Қаламың қолдан түспесін жүзге дейін

  Белгілі сатирик-журналист, Отырар аудандық «Отырар алқабы» газетінің бас редакторы, ҚР Журналистер одағының мүшесі, Садықбек Адамбеков атындағы бүкілқазақстандық сатириктер конкурсының жеңімпазы, Оспанхан Әубәкіров атындағы әдеби сыйлықтың лауреаты Төпен Әмірбекұлының есімі қалың оқырманға кеңінен таныс.

 

Ағасы Көпен сыныптас досым болғандықтан оның үйіне жиі барушы едім. Әмірбек көкеміздің ғибратты әңгімесін тыңдап, Жұлқын апамыздың қолынан дәм татып өстік. Сол кездің өзінде-ақ бала Төпеннің сөз өнеріне бейім екені байқалатын. Жылдар өте келе оның әзіл-сықақтары мен мақалаларын аудандық, облыстық, республикалық басылымдардан оқитын болдық. Төпен журналистикадағы жолын 2000 жылы «Айғақ» газетінің Отырар ауданындағы тілшісі болып бастап, сосын Жамбыл облысындағы «Тараз» тәуелсіз газетінде қызмет етті. 2010 жылы туған жеріне оралып, аудандық «Отырар алқабы» газетіне тілші болып қабылданғанда басылымға жаңа леп ала келді. Еріксіз езу тартқызар сықақ өлеңдері мен әңгімелері оқырмандар санасына сілкініс жасады. Газеттің мазмұны байып, көркемдік деңгейі арта түсті.

«Алтын кездік қын түбінде жатпайды» деген рас екен. Бас редакторымыз Зайыр Сабыр көп ұзамай газеттің жауапты хатшысы қызметін оған сеніп тапсырды. Қалам құдіретімен оқырмандарының құрметіне бөленген ол 2014 жылы аудандық «Отырар алқабы» газетінің бас редакторы болып тағайындалды. Бұл жағдай қаламынан қасиет төгілген Төпеннің шабытына шабыт қосты. Ел бұзар мақалаларға жол бермеді. Елдің ынтымақ-бірлігі жолында қызмет етті. Ақ сөйлеп, әділін айтты. Ауданның мәдени-рухани әлеміне де ізін қалдырды. «Отырардың ардақты аналары мен арулары», «Аңыз адам», «Армандастар, құрдастар» атты үш кітабы оқырманға жол тартты. «Төпеннің төпелемелері» атты сатиралық кітабы қаржылай демеушісін күтіп, баспаға дайын тұр.

Шәмші ағамыздың «Бір әнім» атты туындысын тірілткен осы Төпен. Белгілі сазгер Бауыржан Тұрғараевтың анасы Қалима апамыз бұл әнді 56 жыл бойы сақтап келіпті. Төпен апамызды «Қазақстан – Шымкент» телеарнасына ертіп барып, әннің тарихын айтқызып, таспаға жаздырды. Бүгінде бұл ән республика көлемінде айтылып жүр. Бұл білгенге маржан, ұрпаққа өнеге болар игі іс еді.

Иә, оның өмір жолы тағлымға толы. Қайсыбір жылы ауданда Сымбат Рахманбердиева деген балауса әнші «Ақ көгершін» фестиваль-байқауында бас жүлдені жеңіп алған. Көп ұзамай Чехияда өтетін «Прагадағы жұлдызды жаңбыр» атты өнер байқауына шақыру алған Сымбатқа қаржылай қолдаудың болмауынан бара алмау қаупі туды. «Бұлақ көрсең, көзін аш» дегендей, өнерлі жасқа болысқан Төпен кәсіпкерлерден, мекеме басшыларынан, өнер құдіретін түсінетіндерден қажетті қаражатты жинап берді. Сол жолы Сымбат 86 мемлекеттің өнерпаздары арасынан топ жарып, бас жүлдені жеңіп алды. Бүгінде әнші қыз Астанадағы Өнер академиясын үздік бітірді.

– Мына бір мақаламның оқиғасы есімнен кетпейді. Шымкент қаласындағы «ХҚКО» мекемесінің алдында тұрған автокөлік өртенгенде ішінде бала қалып қояды. Маңайдағы адамдар отқа оранған көлікке жақындауға батылдары жетпей тұрғанда отырарлық Амангелді Сәдібеков деген мүгедек жігіт көліктің есігін ашып, баланы өрттен құтқарады. Салонда тағы бір баланың бар екенін байқап, оны да құтқаруға ұмтылғанында сол маңдағы адамдар «жақындама, көлік жарылады!» деп шулап қоя береді. Алайда, Амангелді батылдық танытып, екінші баланы да өрттен аман алып шығады. Осы мақалам облыстық, республикалық газеттерде жарияланғанымен, ешқандай жауап болмады. Содан «Бейбіт күннің батырлары не үшін марапатталмайды?» деп сенатор Қуаныш Айтахановқа ұсыныс хат жолдадым. Қуаныш ағаның қолдауынан кейін Төтенше жағдай министрі Божко араласып, Амангелді Сәдібеков «Өрт сөндірудегі ерен ерлігі үшін» медалімен марапатталды, – дейді Төпеннің өзі.

Міне, осы оқиғалардың өзінен-ақ Төпеннің кез келген мәселеге бей-жай қарай алмайтын, ерік-жігері мықты, адамдарға жүрек жылуын молынан сыйлағысы келіп тұратын жайсаң азамат екенін тануға болады. Төпеннің осындай құрметке бөленіп, биік дәрежеге көтерілуіне тектілік тұнған отбасылық тәрбиенің әсері аз болмаса керек. Олай дейтініміз, әкесі Әмірбектен жеті ұл, үш қыз тарайды. Солардың ішінде белгілі сатирик Көпен мен Базарбек, Ерсұлтан және інісінің ұлы Нұрсұлтан бар, барлығы қазақ баспасөзін дамыту, өркендету жолында бұқаралық ақпарат құралдарында еңбек етіп келеді. Нұрсұлтан «Ара» журналында жауапты хатшы болып қызмет істейді.

Төпен қаламынан шыққан әзіл-қалжың дүниелер Арыстай арынды, Сырдариядай сырлы, көтерер жүгі Мұрынқарақ тауының тасындай ауыр, алмастай өткір. Әріптестері мен жүрген ортасы оны тәуелсіз еліміздің қаламгерлер әлемінде өз орнын ойып алып, жеке өз әлемін түзген талантты сатирик-журналист ретінде құрмет тұтады. Бір сөзбен айтқанда, талант пен талап жетелеген азамат отызында орда бұзып, қырқында қамал алып, өзгелерден дараланып, елінің үмітін ақтайтын да, қасиетін сақтайтын да, кем-кетігін жоқтайтын да дәрежеге жетті. Алпыс үш жасқа толып, зейнеткерлікке шығып отырған Төпен Әмірбекұлына жүзге жеткенше қаламың қолдан түспесін дейміз.

Файзулла РАХМАТУЛЛАҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Пікір қалдырыңыз