Орталықта оңды істер көп
Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті жанындағы лингвистикалық орталық – тіл білімін дамыту мен кәсіби тілдік құзыреттілікті қалыптастыруға бағытталған маңызды құрылымдардың бірі. Орталықтың басты мақсаты – студенттердің тілдік білімін жетілдіру, мемлекеттік білім беру стандарттарына сәйкес кәсіби тіл дағдыларын қалыптастыру және көптілді маман даярлау ісін жүйелі түрде жүзеге асыру.
Лингвистикалық орталықта білім беру қызметі кәсіби біліктіліктері жоғары профессор-оқытушылар құрамының жетекшілігімен жүргізіледі. Орталық құрамында профессорлар, доценттер, аға оқытушылар, оқытушылар және лаборанттар қызмет атқарады. Оқу үдерісі Қазақстан Республикасының мемлекеттік лицензияланған жоғары білім беру бағдарламалары негізінде күндізгі оқу формасында ұйымдастырылады.
Орталықтың оқу-әдістемелік жұмыстары заман талабына сай жүргізіледі. Әр мамандыққа арналған оқу жоспарлары әзірленіп, университеттің академиялық комитетінде мақұлданғаннан кейін ректордың бекітуіне ұсынылады. Сонымен қатар, әр пән мен деңгейге арналған арнайы оқу бағдарламалары дайындалады. Бұл бағдарламалар білім алушылардың тілдік қабілеттерін дамытуға, кәсіби және академиялық ортада еркін қарым-қатынас жасауына мүмкіндік береді.
Лингвистикалық орталық білім беру сапасын жақсарту мақсатында оқу пәндеріне арналған оқулықтар, әдістемелік құралдар, тапсырмалар жинақтары, практикалық жұмыстар мен кешенді бақылау материалдарын дайындайды. Сабақ барысында қазіргі заманғы оқыту технологиялары қолданылып, студенттердің шығармашылық, ізденушілік және талдау қабілеттерін дамытуға ерекше көңіл бөлінеді.
Орталық тек білім берумен шектелмей, ғылыми-зерттеу жұмыстарын да белсенді түрде жүргізеді. Профессор-оқытушылар құрамы ғылыми семинарлар мен халықаралық конференцияларға қатысып, тіл үйрету әдістемесін жетілдіруге өз үлестерін қосуда. Әсіресе, қазақ және түрік тілдерін шет тілі ретінде оқыту бағытындағы ғылыми ізденістер маңызды орын алады.
Сонымен қатар, орталық түркі халықтарының тілі, әдебиеті мен мәдени мұрасын зерттеуге басымдық береді. Түркі мәдениетінің өзге мәдениеттермен байланысы, тілдік және әдеби қарым-қатынасы ғылыми тұрғыдан зерделеніп, мәдени-
ағартушылық іс-шаралар ұйымдастырылады. Қазақстан ішінде және халықаралық деңгейде тіл, әдебиет және мәдениет саласында қызмет ететін ұйымдармен ынтымақтастық орнату – орталықтың маңызды бағыттарының бірі.
Бүгінде аталмыш орталық студенттерге түрік, қазақ тілдерін және сұранысқа ие өзге де тілдерді үйренуге мүмкіндік жасап, көптілді білім беру саясатын табысты жүзеге асырып келеді. Заманауи техникалық құрал-жабдықтармен қамтылған орталық оқу үдерісін жаңа деңгейге көтеріп, халықаралық білім кеңістігіне сай маман даярлауға өз үлесін қосуда.
Ардақ Жүнай,
Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дің,
журналистика бөлімінің студенті.