ӘКЕ ТУРАЛЫ ТОЛҒАУ

«Әке – асқар тау, ана – ағып жатқан бұлақ, бала – жағасындағы құрақ». Халық даналығы.

 

Әкем туралы ой қозғасам көз алдыма ойы жүйрiк, бойы биiк, қара қылды қақ жарғандай әдiл сөздi, тектi тұлғаның бейнесi келедi. Сөзi iсiнен алыс кетпейтiн, жүрiс–тұрысы сергек,  мына өмiрдегi миссиясының не екенiн терең түсiнген адам екенiн әрбiр әрекетi дәлелдеп тұрғандай.

Мұның барлығы, менiңше, атадан дарыған қасиеттер деп түсiнемiн.

Алдымен атамыз Балта Тоқбергенов жайлы айтып өтсек. Ол кiсi жастайынан өте зерек, ақылға жүйрiк, iскер, өмiрге деген көзқарасы ұшқыр, жiгерi тасып туған адам екен. Мектептi ерекше қабiлеттiлiгiнiң арқасында бiрнеше сыныпты аттап өтiп, қатарластарынан бұрын бiтiрген. Жетiншi сыныптан соң Қапланбек мал дәрiгерлiк техникумында оқуын жалғастырған.

Соғыс басталған жылдары «отбасылы болса, жағдайына қарар» деген оймен Жұмасұлу әжемiз үлкен ұлы Ерденге айтып жүрiп, Балтаны саңғылдан шыққан Дүйсебайдың қызы Қаламқасқа үйлендiредi.  Содан Ұлы Отан соғысы бiткенге дейiн атамыз Түркiстан мен Қызылорда қалаларының арасында қатынайтын эшелондарды әскери күзетпен қамтамасыз ету қызметiн атқарады.

Ел бейбiт өмiрге қайта оралған жылдары атамызға Ерден ағасы қамқор болып, әжемiз бен бала-шағаны өзi алып қалып, Балтаны Алматыға аттандырады. Алатау баурайындағы сұлу қаладағы жоғары оқу орнынан бес жылда мал дәрiгерi мамандығын алған атамыз елге қайтады. Түркiстан қаласының жанындағы Шорнақ МТС-нiң бас маманы болып қызметке араласады.

Содан 1959 жылы Арыс мал бордақылау пунктiнiң бастығы болып тағайындалады. Мiне, сол кезден зейнетке шыққанға дейiн түрлi басшы қызметтердi атқарады. Оңтүстiкте өлке құрылған жылдары осындағы мал бордақылау мекемесi басшысының бiрiншi орынбасары әрi Шымкент облысы бойынша осы мекеменiң басшысы болады.

Зейнетке шыққанға дейiнгi 20 жыл бойы Шымкент қаласынан 10 шақырым жерде орналасқан Ленгiр ауданына қарасты «Ақжар» кеңшарының директоры болды. Елге еңбегi сiңдi. Бүгiнде сол ауылдың тұрғындарының қолдауымен Балта атамыздың есiмi ауылдың орталық көшесiне берiлген. 

Балта атамыздың Қаламқас анадан көрген сегiз перзентiнiң алтауынан ұрпақ жалғасты.

Әкемiз Тасанби әулеттiң тұңғышы едi. Тұңғыштың жүгi ауырлау келедi. Әйтсе де, әкемiз бұл жолда да абырой арқалап өттi. Атамыз Балтекеңнiң сенiмiнен шыққан, үмiтiн ақтағандай ұл болды. Екеуiнiң өзара талай күрделi мәселелердi шешiп отыратындарын жиi көретiнмiн.

Артынан ерген Асанби, Хасанби, ең кенже бауыры Жүсiпке, қарындастары Бибiдария, Эльмираға қамқоршы, ақылман аға, арқасүйер бола бiлдi. 

Сондықтан да болар әкемiз сырттай қарағанда қатал болып көрiнетiн. Әсiресе, iнiлерiне сын көзбен қарап, кеңес-нұсқау берiп отыратын. Бiр туған бауырларына деген жанашарлығы, бауырмалдығы шексiз болатын. Қайсы бiрi сырқаттанып, ауруханаға түсiп қалғандай болса, жанына барып, басы-қасында болып, дәрiгерлердiң дұрыс қарауын қадағалап жүретiн. Әбден аяққа тұрып, отбасына қайтқанша өзi де көз iлмейтiн. Көбiне өз мұқтажын шетке ысырып қойып, алдымен бауырларының жағдайын жасайтын.

