Түркістан өнімдері Алматыға жөнелтілді
Түркістан облысы – ауыл шаруашылығы саласы дамыған, берекелі еңбегімен ел ырысын еселеп отырған өңір. Биыл да шаруаларымыздың еңбегі өз нәтижесін беріп, жоғары көрсеткіштерге қол жеткіздік.
Қаңтар-шілде айларының қорытындысы бойынша өңірде 458,8 млрд. теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілді. Нақты көлем индексі 111,1 пайызға жетіп, бұл көрсеткіш бойынша облысымыз республикада бірінші орынға шықты.
Ауыл шаруашылығына салынған инвестиция көлемі де айтарлықтай өсті. Жыл басынан бері агроөнеркәсіптік кешенге 161,6 млрд. теңге инвестиция тартылды. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 1,4 есеге жоғары. Өнімді сыртқы нарыққа шығару бағытында да оң динамика бар. Осы кезеңде 904,5 мың тонна ауыл шаруашылығы және қайта өңделген өнім экспортталып, экспорт көлемі екі есеге артты.
Мұның бәрі диқандар мен шаруалардың, ауыл шаруашылығы саласындағы мамандардың еңбегінің нақты нәтижесі. Ендігі міндет – өндірілген өнімнің өткізу нарығын кеңейтіп, түркістандық шаруалардың еңбегін тұтынушыларға сапалы күйінде жеткізу. Осы мақсатта тамыз айының соңғы күндері Алматы қаласында Түркістан облысының ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті.
Жәрмеңкеге өңірдің аудан-қалаларынан 500 тоннадан астам өнім жөнелтілді. Сөйтіп Алматы тұрғындарына ет және сүт өнімдері, көкөніс, жеміс-жидек пен бақша дақылдары, басқа да жергілікті өнімдер нарық бағасынан 15-20 пайызға төмен сатылды. Мұндай сауда алаңдары шаруалар үшін өнімін тікелей тұтынушыға ұсынуға жақсы мүмкіндік береді.
Жәрмеңкенің маңызы мұнымен шектелмейді. Ол ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің өткізу нарығын кеңейтіп, өңіраралық сауда байланыстарын нығайтуға да мүмкіндік береді. «Егістіктен – сөреге дейін» қағидаты арқылы делдалдық тізбекті қысқартып, өңірімізде өндірілген өнімді тұтынушыға тікелей жеткізуге жол ашады.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.