АЛТЫН ҰЯҒА – 60 ЖЫЛДЫҚ САҒЫНЫШПЕН

Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің 90 жылдық шежіресінен

1937 жылғы 19 наурызда Мұғалімдер институты ретінде ашылып, 1954 жылы педагогикалық институт болып қайта құрылған, бүгінде мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің есімін иеленген қара шаңырақта тағылымды кездесу өтті. Тарихы терең оқу ордасында алпыс жыл бұрын білім алған, үлкен өмірге қанат қаққан түлектер сағынышпен қайта қауышты.

Уақыт – адам өміріндегі кезеңдерді бір-бірімен сабақтастыратын алтын көпір. Түлектердің институт бітіріп, еңбекке араласуы Кеңес экономикасын нығайтуға бағытталған жаңа шаруашылық реформаларын жүзеге асыру кезеңімен тұспа-тұс келді. Өнеркәсіп, құрылыс, ауыл шаруашылығы сияқты маңызды салаларды қамтыған соғыстан кейінгі экономиканы қайта жаңғырту жұмыстары қарқын алған тұста еңбекке белсене араласты. Сол кезеңдегі институт түлектері елге қызмет етіп, өз еңбектерімен тарихта із қалдырған отаншыл жастар болды. Бүгінгі кездесуге келген ардагерлердің еңбек жолы мен өмірлік тәжірибесі – соның айқын дәлелі.

Бірі мектеп қабырғасынан, бірі әскерден, енді бірі қоғамдық қызметтен келіп, Шымкент педагогикалық институтының студенті атанған азаматтар алпыс жылдан кейін туған оқу ордасына тағзым ете келді. Кездесу «Ұстазға тағзым», Ө.Жәнібеков ескерткіштеріне гүл шоғын қою рәсімімен басталып, ұстаздары болған Әдіхан Ахабаев атындағы дәрісханада студенттердің сұрақ-жауабына ұласты. Басқарма төрағасы – ректор заң ғылымдарының докторы, профессор Қ.Р.Балабиев кездесуге келген ардагерлердің өнегелі өмір жолдары, ел игілігі жолындағы адал еңбектері мен мол тәжірибелері кейінгі ұрпақ үшін баға жетпес рухани мұра екенін айта келе, қоғамымыздың дамуына қосқан үлестері мен жастарға көрсетіп жүрген тәлім-тәрбиелері үшін алғыс білдірді. Кездесу естелікке, сырлы сұхбатқа ұласып, ардагер түлектер білім алушылармен ой бөлісті. Қонақтар студенттік кезеңдерін еске алып, өздеріне білім берген ұстаздар туралы тебірене әңгімелеп, сұхбат мазмұнды әрі тағылымды болды. Ардагерлердің әрбір естелігі жастарға ой салып, өткеннен сабақ алуға мүмкіндік берді.


Кездесуге келген «Орыс тілі мен әдебиеті» мамандығының 1961 жылғы түлегі, Қазақстанның білім беру саласының қайраткері, партия және комсомол қызметтерінің ардагері Ахметова Раиса Райымбекқызы Шымкент қалалық комсомол комитетінің хатшысынан бастап, Оңтүстік Қазақстан облыстық халық ағарту бөлімінің меңгерушісіне дейінгі жауапты қызметтерді атқарған. А.Асқаровтың бастамасымен салынған облыстық оқушылар сарайы, Дендросаябақ, Зообақ, балалар темір жолы сынды бірқатар ірі нысандардың бой көтеруіне де атсалысқан. Ұзақ жылдар бойы қалалық Кеңестің депутаты болған еңбек ардагері.

Раиса Райымбекқызы өз сөзінде КОКП ОК жанындағы Жоғары партия мектебін жоғары дәрежеде бітіруіме, атқарған еңбектерім үшін алған марапаттарымның барлығына осы институт берген білімнің арқасында жеттім деп, сол кездегі ұстаздарын еске алды. Оқу орнының комсомол комитеті жиналысына облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Өзбекәлі Жәнібековтің келгенін кешегі күндей еске алған Раиса Райымбекқызы сол кездесудің бір сәтін студенттерге қызықтыра баяндады. Жиналыс барысында сұрақ қою мүмкіндігі берілгенде, ол институт ауласындағы шағын асхана мәселесін көтерген. Асхана түске дейін ғана жұмыс істейтіндіктен, түстен кейін оқитын студенттерге, әсіресе ұлдарға, қиындық туындайтынын айтып, оның жұмыс уақытын кешкі сегізге дейін ұзартуды ұсынғанын еске алды.