Атамыздың ақылына ұйыған, сөз қадiрiн ерте ұққан ол кiсi жастайынан кiтапқа құштар болды. Соның арқасында әлемдiк тарихпен, әлемдiк классикамен ерте танысты. Қыруар тiрлiктен сәл қолы босай қалса,  жазуға отыратын. Асыл сөздерi жазылып жатқан қағаздан бас алмайтын.

Әулеттiң үлкенi ретiнде Ерден, Балта аталардан тараған ұрпақтардың үлкен әулетке деген тағзымын жеткiздi. Керек десеңiз, сол әулеттiң бүкiл өсiп-өну тарихын, өз «стратегиясын» санасынан өткiзiп, пысықтап барып, ең құндыларын, қажеттiлерiн кейiнгi ұрпаққа жол сiлтегендей етiп, «Айбалта» атты кiтап жазып қалдырды.

Әкемiздiң «осы кiтабым басқа жазбалардан өзгеше болып шықты» деген сөзi есiмде қалып қойыпты. «Себебi, бұл кiтапта мен тек тарихта болған жағдайларды жазып, ата-бабаларымды суреттеп қана қойған жоқпын. Олардың өмiрдегi ұстанымдарын, келешек ұрпаққа қандай үмiт артып, парыз жүктегенiн айқындап көрсеттiм».

Осылайша бiр кiтапты дайындау үстiнде әкемiз қаншама iрi iстер атқарды. Бiрiншiден, аталарымыздың өмiрiн бейнелеу арқылы әулет және тектiң тарихын жеткiздi. Екiншiден, өз заманын және замандастарын сипаттау арқылы өмiрдегi өзiнiң қағидаларын әрi игi iстерiн бiзге үлгi ретiнде қалдырды. Үшiншiден, ұл-қыздарының, немерелерiнiң, келiндерiнiң мiнез-құлқын бере отырып, олардың бар қырын ашуда болашақта қандай үмiт күтетiнiн, қай бағытта жұмыс жүргiзу керектiгiне болжам жасайды. Сондай-ақ, өз қаламын шыңдай түсiп, жазғанының келешекте қайсысын өңдеу керек екенiне дейiн өсиет қылып жазып кеттi.

Бұл кiтап – бiздiң әулеттiң әкеден қалған басты мұрасы деп бiлемiн.

Әкемiз алаш көсемi Әлихан Бөкейханұлының «Бiлiм – күн сияқты, ұмтылғанның бәрiн жарылқайды» деген сөзiн жиi қайталайтын. Балта атамыздан дарыған бiлiмге деген құштарлық бiздiң де, яғни бүкiл ұрпағының санасына терең ұялаған секiлдi. Сол бiр құштарлық әрқайсымыздың жоғары бiлiм алып, үлкен мақсат жолында талай  iстi жүзеге асыруымызға жетекшi болғандай.

Өз басым қарындасым Лаура екеумiздiң жоғары бiлiм алуымызға Ыдырыс ағамыздың үлкен септiгi тигенiн ұмытпаймын. Сол үшiн де ағамызға айтар алғысымыз шексiз.

Атам қазақ: «Әкеден мал қалғанша, тал қалсын» дегендi осындайдан айтқан екен-ау деймiн.  Расында да, аталарымыз бен әкемiз бiзге мұра ретiнде жоғары бiлiмдi тарту еттi. Мынадай мың құбылып, жүз өзгерiп жатқан заманның құбылысын болжағандай, күнделiктi қажеттi мамандығымызды жетiлдiрiп отыруға үйреттi.

Бiлiм киесi ата-анамыздан кейiн Ысмайыл ағама ерекше дарыған. Жиырма алты жасында физика-математика ғылымдарының кандидаты атанды.  Әулетiмiзде анамыз екеуi ғылыми дәреже иелендi. Сондықтан да бiлiм – әкемiздiң ұрпағына сыйлаған ең құнды тәбәрiгi деп бiлемiн. Адамгершiлiк, кiсi сыйлауда да үйреткен тағлымы мол. Ата-ананы құрметтеудi сол кiсiлерден үйрендiк.

