АСҚАР АҢСАР

немесе «Бесатар» повесін қайта оқығанда
Сіз, қадірменді оқырман, осы күндердегі нөпір кітаптарға аса көп алаңдамай-ақ, бір кездердегі көңіліңізге ұялап, жан-жүрегіңізде әлдебір әсерлер қалдырған қасиетті туындыларды қайталай оқуға құштарланып көрдіңіз бе? Оралып қайта, сағынып тағы іздемеген болсаңыз, ойланыңызшы бірер сәт. Уақыт жетпейді дейсіз бе? Өтірік айтасыз. Оның жетпейтінін желеу етуге етіміз әбден үйреніп кеткен. Мәселен, суреткер Сүлейменовтің «Бесатар» повесін оңаша ғана отырып, оңаша ғана ойланып, оңаша ғана оқып шығуыңыз үшін үш-төрт сағаттайын ғана уақыт керек. Әлбетте, мұндай дүниені сыдыртып, жүгіртіп оқысаңыз, қып-қызыл күнәға батасыз. Өйткенше, мүлде мақрұм қала бергеніңіз де жөн шығар. «Бесін» деп аталатын бұл кітаптың тысы қарақоңырлау. Қара мен қоңырдың арасын айдың сүт сәулесі ме, жұлдыздардың жалқыны ма, әлде санаға құйылғысы келетін сара парасат сағымы ма, әйтеуір бір ағараңдаған ақиқат болмыс жалғастырып жатыпты. Қоңыр дегеніңіз ендігі бір мезетте қанқызылға айналып бара жататындай...
Қарақоңыр бұл жинақ та өзге кітаптардай, егер өзіңіз іздемесеңіз, үн-түнсіз сөрелерде тұра берер тып-тыныш.
Біз «Бесін» кітабын қайталап тағы, оралып және сағынып-сусап қолға алдық.
Себебі, сонау жетпісінші жылы «Жазушы» баспасынан шыққан, екі әңгіме, бір повестен тұратын, қалыңдығы, бар болғаны, авторының жүдеулеу көрінер сүйрік саусақтарымен есептегенде, бір еліден аспайтын қарақоңыр, бәлкім қанқызыл тысты кітаптағы «Бесатар» повесі – қазақ хикаяттарының ішіндегі теңдесі жоқ туынды.
Сөзгер зергеріңіз, саңлақ сардарыңыз Сайын Мұратбеков һәм жабыланған «жаңаларға» уақыт шығындамай, жауһарларды қайталап қарамақтың рәһәтін мәністеген.
«Бесіндегі» «Бесатар» – біздің қашан да қайталап оқи беретін, қанша бас қойып, қадала қарап, қайран қала сусындасақ та, қаталап шөлдей берер бастау-бұлағымыз.
Келіңіз, кітапты қадір тұтар, қадірменді оқырман, өзіңізбен бірге осы туындыға ой-сана бейімдеп байқалықшы бір.
Біз сізді әлдебір сейіл-серуенге, демалыс сағаттарына шақырып отырған жоқпыз. Бастау-бұлақты һәм тура мағынасында түсініп қалмаңыз. Бәлкім, біз сізді азапқа шақырып отырған шығармыз. Оның үстіне бұл повестің арқауы – он алтыншы жылдың қанды оқиғасы. Қанқұйлы қасірет хикаясы. Бесатарды уысыңызда ұстап, ажалмен бетпе-бет келгендей хал кешуіңіз бек бәлкім. Бал емес, у ішкендей ішіңіз қалтырары кәдік. «Ұлы кітаптың үдесіне жету қиын», – деп Асқар ағамыздың өзі айтқан. «Бесатардың» үдесіне жетпек жеңілге соқпайды, бұл да бағзыдан белгілі жағдаятты ескерсек, ұрпақтардың сыбағасы, ұзын-сонар созыла берер уақыттың еншісі. Біздікі – оқырманды оятыңқырап, Асқар аңсарымызға аз да болса назар жықтырып, автор «ойының жалтылын жанарларға жұқтырмақ» мақсат қана.
