Қуантсаң, баланы қуант!

Жаңа оқу жылы қарсаңында Түркістан қаласындағы «Достық үйінде» ізгілік пен мейірімділікті дәріптейтін дәстүрлі «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы өтті. Іс-шараны облыстық қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастырды.

Қайырымдылық іс-шарасы аясында Түркістан қаласындағы 15 мектептің 100-ге жуық оқушысына мектеп сөмкелері мен оқу құралдары табысталды. Сондай-ақ, 60-тан астам отбасыға материалдық көмек көрсетілді.
Акцияның басты мақсаты – әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасылардың балаларына жаңа оқу жылын жақсы көңіл-күймен бастап, мектепке толыққанды дайындалуына қолдау көрсету. Бұл – жас ұрпаққа қамқорлық танытып қана қоймай, қоғамдағы өзара жанашырлық пен бірлікті нығайтатын игі бастама.
Іс-шара барысында облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ басшысының орынбасары Ерназар Баетов қайырымдылықтың қоғам өміріндегі маңызына тоқталып, акцияға қолдау көрсеткен азаматтарға ризашылығын білдірді.
Іс-шараға облыстық аналар кеңесінің төрайымы Гүлсара Тоққұлова, облыстық өзбек этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары Замир Мұхамеджанов, аналар кеңесінің мүшесі Мухаббат Ибрагимова және кәсіпкер, «Раяна» гүл өсіру жылыжайының иесі Дилноза Омарова қатысты. Қонақтар балаларға ақжолтай тілектерін арнап, сәттілік пен толағай табыс тіледі.
Іс-шара соңында балаларға балмұздақ таратылды. Мұның өзі оларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. 

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Пікір қалдырыңыз