Бір сахнадан тараған мың сәуле
Ясауи студенттері IV халықаралық ТҮРКСОЙ студенттік театр фестивалінде бас жүлдеге ие болды. Түркістандағы іргелі ЖОО-ның Өнер, медиа және дизайн факультетінің студенттері «Chanel №5» спектаклін көрермен назарына ұсынды. Осындай жеңістің тұғырында тұрып, дәл осы Түрксітандағы театр өнері қалай қаланғаны, тыңнан түрен салған күндер еске түседі.
Түркістанда кәсіпқой театр ұғымы сахнагер Райымбек Сейтметовтен бастау алды десек, қателеспеспіз. Өйткені киелі шаһарда театрдың алғашқы шымылдығын түріп, сахна өнерінің шамын жаққан да, жергілікті жастардың бойындағы талантты танып, оларды үлкен өнер жолына бастаған да – осы бір аяулы тұлға еді. Ол Түркістанға жоқтан бар жасауға, әлі іргесі қаланбаған өнер ордасын өз қолымен тұрғызуға келді. Алдымен Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде өнер факультетін ашып, сахнаға ынтық жергілікті жастардың басын қосты. Оның әр дәрісі үлкен шығармашылық шеберханаға айналды. Райымбек ұстаз шәкірттерінің бойынан актерлік қабілет іздеумен қатар, жан дүниесіндегі сахнаға деген сенімдерін оятты. «Сенің де сахнада өз орның бар, сен де елдің рухани өміріне қызмет ете аласың» деген жігерді әрқайсысының жүрегіне құйды. Бүгінде Түркістан театр өнерінде өз қолтаңбасын қалыптастырған Айдар Наурызбаев, Мақсат Айтжанов, марқұм Марат Оразметов, Мұрат Құрманбеков, Нұржан Төлендиев, Ержан Исатаев, Ғалымжан Қалыбаев, Жұлдызай Дүйсенбиева, Ержан Нұрымбетов, Нұржан Ізтаев, Шәкен Амантұров, Майра Мақұлбекова сияқты талай актерлердің шығармашылық тағдыры сол суық дәрісханалардағы ыстық ықыластан бастау алғаны анық.
Бүгінде Түркістан төрінде театрлардың еңсесі биіктеп, сахна өнерінің тынысы кеңейіп келеді. Заманауи ғимараттар салынып, жаңа қойылымдар дүниеге келіп, жас актерлердің есімдері таныла бастады. Осындай сәтте сол үлкен жолдың бастауында тұрған Райымбек Сейтметовтің жанкешті еңбегін еске алмау мүмкін емес. Бүгінгі жарқыраған сахналардың түп негізінде бір кезде суық дәрісханада тоңып отырып білім алған жастардың табандылығы, ескі клубты өнер ордасына айналдырған ұстаздың маңдай тері жатыр.
2000 жылғы 9 наурызда Түркістан драма театрының құрылуы ұстаздың ұзақ жылғы арманына айналған істің жүзеге асуы еді. Бұл театрдың ең басты тірегі де өзі тәрбиелеген шәкірттері болды. «Актерлік өнер» кафедрасының түлектері жаңа театрдың актерлік құрамына қабылданып, осылайша білім ордасында басталған шығармашылық мектеп кәсіби театрға ұласты.
Өнер адамының ғұмыры күнтізбедегі жылдармен өлшенбейді. Ол сомдаған бейнелерде, қойған спектакльдерде, тәрбиелеген шәкірттерінде өмір сүре береді. Райымбек Сейтметовтің де шын ғұмыры өзі ашқан театрдың шымылдығы түрілген сайын жалғасып жатыр. Сахнаға жас актер шыққан сайын, көрермен залында жарық сөнген сайын, алғашқы реплика айтылып, жаңа қойылым басталған сайын оның рухы сол өнер ордасының бір түкпірінде үнсіз тұрғандай сезіледі. Бүгін Түркістанда Райымбек Сейтметов атындағы театр бар. Оның өз көрермені, қалыптасқан шығармашылық жолы, кешегісі мен келешегі бар. Өнер ордасының әр реквизитінде Райымбек Сейтметовтің маңдай тері, қайсарлығы, туған жерге деген махаббаты мен ұстаздық мейірімі жатқанын көреміз.
