СИРЕК КЕЗДЕСЕТIН БОЙТҰМАР

  «Әзiрет Сұлтан» қорық мұражайында бала тұмар, қолтық тұмар, бесiк тұмар, бойтұмар атты жәдiгерлер бар. Қазақ зергерлерi көбiне тiл-көзден сақтайтын Құран сүрелерi жазылған қағаз сақтауға лайықты тұмарша мен бойтұмарды күмiстен соққан екен. Соның iшiндегi ең сирегi, басқа өңiрлерде кездесе қоймағаны «етiк тұмар» болып отыр.

 

Он саусағынан өнер тамған қазақ шеберлерiнiң зергерлiк бұйымдарының шығу тарихы тым әрiден бастау алады. Жалпы, зергерлiк бiрнеше өнердiң басын тоғыстырған шын шебердiң ғана қолынан келетiн iс. Нағыз шебердiң қолынан шыққан бұйым сан ғасырларды көктей өтiп, күллi елдiң көз қуанышына айналып қуанта бермек.

Мiне, есте жоқ ескi заманнан бүгiнге жеткен қолөнер түрiнiң бiрi – тұмар. Соның iшiнде бiз сөз еткелi отырған «етiк тұмардың» жөнi бөлек. Бұл асыл жәдiгердi археологтар Ескi Сауран, Қаратөбеден тапты. Мұндай етiк түрiндегi ерекше керамикалық тұмар халық мәдениетiнен терең сыр тартатын шынайы рухани құндылық болып отыр. Ол нағыз сапалы саздан жасалып, бабымен күйдiрiлiптi. Бiр бетi қаттырақ күйдiрiлсе керек, қаралау көрiнедi. Етiкшенiң биiктiгi бар болғаны 4,5 сантиметр ғана. Қонышының диаметрi 2,8 сантиметр, өлшемi 4,5 сантиметрдi көрсетiп тұр. Тұмсық жағы оң аяққа қарап бiраз жонылыпты. Дегенмен, қонышы кеңдеу, жоғары жағында бау тағуға арналған саңылау қалдырылыпты. Шебер қонышының қырын күйдiрмес бұрын сол бетке алты бунақты «өмiр ағашының» бейнесiн түсiрiптi. Әр бұтақша арасындағы ұрықтарына дейiн көрiнiп тұр. Алайда, iшкi және сыртқы суретте аздаған өзгешелiктер бар. Етiк қонышына «өмiр ағашының» бейнеленуiн сирек кездесетiн сурет салатын декор деуге де болады дейдi ғалымдар. Мұндай етiктегi өрнек түркi халықтарында кездеседi екен. Тарихқа үңiлсек, ежелгi соғдыларға тән ер адам киiмдерiнде тоғыз бұтақтылары болыпты. Ер адам үшiн етiктiң орны бөлек. Сонымен бiрге көптеген халық оң аяққа аса мән берген көрiнедi.

Қалай болғанда да «Әзiрет Сұлтан» қорық мұражайындағы етiк түрiндегi керамикалық тұмарды баға жетпес жәдiгерiмiз десек болады. Өйткенi, бiз үшiн бабаларымыздан қалған әрбiр мүлiк мәдениетiмiздiң бiр көрiнiсi болып есептеледi.

Әбдiмәлiк Белгiбай, «Оңтүстiк Қазақстан».

Пікір қалдырыңыз