* * *
Повестің прологына, шын шебердің ғана қолынан шығатындай, Қазығұрт және он алтыншы жылғы шілде хақындағы, жайына жаймаласақ оншақты, құрмаласына қораласақ, бәлкім, бір ғана сөйлемнен құралған жарты бет жазбаның өзінен-ақ өзегіңіз өртеніп, жүрегіңіз өрекпіп, алқымыңызда алқыныс тулап қоя берер. «Ойпырай, қайран Қазығұртта нендей жұмбақ, нендей ғаджайып бар» деген мәңгілік сауалға ғұмыр бойы іздеген жауабыңыздың бір ұшын тапқандай таңданарыңыз сөзсіз. «Салқар уәлаяттың атойлаған ашу өрлігі боп аспан тепкен Қазығұрт» – сонау он алтыншы жылғы қазақ қауымының намыс бейнесіне айналып жүре беретіні және рас. Сол бір жылғы ұлы шілде Көгем таудың тусыраған көк жоталарына, мол сулы Келестің момын иірімдеріне қырыс қабақ танытып, кісәпір мінез көрсетті.
«...сол бір жылы,
ұлы шілденің кенезесі намы сусын, намы ылғалға емес, алдымен қанға, қан мен жасқа кепкендей еді, қан мен жасқа жерігіп, қара жерді тепкендей еді».
Осы жарты беттік жазбадағы Асқар прозасының қайнарларына ғана тән ырғақ, лингвистикалық прозаның сүлейі Сүлейменовке ғана тән стиль бүкіл повестің өн бойында бір сөйлемде де бүлінбей-бұзылмай, жарты сөзде де жарылмай-жабыланбай, сүлік қара сәйгүліктей сыр бермеген күйінде мәреге жетер. Бір сәт бұл хикаяттан көз алып (көзіңізді алуға әддіңіз жетсе), Асқар Сүлейменовтің мына бір пікіріне ден қоялықшы: «Сөйлемнің жазатын өмірі бар да, сөйлемнің өз өмірі бар. Жазарман сөйлемді тірі шөпті таптағандай таптайды. Сөйлемнің тән екені, оның сан тарау тамырлары, капилляр тамыршалары бары ұмыт қалады... Жазарманға бәрібір, ал жазушы үшін қиынға түсері – сөйлемдегі өмір мен сөйлемнің өмір жымын білдірмей өру. Сөйлемдегі өмір мен сөйлемнің өмірі бірікпегесін, тірі тіркес тумайды».
«Бесатар» повесінің формасы да айрықша бөлек, алабөтен. Тақырыпшаларының өзі тосын да тың. Көп орын ала қоймас, бәрін келтіре кетелікші: «Иноземцев, 1916 ж. 7 шілде, сәске», «Крейгель», «Сәруар, Төрехан», «Сәруар, Крейгель», «Қарала», «Сәруар», «Төрехан, Сәруар», «Крейгель», «Сәруар», «Мұқағали, Иноземцев», «Сәруар», «1916 ж. 8 шілде, бесін».
Жат жерлік Иноземцев 1916 жылғы 7 шілде күні сәскеде үңгірде, қамауда жатып, тұтқынға қалай түскенін ойлайды. Жасыл шапандардың қолына түсе қоямын деген ой үш ұйықтаса түсіне кірмеген еді. «Қазақ атаулыны ылғи да табанында тауып үйренген ақ патшаның жас офицері және де погонын көргесін, көп шапан қалайша дір етпес екен деген күшікей үмітке малданды».
Қазақтардың сәлем үстінде сілкілеспесін білетін Иноземцев: «Ассалаумағалейкум», – деді. Ташкенттегі маузер байланған көп офицердің ішінде қазақшаға жүйрігі Крейгель екеуі еді. Алайда, ақсары шал, Қарааланың үстіндегі құндыз бөрік қазақ мұның алақанына екі бүктеген қамшысын сұқты...
