«Зерделі ұлт» қалыптастыру идеясы тек білім беру жүйесімен шектелмейді
«Оқыған озады, оқымаған тозады» дейді халқымыз. Осы қысқа да нұсқа мәтелдің өзінде ұлт тағдырының кітапқа, оқуға, білімге қалай тәуелді екені тұтас көрініс тапқан. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдаулары мен сөйлеген сөздерінде қазақ зиялыларының жаңа кезеңдегі басты міндетін ұлт болмысының жаңа қағидаттарын орнықтырумен байланыстырып келеді. Бұл тұжырымдама білімді, оқыған, өз ана тілінде терең ойлай алатын азамат қалыптастыру мәселесін мемлекеттік деңгейдегі басымдыққа айналдырады. Ал, зиялы, оқыған ұлт қалыптастырудың іргетасы – кітап мәдениеті, яғни сапалы жазылған, сауатты редакцияланған және дер кезінде оқырманға жететін баспа өнімі. Кітапсыз, сапалы баспасөзсіз зиялылық тұжырымдамасы тек декларация болып қала береді, өйткені ұлттың интеллектуалдық әлеуеті ең алдымен оның оқу мәдениетінің тереңдігімен және баспа өнімінің сапасымен өлшенеді.
Кітап – халықтың рухани азығы, ал, білім – ұрпақты болашаққа жетелейтін жол, бұл екі ұғым бір-бірінен ажырағысыз. Осы орайда бірнеше мәселе өзара тығыз байланысқа түседі: біріншіден, қазіргі жастардың кітап оқу үрдісінің қалай өзгеріп жатқаны; екіншіден, баспа нарығының бұрынғы авторлардың мұрасын қайта-қайта басып шығаруға бейімделіп, жаңа буынға арналған жаңа өнім мен жаңа форматты жеткіліксіз ұсынатыны; үшіншіден, жарық көрген басылымдардың редакциялық-корректорлық сапасы қандай деңгейде екені. Осы мақалада автордың дипломдық зерттеуі барысында жинақталған, оның ішінде ҚР Ұлттық кітап палатасының ресми статистикалық деректері мен нақты басылымдарды талдау нәтижелері негізінде осы мәселелердің өзара айқын көрінісі ашылады.
Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының PISA-2022 халықаралық зерттеуінің нәтижесі бойынша, 15 жастағы қазақстандық оқушылардың 64 пайызының мәтінді түсініп оқу дағдысы төмен деңгейде қалып отыр. Бұл көрсеткіш елдегі оқу мәдениетінің терең дағдарысқа ұшырағанын дәлелдейді. Мұны толықтыратын тағы бір дерек – жан басына шаққанда жылына оқылатын кітап саны бойынша Қазақстанда бұл көрсеткіш небәрі 1,2 данадан аспайды, ал, дамыған елдерде орташа алғанда бұл көрсеткіш 7-12 данаға жетеді. ҚР Ұлттық кітап палатасының ресми есебі бұл мәліметті одан әрі нақтылай түседі: 2024 жылы отандық баспалар 5620 аталым кітап пен кітапша шығарса да, жан басына шаққандағы нақты тұтыну көрсеткіші небәрі 0,31 кітапты құрады. Яғни отандық оқырман, әсіресе, жас ұрпақ өкілдері, әлемдік орта көрсеткіштен алты-жеті есеге дейін артта қалып отыр.
Бұл құбылыстың себебі жалғыз ғана мектептегі оқыту сапасында емес, оқу ортасының өзгеруінде де жатыр. Yessenbekova жүргізген зерттеу жастардың цифрлық коммуникациялық ортада кітап оқу тәжірибесі түбегейлі өзгергенін, экраннан оқудың көбіне үстірт қабылдауға бейім болатынын көрсетеді. TikTok, YouTube секілді қысқа бейнеконтентке негізделген платформалардың танымалдылығы дәстүрлі, ұзақ мәтінмен жұмыс істеуге негізделген оқуға бөлінетін уақытты айтарлықтай қысқартуда. Соның салдарынан оқырман ұзақ мәтінге терең бойлаудан гөрі қысқаша мазмұн, тезис, үзінді немесе визуалды карточка секілді жылдам форматтарға көбірек жүгінеді, бұл терең оқу дағдысының әлсіреуіне алып келеді. Халық «Ғылым – таусылмас қазына» дейді, бірақ сол қазынаға жол сілтейтін кітап жас оқырманның қолына өз тілінде, өз заманына лайық түрде тимесе, бұл қазына игерусіз қалуы да әбден мүмкін.
