Мәдениетке – мән, өнерге өріс берген

Мәдениет – ұлттың рухани жадын сақтап, дәстүр мен тарихты ұрпақ санасына сіңіретін маңызды сала. Қазығұрт ауданында жыл басынан бері мәдени өмірді жандандыру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, жас таланттарды қолдау және тарихи-мәдени мұраны насихаттау бағытында бірқатар жұмыс атқарылды. Нәтиже қандай? Аудан өнерпаздары қандай белестерді бағындырды? Мәдениет ошақтарындағы жұмыстардың бүгінгі тынысы қандай? Қазығұрт аудандық Мәдениет сарайы директорының орынбасары Бибігүл Кулимовамен осы жөнінде әңгімелескен едік. 

– Әңгімемізді мәдениет саласының алғашқы жартыжылдығындағы көрсеткіштерден бастасақ. Ауданда қанша мәдени іс-шара ұйымдастырылды?
– 2026 жылдың алғашқы алты айында ауданымыздағы 24 клубта 448 мәдени іс-шара ұйымдастырылды. Оның 398-і ауылдық жерлерде, 50-і аудандық деңгейде өткізілді. Бұл іс-шараларға жалпы 43 мың көрермен қамтылды.
Қазіргі таңда мәдениет ошақтарында 57 клубтық құрылым жұмыс істейді. Оларға 978 адам тартылған. Сонымен қатар ауданда «Халықтық» атағы бар 4 көркемөнерпаздар ұжымы бар.
Жарты жыл ішінде аудандық Мәдениет сарайы мен ауылдық мәдениет үйлері және клубтарда ел көлеміндегі маңызды мерекелер мен атаулы күндерге арналған мазмұнды бағдарламалар ұсынылды. Атап айтқанда, Ауған соғысы ардагерлерін ардақтауға арналған кездесулер, Алғыс айту күні, Халықаралық әйелдер күні, Наурыз мерекесі, Қазақстан халқының бірлігі күні, Отан қорғаушылар күні, Ұлы Жеңістің 81 жылдығы, Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні, Халықаралық балаларды қорғау күні және Мемлекеттік рәміздер күні кең көлемде аталып өтті.
Әсіресе, Наурызнаманың онкүндігі аясындағы іс-шараларға ерекше мән берілді. Көрісу, Қайырымдылық, Салт-дәстүр, Шаңырақ, Ұлттық киім, Ұлттық спорт, Ынтымақ, Жыл басы және Тазару күндеріне арналған түрлі мәдени бағдарламалар ұйымдастырылды. Ұлттық ойындар ойнатылып, салт-дәстүр мен ұлттық тағамдар кеңінен насихатталды.
– Мәдени іс-шаралардың бір бөлігі өнер додалары мен шығармашылық байқаулар арқылы жалғасатыны белгілі. Жас таланттарды қолдау бағытында қандай жұмыстар атқарылды?
– Талантты жасты танып, оның шығармашылық қабілетін шыңдау – мәдениет саласының маңызды бағыттарының бірі. Осы мақсатта жыл басынан бері аудандық деңгейде «Туған жерім, тұғырым – Қазығұрт» жас суретшілер байқауы, «Биле, биле, жас талант» ұлттық би байқауы және «Балдәурен» ән байқауы өткізілді.
Ауылдық мәдениет ошақтарында да шығармашылық бәсекелер тұрақты ұйымдастырылып келеді. Жас суретшілер, бишілер мен әншілердің өнерін дамытуға арналған «Туған жерім – құтты мекенім», «Бояулар құпиясы», «Балдәурен», «Биле, биле, жас талант» байқаулары өтті.
Қыз балалардың тәрбиесі мен өнерін ұштастырған «Ал, қанекей, қыздар!», «Қыз елдің болашағы – ел анасы» секілді қыз сыны байқаулары да ұйымдастырылды.
Ал, ұлттық өнер мен салт-дәстүрді дәріптеу мақсатында «Жігіттің дарабозы», «Пай, пай, қазақтың әжелері-ай», «Наурызкөже», «Ұлттық ойын – асық ату» сияқты сайыстар өткізіліп, қолөнер көрмелері көпшілік назарына ұсынылды.
– Биыл бірқатар танымал тұлғалардың мерейтойы аталып өтуде. Қазығұртта елге белгілі азаматтардың шығармашылық мұрасын насихаттауға қаншалықты көңіл бөлінді?
– Тұлғалар мұрасын дәріптеу – жас ұрпақты тағлымға тәрбиелеудің бір жолы. Сондықтан биыл көрнекті өнер және әдебиет қайраткерлерінің мерейтойларына арналған іс-шараларға ерекше мән бердік.
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері, композитор Кеңес Дүйсекеевтің 80 жылдығына орай «Қазығұрт дауысы – 2026» аудандық жас эстрада әншілері байқауы ұйымдастырылды. Бұдан бөлек, ауылдық мәдениет ошақтарында композитордың шығармашылығына арналған «Жас толқын», «Сәлем саған, туған ел» атты байқаулар өткізілді.
Сонымен бірге Жамбыл Жабаевтың 180 жылдығына, Мұқағали Мақатаевтың 95 жылдығына, Ахмет Жұбановтың 120 жылдығына, Шөмішбай Сариевтің 80 жылдығына, Б.Тәжібаевтың 100 жылдығына арналған әдеби-сазды және тарихи кештер, көркемсөз оқу мен патриоттық ән байқаулары өтті.
Мұндай іс-шаралар арқылы тұлғаның өмір жолын танытып қана қоймай, оның шығармашылығын кейінгі буынға жеткізуге мүмкіндік бар.