Киелі қаланың көгінде Ясауи кесенесінің көгілдір күмбезі алыстан менмұндалап тұрса, Түркістанның рухани әлемінде Райымбек Сейтметов жаққан театр шырағы да солай жарқырап тұра бермек. Өйткені жүректен жағылған шырақ сөнбейді. Ұстаздың өзі арамызда болмаса да, оның өнері сөйлейді, шәкірттері сахнаға шығады, театры өмір сүреді. Ал шымылдық ашылған сайын Түркістан жұрты сол сахнаның бастауында тұрған аяулы перзентін іштей тағы бір еске алады
Дәл осы театрдың заңды жалғасы – Райымбек ағаның жолын қуған танымал шәкірттерінің бүгінгі еңбегі дер едік. Ұлы ұстаздың тәлімін көріп, өнердегі аманатын арқалаған Мақсат Айтжанов бастаған сахнагерлер Түркістан топырағында – Ясауи университетінде студенттер театрын қалыптастырып, кезінде өздері үйренген мектептің дәстүрін кейінгі буынға жалғап келеді. Бір кездері Райымбек Сейтметов суық дәрісханаларда жас таланттардың басын қосып, олардың жүрегіне өнер отын жақса, бүгінде сол шәкірттер жаңа буынның талабын ұштап, сахнаға жол сілтеуде. Бұл – өнердегі табиғи сабақтастық. Ұстаздан шәкіртке, шәкірттен кейінгі ұрпаққа жалғасқан рухани желі. Райымбек Сейтметов негізін қалаған актерлік мектеп уақыт өткен сайын тамырын тереңге жіберіп, жаңа шығармашылық биіктерге көтеріліп келеді. Оның баяғыда еккен дәні бүгінде мәуелі бәйтерекке айналып, жас сахнагерлердің өнерінен қайта бүр жарып жатқандай.
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің «Орындаушылық өнер» кафедрасындағы «Актерлік өнер» білім беру бағдарламасының студенттері – сол үлкен мектептің бүгінгі өкілдері. Олар сахнаға шыққан сайын өздерінің жеке қабілеттерімен қатар, тамыры тереңде жатқан өнер дәстүрін танытады. Олардың әр қимылынан, әр сөзінен, кейіпкер жанын ашуға деген ізденісінен ұстаздар аманатына адалдық сезіледі.
Осындай сабақтастықтың жарқын көрінісі IV Халықаралық ТҮРКСОЙ студенттік театр фестивалінде айқын байқалды. 5–8 қазан күндері Түркістан қаласында өткен халықаралық өнер додасы түркі дүниесінің талантты жастарын бір сахнада тоғыстырды. Фестивальге Қазақстанның үш жоғары оқу орнының студенттерімен бірге Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан және Түркиядан келген жас өнерпаздар мен профессор-оқытушылар қатысты. Бұл күндері Түркістан тағы да түркі әлемінің мәдени жүрегіне айналды. Әртүрлі елден келген жастардың тілі мен ұлттық бояуы өзгеше болғанымен, олардың басын қосқан ортақ құндылық – театр еді. Сахнада сан алуан тағдырлар сөйлеп, әр халықтың дүниетанымы мен рухани болмысы көрініс тапты. Жас өнерпаздар бір-бірінің қойылымдарын тамашалап, шығармашылық тәжірибе алмасты. Театр олардың арасындағы шекараны жойып, жүректерін өнердің ортақ тілімен табыстырды.