Дегенмен, цифрлық ортаның теріс әсерін бір жақты бағалау да қате болар еді. Электрондық кітапханалар, ашық архивтер мен аудиокітаптар кітаптың қолжетімділігін бұрын-соңды болмаған дәрежеде кеңейтті. Сондықтан мәселе «қағаз ба, әлде цифрлық форма ма» деген қарапайым таңдауда емес, керісінше – жаңа медиалық ортада терең оқу мәдениетін қалай сақтап қалу, жүйелі ойлауды қалай қолдау керектігінде жатыр.
Отандық баспа ісінің тағы бір айқын үрдісі – классикалық мұраны қайта-қайта басып шығаруға басымдық беруінде. І.Есенберлин, Ғ.Мұстафин, Ғ.Мүсірепов, Ж.Аймауытов секілді классик жазушылардың шығармалары жыл сайын жаңа мұқабамен, жаңа безендірумен қайта-қайта жарық көреді. Бұл құптарлық үрдіс, «тарихты білмеген – тамырсыз» дегендей, классиканы сақтау ұлттың тарихи сабақтастығын үзбеуге қызмет етеді. Дегенмен, тек қайталанған классикамен ғана шектелу – жаңа буын оқырманының нақты сұранысына толық жауап бере алмайды. Зерттеу деректері жаңа буын өкілдерінің сапалы әрі заманауи қазақша мазмұнды ұлттық бірегейліктің интеллектуалды өлшемі ретінде қабылдайтынын көрсетеді, яғни жастар классиканы теріске шығармайды, бірақ өз заманының тілімен, өз заманының форматымен сөйлейтін жаңа әдебиетті де қажет етеді.
Мұның негізінде нақты экономикалық себеп жатыр. Қазақстанда тек әдеби еңбектен түсетін қаламақы есебінен күн көретін жазушылардың саны 50-60 адамнан аспайды, ал, баспалар авторға сатылған әр дана кітаптың үлесінен небәрі 5-8 пайыз роялти төлейді. Нәтижесінде 2 мың дана болып басылып шыққан кітаптан автордың табатын табысы 0,5-1 миллион теңге аралығында ғана – бұл бірнеше жылдық шығармашылық еңбекке әрі жеткіліксіз, әрі әділетсіз баға. Баспа үшін де, автор үшін де сыннан өткен классиканы қайта басу тәуекелсіз, ал, жаңа есімді нарыққа шығару қаржылай тәуекелге толы болғандықтан, нарықта сапалы түпнұсқа контент тапшылығы сақталып отыр. Ал, жаңа форматтарда – аудиокітап, электрондық басылым, интерактивті мәтін түрінде жарық көретін заманауи қазақша өнімнің үлесі әлі де төмен. Осылайша «Steppe & World», «Мазмұндама» секілді жекеменшік баспалардың заманауи авторларды батыл нарыққа шығаруы – жалғыз мысал емес, керісінше жүйелі қолдауды қажет ететін бағыт болып қала береді. Классикалық мұраны сақтау мен қазіргі авторларды қолдау мәселесі қатар жүрмейінше, «зиялы ұлт» тұжырымдамасы тек өткеннің елесіндей ұлт болып қалуы мүмкін, ал, бұл тұжырымдама болашақ ұлттың рухани келбетін айқындауы тиіс.
Жастардың оқу дағдысының әлсіреуі баспа нарығының өзіндік ерекшеліктерімен де тікелей байланысты. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанда жарық көретін кітап өнімінің көлемі күрт өзгерді: егер кеңестік кезеңде республикада жылына 55,6 миллион дана кітап басылса, 1995 жылға қарай бұл көрсеткіш небәрі 3,2 миллион данаға дейін түсіп кетті, яғни шамамен 17 есе қысқарды. Соңғы жылдары нарық жаңа серпін алғанымен, ел бойынша жылына шамамен 2,5-2,7 мың аталыммен жалпы таралымы 50-55 миллион дана кітап баспадан шығады.
