Бұл күн мәңгі есімде!
Күздің алғашқы күні – білімге қадам басқан әрбір бүлдіршіннің ғана емес, бүкіл елдің жүрегін тебірентер ерекше мейрам. Алғашқы қоңырау сыңғыры, қолына гүл ұстап, мектеп босағасын алғаш аттаған оқушының қуанышы мен «Әліппені» қолына алған сәттегі толқыныс кез келген жанның жадында мәңгі сақталады.
Білім күніне орай біз ел дамуына өзіндік үлесін қосып жүрген белгілі азаматтар мен ел ағаларына сауал тастаған едік. Олардың мектепке алғаш барған күнінен естеліктері, ұстаз тәлімі мен бүгінгі жас ұрпаққа айтар жүрекжарды тілектерін оқырмандарымыздың назарына ұсынғанды жөн көрдік.
Еркеғали Әлімқұлов, Төлеби ауданының әкімі:
– Мектеп табалдырығын алғаш аттап, сыныптастарымен және мұғалімдермен танысқан сәт әрбір баланың жүрегінде өшпес із қалдырары ақиқат. Ол – өмірдегі ұмытылмас күндердің бірі.
Бірінші сыныпқа барған кезімде аулада өсіп тұрған раушан гүлін қағазға ұқыптап орап, мұғаліміме апарғаным әлі күнге есімде. Гүлдің тікендері қолыма кірсе де, ұстазыма қуаныш сыйласам деген балаң сезім бәрінен де басым еді. Менің алғашқы ұстазым – Райгүл апай. Ол кісі көптеген шәкірттің бойына адамгершілік пен ұлттық құндылықтарды сіңіре білген ардақты жан. Бойындағы мейірім мен жылылықты оқушыларына дарыта білген ұстазым әлі де жас ұрпақ тәрбиесінен қол үзген емес.
Мен ұстаздар отбасында тәрбиелендім. Содан да болар, 1-сыныпқа барғанда арнайы мамандық таңдап үлгермесем де, мұғалім болсам деген арман жүрегіме ерте ұялады. Бұл мамандықтың бала тәрбиесі мен ел келешегіндегі маңызын ерте түсіндім.
Бүгін мектеп босағасын алғаш аттаған бүлдіршіндерге айтарым – білімге әрдайым құштар болыңыздар. Заман ағымына сай бірнеше тіл үйреніп, дүниетанымдарыңызды кеңейтіңіздер. Кітаппен дос болып үйреніңіздер. Ең сенімді дос – кітап!
Мадияр ОРАЗӘЛИЕВ, Сайрам ауданының әкімі:
– Мектеп табалдырығын алғаш аттаған сәттегі сезімім есімде анық сақталмаса да, мені 1-сыныпқа әжемнің жетектеп апарғаны әлі күнге дейін жадымда. Бұл ұмытылмас жол Сайрам ауданы, Қарасу ауылындағы А.Байтұрсынов атындағы №83 мектептен басталды. Алғашқы ұстазым – Ұлдар Бескемпірова. Бүгінде сол кезеңді еске алғанда, көз алдыма балалық шақтың ең бір алаңсыз әрі қымбат сәттері келеді.
Мектепте жүргенде баланың арманы күн сайын өзгеріп отырады ғой. Отбасымызда құқық қорғау саласының қызметкерлері көп болғандықтан, алғашында полиция қызметкері болуды армандадым. Ал, 10-сыныпқа келгенде мұнай-газ саласына қызығушылығым оянып, мектепті аяқтаған соң осы мамандық бойынша оқуға түстім. Кейін өмір ағысы мені басқа бағытқа бұрғанымен, мектепте алған білім мен тәрбие, ұстаздар сіңірген жауапкершілік кай салада да өмірлік бағдарыма айналды.
Бүгін қолына «Әліппе» ұстаған әрбір бүлдіршіннің келешегі кемел болсын! Олардың арасынан ертең елге адал қызмет ететін білікті мамандар, ғалымдар мен ел азаматтары көптеп шығарына кәміл сенемін!
Асқар КЕНЕХАН, «Конгресс-холл» көпсалалы кешенінің директоры:
– Мектеп табалдырығын алғаш аттаған сәт, әрине, есімде. Ауылдағы алты жасар балаларды алғашқы ұстазымыз Қатира апай қарсы алып еді. Тәлімі бөлек, өз ісіне адал мықты педагог болатын. Әр оқушымен жеке жұмыс істеп, үй тапсырмасын жіті қадағалайтын. Ұлағатты ұстазымыз бүгінде зейнеткер, Бәйдібек ауданындағы сыйлы кісілердің қатарында. Әлі күнге дейін қоғамдық істерге белсене араласып, жас ұрпақ тәрбиесіне өз үлесін қосып келеді.
Мен анама ұқсаймын, бала кезде бойым кішкентай болды. Сондықтан дене шынықтыру сабағында үнемі ең соңында тұратынмын. Сол кездері өзіме іштей серт бердім: «Сапта соңында тұрсам да, білімде, өнерде, спортта бәрінің алдында боламын!» дедім. Осы намыс мені әлі күнге дейін алға сүйреп келеді. Мектепте ашылған үйірмелердің бірін де құр жібермей, күрес, цирк, қуыршақ театры мен өнер секцияларының бәріне жазылып, жан-жақты болуға ұмтылдым.
Жүрек түкпірінде актер немесе журналист болсам деген арман жатқан еді. Алайда, біздің мектеп бітірген кезеңіміз елдегі қиын-қыстау уақытпен тұспа-тұс келді де, ата-анамыздың қалауымен қаржы саласына оқуға түстік. Десе де, мектепте шыңдалған талап пен жігер өмірлік жолымда үлкен тірек болды.
Бүгін алғаш партаға отырған бүлдіршіндерге айтарым – сапалы білім алуға ұмтылыңыздар. Қазіргі таңда заманауи мектептер салынып, олар заманға сай оқулықтармен қамтамасыз етілген, барлық жағдай жасалған. Ауыл балалары да қаладағы құрдастарымен тең дәрежеде сапалы білім алуға мүмкіндік алды. Тек оқып, талаптанып, биік шыңдарды бағындыру қалды!
Сауалнаманы жүргізген Е.Айнабеков.