Енді Крейгельге келесіз. Ол повестің әдепкі тарауында Қазығұрттың асуына дүрбі салып отыр. Френчінің етегімен шынысын сүрткеніне дейін, автордың суреттеуінше, анау-мынаудан емес. «Сәрі аста шеңбер атып үйренген кінәмшіл құрсақ майлы ас қарпымай қыңқылын тыймас». Кенет құйқаның иісі келді. Марқа қозының қуырдағы мен құйқасына көңілі ауған Крейгель «еркелігінен жаңылып, жалынуға әлі үйрене алмаған жылқының» – Қарааланың оқырынғанынан оқыс ойға бекінді.
«Крейгель жерде жатқан маузерді кекілік ықылық атқан тасқа көздемей кезеп, қатарынан бес рет басып-басып жіберді».
Әрине, бесатар бекерге атылмас. Сүлейменов стилінде сөйлемдегі өмір мен сөйлем өмірі қамшыгердің хас өріміне саятыны хақ. Ташкенттегілердің арасында «бұратанаға іші бұратын әлдекімді кездестірсе, мысық көрген иттей ырылдайтын» Крейгель емес пе бұл кейіпкеріңіз?!
– Қараала қайда? – деді сол Крейгель көз жанары кілегейленіп.
– Ат қорада, Ваше благородие, – деді ат ұстары Голоножкин.
– Менің ерімді сал, – деді Крейгель.
Әлбетте, Асқар, «жігіт ғашығына қалай құласа, адамның атқа солай құлағаны әбден жөн» дейтұғын Сүлейменов қазақтың Қарааласына, Сәруар мен Төреханның қанатындай қайран Қараалаға қандай жағдайда ер салғызуды да біледі. Осы тұста һәм жаныңыздың шырқырап қоя беретіні бекер емес.
Сол жаныңыз шырқыраған күйде «Сәруар, Төрехан» тарауына көшесіз енді еріксіз. Қарааланың оқыранған дабысын (дыбысын емес) санасына салып отырған Сәруар мен талдап-таразылап отырған Төрехан. Сәруар – баласы, Төрехан – әкесі. Екеуі де қамауда қапылып, тұтқында тұқырып отыр. Бірақ, кей реттерде кейіптері қолды боп емес, қонаққа келгендей аңғарылады. Жас жігітті не толғандырады, текті жаралған Төрехан шал неге теткиді? Шыжбыңдаған шынжау ұлдың қолға түсіп отырғандағы кей әрекеті қанағат таптырса, жеңілтек тартар тұстары шамырқандыра шамына тиеді. Қайтсін, қаршадай қыршын көрініп кетер балаң жігіт әлі ширап, ширыға қойған жоқ-ты. Бала әкесін аяп, қайраса; әке баласының рухын мезгілсіз тозғыннан тасалай тұрмаққа тырысар. Саршатамыздың ыстығында «ысқырынған көк шегірткенің дауысы Сәруарды, мына тұста, қамсыздықтың қойнынан оңай суырып ап, көр салқын бір қылтаға жетеледі». Стилист Сүлейменов осы сөйлемді өзгеше лингвистикалық прозашы өрнегімен өре отырып, әдейі ғана зергерлікпен зерлеп отырған жоқ. «Көр салқын» тіркесі арқылы оқырманның, яки сіздің зәре-құтыңызды қашырып, қамау теріңізді алып, аңғалдыққа алданған кейіпкерін азапты қиналысқа қайта салады.
Сәлден соң Крейгель кіреді әкелі-балалы екеуінің үстіне.
Сәруар ұшып орнынан тұрады. Кішіден иба, үлкеннен салиқалық күтіп үйренген жас жігіт «бұтынан бұзау өткендей ұзын сирақ офицердің» тым талтайған ерсі тұрысына таңдана түсіп, тағы да аңғал таңырқайды. Автор осы жерден бастап қазақтың жас, ұсақтау шенеунігі Сәруардың жаси бастағанын, рухының төменшік тартқанын бірден бадырайта көрсетпей, тағы да өзіне ғана тән, өз қолынан ғана келетін «ой-идеяны ашу емес, оны мұнартқа көміп, мұнармен бүркеу» арқылы аңғартады. Есесіне «тәтесінің айылы жиылмапты», Крейгель болса, кавалер етігінің ұлтаны сықырлап, мына екі қазақтың екі ұдай мінезіне «зәредей де таңданбайды». Себебі, ол: «Қазақ екеу болса, оның бірі шоқ, бірі мұз кескінде келмектігін», «бұлар басқа түгіл, ойнап табысатын орайдың үстінде жем көрген құзғын көзденіп, шатынасып шыға келерін» терең таниды.
