Бұл – елеулі оқиға

Мақпал ТӨРЕБЕК, «Оңтүстік Қазақстан». Цирк өнерінің хас шебері, РФ халық әртісі Мстислав Запашный Шымкентке алғаш рет гастрольдік сапармен келді. Миллион тұрғыны бар шаһарға арнайы ат басын бұрған цирк әртістері «Шымкент Цирк» аренасында бір ай бойы «Ұлы орыс циркі» атты жаңа бағдарламасын ұсынады.
Алғашқы күннен-ақ, «Шымкент Цирк» аренасының залы шоу-бағдарламаны көруге келген үлкенді-кішілі көрерменге лық толды. Екі бөлімнен тұратын бағдарламаға сайқымазақтардың, әуе гимнастары мен акробаттардың өнері топтастырылған. Қолға үйретілген жыртқыштар да кішкентай көрермендердің көңілінен шықты.
– Бұл бағдарлама үш жыл бұрын қойылған. Содан бері осы қойылыммен бүкіл Ресейді араладық. Енді Шымкент қаласын миллион тұрғыны бар қалаға айналуымен құттықтап келіп отырмыз. Бұл қызықты шоу-бағдарламаға 50 әртіс жұмылдырылған. Оған қоса қолға үйретілген 13 жолбарыс, 4 аю, 3 жылқы, әртүрлі 18 ит пен пинчерлер әкелінді. Мұндағы мақсат – шымкенттіктерді цирк өнерінің соңғы жаңалықтарымен тәнті ету. Біз қала тұрғындарын асыға күтеміз, – деді бағдарламаның директоры, қоюшы-режиссёрі және көркемдік жетекшісі Мстислав Запашный.
Жастар балеті мен лазерлік және түтіндеткіш инсталляциялардың сүйемелдеуімен өткен бағдарлама жыртқыш аңдардың қойылымымен жалғасты. Әсіресе, Бенгал жолбарыстары мен уссуриялық жолбарыстардың қатысуымен өткен аттракцион көрермендерді ерекше әсерге бөледі.
Ал, «Шымкент Цирк» мекемесінің директоры Арман Әлиевтің айтуынша, Ресей цирк өнерінің көшбасшысы, әлемдік цирк алаңының үздігі Запашныйлар әулетінің өңірге табан тіреуі – көрермендер үшін ғана емес, Шымкент циркі үшін де елеулі оқиға. «Себебі, «Шымкент Цирктің» құрылғанына желтоқсан айында жеті жыл толады. Сол жеті жылда цирк өнері бойынша манежде
Ресейдің халық әртісі бірінші рет өнер көрсетуде. Сондықтан бұл біздің әртістеріміз үшін тәжірибе алмасуға, ал, жергілікті тұрғындарға әлемдік деңгейдегі қойылымды көруге мүмкіндік беріп отыр» деді А.Әлиев.
Айта кетейік, Запашныйлар әулеті 2 желтоқсанға дейін әр аптаның жұма, сенбі, жексенбі күндері «Шымкент Цирк» ғимаратында сіздерді думанды бағдарламасымен күтеді.