Әдепті қоғам тәрбиеден басталады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық кодты сақтау мәселесін ұдайы көтеріп келеді. Ұлттық кодты сақтау тек тілімізді, салт-дәстүрімізді және мәдениетімізді дәріптеумен шектелмеуі керек. Ол күнделікті өмірдегі қарапайым әдеттеріміз бен іс-әрекеттерімізден де көрініс табады.
Кез келген іс-әрекет қарым-қатынас арқылы жүзеге асады. Ал, қарым-қатынастың жеке адам өміріндегі, әлеуметтік орта мен қоғам дамуындағы орны ерекше. Ол ең алдымен қарапайым амандасудан басталады. Сәлемдесу адамның мәдениетін көрсетеді. Бір сәттік қауышудың өзі кейінгі байланыстың нәтижелі әрі тиімді болуына ықпал етеді.
Ата-бабаларымыздан бізге қазақы амандасу дәстүрі мұра болып қалды. Заман қанша рет өзгергенімен, бұл дәстүр бүгінге дейін өз маңызын жоғалтқан жоқ. Қазір ақпараттың шекарасы жоқ. Адамдар шетелдермен тығыз қарым-қатынаста өмір сүріп жатқандықтан, амандасу мәдениетімізде де түрлі «жаңашыл» элементтер пайда болды.
Дегенмен, мұндай «инновациялар» біздің менталитетке қаншалықты сәйкес келеді? Олар мәдениетімізді байытып, бізді «заманауи тұлғаларға» айналдыра ма? Әлде ұлттық болмысымызға жат әдеттердің орнығуына жол ашып бере ме?
Соңғы кездері жасанды интеллект дәуіріндегі цифрлық этикаға көп көңіл бөліп, қарапайым әдепті назардан тыс қалдырып жүргендейміз. Кейде жас жігіттер мен әріптестердің бір-бірімен амандасуын көріп, ұяласың. Халқымызға жат мұндай әдеттер бізге қайдан келді? Олар қоғамның мәдени деңгейін көтеріп, өркениетті орта қалыптастыруға қаншалықты ықпал етіп жатыр?
Адамның ұлттық болмысы ең алдымен оның күнделікті қарапайым әдеттерінен көрінеді. Қазақстан азаматы өзінің ұлттық болмысын сақтай отырып, басқа мәдениеттер арасында да, өзге елдерде де шынайы құрметке ие бола алады. Сондықтан ұлттық әдепке жат амандасу үлгілерінен арылғанымыз жөн.
Бұған қалай қол жеткіземіз? Педагогтер ата-аналар мен жұртшылықтың қолдауына сүйене отырып, әдет психологиясының қағидаларын күнделікті өмірге енгізуге атсалысуы қажет деп ойлаймын. Жақсы әрі дұрыс ойлар әрекетке, ал, жүйелі әрекет жақсы әдетке айналады.
Сондықтан этномәдени білім беруді жандандыру қажет. Адамдардың санасында ұлттық әдет-ғұрып ережелерін қалыптастыруға ықпал ететін заманауи тетіктерді енгізу маңызды. Олардың күнделікті әрекеттерден көрініс табуына қолайлы жағдай жасау керек. Сонымен қатар жағымды іс-әрекеттер мен жақсы әдеттерді ынталандырған да артықтық етпес еді.
Ата-аналардың функционалдық сауаттылығын арттыруға да назар аударғанымыз абзал. Мектептерде ұлттық педагогика негізінде тәрбие мен білім беруді күшейтіп, этномәдени орталықтар құру қажет. Жұмыс орындарындағы корпоративтік этикет ережелерін де ұлттық кодты сақтау тұрғысынан қайта қараған жөн. Амандасу және сырт көзге қарапайым көрінетін басқа да қарым-қатынас нормаларын қазақы болмысымызға тән әдет-ғұрып талаптарымен үйлестіруді қолға алуымыз керек.
Сонымен қатар қоғамдық орындарда ұлттық әдеп ережелерін сақтауға шақыратын әрі оны ынталандыратын әлеуметтік тетіктерді қолдануымыз қажет. Ұлттық код ең алдымен күнделікті өмірдегі іс-әрекетімізден көрініс тапқанда ғана оның мәні тереңдей түседі.

Негматжан АЛМЕТОВ,
М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу 
университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының докторы.
Пікір қалдырыңыз