңгейінде орындалмай отыр. Өйткені, көп жағдайда сот ісінің тілі
сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдарында айқындалады. Сол себепті, сотқа
дейінгі тергеп-тексеру органдары мемлекеттік тілге баса назар аударуы қажет, -
деді сот төрағасы.
Күн тәртібіндегі мәселе жөнінде Шымкент
қаласы прокуратурасының басқарма бастығы Нұржан Серікбаев, Әл-Фараби ауданының
прокуроры Нұржан Сейдалиев, қалалық адвокаттар алқасының адвокаттары Сапар Амиртаев
пен Нұрдәулет Мұсақұлов пікірлерін айтып, мәселені оңтайлы шешудің жолдарын
ұсынды. Ол үшін қылмыстың нақты санаттары мен процессуалдық заңдарды дұрыс
қолдану үшін прокуратура мен полиция органдарында адвокаттардың қатысумен семинарлар
өткізіп тұру қажет деген пікірге тоқталды.
«Оңтүстік»-ақпарат.