Бұдан әрі де Асқар Сүлейменовтің Крейгельдің көзімен қазақтарға жан-жақты мінездеме беріп, өзіне-өзін түптей таныстырып, яки сіз бен бізді суреткерлікпен талқылап, таныта түседі.
Бұдан әрі Төреханды әдейілеп әлдебір жаққа әкеткізіп, әккі офицеріңіз Сәруармен жеке қалады. Жас жігіт әуелгіде ұлпа сөздерге ұйып, жұбаныш табады. Біресе жарау төре оны ойыншық етеді, жым тастап бір, жылыстап екі, мазақтап бағады. Сөйте отырып-ақ талай түйткілді тап басып, біліп те алады. Осы «Сәруар, Крейгель» тарауында екі кейіпкер де армансыз ашылады. Сәруар да бірде «оқыс өркештеніп», екіншіде еңсесі түсе езіліп, Крейгель де өткен өміріне, өкпек пиғылына бойлап еніп, екеуінің де осал еместігін оқушы әбден-ақ зейіндеп-зерделеп, туындының терең-терең, түпсіз- тұңғиық психологиялық, пәлсапалық иірімдеріне бойлайды.
Психологиялық мотивировка мен пәлсапалық жағына бармай-ақ, пенделік пиғыл тұрғысынан бір мысал. «Петербургтегі оқуын тастап, майданнан бас сауғалап Ташкентке, банкир әкесінің қолтығына кеп тығылған Иноземцев, жаман айтпай жақсы жоқ, қазақтың қолынан жазатайым жазым болса, Крейгельдің мансап жолындағы көп үмітіне қарға сарғымақ». Міне, гәп қайда жатыпты?! Әкелі-балалы екеуді қамап, қаншама әлекке түсіп, Иноземцевті тірі қалдырмақ, тезірек құтқармақ мақсатының түп-төркіні саятын саясатта нелер бар, нелер жоқ дейсіз. Бұл бергі жағы ғана.
Келесі тарауда бас кейіпкердің бірі – текті шалдың, күллі қазақтың биік бір бейнесіндей Төреханның кесек келбеті кескінделіп, кестелене түседі. Әке бейнесі һәм Сәруар сынды, қазақтың көркем прозасындағы қайталанбас, тың, тосын бейне. Мұқағали Төреханнан өзгешелеу, аңқаулау, бәлкім батырлығы басымдау. Сәруар да жат жерліктермен аралас-құралас тірлік кешіп, тілмаш болып жүргенімен, оларды қанқұйлы жауыздыққа жаппай қимас еді. Төрехан шал да қаншама терең-текті, аса тәжірибелі бола тұра әлгілерді жан түршігерлік хайуандыққа қимайтындай. Мұқағалидың күйіп-күйіп кететіні сол, ол Иноземцев бастаған қанішерлердің қазақтарды қанқасапқа салғанын өз көзімен көрген. Иноземцевтің аяулы арыс Рәйімнің ауылын ел естіп-білмеген қырғынға ұшыратқанын; Рәйімнің екі інісі мен үш баласын қабаттап қойып, қаншасын тесіп өтер деп, алды-артынан оқ жүгірткенін; ортасында аман қалған Нұрғазыны кеңсірікке дүммен соғып талдырып, тандырдың отына шыжғыра үйіткенін, одан кейін аузына тапанша тығып тағы атқанын; сосын Рекеңнің өзін Керегетастың көк шалғын тұмсығындағы ақыр тасқа көлденең сап, алдымен сақалын үйіткенін («Рекең жылады-ау сонда, күйелеп бетін жас жуып, жылады-ау сонда Рекең»), бәр-бәрін көрген, көрмесе-дағы білген... қорланған құрбандарды өз қолынан көмген...
