Барымта дауы

  Кеңгірбай ЖІГІТЕКҰЛЫ 1720–1723 жылдары шамасында туған. Бұл кезде тобықты елі «Ақтабан шұбырынды, Алқа көл сұлама» оқиғасына ұшырап, әуелі қазақ даласының оңтүстігіне, кейіннен Қоқан хандығынан зорлық-зомбылық көрген олар батыс жаққа Ырғыз, Кеңгір, Торғай өзендерінің бойына ауып, қоныстанған екен. Жігітек батыр жаңа туған баласының атын Кеңгірбай қойыпты.

 

Арғынның Бура деген елінде бірнеше жылдан бері бір барымта дауы шешімін таппай жүреді. Бура елінің басты адамдары сол дауға билік айтуға Қаракесек биі Тіленшіге жүгінеді. Буралар Тобықты адамдарынан көрген зорлығын айтып, Тіленшіні қайрап салады. Мұны Тобықты биі Кеңгірбай сезеді. Осыдан екі би қырғи-қабақ боп жүреді екен. Тіленші Тобықтыларға тыйым сала береді. Оны Кеңгірбай тыңдамайды. Бір жолы екі арада қақтығыс болып, Бура жағынан бір адам өледі. Енді бұрынғы барымта дауына құн дауы қосылады.

Сол екі дауды шешу үшін Тіленші би екі жүздей адаммен атқа қонады. Тобықтының кариялары асып-сасып Кеңгірбайға барады. Кеңгірбай оларға:

– Саспаңдар, бір мәнісі болар, – дейді.

– Тіленшінің алдынан шықпайсыз ба? – дейді ауыл адамдары. Сонда Кеңгірбай:

– Мен үлкен басымды иіп, олардың алдынан шықпаймын. Әлгі бір өлеңші неме бар емес пе еді, соны шақырыңдаршы, – дейді. Біреуі барып он алты жасар Алтыбай ақынды ертіп келеді. Кеңгірбай оған:

– Бір атқа мін-дағы Тіленшінің алдынан шық! – дейді. Алтыбай бала Тіленшінің алдынан шығып, сәлем берсе, олар сәлемін алмайды. Тіленші «мына бір тайға мінген кімнің баласы?» деп, оны адам екен демейді. Сонда Алтыбай бала:

Мен Алтыбай бала өлеңші,

Сіз Бекболатұлы Тіленші.

Ата тегің жақсы еді-ау,

Ата тегің болмаса,

Ел бүлдірген өренші.

Алдыңа келгенде,

Әділдіктен бұзылдың.

Ата-анасы біз бе едік,

Терісінен соққан қызылдың?

Сен бұл барғаннан барарсың,

Бес-алты тай аларсың.

Елге бүлік саларсың.

Адалыңды арам қып,

Бір пәлеге қаларсың.

Ұры кетер түн асып,

Ақ бұлды адал құн кетер.

Барымтаға ұласып.

Талассаң талас, жарқыным,

Өзіңді-өзің таларсың,

– депті. Тіленші ойланып қалады. Бұл баланы Кеңгірбай әдейі жіберіп отырғанын сезеді ол. Үлкен-кіші бәрі ақыл қосады. «Бұл барғаннан барарсың, бес-алты тай аларсың, елге бүлік саларсың. Кұн дауы барымтаға ұласып, екі ел өшігіп кетер. Өзіңді-өзің таларсың» деп Кеңгірбай би түп атамыз Арғынды айтқызып отыр ғой. Қой, райымыздан қайтайық. Барып, іс мәнісін айтайық, Кеңгірбайдың өзі не дер екен? – деп Тіленшілер аттан түседі. Тобықтылар оларды сыйлап күтеді. Дау шешіміне жақындағанда өзінің ақ ордасында отырған Кеңгірбай би тағы да әлгі Алтыбай баланы шақырып алып:

– Бар, Тіленшіге сәлем айт, мына алтын жүзігімді алсын да, сөзді көп созбай тынсын, – деп жұмсайды. Алтыбай ақын алтын жүзікті әкеп Тіленшіге береді.

Сонда Тіленші:

– Би ағамыздың мұнысы «адамы өлген Бура елі Тобықтыдан бір қыз алсын да, құда-жекжат боп төс қағыстырсын. Ал, барымта дауы өзінен-өзі шешіле жатар» дегені ғой. Біз көндік, бітім осылай болсын деп бұл дауды қорытыпты. Екі ел сонымен құйрық-бауыр жесіп, алыс-беріс салтын жасап, құда-жекжат боп, татуласып тарасыпты.

Пікір қалдырыңыз