Басыма көгала үйрек қонғандай күй кештім...

  «Аса қымбатты Бегман ағай, аман-есендікте жүрмісіз?» деп бастапты Ақбөпе хатын. – Адамға бір-ақ рет берілетін студенттік дәурен бізбен қимастықпен хош айтысып, алыстан қол бұлғап қала берді. Енді өсиетке толы лекцияларыңызды тыңдай алмайтынымыз өкінішті-ақ. Сол бақытты кездерді сағынышпен еске алатыным болмаса. Институт қабырғасында өзіңіздің жетекшілігіңізбен көптеген жобаларға қатысып, гуманитарлық ғылымның қыр-сырын игеруге тырыстым. Кемшіліктер де болды, жетістіктерден де құралақан емеспін. Ең бастысы, ерінбей еңбектенуді, жоспарлы жұмыс жүргізуді, дереккөздерді тиімді пайдалану жолдарын үйреттіңіз. Нәтижесінде институтты қызыл дипломға тәмамдадым. Өзім қалаған мамандыққа қолым жетті. Бір асудан ойдағыдай өттік. Енді өзіңіз үнемі айтып жүргеніңіздей, ұлтты ұрпақпен (саналы да сапалы ұрпақпен) жалғастыратын, бір қолымен үкілі бесікті, бір қолымен (әлемді демей-ақ қояйын) отбасын тербететін кез келген сияқты.

 

Оңашада «Отбасын құруға даярмын ба?» деп жүз ойланып, мың толғандым. Өзіңіз үнемі айтып отыратынсыз: «Қыздың үш қасиеті бар. Ол өміріңнің қызығы, төріңнің Қызыры, бетіңнің қызылы» деп. «Қызы жақсы отбасы игілігін көреді, қызығы таусылмайды, төрінен Қызыр кетпейді. Жүзіңді жерге қаратпайды. Ал, қызы жаман болса, өмірі тозаққа айналады, төрінен Қызыр кетеді, ұяттан беті өртенеді» деп. Осынау ғибратты тәмсілдің түсінігі бар қызға шарапаты мол болады деген сенімдемін. Сондықтан қыз дәуреннің шашасына шаң жұқтырмауға, күңкіл сөзге қалмауға тырыстық, қыздырманың қызыл тіліне ермедік. «Қазақтың қызы деген ғажап атқа» лайық болуға әрекеттендік.

Ауылдың маңдайалды қызы болмасақ та «жақсы қыз» санатында болдық-ау деймін. Ата-анамызға, әулетімізге сөз келтірмеуді ойладық. Енді сүйікті жар, «әулеттің таңдаулы келіні» атану, тәрбиелі ұл-қызды өмірге әкелу, қадірлі жеңге, тату-тәтті абысын болу мақсаты тұр алдымызда. Оған негіз де жоқ емес. Ата-бабамыз мұра етіп қалдырған салт-дәстүрді, тіл мен дінді, тыйым сөздерді жастайымыздан бойымызға сіңіріп өсіп, бойжеттік. Ата-ана берген ұлттық тәрбие, қала берді институт қабырғасында ұлағатты ұстаздардың (әсіресе өзіңіздің) отбасы құндылықтары жайында айтқан ой-пікірлеріңіз мені шаңырақ көтеруге, аяқты үзеңгіге салуға тиянақты даярлаған секілді. Либералды құндылықтарды негізге ала отырып, ата-баба үлгі еткен отбасылық рөлдерді қабылдап, жұбайлық өмірге дайынмын-ау деп ойлаймын. Олай дейтінім, шаңырақ көтерудің тек жағымды жақтарын елестетіп қоймай, отбасының сан түрлі қиыншылықтарын да, тұрмыстық өмірде когнитивті диссонансқа ұшырамау жолын да ой сүзгісінен өткізген сияқтымын.

Таң қаларлық таланты да, сүйсінерлік өнері де жоқ, ең бастысы, қолына қару алып елдің шетінде, желдің өтінде, Отанымыздың қасиетті шекарасында сапта жүрген жігіт (қайдан білгенін қайдам?) мен қалайтын алқызыл раушан гүлін ұсынып «қазақтың ару қызы Ақбөпе, жүрегімнің қалауы өзіңсің!» деген. Осылайша қазақтың қарапайым жігітінің құттыханасының табалдырығын аттап, келін болып түстім. Ендігі жерде менің құқым тарылып, жауапкершілік пен міндетімнің артатынын да білемін. «Ерте тұрған әйелдің бір ісі артық» екені де ойымда. Білмейтінім де бар шығар, оны өмір деген ұлы мұхиттың асау толқындары үйретер деген үміттемін.

Тойымыз мамыр айының 26-сына белгіленді. Ағай, бір белестен екінші белеске өтер шешуші кезеңде өзіңіз тойымызда болып, шәкіртіңізге ақ тілегіңізді айтуыңызды өтінемін» депті Ақбөпе хатында.