ҚР Ұлттық кітап палатасының 2023-2025 жылдардағы ресми деректері нарықтың ішкі құрылымын әлдеқайда нақты ашады. 2024 жылы елімізде 5620 аталым кітап пен кітапша басылып, оның жалпы таралымы 6239,61 мың данаға жетті. 2023 жылмен салыстырғанда аталым саны 40,1 пайызға, жалпы таралым 48 пайызға өсті. Алайда, бір аталымның орташа таралымы небәрі 1050 данадан 1110 данаға дейін, яғни 5,7 пайызға ғана көбейді – бұл нарықтың «ұсақталу» үрдісін, яғни аталым санының өсуі есебінен емес, әрбір кітаптың нақты оқырманға жету ауқымының тарылуы есебінен көрінетінін дәлелдейді. Электрондық кітап сегментінде мынадай алаңдатарлық жағдай орын алған: 2023 жылы 398 аталым 513,46 мың дана таралыммен шықса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 210 аталым мен небәрі 25,46 мың данаға дейін, яғни 95 пайызға күрт құлдырады. Бұл құбылыс ресми статистиканың электрондық нарықты толық қамтымауымен және оқырмандардың заңсыз, тегін контентке ойысуымен түсіндіріледі.
Тілдік үлестірім мәселесі де назар аудартады: жарық көретін алты мың шамасындағы аталымның 55 пайызы орыс тілінде, 40 пайызы қазақ тілінде, қалғаны ағылшын және басқа тілдерде басылады. Ал, жалпы таралым бойынша қазақ тіліндегі кітаптардың үлесі 30 пайыздан аспайды, себебі қазақ тіліндегі кітаптың орташа таралымы шамамен 1 мың данамен шектелсе, орыс тіліндегі басылымдарда бұл көрсеткіш 3 мың данаға дейін жетеді. Бұл теңсіздік қазақ тілді оқырманның, әсіресе, жас буынның сапалы әрі көп таралымды ана тіліндегі кітапқа қолжетімділігін шектейді.
Нарықтың құрылымдық сипатын «үздік 10 баспа» статистикасы да айқын көрсетеді: 2024 жылы тіркелген 5620 аталымның 899-ы, яғни 16 пайызы небәрі 10 ірі баспаның үлесіне тиесілі болды. Басқаша айтқанда, нарықтағы 237 баспаның 4,2 пайызы ғана бүкіл өнімнің алтыдан бір бөлігін бақылап отыр, қалған 84 пайыз өнім 227 ұсақ баспаға шашыраған, яғни бір баспаға орта есеппен 20,8 аталымнан ғана келеді. Мұндай олигополиялық құрылым шағын баспаларды сапаны қамтамасыз етуге қажетті ресурс тапшылығына әкеледі. Тәжірибелі әдеби және ғылыми редакторды, кәсіби корректорды ұстау көптеген шағын баспа үшін қаржылай тұрғыдан тиімсіз. Баспа субъектілерінің саны да тұрақсыз: 2021 жылы 266 баспа тіркелсе, 2024 жылы бұл көрсеткіш 237-ге дейін төмендеп, 2025 жылы 245-ке жетті – бұл бес жылда 7,9 пайыздық қысқаруды білдіреді және нарықта «табиғи сұрыпталудың» жүріп жатқанын аңғартады.
