Өткенге баға беріліп, жаңа міндеттер айқындалды
Бауыржан ЕРМАН, «Оңтүстік Қазақстан».
Түркістандағы «Конгресс холл» көпсалалы кешенінде облыс педагогтерінің «Жаңа халықтық Конституцияның нормалары мен құндылықтары: адами капиталды дамыту – білім беру жүйесінің стратегиялық негізі» деген тақырыппен тамыз конференциясы өтті. Дәстүрлі конференцияда инновациялық жобалар көрмесі ұйымдастырылып, көпшілік назарына білім беру саласындағы жаңа бастамалар ұсынылды.
Конференцияға облыс әкімі Нұралхан Көшеров, педагогтер, мектеп директорлары, ата-аналар қауымдастығының өкілдері қатысты. Жиында жаңа оқу жылына дайындық, білім сапасын жақсарту, педагогтердің кәсіби дамуы және заманауи білім беру тәсілдерін енгізу мәселелері талқыланды.
Жиында облыс әкімі Нұралхан Көшеров білім беру саласындағы жетістіктерге тоқталып, алдағы кезеңге арналған міндеттерді айқындады. Сондай-ақ, білім саласының дамуына елеулі үлес қосып келе жатқан бір топ азаматқа мемлекеттік наградалар мен Алғыс хаттар табыстады. Атап айтқанда, сала үздіктері «Ерен еңбегі үшін» және «Еңбек ардагері» медальдарымен, «Ыбырай Алтынсарин» және «Білім беру ісінің үздігі» төсбелгілерімен марапатталды.
– Бүгінгі басқосуымыз ел өміріндегі тарихи өзгерістер кезеңінде өтіп отыр. Тәуелсіздігіміздің тұғырын бекіткен жаңа Конституция қабылданып, Әділетті Қазақ- станды құру жолындағы жауапты кезең басталды. Сондықтан жаңа Конституция жүктеген жауапкершілік пен заманауи технологияларды білім саласына тиімді енгізу – біздің басты міндетіміз.
Еліміздегі білім беру мекемелерінің 14 пайызы біздің өңірге тиесілі. Облыстағы білім беру ұйымдарында 550 мыңнан астам шәкірт білім алады. Жаңа оқу жылында облыс бойынша бірінші сыныпқа 50 мыңнан астам бала қабылданады. Яғни Қазақстандағы әрбір жетінші оқушы – Түркістан облысының тұрғыны. Бұл көрсеткіш бізге үлкен жауапкершілік пен ауқымды міндеттер жүктейді.
Облыстағы білім беру ұйымдарын заманауи әрі сапалы жиһазбен қамтамасыз ету үшін биыл жергілікті бюджет есебінен 75 мың жаңа парта мен 10 мың жаңа тақта сатып алуға қаржы бөлінді. Сондай-ақ, оқушыларға қолайлы білім беру ортасын қалыптастыру үшін 266 психологиялық кабинетті толықтай заманауи үлгіде жабдықтауға қаржы қарастырылды.
Өткен оқу жылында облыстағы білім сапасы 69 пайызды құрап, елімізде көш бастады. Бұл, ең алдымен, аянбай еңбек етіп жүрген білікті педагогтер қауымының қажырлы еңбегінің жемісі. Жаңа оқу жылында баршаңызға жетістіктер мен толағай табыстар тілеймін! – деді Нұралхан Оралбайұлы ұстаздарды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап.
Іс-шара барысында өткен оқу жылының қорытындылары сараланып, алдағы оқу жылына арналған негізгі міндеттер айқындалды. Пленарлық кеңесте спикерлер білім саласындағы өзекті мәселелерді ортаға салып, олардың шешу жолдары жөнінде пікір алмасты.