Төртінші курсты тәмамдаған кезде Раиса Райымбекқызының алдында екі таңдау тұрды. Бірі – Шымкент қалалық комсомол комитетіне жұмысқа орналасу, екіншісі – өз мамандығы бойынша Ленгір қаласында мұғалім болу. Партия қызметіндегі әкесінің «Әрине, партия қызметіне бар» деген кеңесіне құлақ асып, ол Шымкент қаласының комсомол комитетінің хатшысы қызметін таңдаған.

Облыс және аудандық комсомол хатшылығында қызмет етіп жүрген кезінде Арқалық облысынан Шымкентке іссапармен келген Өзбекәлі Жәнібеков оған: «Сен әлі комсомолдасың ба? Арқалыққа барып, қызмет етуге қалай қарайсың?» – деп ұсыныс жасаған. Өзбекәлі Жәнібекұлындай тұлғамен қызметтес болуды қуана қабылдап, шешімді бірден қабылдағанын жеткізді.

Кездесуге «Тарих» мамандығының 1966 жылғы түлегі, Шымкент қаласының, Түркістан облысының және Созақ ауданының «Құрметті азаматы», «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері Тұрысбеков Сексенбай ағамыз да қатысты. Ұлттық құндылықтарды дәріптеп, ел бірлігін насихаттап, ақ батасын беріп жүрген Сексенбай аға – сөз қадірін ұғындыратын, өнегелі ісімен кейінгі ұрпаққа үлгі болып жүрген ел ағасы.

Сексенбай аға институтқа үш рет құжат тапсырып, түсе алмағанын, кейін Германия Демократиялық Республикасында әскери борышын өтегенін еске алды. Оның айтуынша, сол кезеңде комсомол комитетінде қызмет еткендердің басым көпшілігі Шымкент педагогикалық институтының түлектері болған. Әскерге дейін комсомол комитетінде нұсқаушы болып қызмет еткен тәжірибесіне сүйене отырып, тарих мамандығын таңдаған. «80 баланың ішінен 13-і болып осы оқу орнына жолдама алдым. Ол кезде жиырмадан асқан шағым еді. Әскерден келген күні бірден институтқа келіп, құжаттарымды тапсырдым. Соңғы қабылдау емтиханы 17 тамызда болды. Оны сол кездегі ректор М.Ермекбаевтың өзі қабылдады. Әскерде жүргенде кітаптар алдырып оқып, дайындықпен келген едім. Жауаптарыма қанағаттанған болуы керек, бірден оқуға қабылдады», – деп еске алды ол.

Сексенбай ағаның айтуынша, ол оқуға түскен кезде факультет тарих-филология факультеті деп аталған. Кейін тарих пен филология жеке факультет болып қалыптасты. Ол тарих факультетінің алғашқы түлектерінің бірі болды. Үздік студенттерге атаулы стипендия тағайындалған кезеңде математика факультетінің студенті Ерке Ізбасарқызы «Лениндік» стипендияға, ал өзі «Байғанин» атындағы стипендияға ие болғанын мақтанышпен еске алды.

Сексенбай аға өзінің еңбек жолынан да тағылымды мысал келтірді. Созақ өңіріндегі Ақсүмбе ауылында «Қаратау» кеңшарының директоры болып қызмет атқарған кезінде ауылдың әлеуметтік мәселелеріне назар аударған. Тұрғындардың айтуынша, бастауыш мектептен кейін балаларын аудан орталығына оқыту үшін көшіп кетуге мәжбүр болған. Бұған алаңдаған ол мәселені шешуге кірісіп, ауыл тұрғындарын асарға жұмылдырып, орталау мектептің іргетасын қалаған. «Ұстаздықтан басталған қызметім елдің мұңын жаныммен түсінуге себеп болды», – деген Сексенбай аға шаруашылыққа бөлінген бес тұрғын үйдің қаржысы есебінен жаңа мектеп құрылысын бастағанын айтты. Сол жылы мектеп салынып, жаңа оқу жылында пайдалануға берілген. Білім ордасына осы ауылдың түлегі, мемлекет және қоғам қайраткері Сұлтанбек Қожановтың есімі берілген. Ауыл халқы қуанышқа бөленгенімен, бұл бастамаға байланысты ол заң органдарына бірнеше рет шақырылған. «Халық мұқтажына жаратқаны қылмыс емес», – деген сөзден кейін жауапкершілікке тартылудан аман қалғанын еске алды. Осы мәселені шешу барысында Раиса Райымбекқызының да қолдау көрсеткенін әңгімесіне арқау етті.

