Атқарылған істер аз емес

Мәдина МӘДІ,
«Оңтүстік Қазақстан».

Тамырын сан ғасырдан тартатын Түркістан өңірі –  ата-баба аманатын көздің қарашығындай сақтап, соны бүгінгі даму жолымен ұштастырған киелі мекен. Кешегі керуен жолының тұтас Азияны бір-біріне жалғаған тынысы бүгін инвестиция мен өнеркәсіп ағынымен қайта тірілгендей. Тарихы бар, тамыры бар елдің –  болашағы бар. Дәл осы сөз Түркістан өңірінің бүгінгі бет-бейнесіне толық сәйкес келеді. 
Негізгі нәтижелерге назар аударсақ,  2025 жылы облыс экономикасына 1,7 триллион теңге инвестиция тартылып, 8 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды; 2026 жылдың алғашқы бес айында өнеркәсіп өнімі 131,9 пайызға өсіп, республикадағы ең жоғары серпінді өңірлердің біріне айналды; ауыл шаруашылығы саласы 259,5 млрд. теңгенің өнімін берді; облысқа келген туристердің саны 500 мыңға жетті. Осы төрт бағыттың өзі-ақ облыстың бүгінгі даму бейнесін толық аша алады.
Ұлттық статистика бюросының 2026 жылғы 1 наурыздағы деректеріне сүйенсек, облыс халқы 2 146,7 мың адамға жетті, оның ішінде қала тұрғындары – 545,1 мың адам (25,4%), ал, ауыл тұрғындары – 1 601,6 мың адам, яғни 74,6%. Демек, өңір халқының төрттен үшін ауылдағы ағайын құрайды. Бұл –  «жеріне қарай ел, еліне қарай жер» дегендей, өңірдің тамыры дала мен елдің тірлігіне терең бойлағанын білдіреді әрі облыс дамуының басты бағдары ауылға, оның инфрақұрылымына, тұрғындарының әл-ауқатына бағытталуы тиіс екенін де аңғартады. Жыл басынан бері, яғни 2026 жылдың қаңтар-ақпан айларында облыста 6 883 нәресте дүниеге келді.
2025 жылдың қорытындысы бойынша облыс экономикасына 1,7 триллион теңге инвестиция тартылды, оның 1,4 триллион теңгесі – жеке инвестиция, ал, тікелей шетелдік инвестиция көлемі 1,4 миллиард долларға жетті. Жалпы құны 340 миллиард теңгені құрайтын 58 жоба іске қосылып, нәтижесінде 8 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды –  бұл 8 мың отбасының дастарқанына нан, күнделікті тірлігіне тұрақтылық әкелген үлкен серпін. Бүгінде облыста 21 индустриялық аймақ жұмыс істейді, ал, «Turan» арнайы экономикалық аймағында құны 315 миллиард теңгені құрайтын 26 жоба жүзеге асырылуда.
Осы жылдың алғашқы бес айының қорытындысы облыстың экономика саласында республикада көш бастағанын көрсетті. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 722,4 млрд. теңгеге жетіп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 131,9 пайызды құрады. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібінде –  346,8 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, өсім қарқыны 149,7 пайызды құрады, ал, тау-кен өндіру саласында 312,7 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 119 пайызға жетті. Негізгі капиталға салынған инвестиция 614,2 млрд. теңгеге жетіп, 150,5 пайыз өсім көрсетті –  бұл көрсеткіш бойынша Түркістан облысы республикадағы ең жоғары серпінді өңірлердің бірі атанды. Ал, осы жылғы қаңтар-наурыз кезеңінде негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 354,3 млрд. теңгені құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 171,2 пайызға өсті; тіркелген заңды тұлғалар саны 19 745-ке жетіп, 3,8 пайызға көбейді. 
Мұндай статистиканың артында шаруалардың маңдай тері жатыр. Мәселен, «Turan» арнайы экономикалық аймағында орналасқан тоқыма фабрикасы соңғы екі жылда өндіріс көлемін екі есеге ұлғайтып, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтып отыр.