Атамыздың сөзi ешқашан орындаусыз қалмайтын. Өз әкемнiң «мен әкемнiң (атамызды айтып отыр) жанында ешқашан өзiмдi емiн-еркiн ұстаған емеспiн» деген сөзi әлi есiмде. Бәлкiм бұл сөздi маған әдейi, менiң жүрiс-тұрысымды сынай қарап отырып айтқан болар.

Жылына бiрнеше рет «Сарыағаш» шипажайында дем алады. Сол кездерi азық-түлiк, дәрi-дәрмек, қаражатпен қамтамасыз ету мәселелерiн үнемi телефон арқылы бақылап отыратынбыз. Оны көрген жұртшылық бiздiң атамыз бен әжемiзге ерекше сыйластықпен қарайтын.

Тағы бiр еске түскенде жүрек жылитын дүние – сүйген жарына, яғни Тамара анамызға деген махаббаты мен сыйластығына осы күнге дейiн тәнтiмiн.

Елу жасқа толуына арналған мерейтойында  әкемiз «Осы өмiрдегi барлық жетiстiктерiм, бағындырған белестерiм, алған қамалдарым Тамараның бағына арналған» деген едi. Екеуiнiң пәк сезiмi, бiр-бiрiне деген сүйiспеншiлiгi ел арасында да, туған-туыс арасында да аңызға айналса, үй iшiн де шуаққа бөлеп тұратын. Әлгi айтып өткен тойда «Тамара – пәктiктiң, тазалықтың және адалдықтың асыл бейнесi» деген сөзi тағы бар.

Қаламынан туған «Айбалта» кiтабының 30 беттен тұратын тарауын әкемiз анамызға арнаған. Сол тарауда әкемiздiң бүкiл ойы төгiлiп тұр.

Анамыз Тамара 2012 жылы 9 қыркүйекте өмiрден өттi. Араға төрт жыл салып, қыркүйектiң 8-нен 9-на қараған түнi әкемiз Тасанби де бақилық болды. Араға салған уақыт салмағын еске алмағанда қос тiрек, екi тұлғаның жамбасы  бiр күнi, яғни 11-шi қыркүйекте жерге тидi. Екеуi бiр жерге қойылды.

Алла Тағаланың бұл кереметiне не дейсiз?! Осы екi жанның ғұмырларын бiр шаңырақ астында өткiзiп, бұл дүниеден озарда да бiр айдың бiр күнiнде көз жұмуын өз басым кездейсоқтыққа жатқыза алмаймын. Құдайдың iсiнде кездейсоқтық болмайды.

Әкемдi мен бала кезiмнен үлгi тұтуға, iс-әрекеттерiн қайталауға, басқан iзiмен жүруге тырыстым. Оның ақыл-кеңесiн, ой-толғауларын санамнан өткiзiп отырып, қазiрдiң өзiнде сол бiр асыл жанның әлемтану, адамтану мәселесiнде және өмiрлiк қағидаларды қалыптастыруда берiк ұстанымы болғанын ұға түсемiн. Өзiм де сол қағидаларды пайдалануға тырыстым.

Әкемнiң басынан қиындық кешiрген жағдайларда күрмеуi қиын мәселелердi қалай шешкенiн, кiмге қандай ақыл айтып, көмек бергенiн, қамқорлық танытқанын, шәкiрттерiн қалай баулығанын көз алдыма сан рет келтiрдiм.  Сондай-ақ, қандай кезде тәкаппарлық танытқанын, қай жерде жаужүрек мiнез көрсеткенiн аңғарып, жадымда сақтап қалуға тырыстым.      

Әкемнен артық еңбектенген адам бұл өмiрде бар болса, бар шығар-ау, бiрақ өзiм көрмеппiн. Ол жайлы бүкiл облыс, қала бердi республика жұртшылығы әлi күнге дейiн аңыз етiп әңгiмелейдi. Таңды таңға ұрып, жұмыс iстейтiн.

