«Туған жердің абызы»
Шымкент қаласындағы Нүрила Жұманова басшылық жасайтын Абай атындағы кітапханада осындай тақырыпта Қазақстанның құрметті журналисі Байдулла Қонысбектің туғанына 85 жыл толуына орай тағлымды іс-шара өтті. Алдын ала кітаптар көрмесі ұйымдастырылып, сөреге қаламгердің «Биік мұрат», «Бетпе – бет», «Ұрпаққа ұлағат», «Асыл жүрек», «Алуан-алуан жүрек бар», «Дарабоздар» атты кітаптары қойылыпты. Іс-шараға елге кеңінен танымал қаламгерлер мен Байекеңнің інісі Қалиолла, ұлы Нұржан мен қызы Гүлім, сонымен қатар кітап оқуға ынталы оқырмандар қатысып, естеліктерімен бөлісті.
Жиынға әдістеме бөлімінің меңгерушісі Раушан Сұлтанбек модераторлық етіп, Байдулла Қонысбектің өнегелі өмір жолы мен журналистика саласындағы еңбегі, шығармашылық мұрасы жайында сыр шертілді. Қысқаша бейнебаян көрсетілді.
Қаламгердің Оңтүстік өңір мен Шымкент қаласында қалдырған қолтаңбасы сайрап жатыр. Оның «Оңтүстік Қазақстан» газеті мен облыстық телерадио компаниясында атқарған қызметі орасан зор. Жалпы журналистика саласында жұмыс істеген жылдарында көптеген шәкірттер тәрбиелеп, тәлімгерлік жасады. Байдулла Қонысбек белсенді қоғам қайраткері де бола білді.
Жиын аясында Нұржан Байдуллаұлы әкесінің кітаптарын кітапхана қорына сыйға тартты.