ЖЕТІ ШЕЛПЕК

  – Бүгін бейсенбі ғой, мына  жеті шелпекті жұмысыңдағыларға алып баршы, - деді Жолдасқа әйелі.  – Тез-тез сөмкеме сала сал, - деді ол  мойын бұруға мұршасы болмай. Әдеттегідей  аялдамаға асығып жетіп, көпшілікпен таласып-тармасып автобусқа мінді. Облыстық әскери комиссариат аялдамасы төрт көшенің  қиылысында орналасқандықтан ба, қоғамдық көліктер тұралап тұрып алады. Кондукторлар да алдағы аялдамаларды өңеші жыртылғанша айғайлап айтудан жалықпайды.        Жеке көлігін жөндеуге бергелі Жолдастың көрген күні осы. Бүгін  де терезеден жапсарласа салынған дүңгіршектерге сүлесоқ қарап тұр. Асханалардың алды ығы-жығы адам. Кенет оның көзіне қайыршы әйел түсті. Бәліш пісіріп тұрған кісіге жақындап алақанын жайып еді, ол «аулақ кет» дегендей қолын сермеп жіберді. Автобустың есігі тарс жабылып қозғалған соң ғана «Қолсөмкедегі жеті шелпекті неге бермеймін?!» деген ой сап ете қалды. Орнынан ыршып тұрып келесі аялдамадан апыл-ғұпыл түсті де артқа қарай жүгіре жөнелді. Қайыршы келіншекті табу қиынға соқпады. Жолдас оны  қолтықтап жақын маңдағы асханаға әкелді. Бір шәйнек шәйін алдырып, жылы қоштасып қайтадан аялдамаға асықты. Қайыршы әйел болса, қос қолын кеудесіне қойып, ризалық танытқан күйі қала берді.          Театрға келсе әдеттегідей жаңа қойылымға қызу дайындық жүріп жатыр екен. Өзінің таңертеңгі қылығына балаша қуанған ол шаршағанын ұмытып,  арқасынан ауыр жүк түскендей сезімде жүрді. Алайда, түскі үзіліс кезінде күтпеген жағдай орын алды.        – Жолдас, сен не жоғалттың? – деп, телефонды көтергені сол еді, қатқыл дауыс сұрақты төтесінен  қойды.      – Ештеңеее,- деді ол бірге оқыған Батырханның дауысын шырамытып.      – Сенің әмияныңды  бір жігіт тауып алыпты. Ішінде құжаттарың бар екен. Қазір нөмірін беремін – деді Батырхан.           Жаңылысып тұрған болар деп ойлады ол. Кабинетке келіп, күртешесінің қалтасын ақтарса, шынында да әмияны жоқ. Біраздан бері жеке көлікпен жүрмеген соң құжаттарын да іздей қоймапты. Дереу әлгі жігітке хабарласып, жұмысына келуін өтінді.          – Мен қоқыс таситын көліктің жүргізушісімін. Әмияныңызды Ордабасы алаңындағы қоқыс жәшігінен тауып  алдым. Құжат толы жаңа әмиянды қоқысқа  ешкім тастамайтыны белгілі ғой. Қолды болған шығар деп ішін ақтарып едім, бір жапырақ қағазға Батырхан дегеннің нөмірі жазылған екен,- деді жас жігіт ағынан жарылып.         Жолдас бірер күн бұрын сол маңдағы мешітке барған. Сырт киімін кіре-беріске ілген-ді. «Мешіттің ішінде де ұрлық жасайтындар болғаны ма?! - деді ол күрсініп. Сосын қайта көңілденіп, әлгі жігітке «сүйіншісін» ұсынды. Ат-тонын ала қашқан оған «сүйінші» қазақтың ата-дәстүрінің бір бөлшегі екенін түсіндіріп, ризашылығын білдірді.           «Осы біз кейде ісіміз алға баспағанда адамдарды кінәлап жатамыз. Көңілімізге қаяу түссе «адамдар қатыгезденіп кетті» дейміз. Жақсылық пен жамандықтың қатар жүретінін қаперімізде ұстамаймыз. Міне, бүгін таңертең бір жүрекке жылу сыйлағым келіп, жұмыстан кешіккеніме қарамай, жақсылық жасап едім, өзіме он есе болып қайтып келді» деп ойға шырмалған Жолдас үйіне қалай жеткенін де аңдамай қалды.  Төрехан ЕРНАЗАРОВ,    театр суретшісі. Шымкент қаласы.      

Пікір қалдырыңыз