Халықаралық фестивальдің шымылдығын Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің «Актерлік өнер» білім беру бағдарламасының студенттері ашты. Олар жазушы-драматург Мадина Омарованың «Chanel №5» пьесасын сахналады. Қойылымның режиссері – Қазақстан Республикасы мәдениет саласының үздігі, Райымбек ағаның шәкірті Мақсат Айтжанов.
Фестивальді ашу – жас өнерпаздарға көрсетілген сенім ғана емес, үлкен жауапкершілік еді. Түркі дүниесінің түкпір-түкпірінен жиналған ұстаздар мен студенттер алдында өнер көрсету сахна мәдениетін, кәсіби дайындықты және ішкі жинақылықты талап ететіні анық. Университет студенттері осы жауапкершіліктің үдесінен шығып, көрерменге көркемдік шешімі мен актерлік ізденісі үйлескен тұтас қойылым ұсынды. «Chanel №5» – адам жанындағы жалғыздықты, үміт пен өкінішті, тағдырдың тосын иірімдерін сезіндіретін психологиялық иірімі мол шығарма. Мұндай туындыны сахналау жас актерлерден мәтінді жаттап, рөлді орындаумен шектелмей, кейіпкердің ішкі әлеміне бойлауды, тарихтың өзін сөйлетуді талап етеді. Қойылым барысында студенттер әр бейненің жан дүниесін ашуға талпынып, сахналық әрекеттің табиғилығы мен ансамбльдік тұтастықты сақтай білді. Мақсат Айтжановтың режиссерлік жұмысынан Райымбек Сейтметов мектебіне тән актерге деген сенім, сахнадағы ой тазалығы және көркемдік талап аңғарылды. Ол шәкірттеріне дайын қалып ұсынбай, кейіпкерді өз жүрегімен танып, сахналық шындықты ішкі сезім арқылы табуға бағыттағандай. Өйткені шынайы ұстаз шәкіртіне қалай ойнау керектігін ғана үйретпейді, өнерде өз жолын табуға мүмкіндік береді.
Бірнеше күнге созылған шығармашылық додада жас сахнагерлер өздерінің кәсіби шеберлігі мен сахна мәдениетін жоғары деңгейде көрсетіп, өзге елдерден келген студенттік театрлардың ізденістерін көріп, жаңа тәжірибе жинады. Мұндай басқосуларда өнер адамдарының рухани жүздесуі, ортақ тақырыптарды бірге зерделеуі, бір-бірінен үйренуі бағалы. Дегенмен шынайы ізденіс пен төгілген тердің лайықты бағасын алуы да – өнерпазға үлкен демеу.
Фестиваль қорытындысында Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің студенттік театры – Бас жүлдеге ие болды.
Бас жүлденің рухани салмағы ерекше. Өйткені ол – кезінде Райымбек Сейтметов негізін қалаған актерлік мектептің өміршеңдігін танытқан жеңіс. Ол ашқан кафедрада білім алып, оның сахналық ұстанымдарын бойына сіңірген шәкірттердің енді өздері ұстаз болып, жаңа буынды биікке бастап келе жатқанын дәлелдеген нәтиже. Егер Райымбек аға сол сәтте шәкірттерінің жетістігін көргенде, бәлкім, залдың бір шетінде шаттана жымиып, өзіне тән талапшыл мінезімен қойылымның әр тұсын ой таразысына салып, кемшілігін де байқап, бірақ шәкірттерінің жеңісіне іштей марқайып отырар еді. Өйткені шын ұстаз үшін шәкіртінің өзінен озып, өнер жолын жалғастыруынан асқан бақыт жоқ.
Кезінде Райымбек Сейтметовтің шәкірттері екінші курста жүріп-ақ Түркияның Анкара, Ыстанбұл, Кония қалаларында өнер көрсеткен болатын. Ал бүгінде сол игі дәстүр жалғасып, Түркістанның жас сахнагерлері түркі әлемінің студенттік театрлары жиналған халықаралық фестивальде топ жарып отыр. Уақыт алмасқанымен, өнерге деген сенім мен сахнаға деген адалдық өзгерген жоқ.