Дипломдық жұмыс аясында жүргізілген нақты басылымдарды талдау көрсеткендей, нарықтағы шығармашылық еңбектердің сапасы бірізді емес. Талданған кітаптарда орфографиялық, пунктуациялық, синтаксистік-стилистикалық және логикалық қателердің бірнеше санаты анықталды. Атап айтқанда, мәтіннің үш сатылы тексеруден – әдеби редактор, ғылыми редактор, корректор – толық өтпеуі салдарынан терминологиялық және орфографиялық бірізділіктің сақталмауы жиі кездеседі. Төменде осындай әріптік қателердің бір бөлігі көрсетілген:
Бұл қателер Әділбек Исламбектің «Шабыт» баспасынан 2022 жылы жарық көрген «Оқырман әліпбиі» кітабынан алынды. Психологиялық танымал кітап көпшілік оқырманға ой саларлық оқу мәдениетін қалыптастыруға септігін тигізгенімен, кітап беттеріндегі өрескел қателер оқырман назарын өзіне бұрмай қоймайды. Осы секілді қателер жекелеген кездейсоқтық емес, тұтас жүйелі құбылыс ретінде қарастырылуы тиіс. Мәселен, І.Есенберлиннің «Мазмұндама» баспасынан 2024 жылы жарық көрген «Ғашықтар» романында жалғаулық шылаудың сөйлем басында қате қолданылуы кітаптың 18 бетінде (8, 58, 81, 87, 89, 101, 110, 147, 161, 177, 191, 196, 201, 205, 208, 210, 211, 240-беттерде) қайталанып отырды бұл редакциялық қадағалаудың әлсіздігін көрсетеді.
Мұндай кемшіліктердің оқырманға, әсіресе, жас оқырманға, тигізетін теріс әсері айрықша үлкен. «Тамшы тасты да тесер» дегендей, кітаптан кітапқа қайталанатын кішігірім қателер оқырман санасында жинақталып, тұтас баспа өніміне деген сенімсіздік тудырады. Мәтінді түсініп оқу дағдысы әлі толық қалыптаспаған жасөспірім оқырман үшін сауатсыз жазылған немесе техникалық ақаулары бар мәтін қосымша когнитивтік кедергі тудырады, ал, бұл өз кезегінде кітап оқуға деген қызығушылықты одан әрі төмендетеді. Осылайша, баспа сапасының төмендігі мен жастардың оқу мәдениетінің әлсіреуі бір-бірін күшейтетін тізбекті құбылысқа айналады.
Жүргізілген талдау зерделі ұлт қалыптастыру идеясының тек білім беру жүйесімен шектелмейтінін, оның ажырамас бөлігі – сапалы кітап мәдениеті екенін нақты статистикалық деректермен дәлелдейді. PISA-2022 нәтижесі бойынша анықталған 64 пайыздық көрсеткіш, жан басына шаққандағы 0,31-1,2 дана кітап оқу деңгейі, сондай-ақ ҚР Ұлттық кітап палатасының ресми есебіндегі нарықтың «ұсақталу» үрдісі мен электрондық сегменттің 95 пайыздық құлдырауы – бір-бірімен тығыз байланысты құбылыстар. Бұл жағдайға баспа нарығындағы тілдік теңсіздік, шағын баспалардың редакциялық ресурс тапшылығы, классиканы қайталай беруден туындайтын жаңа мазмұн тапшылығы және цифрлық ортаның үстірт қабылдауды күшейтуі бірдей дәрежеде әсер етеді.
Сондықтан зерделі ұлт немесе зиялы ұлт тұжырымдамасын нақты іске асыру үшін төрт бағыттағы шаралар қатар жүруі қажет: біріншіден, қазақ тіліндегі сапалы баспа өнімінің таралымын арттыруды мемлекеттік деңгейде қолдау; екіншіден, баспалардағы кәсіби редакторлық-корректорлық институтты нығайту, атап айтқанда, шағын баспаларға арналған сапа стандарттарын енгізу; үшіншіден, классикалық мұраны сақтай отырып, жаңа буын жазушыларына арналған роялти және грант жүйесін жетілдіру арқылы заманауи әрі жаңа форматтағы өнімнің үлесін көбейту; төртіншіден, жас ұрпақтың терең оқу дағдысын цифрлық құралдармен қатар дамытатын кешенді бағдарламалар әзірлеу. «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» дейді халқымыз. Тек осындай кешенді тәсіл ғана Мемлекет басшысы атап өткен зиялы, білімді ұлт қалыптастыру міндетін сөзден іске, ұрандаудан нақты нәтижеге айналдыра алады.
Мәдина МӘДІ,
журналист.
Созақ ауданы.