Түркістан нағыз мәдени орталыққа айналды
Мен саналы ғұмырымның қырық жылдан астам уақытын мәдениет саласына арнадым. Түркістанның талай кезеңін, мәдени өміріміздің қалыптасуы мен өсу жолын көзіммен көрдім. Сондықтан бүгінгі түрленген шаһарға қараған сайын көңілімді ерекше мақтаныш сезімі кернейді. Кешегі қарапайым мәдениет үйлері мен шағын сахналардан басталған өнер көшінің бүгін халықаралық фестивальдер мен әлемдік деңгейдегі мәдени жобаларға ұласуы – бір адамның ғана емес, тұтас елдің мерейі.
Біздің еңбек жолымыз басталған жылдары, тіпті 2000 жылдары да мәдениет саласының мүмкіндігі бүгінгідей кең емес еді. Дыбыс құралдары тапшы, сахналық киімдер мен декорация әзірлеу қиын болатын. Соған қарамастан, мәдениет қызметкерлері ешқашан қиындыққа мойыған емес. Бір концертті өткізу үшін талмай-тынбай дайындалатынбыз. Әр әнге, әр биге, әрбір сахналық көрініске үлкен жауапкершілікпен қарайтынбыз. Ауылдар мен елді мекендерді аралап, жұртшылыққа рухани қуаныш сыйлауды азаматтық міндетіміз санадық. Ол кезде мәдениетке қазіргідей көңіл бөлініп, қаржы қаралмайтын. Десе де, жоқтан бар жасадық, республика көлеміндегі ірі байқауларды ұйымдастырдық. Түркістан қаласының Мәдениет бөлімін басқарған тұста «Мәдениетім – мерейім», «Түркістаным –Тұраным»атты байқауларда бас жүлдені жеңіп алғанбыз. (600 адам, қабатында киіз үй, қазан-ошақ, сахна жабдықтары 15 автобусқа тиеп, арғымақ ат, түйе жалдап Шымкентке барғанымыз есте. Сол кезде «Жолаушы» ЖШС бас директоры Рахым Тәңірбергенов демеуші болғанын айту парыз). Мен 9 мемлекетте өнер көрсетіп, әлемді араласам, бүгінде төрткүл дүние менің Түркістаныма ағылуда.
Иә, қазіргі
Түркістанға қарасаңыз, ғасырлар қойнауынан жеткен көне шаһардың жаңа дәуірге
қадам басқанын көресіз. Қала келбеті ғана емес, оның мәдени тынысы да түбегейлі
өзгерді. Зәулім мәдениет нысандары бой көтеріп, өнер ұжымдарының мүмкіндігі
кеңейді. Жаңадан салынған театрлар, музейлер, кітапханалар мен шығармашылық
орталықтар руханиятқа қызмет ететін қасиетті шаңырақтарға айналды. Бір емес,
екі театрымыз бар.
Түркістан облысы орталық болғаннан бері қалада түркітілдес мемлекеттердің халықаралық театр фестивалдері тұрақты өткізіліп келеді. «Түркістан – Түркі әлемінің мәдени астанасы» аясында өткен Түркі әлемінің театр фестивальдері мен форумдары сөзімізге дәлел. Үш жыл бұрын ел көлемінде дүрілдеп, театр тарланы жерлесіміз Райымбек Сейтметовтің 85 жылдығына орай өткен «RAYMBEKFEST-1», былтырғы жылы Құрманбек Жандарбековтің 120 жылдығына орай «Қазақтың Құрманбегі» атты театр фестивальдері, жуырда ғана өткен IV Халықаралық ТҮРКСОЙ студенттік театр фестивалінің өтуі сөзімізге дәлел. Рухани шаһарда ұлттық өнерді қолдау мақсатында республикаға белгілі айтыскер ақындар мен жыршы-термешілердің қатысуымен халықаралық, республикалық айтыстар тұрақты түрде ұйымдастырылады.
Түркістан дәстүрлі өтіп жүрген «Voice of Turan» фестивалінің басты
мұраты – қазақ музыкасын әлемге таныту, ұлттық өнеріміздің мәртебесін көтеру
және халықтарды рухани жақындастыру. Қазақ әнін үйреніп, оны Тұран төрінде
орындаған әрбір шетелдік өнерпаз еліміздің мәдени елшісіне айналады. Бүгінгі Түркістан – күллі түркі дүниесінің
рухани темірқазығы. Ол – бабалардың аманатын арқалаған қасиетті қала, өткен мен
бүгінді жалғаған алтын көпір. Ол – қазақ мәдениетін әлемге танытып отырған өнер
ордасы.
Ұлжалғас МҰСТАФАЕВА,
ҚР Мәдениет қайраткері, «Ерен еңбегі үшін», «Құрмет» орденінің иегері, Түркістан
қаласының Құрметті азаматы.