– Қазығұрт – тарихы терең, қасиетті мекен. Ауданда тарихи орындарды насихаттау және қорғау бағытында қандай жұмыстар жүргізілді?
– Тарихи мұраны сақтау – рухани сабақтастықтың маңызды бөлігі. 
18 сәуір – Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындарды қорғау күніне орай ауданның бірқатар ауылдық мәдениет ошақтарында тарихи орындарға саяхаттар, квесттер және тағлымды кездесулер ұйымдастырылды.
Сонымен қатар қасиетті орындарға зиярат жасап, олардың аумағын абаттандыру, тазалық жұмыстарын жүргізуге де назар аударылды. «Ақбура әулие», «Жылқышы баба», «Ысмайыл ата», «Ысқақ ата», «Қаңлы Келдібек баба» секілді тарихи-мәдени орындарға саяхаттар ұйымдастырылып, аумақтарында тазалық жұмыстары жүргізілді. Бұл бастамалар «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясымен де сабақтастырылды. Яғни тарихи орындарды таныту мен оларды таза ұстау қатар жүргізілді.
– Аудан өнерпаздарының облыстық және республикалық деңгейдегі жетістіктері де көңіл қуантады. Соларға тоқталып өтсеңіз.
– Өнердегі әрбір жетістік – сахна сыртындағы тынымсыз еңбектің нәтижесі. Биыл Қазығұрт өнерпаздары бірнеше маңызды байқауда өз шеберлігін танытып, жүлделі орындарға ие болды.
Түркістан қаласында композитор Кеңес Дүйсекеевтің 80 жылдығына арналған «Жас толқын – 2026» облыстық жас эстрада әншілерінің байқауында Еңлік Жарылқасын «Жас талант» номинациясымен марапатталды.
Тұрбат ауылдық клубының өнерпаздары да бірқатар байқауда жүлдеге ілікті. «Дониёр-Файз» ансамблі – II орын, Хусниддин Муштарибану – III орын, ал, «Жұлдыздар» би тобы арнайы номинацияға ие болды.
Шымкент қаласында өткен «Samgau Fest» республикалық көп жанрлы өнер байқауында «Балдәурен» би тобы II орын алса, Сәдуақас Жігер дәстүрлі ән жанрында Гран-при иеленді.
Аудан үшін тағы бір айтулы мәдени оқиға – «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі. Түркістан қаласындағы «Керуен-сарай» кешенінде өткен фестивальде Қазығұрт өнерпаздары ауданның мәдениеті мен өнерін жоғары деңгейде таныстырды. Шығармашылық ұжымдар ән, би, ұлттық өнер, қолөнер және басқа да бағыттар бойынша өнер көрсетіп, III орынға ие болды.
– Өнердің өркендеуі оны тұрақты дамытатын шығармашылық ұжымдарға тікелей байланысты. Аудандағы кәсіби және көркемөнерпаздар ұжымдарының жұмысы қалай?
– Бұл бағытта да жүйелі жұмыс бар. Қазығұрт аудандық Тілеу Аханбаев атындағы халық театры, «Жұлдыздар», «Таңшолпан» және «Балауса» халықтық би ансамбльдері шығармашылық жұмыстарын тұрақты жалғастырып келеді.
Осы төрт ұжымның құрамында барлығы 175 өнерпаз бар. Олар аудандық іс-шараларға қатысып қана қоймай, түрлі деңгейдегі байқаулар мен фестивальдерде аудан намысын қорғап жүр.
– Мәдениет ошақтарының міндеті концерт пен байқау өткізумен ғана шектелмейтіні белгілі. Қоғамдық маңызы бар бағыттар бойынша қандай жұмыстар атқарылды?
– Дұрыс айтасыз. Мәдениет ошақтары – халықпен тікелей жұмыс істейтін рухани орта. Сондықтан олардың қызметі тек сахналық іс-шаралармен шектелмейді.
Жыл басынан бері жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, нашақорлықтың алдын алу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу бағыттарында кездесулер мен «дөңгелек үстел» мәжілістері ұйымдастырылды.
Мұндай жұмыстардың мақсаты – жастардың мәдени әрі рухани дүниесін байытумен қатар, олардың қоғам алдындағы жауапкершілігін арттыру.
– Алдағы кезеңге қандай міндеттер қойылып отыр?
– 2026 жылдың алғашқы алты айы Қазығұрттың мәдени өмірі үшін мазмұнды әрі нәтижелі кезең болды. 448 мәдени іс-шараның өткізілуі, 43 мың көрерменнің қамтылуы, 57 клубтық құрылымға 978 адамның тартылуы, өнерпаздардың облыстық және республикалық байқаулардағы жетістіктері – атқарылған жұмыстың нақты нәтижесі.
Алдағы уақытта да мәдениет ошақтарының негізгі бағыты өзгермейді. Ұлттық өнерді дәріптеу, жас таланттарға қолдау көрсету, тарихи-мәдени мұраны насихаттау, ауыл тұрғындарының рухани сұранысын қанағаттандыру бағытындағы жұмыстар жалғаса береді.
Біздің мақсатымыз – мәдени іс-шара санын көбейту ғана емес, оның мазмұнын байыту. Әрбір ұйымдастырылған іс-шара көрерменге ой салып, жас ұрпаққа өнеге беріп, ұлттық құндылықтарға деген құрметті күшейтуі керек.
– Ендеше еңбектеріңізге сәттілік тілейміз!

Сұхбаттасқан
 Пернебай САПАР,
«Оңтүстік Қазақстан».

Пікір қалдырыңыз