Ұлттық құндылықтар дәріптелді

Әл-Фараби атындағы Шымкент қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасында педагогика ғылымдарының докторы, профессор Анар Досбенбетованың «Қазақ қыздарының ұлттық коды» атты шығармашылық кеші ұйымдастырылды.


Рухани іс-шараға Астана, Алматы және Тараз қалаларынан арнайы қонақтар қатысып, ғалымның еңбегіне оң бағасын берді. Кештің шымылдығын белгілі профессор, педагогика ғылымдарының докторы Оңалбай Аяшев ашып, қазақ қыздарын бейбіт өмірдің батыр тұлғалары ретінде ерекше бағалады.


Жиын барысында кеш иесіне Тәшенев университеті ұжымының құттықтауы жеткізіліп, университет Ғылыми кеңесінің шешімімен Анар Досбенбетоваға профессор атағы берілгені ресми түрде жарияланды.
Айта кетейік, елімізге танымал ғалымның үш монографиясы мен он сегіз оқу-әдістемелік құралы жарық көрген. Ол – сонымен қатар жастарды тәрбиелеуге бағытталған «Томирис» қыздар клубының негізін қалаушы. Аталмыш клуб аясында қазақ қыздарының тарихы, ұлттық тәрбие, салт-дәстүр, гендерлік тәрбие және қазіргі табысты әйелдің болмысы туралы тұрақты түрде шеберлік сабақтары, пікірталастар мен семинар-тренингтер ұйымдастырылып келеді.


Мазмұнды кеш ұлттық өнермен ұштасып, жиналған қауымға ерекше әсер сыйлады. Іс-шара барысында күмбірлеген күй төгіліп, Тұрмағамбет Ізтілеуұлының термесі орындалды, сондай-ақ халық әні «Үкілім-ай» асқақтай шырқалды. Өңірдегі ұлттық құндылықтар мен тәрбиені дәріптеген бұл басқосу қатысушылардың көңілінен шықты.

Мәдина ҚАНАТҚЫЗЫ.
Пікір қалдырыңыз