Әлi есiмде, бiрiншi сынып оқып жүргенмiн. Әкемiздiң күнделiктi жұмысын саралап көрейiн деп анамызға бiрнеше сұрақ қойдым.

Ол кезде әкем Келес аудандық партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы. Қарасам, мақта жинау науқаны кезiнде таңертең сағат жетi жарымда үйден шығып кетiп, таңғы бестерге жуық келедi екен. Арасында түскi және кешкi тамақ iшуге келiп, бiр-екi сағат қана демалады. Сосын әкеме барып: «Ертең мен де осындай үлкен қызмет атқарамын ғой. Сонда адамдармен жұмыс iстеп, бастық болуым мүмкiн. Ендеше, сiздiң қалай жұмыс iстегенiңiздi көргiм келедi» деп жалынып, қасынан қалмай бiрге жүргенiм есiмде. Сол күнi түнделетiп, совхоз-колхоз аралап, атқарылып жатқан жұмыстарды тексерiп келгенбiз.   

Әкемiз әрдайым өзiне де, өзгеге де өте талапшыл адам болды. Коммунистiк партия дәуiрiнде бiлiм, тәжiрибе алған азамат, жеке тұлға ретiнде қалыптасты. Ол кiсi мәселенiң оңайы болсын, күрделiсi, қиыны болсын, оларды шешуге аса ыждаһаттылықпен, жауапкершiлiкпен қарайтын.

Еңбек жолын Қазақстан комсомолы Орталық Комитетiнде бастаған ол кiсi 1977 жылы ОҚО, Қызылқұм (қазiргi Отырар) аудандық партия комитетiнiң II  хатшысы болып сайланды.

1985 жылы – Келес (қазiргi Сарыағаш), 1988 жылы – Жетiсай (қазiргi Мақтаарал) аудандық партия комитеттерiнiң I хатшысы болып сайланды.

1993 жылы киелi Отырар жерiне әкiм болып оралды. Уақыт өте келе осы ауданның «Құрметтi азаматы» атағына ие болды.

ҚР Президентi Әкiмшiлiгiнiң мемлекеттiк инспекторы лауазымынан зейнеткерлiкке шықты.

Қандай үлкен қызметтердi атқарса да елмен бiрдей өмiр сүрдi. Халыққа қызмет жасауды басты мақсаты деп бiлдi. «Тәкең нағыз халықтың адамы ғой» деген сөздi ел-жұрттан әлi көп естимiн.

Тұрмыста да өте қарапайым едi. Мал-мүлiкке, дүниеге қызықпағандығы сонша, обкомның өзi 1991 жылы көлiк сыйламайынша, үйiмiзде жеке көлiк болмапты. Ең алғашқы жеке үйге елiмiз тәуелсiздiк алған жылдыры Жетiсайдағы өкiметтiң үйiн жекешелендiрудiң арқасында қолымыз жеттi.

Әкемiз бар өмiрiн тек халықтың ризашылығын алуға арнағандай көрiнедi маған. 

Көп үшiн төккен маңдай терiн Алла қабыл еткен болар, үш ұлын ұяға, қызын қияға қондырды. Оннан аса немере сүйiп, тәрбиеледi.

Ата-анамыздың әруақтарына Алладан мейiрiм, Пайғамбардан шапағат болсын! Рухтары жаннәттан орын табуын Аллам нәсiп етсiн!

Құрметтi ағайын! Әулетiмiздiң бәйтерегi, асқар таудай ардақты әкемiз Тасанби Балтаұлы ТоҚбергеновтiҢ дүниеден озғанына – 1 жыл, аяулы да асыл анамыз Тамара СапарҒалиҚызыныҢ бақилық болғанына 5 жыл өтуiне байланысты еске алу асы 19 тамыз күнi сағат 12.00-де Астана қаласы, Республика даңғылы, 19-үй, «Меруерт» дәмханасында берiледi. Барша ағайын-бауыр, туған-туыс, құда-жекжат, қадiрлескен, сыйлас болған азаматтарды Құран iшiнде болуға шақырамыз.   

Рүстем ТОҚБЕРГЕНОВ. Өскемен қаласы.

Пікір қалдырыңыз