Сөз зергері – Сейдулла

 Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде Түркістан қаласының құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері, қазақ журналистикасы мен ғылымына елеулі үлес қосқан ғалым, журналист, ұстаз, филология ғылымдарының докторы, профессор Сейдулла Садықұлының 75 жылдық мерейтойына арналған «Өңір журналистикасының абызы» атты «дөңгөлек үстел» мәжілісі өтті.
Маңызды жиынға облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры Жанар Темірбекова, зиялы қауым өкілдері, ғалымдар, журналистер, оқытушылар мен шәкірттері қатысты.
Жиында облыс әкімінің орынбасары мерейтой иесін құттықтап, облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің құттықтау хатын оқып берді. Ертай Кенжебекұлы өз сөзінде Сейдулла Садық-ұлының қазақ журналистикасы мен ғылымын дамытуға қосқан үлесіне тоқталып, оның Түркістанның рухани өміріне сіңірген еңбегін ерекше атап өтті. Сондай-ақ, ғалымның Түркістанды ғылыми тұрғыдан зерттеп, облыс орталығының тарихи-рухани маңызын насихаттауға қосқан үлесіне тоқталды. 
Өз кезегінде Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры Жанар Темірбекова мерейтой иесін құттықтап, оның университеттің дамуына, журналистика саласындағы мамандарды даярлауға және жас ұрпаққа білім мен тәрбие берудегі еңбегіне жоғары баға берді.
Іс-шара барысында ұлағатты ұстаздың қазақ журналистикасы мен ғылымын дамытуға қосқан үлесі, ұстаздық жолы және ғылыми еңбектері кеңінен сөз болды.
Сейдулла Садықұлы – Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетіндегі журналистика кафедрасының негізін қалаушылардың бірі. Ғалымның тәлімін алған жүздеген шәкірт бүгінде еліміздің бұқаралық ақпарат құралдары мен түрлі салаларында қызмет етіп келеді. Профессордың ғылыми еңбектері Қазақстанмен ғана шектелмей, шетелдік ғылыми басылымдарда да жарық көрді. Оның журналистика, ғылым және білім саласындағы еңбегі мемлекет және кәсіби қауымдастық тарапынан жоғары 
бағаланған. Ол «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан Журналистер одағының сыйлығымен және өзге де көптеген марапаттармен наградталған. 

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Пікір қалдырыңыз