«Қзақ тілі мен әдебиеті» мамандығының 1971 жылғы түлегі Арыс, Созақ аудандарының және Түркістан облысының құрметті азаматы. «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі» атағының, «Ы. Алтынсарин» төсбелгісінің, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері.Бәшен Ұлықпан Мүсінұлы да қонақта болып, өз естелігімен бөлісті.

Ұлықпан Мүсінұлы 1937 жылы салынған ғимаратта білім алып жүрген жастардан құрылған студенттік құрылыс отрядының құрамында қазіргі жаңа оқу ғимаратының қабырғасын қалауға атсалысқанын еске алды. Ол жастарға: «Жақсы маман болу үшін бірінші еңбек керек, екінші – сол еңбекке лайықты білім керек», – деп, өмірлік жолынан тағылымды мысалдар келтірді. Институтты бітіргеннен кейін мектепте мұғалім болып еңбек еткен ол Кеңес армиясы қатарында әскери борышын өтеп, елге оралған соң облыстық комсомол комитетінде қызмет атқарған. «Комсомол қызметінде жүргенде Сайлаукүл Жаппарқызы кураторым болды. Бес жыл комсомолда қызмет еттім. Комсомол жастардың келешегін айқындауда, қызмет жолын таңдауда үлкен институт, үлкен мектеп болды. Осындағы қонақтардың барлығы комсомолдың мектебінен өткен кісілер», – деп еске алды ол.

Ұлықпан Мүсінұлы 1980-жылдары Келес ауданындағы Сәкен Сейфуллин атындағы мектептің директоры болып қызмет атқарып, кейін аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі, облыстық білім бөлімінің орынбасары және басшысы, әскери оқу орнының басшысы қызметтерін абыроймен атқарған.

Кездесуге келдген Барахова Сайлаукүл Жаппарқызы – «Орыс тілі мен әдебиеті» мамандығының 1972 жылғы түлегі, Шымкент қаласы, Сарыағаш және Қазығұрт аудандарының, Түркістан облысының құрметті азаматы. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының I және II шақырылымдарының депутаты, 2002–2005 жылдар аралығында Оңтүстік Қазақстан облысы Білім беру департаментінің басшысы, мемлекет және қоғам қайраткері, педагог. «Құрмет» орденінің, «Ыбырай Алтынсарин», «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі», «Қазақ КСР халық ағарту ісінің үздігі» төсбелгілерінің иегері.

Сайлаукүл Жаппарқызы отбасында қазақи тәрбие алғанымен, әкесінің ақылымен орыс сыныбына қабылданып, орыс тілінде білім аған. Сол заманның талабына сай жасалған бұл қадам оның болашақта тілді жетік меңгеріп, орыс тілі мен әдебиеті пәнінің маманы болуына үлкен әсер еткен. Мектеп қабырғасында жүргенде-ақ әдеби кітаптарды көп оқып, тілге, көркем сөзге қызыққан. Орыс сыныбында білім алып, орыс классиктерінің шығармаларын түпнұсқада оқып өскен. Бірде орыс тілі мұғалімі мазмұндама жазуды тапсырғанда, алдыңғы партада отырған өзге ұлт өкілінің баласы кітаптан көшіріп отырғанын байқайды. Мұны көрген Сайлаукүл Жаппарқызы мұғалімге: «Сіз неге олай жасайсыз? Мұғалім бұлай жасамауы керек», – деп наразылық танытады. Қатты ренжігендіктен, мазмұндамасын аяқтамай, сыныптан шығып кетеді. Нәтижесінде жұмысы «үштік» бағамен бағаланады. Осы жағдай оның Түркістан педагогикалық училищесіне, одан кейін Шымкент педагогикалық институтына орыс тілі мұғалімі мамандығына түсуіне себеп болғанын айтты.