«Мұқағали тұтқын офицерді тақымынан суырып алды да, бос қалған оң қолымен оның қарақұсын бүріп-бүріп, мытып-мытып жіберді. – Жат, – деді сонсоң Инозомцевті тізесінен сыпырып тастап. – Өлмейсің. Төрекеңді құтқармай тұрып сенің обалыңа қалардай доңыздың миын жегем жоқ. Сенің тіліңді Сәруар табады. Хабар жетіп Сәруар келсін, әзірге жата тұр. Жау бүйректі сосын асайсың.
Жасыл шұға шалғынға етпетінен түскен Иноземцев бірақ, тұяқ серіпкен жоқ».
Аңғал батыр Мұқағали Сәруардың да тұтқында, Крейгельдің азабында екенін білмеген еді.
Азап әп-сәтте тозаққа айналды.
Қыршын өмір қапыда қиылды. Бәлкім, қапыда емес.
Автор жас жігіттің өмірі қыршынынан қиыларда бір Сәруардың үш Сәруарға бөлініп, бір-бірімен қалайынша, атысып-шабысқанын суреттейді. Ажалдай сазарған бірінші Сәруар тапжылмай табалайды. Екінші Сәруар жұбатады: «– Атыларымды сәскеде ғана білсем, қайтіп дайын болмақпын?». «Ақымақсың, – деді ол, – ақымақсың. Адам, себебі, ажалға өмір бойы дайындалуға керек; адамның ғұмыры, себебі, жалғыз сәтке – ажал сәтіне дайындық».
«Голоножкин сонсоң: «Я не могу, Ваше благородие» деді. «Что не можешь?» – деді Крейгель. «Я живу на их земле», – деді Голоножкин, осы сәт – маузерді қалай жұлып алғанын білмеймін – Крейгельдің қолы түтеді, іле шөкелеп мен қалдым. Крейгельдің қолы түтегені, менің шөкелеп қалғаным, Голоножкиннің мұрттай ұшып түскені рас, мен, бірақ, мылтықтың даусын естігем жоқ... көз ұшындағы Қазығұрт дауыл шайқаған тұт ағаштай теңселіп кетті, теңселіп кетті, теңселіп кетті де оң жақ иығым тыз ете қалды, іле шырқырап Қазығұрт шыңғырды, құлын дауысымен шырқырап Қазығұрт шыңғырды, шыңғырған әлде Қараала ма – білмеймін... мен сонсоң оң жамбасыма құлап, жер бауырлап жылжи бергенде жасыл бетегеге қан жауды... айналайын менің Қарааламды, Қарааламды менің қан қызыл шәйі көмді, қан қызыл шәйі көмді, қан қызыл шәйі...».
«Бесіндегі» «Бесатар» повесі осылай аяқталады.
* * *
«Стилі жоқтың жазғанын оқу – арпа талқанды құрғақ асағандай. Стилсіз жазушы, өз стилін таба алмаған жазушы іріге еліктеп, калькаға барады да, сорпаның сорпасының сорпасы болады», – дейді стильдің сүлейі Сүлейменов. Солай, айналайын оқырман, сізді сөзіміздің басында осы күндердегі нөпір кітаптарға аса көп алаңдамай, бағзыдағы татымды туындыларды қайталап оқуға шақырсақ, «сорпаның сорпасының сорпасын» сораптағаннан сақтандырғанымыз ғой, әншейін.
Асқар Сүлейменовтің «Бесіндегі» «Бесатары» – сол, он алтыншы жылғы қазақ қауымының барша қасиеті мен күллі қасіретінің нағыз көркем, пәлсапалық-психологиялық картинасы. Оны қайталап және оралып тағы оқып-тану, зерттеп-қану ғана жетіспей тұр. Себеп: лингвистикалық прозаның теңдессіз үлгісінде, тосын түрінде, тың термесінде зерленген хикаят жеңіл ұғылып, желпі зерделенер калька емес. Ұлы Абай өнер туындысы мен ой-сана тереңдігі хақында толғана келе торығып: «Саяз жүзер сайқалдар ғапыл қалар», – деп бекер ызаланбаған.
Өзіңізге айтпақ Асқар аңсарымыз осы еді, оқырман дос.
Мархабат БАЙҒҰТ, жазушы.