Ұлт руханиятының ұлы тұлғасы

Тарихымызда елдің рухани болмысын сақтап, ұлттық құндылықтарын жаңғыртуға бар ғұмырын арнаған дара тұлғалар аз болмаған. Сондай тұлғалардың бірі әрі бірегейі – мемлекет және қоғам қайраткері, этнограф-ғалым, ұлт мәдениетінің жанашыры Өзбекәлі Жәнібеков. Оның есімі қазақ мәдениетінің қайта түлеп, тарихи жадының жаңғыруымен сабақтасып жатыр.

Бүгін – Өзбекәлі Жәнібековтің туған күні. Ол 1931 жылы 28 тамызда қазіргі Отырар ауданында дүниеге келіп, 1998 жылғы 22 ақпанда өмірден өтті. Этнография ғылымын тың белеске көтерген ғалым Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын 1952 жылы тәмамдап, еңбек жолын ұстаздықтан бастады. Кейін мемлекеттік және қоғамдық қызметтің түрлі сатыларында еңбек етіп, елдің мәдениеті мен руханиятына қатысты аса маңызды бастамалардың жүзеге асуына ұйытқы болды.

Өзбекәлі Жәнібековтің тұлғалық болмысының басты ерекшелігі – мемлекеттік қызметті ұлттық мүддемен ұштастыра білуінде. Ол үшін мәдениет дегеніміз өнер мен әдебиеттің ғана жиынтығы емес, халықтың тарихи жады, ұлттық санасы, салт-дәстүрі мен рухани тұтастығы еді. Сондықтан Ө.Жәнібеков қай қызметте жүрсе де қазақтың тарихи-мәдени мұрасын сақтау, зерттеу және кейінгі ұрпаққа жеткізу мәселесіне айрықша мән берді.

Оның бастамасымен және тікелей араласуымен көптеген тарихи-мәдени ескерткіштерді сақтау мен қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Отырар ескерткіштері, Жаркент мешіті, Айша бибі, Бабаджа хатун кесенелері секілді тарихи нысандардың бүгінгі күнге аман жетуіне сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Сонымен бірге музей ісін дамытуға, ұлттық музыкалық аспаптарды жинақтап, зерттеп, халыққа танытуға ерекше көңіл бөлді.

Оның ұлттық мәдениетке қосқан үлесі тарихи ескерткіштерді сақтап қалумен ғана шектелген жоқ. Өзбекәлі Жәнібеков қазақтың дәстүрлі өнерін, қолөнерін, ұлттық киімін, әдет-ғұрпын терең зерттеп, оларды қоғамдық санаға қайта орнықтыруға күш салды. «Қазақ қолөнерінің мәдениеті», «Қазақ киімі», «Ежелгі Отырар», «Уақыт керуені», «Жолайрықта», «Тағдыр тағылымы» секілді еңбектері ұлттық мәдениет пен тарихи танымды зерделеуге арналған құнды мұра болып қалды. Қайраткер есімі берілген университет қорында ғалымның осы еңбектерінің бірқатарының арнайы жинақталуы да оның мұрасын кейінгі буынға жеткізудің маңызды бір арнасы.

Ұлттық өнерді қолдау ісінде де Өзбекәлі Жәнібековтің еңбегі елеулі. Ол дәстүрлі өнерді насихаттайтын шығармашылық ұжымдардың құрылуына ықпал етіп, «Шертер», «Адырна», «Алтынай» секілді фольклорлық ансамбльдердің қалыптасуына үлкен қолдау көрсетті. Бұл – ұлттық өнерді кәсіби сахнаға шығарып, оның кеңінен танылуына жол ашқан маңызды қадамдардың бірі еді.

Сондай-ақ, ол қазақ қоғамының тарихи санасында өшпес із қалдырған тұлғалардың есімдерін халқымен қайта қауыштыруға да белсене атсалысты. Өзбекәлі Жәнібековтің есімі ұлттық мереке – Наурыздың қайта жаңғыруымен де тығыз байланысты. Ұлттық салт-дәстүр мен тарихи құндылықтарды тұрмысымызға қайта енгізу жолындағы бұл қызметі кейінгі жылдардағы рухани жаңғыру үдерістерінің бастауында тұрған маңызды еңбектердің бірі болды.

Өзбекәлі Жәнібеков мұрасына өткеннің естелігі ретінде ғана емес, қазіргі ұрпаққа бағыт-бағдар беретін рухани құндылық ретінде қарау керек. Өйткені, оның өмір жолы – елге қызмет етудің, ұлттық мүддені қорғаудың, тарихи мұраға жауапкершілікпен қараудың жарқын үлгісі.

Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті үшін қайраткер мұрасының орны ерекше. Білім ордасының руханият сардары есімімен аталуы бізге үлкен мәртебемен бірге зор жауапкершілік те жүктейді. Университетте Өзбекәлі Жәнібеков орталығы жұмыс істейді. Онда қайраткердің өмірі мен шығармашылық мұрасын зерделеу, жастар арасында насихаттау, тарихи тұлғаларға қатысты ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

Биыл Өзбекәлі Жәнібековтің туғанына 95 жыл толып отыр. Осы айтулы датаға орай университетте тағлымдық кездесулер, пікірсайыстар, көрмелер, эссе сағаттары және мәдени-танымдық жобалар ұйымдастырылуда. Олардың негізгі мақсаты – тұлғаның өнегелі өмір жолын жас ұрпаққа таныстырумен ғана шектелмей, оның ұлттық мәдениетке деген сүйіспеншілігін білім алушылардың бойына сіңіру.

Мұндай іс-шаралар студент жастарға қайраткердің өмірі мен қызметін тереңірек танып, ұлттық құндылықтардың мәнін пайымдауға мүмкіндік береді. Өйткені, тарихи тұлғаны тану – өткенді білу ғана емес, бүгінгі күннің жауапкершілігін сезініп, болашаққа бағдар жасау.

Біз үшін Өзбекәлі Жәнібеков – өткен дәуірдің көрнекті қайраткері ғана емес, ұлт болашағына қызмет етудің биік өлшемін қалыптастырған тұлға. Оның бойындағы елжандылық, табандылық, білімге құштарлық, тарихи мұраға деген құрмет пен ұлттық мәдениетке деген жанашырлық бүгінгі жас ұрпақ үшін де аса маңызды қасиеттер.

Ұлт мәдениетін сақтау – өткен тарихыңның жәдігерлерін ғана қорғау емес, болашақты қалыптастыру. Осыны терең түсінген Өзбекәлі Жәнібеков өз ғұмырын халықтың рухани қазынасын жинауға, зерттеуге, қорғауға және кейінгі буынға аманаттауға арнады. Сондықтан оның есімі мен еңбегі уақыт өткен сайын жаңғыра түсетіні анық. Бүгінгі университет ұжымы үшін Өзбек­әлі Жәнібековтің өнегесі – кәсіби қызметтің рухани темірқазығы. Оның ұлттық құндылықтарды дәріптеу, білім мен ғылымды дамыту, жас ұрпақты елжандылыққа тәрбиелеу бағытындағы ізгі мұраттарын жалғастыру – білім ордасының басты міндеттерінің бірі.

Өзбекәлі Жәнібековтің ғибратты ғұмыры – бір адамның тағдыры ғана емес, тұтас ұлттың рухани жаңғыру тарихының бір бөлігі. Оның есімі ел жадында сақталып, тағлымды еңбегі кейінгі ұрпаққа қызмет ете береді.

 

Қайрат БАЛАБИЕВ, 

Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ басқарма төрағасы-ректоры.

Пікір қалдырыңыз