Түркістан қаласындағы педагогикалық училищені бітіре сала, өзі оқыған өңірдегі «Сырдария» орта мектебіне жас мұғалім болып шақырылғанын Сайлаукүл Жаппарқызы студенттерге баяндап берді.

Ардагер түлектердің кездесуі жастық шаққа қайта оралғандай әсер сыйлады. Сағыныш пен қуаныш тоғысқан жүздесуде олар өздерінің еңбек жолдарын баяндап, өмірлік тәжірибелерімен бөлісті. Ел өміріне өзіндік үлесін қосқан, түрлі салада еңбек етіп, ұрпақ тәрбиесіне атсалысқан абыройлы азаматтар түлеп ұшқан оқу ордасының құрылғанына 90 жыл толғалы отыр. Әр түлектің өмір жолы – университет тарихының ажырамас бір бөлігі. Өйткені білім ордасының шежіресі тек ғимараттар мен жылнамалардан тұрмайды. Оның ең қымбат қазынасы – осы қара шаңырақтан түлеп ұшқан мыңдаған түлектің тағдыры, еңбегі және елге сіңірген қызметі.

Алпыс жыл бұрын бұл қара шаңырақтың табалдырығын аттаған жастардың арманы асқақ еді. Олар дәрісханаларда білім алып, ұстаздардан тағылым үйреніп, достықтың қадірін таныды. Студенттік жылдар олардың азамат болып қалыптасуына, болашақ мамандығын меңгеруіне жол ашты. Бүгінде сол жылдар тарих қойнауына енгенімен, оқу ордасымен байланысты естеліктер олардың жүрегінде әлі де жаңғырып тұр. Университеттің өткен жылдарындағы тыныс-тіршілігі, алғашқы еңбек жолдары, достарымен бірге өткізген қызықты сәттері туралы естеліктер ортаға салынды. Әрбір естелік – университеттің кешегісін бүгінгі ұрпақпен жалғаған құнды шежіре.

Университет тарихына көз жүгіртсек, білім ордасы өзінің қалыптасу және даму жолында талай буынды тәрбиелеп, қоғамның түрлі саласына білікті мамандар даярлап келеді. Уақыт өзгерді, білім беру жүйесі жаңарды, жаңа мамандықтар мен заманауи технологиялар пайда болды. Алайда университеттің басты құндылығы – сапалы білім беру, ұстаз бен шәкірт арасындағы сабақтастық және елге қызмет ететін азамат тәрбиелеу мұраты – өзгерген жоқ.

Бүгінгі студенттер үшін алпыс жылдық түлектердің өмір жолы – үлкен өнеге. Кеше ғана осы аудиторияларда студент болған азаматтардың бүгінде елге танымал маман, ұлағатты ұстаз, білікті басшы, қоғамның белсенді мүшесі атануы – университет қабырғасында алған білім мен тәрбиенің өмірлік маңызын көрсетеді.

Мұндай кездесулер университеттің өткені мен бүгінін ғана емес, болашағын да байланыстырады. Өйткені әр буын өзінен кейінгі ұрпаққа білімін, тәжірибесін және өнегесін қалдырады. Ал университет осы сабақтастықтың алтын арқауына айналады. Алпыс жыл бұрын білім ордасынан түлеп ұшқан түлектердің бүгін қайта қауышуы – уақыттың өтетінін, ал білім мен адамдық байланыстардың мәңгілік екенін тағы бір дәлелдеді. Олар үшін университет – жастық шақтың куәсі ғана емес, өмірлік жолының бастауы.

Бүгінгі кездесу – университет тарихының жаңа бір парағы емес, сол тарихтың жалғасы. Себебі әрбір түлек – қара шаңырақтың шежіресіне өзіндік із қалдырған тұлға. Алпыс жылдық белеске жеткен түлектерге зор денсаулық, отбасыларына амандық, ғибратты ғұмыр тілейміз. Туған білім ордасымен байланыстарыңыз үзілмей, кейінгі ұрпаққа үлгі болар өнегелі жолдарыңыз жалғаса берсін!

Алпыс жыл – бір адамның ғұмыры ғана емес, тұтас университет тарихымен сабақтасқан үлкен белес.

 

Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ түлектері Ж.А.Масалива, Г.Б.Таутаева





 

Пікір қалдырыңыз