«Қазына» — қазақ би өнерінің қазынасы

  Өткен аптада «Түркістан» сарайында халықаралық байқаулардың жеңімпазы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті «Елбасы қоры» сыйлығының иегері «Қазына» би ансамблінің 30 жылдық мерейтойы аталып өтті.

 

Оңтүстіктің өнер көгінде жұлдыздай жарқыраған өнер ұжымы көрермендерге «Дала рухы» атты фольклорлық хореографиялық спектаклін ұсынды. Қазақ елінің шежірелі тарихы мен бүгінгі бейнесін байланыстыра отырып дайындаған мерейтойлық бағдарлама көрермендерге ерекше әсер сыйлады. «Түркістан» сарайының фойесінде Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияға қарасты «Қазына» би ансамблінің жетістіктерінен сыр шерткен көрме ұйымдастырылды. «Қазына» және «Алаш» аспапты ансамбльдерінің сүйемелдеуімен өткен шығармашылық кеште облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы Асылхан Темірхан өнер ұжымын мерейтойымен құттықтап, ҚР мәдениет қайраткері, бас балетмейстер Зәуре Әжібековаға облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың Алғыс хаты мен сый-сияпатын табыстады. Сондай-ақ, «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымының режиссері, хореограф, ҚР Тұңғыш Президенті қорының лауреаты, «Қырғызстан Республикасының мәдениет үздігі» төсбелгісінің иегері Арман Нұрмахаматұлы аталған ұйымның мерекелік Алғыс хатын табыстап, түркітілдес елдер арасындағы барлық би топтары атынан шынайы құттықтауын жеткізді.

– «Қазына» би ансамблі сонау 1992 жылы алғаш рет Шара Жиенқұлова атындағы республикалық байқауда мемлекеттік би ансамбльдерімен қатар өнер көрсетіп, жеңімпаз атанып, өзінің бет-бейнесімен, ерекше қолтаңбасымен есімізде қалған еді. Кейінгі жылдары ансамбльдің биік деңгейге көтеріліп, халық- аралық конкурстарда топ жаруында Зәуре Бекембайқызының сіңірген еңбегі ерен. Елімізде өтіп жатқан би байқауларынан «Қазына» ешқашан жүлдесіз қайтқан емес. «Аймақтар аламаны» республикалық телебайқауында «мұра билер қалпына келтірілсін» деген талапқа сай қазыналықтар «Қазақ өрнектері» биін ұсынғанда жоғалтқан алтынымызды қайта тапқандай болғанбыз. Бүгінгі таңда осы биді бейнетаспадан студенттерге үйретіп жатырмыз. Ал, «Дала рухы» спектаклін би өнеріне қосылған ғажайып туынды деп бағалаймын, – деген Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, елімізге белгілі хореограф Тойған Ізім өнер ұжымына шығармашылық табыстар тіледі.

Ү.РЗУАНҚЫЗЫ.

Пікір қалдырыңыз