2026 жылдың алғашқы бес айында ауыл шаруашылығы саласында 259,5 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, өсім қарқыны 110,7 пайызды құрады. Президентке берілген есепте 2027 жылға қарай, қолға алынған жобалар толық іске қосылғаннан кейін, ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі қосымша 479,5 млрд. теңгеге өсетіні айтылды. Салада мақта-мата, жүгері және ет өндірісі кластерлері дамып келеді – бұл өлкенің тек шикізат жеткізуші ғана емес, өнім өндіруші ретінде де қалыптасуының нақты мысалы. Осы бағытта алдағы жылдары суармалы жерлер көлемін ұлғайту, тұқым сапасын жақсарту және қайта өңдеу зауыттарын көптеп салу жоспарлануда.
Туризм саласында да серпіліс бар. Өткен жылдың қорытындысы бойынша облысқа келген туристер саны 500 мың адамды құрап, 2024 жылмен салыстырғанда 15,9 пайызға көбейді. Оның ішінде шетелдік туристер саны 23 мыңға жуықтады. Өңірге ең көп саяхаттаған елдер қатарында Өзбекстан, Қытай, Түркия, Ресей және Германия бар. Тарихи нысандарға келушілер саны өткен жылы 1 миллион адамнан асып, 13 пайызға өсті, ал, осы жылдың алғашқы төрт айында бұл көрсеткіш 334,8 мың адамды құрады. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, іскерлік емес, жеке мақсаттағы ішкі сапарлар бойынша да Түркістан облысы республика бойынша сұранысқа ие өңірлердің үздік бестігіне кіреді. 
Облыс спортшылары өткен жылы әлем, Азия, Қазақстан чемпионаттарында барлығы 1 668 медаль жеңіп алды. Өңірдің спорт мектептерінде 89 700 спортшы 63 спорт түрімен тегін шұғылданады – бұл 2024 жылмен салыстырғанда 27 438 балаға, яғни 69 пайызға көп. өткен жылдың қорытындысы бойынша дене шынықтырумен және спортпен тұрақты айналысатын барлық жастағы тұрғындар саны 851 мың адамға жетіп, ол халықтың 42,8 пайызын құрады. Ал, 3-18 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдер үлесі 266 мың адамға жетті. Биыл облыста әлемдік, азиялық және республикалық деңгейдегі 40-қа жуық жарыс өтеді деп көзделуде.
Медицина саласында да қомақты жетістіктер бар. Түркістан облыстық клиникалық ауруханасында 2023 жылдан бері бүйрек пен бауыр трансплантациясы қолға алынған. Мұндай операциялардың облыс аумағында жүргізілуі тұрғындардың күрделі ем алу үшін әуре болып ірі мегаполистерге баруын сиретті әрі өңірлік денсаулық сақтау саласының дербестігін нығайтады.
Еңбек нарығы мен бюджет саласындағы көрсеткіштер де ерекше назар аудартады. 2025 жылы облыс бойынша мемлекеттік бюджетке 1 триллион теңге салық  түсіп, бекітілген жоспар 101,2 пайыз орындалды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 234 миллиард теңгеге көп. Соңғы үш жылда атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны екі есеге қысқарды, бұл – халықтың өз бетінше табыс табу мүмкіндігі жақсарғанының белгісі. Еңбекпен қамту шараларына 148 мың адам тартылып, жұмыссыздық деңгейі 4,6 пайызды құрады. 
Жергілікті билік алдағы уақытта атқарылуы тиіс бірнеше бағытты белгілеп отыр, атап айтқанда, өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды ресми еңбек нарығына тарту үшін ауылдық жерлерде шағын және орта бизнесті қолдау бағдарламаларын кеңейту, ауыл шаруашылығы өнімдерін тереңдетіп қайта өңдейтін жаңа кәсіпорындар салу, сондай-ақ, туристік инфрақұрылымды – қонақүй, жол, көлік қызметін  халықаралық стандартқа сәйкестендіру шаруалары қолға алынбақ. 

Пікір қалдырыңыз