Қазақта «Шақырған жерден қалма, шақырмағанға барма» деген қағида бар. Оның үстіне тойына шақырып отырған қандай жан десеңізші? Қазақта мұндай қыздарды «көркіне ақылы сай» деп әспеттейді. Ақбөпе сондай қыздардың бірі-тін. Доцент Бауыржан екеуміз тойға бір жарым сағаттай кешігіп келдік. Қонақтар жайғасып қойыпты. Кіре берісте қонақтардың тізімі, қай столда отыратыны көрсетілгенімен, бізді тізімге қоспапты. Жастар отыратын жердің оң жағына «жабы емеспіз, тұлпармыз, құладын емес, сұңқармыз» дегендей өңшең жақсылар мен жайсаңдар жайғасыпты. Танаулары көк тіреп, айналасына соно-о-у ұшар көктен көз тастайды. Олардан сәл төмендеу жайғасқан жаңа құдалар болса керек, «төсекте басы, төскейде малы» қосылғанына шүкіршілік етіп, көпшілікке сыр алдырмай, томаға-тұйық отыр. Біз «әуп, пірім» деп үшінші санаттағылар қатарындағы бос орындарға іліктік. «Біреулер келіп «бұл біздің орын» деп тұрғызып жіберсе қайтеміз» деп қуыстанып отырмыз.

Той басталды. Талшыбықтай бұралған он шақты қыздың биінен соң шаңырақ көтерген жастар құрбыларымен төрдегі орынтағына қарай бет түзеді. Орталарында – ақшамдағы ақша қардай төгілте киінген Ақбөпе. Тұла бойынан инабаттылық, дидарынан имандылық еседі. Жастар да, шапалақ ұрып қошеметтеген қалың көпшілік те саябыр тауып, орындарына жайғасты. Кенет... ақшамдағы ақша қардай киінген қалыңдық орнынан тұрып, үшінші санаттағыларға қарай бет алды. Омартадағы арадай құжынаған жұрт сілтідей тынды. Қайда барады? Не үшін?

Бағыты... Маған... Төрт жылдай институт қабырғасында дәріс берген ұстазына... Тойға келгелі көзге ілінбеген кадірсіз қонаққа... Күллі жұрттың назары ауған қалыңдық қарсы алдыма келді де, үш рет тәует басын әсем иді. Ақбөпенің осынау келбетінде не жоқ дейсің? Ол кескіннен қайрат-күшпен қатар сүйкімділік пен жарасымдылықты, ізеттілік пен ибалылықты, қазақылыққа тұнған нәзіктікті, тәрбиелілік пен парасаттылықты аңғару қиын емес еді. Егер менен біреу «Бұл дүниедегі ең сұлу нәрсе не?» деп сұраса, «Күн сәулесі!» деп жауап берер едім. Ол, сөз жоқ, менің пікіріме келісіп, өзге пікір айтып таласпас еді. Күн сәулесі сұлу ғана ма? Жоқ, ол сонымен бірге, ғажап жылу көзі. Ал, жылылық – тіршілік негізі. Бұл дүниедегі жылу көзі болып саналатындардың бәрі сол теңдессіз күн сәулесінің ірілі-ұсақты «ұрпақтары». Жер бетіндегі тіршілік иелерінің арасында «ұлы жалынның» шуағын тал бойына молынан жинақтаған қыз баласы десем, еш қателеспеген болар едім. Олай дейтінім, оның тал бойынан жылылық есіп, қара көздерінен нұр саулайды. Сондықтан қыз бала әсем де шуақты, көркем де нұрлы. Күн сәулесі түспеген тіршілік сөзсіз күйрейді. Қыз назары түспеген жан – бақытсыз. Әрбір парасат иесі сол күншуаққа компас тіліндей қол созып, жан жылуын сезінуге зәру. Алайда, кез келген жан нәркес көзден төгілген нұрға шексіз кенелетін экватор бола бермесі анық. Ол алтын тәжді бақыт – бір-ақ жанға тиетін сыбаға. Сонымен де ол – асыл арман, қол жетпес бақыт. Сонысымен де ол – текті, сыйлы да тәбәрік. Осы мезетте мен де көркіне мінезі сай талантты шәкіртімнің жан жылуына бөленіп, басыма көгала үйрек қонғандай күй кештім, ерекше тебірендім.

Шәкіртімнің маңдайынан сүйдім де «аттаған табалдырығың құтты болсын, қарағым! Түскен шаңырағыңа бақытты боламын деп барма, сол отбасын бақытты етемін деп барғайсың. Таңдаған отбасыңды құттыхана ететініңе сенімдімін, қалқам!» дедім. Ол «Ұстаз, сеніміңізді ақтаймын!» деді естілер-естілмес, жай ғана жанарын төмен салып тұрып.

Той көпке дейін өз жүрісінен жаңылды. Біздің кім екенімізді білмесе де, жас келіннің ерекше ілтипат білдіруіне қарап той иелері, күйеу баланың ата-анасы өкпелерін қолына алып, қасымызға жетсін. Кім екенімізді білді. Лайықты түрде қарсы алмағандарына өкініш білдіріп, кешірім өтінді. Отырғызарға жер таппай, шыр-пырлары шықты. Құдалар жақтан Ақбөпенің ата-анасы да келіп, жүрекжарды лебіздерін ақтарды. Күтпеген жерден тойға келген барша жамағатқа бір сәтте танылдық та қалдық.

Той иелері қанша өтінгенімен «бұрын көшпелі елдің ұрпағы болсақ та, қазір отырықшы елге айналғанбыз» деп қалжыңға салып, төрдегі ұсынылған орынға шықпай, өз орнымызда қала бердік. Сол жолы шәкіртіміз жан жылуын көрсетпесе, Бауыржан екеуміз шақырылмаған қонақ деңгейінде қалып, ешкімге танылмай кетер ме едік, қайтер едік? Ол бір Құдайға ғана аян. «Неге екенін қайдам? Қазақтың күллі қызы Ақбөпедей болса, халқымыздың түтіні түзу шығар еді-ау» деген ой келді маған сол жерде.

Бегман ЫСҚАҚ, ХГТУ профессоры.

Пікір қалдырыңыз