ҚЫРКҮЙЕКТЕГІ ҚАРБАЛАС
Ақмерей Шырынбекова,
«Оңтүстік Қазақстан».
Күз түсіп, күннің ыстық табы қайтып, ауа райы салқындай бастады. Әйткенмен баспана нарығындағы баға әлі «күйіп» тұр. Қыркүйекпен бірге еліміздегі талай отбасы үшін жыл сайынғы таныс әурешілік басталады: пәтер іздеу, арзандау баспанаға талас, үй иесімен саудаласу, бағаға таңғалу. Шыны керек, басы артық үйі, пәтері барлар үшін бұл – «алтын маусым». Ал, білім іздеп, студент атанған жас пен оның шығынына алаңдаған ата-ана үшін қыркүйек – жаңа оқу жылының ғана емес, жаңа қаржылық сынақтың да басталуы...
Ұлттық статистика бюросы елімізде жалдамалы баспананың бір шаршы метрінің орташа құны 5 134 теңгеге жеткенін жариялады. Бұл – пәтер құны бір жылда 14,2 пайызға қымбаттады деген сөз! Астана мен Алматы қалаларында баға бұдан да жоғары. Егер
ұлыңыз не қызыңыз Астанада оқитын болса, жалдамалы пәтердің әр шаршы метрі үшін 5 796 теңге, ал, Алматыда тұрса, 5 961 теңге төлеуіңізге тура келеді. Ал, облыс орталығы Түркістандағы баға қандай?
Кейінгі жылдары Түркістан рухани орталық ретіндегі мәртебесімен қатар, жастар білім іздеп ағылатын шаһарға да айналды. Қалада бүгінде 3 жоғары оқу орны бар. Соның ішінде есігі жастарға ежелден ашық Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде 10 мыңға жуық студент білім алады. Халықаралық туризм және меймандостық университеті мен Қазақ-Корей бірлескен «Woosong University Kazakhstan» университетінде де 5 мыңнан астам студент оқиды. Оған кәсіптік білім беретін колледждерді қосыңыз. Түркістандағы жалпы саны 20 мыңға жуықтайтын студенттің бәрі бірдей жатақханадан орын ала бермейтіні түсінікті. Сондықтан оқу жылы басталған кезде пәтер іздейтін жастардың қатары да көбейеді. Дегенмен, Түркістанның бұл тұрғыдағы басты артықшылығы – студенттерді жатақханамен қамту деңгейінің салыстырмалы түрде жоғары болуы.
Мәселен, Алматы мен Астанада әр жылы қыркүйек айында студенттерге жатақханадан орын жетпей, олардың пәтер іздеуі қалыпты құбылысқа айналған. Ал, Түркістанда жатақхана мәселесі 85-90 пайызға дейін шешімін тапқан. Университет жатақханаларындағы ай сайынғы төлем 12-22 мың теңге шамасында. Жеке және хостел үлгісіндегі жатақханаларда баға 30-45 мың теңгеге дейін барады.
Бүгінде Түркістанда жалдамалы баспананың бір шаршы метрі 2 767 теңгені құрайды. Қазір қалада бір бөлмелі пәтерді айына 75-110 мың теңгеге жалдауға болады. Шет аудандарда баға 70-80 мың теңге шамасында болса, қала орталығында ол 100-115 мың теңге шамасында. Екі бөлмелі жалдамалы пәтерлердің бағасы 120-170 мың теңге аралығында. Егер бірнеше студент бірігіп тұрса, бір студенттің ай сайынғы пәтерге төлейтін шығыны шамамен 35-40 мың теңге болады.
Ал, пәтер бағасы басқа қалаларда қандай? Мәселен, Алматыда бүгінде бір бөлмелі пәтерді жалдау ақысы 230-360 мың теңге, ал, екі бөлмелі пәтер 330-550 мың теңгеге дейін жетеді. Астанада бір бөлмелі пәтердің айлық жалдау ақысы 190-270 мың теңге аралығында болса, екі бөлмелі пәтерді 260-350 мың теңгеге жалдауға болады. Шымкентте бір бөлмелі пәтерлердің бағасы 110-160 мың, екі бөлмелі пәтерлер 160-240 мың теңге шамасында.
Қорыта айтқанда, баспана бағасы – жай ғана нарықтағы көрсеткіш емес, ол мыңдаған отбасының күнделікті шығыны мен баласының білім алу мүмкіндігіне тікелей әсер ететін әлеуметтік мәселе. Сондықтан жастарды қолжетімді, қолайлы әрі қауіпсіз жатын орынмен қамтамасыз ету мәселесі елдің әлеуметтік саясатындағы маңызды бағыттардың бірі болуы тиіс.