Биыл қандай жаңа сабақтар енгізіледі?

Жыл сайын мектептерге түрлі өзгерістер енгізіліп жатады. Олардың бірқатары мұғалімдер мен ата-аналар арасында пікірталас туғызып, кейде алаңдаушылыққа да себеп болады. Алайда, жасанды интеллект пен цифрландыру қарқынды дамыған қазіргі заманда білім беру жүйесінің заман талабына сай жаңаруы – уақыт талабы.
Осыны ескерген Оқу-ағарту министрлігі жаңа оқу жылынан бастап Қазақстан мектептерінде бірқатар өзгеріс енгізді. Ендігі жерде оқушылар жаңа міндетті курстарды оқып, жасанды интеллект бойынша жаңартылған бағдарламамен білім алады. Ал, бастауыш сыныптарда бөлім бойынша жиынтық бағалау (БЖБ) мен тоқсан бойынша жиынтық бағалаудың (ТЖБ) орнына бағалаудың жаңа тәсілі енгізіледі.
Өзгерістердің тағы бірі – оқушының күнделікті сабақтағы еңбегіне берілетін бағаның салмағын арттыру. Білім беру жүйесінде бұл формативтік бағалау деп аталады. Яғни мұғалім баланың тек тоқсан соңындағы бақылау жұмысын ғана емес, сабақ барысында оқу материалын қаншалықты меңгергенін, тапсырмаларды қалай орындағанын да ескеріп отырады.
Бұған дейін тоқсандық бағаны шығару кезінде оқушының күнделікті сабақта алған формативтік бағалары жалпы нәтиженің 25 пайызын құрайтын. Енді бұл көрсеткіш 50 пайызға дейін көбейді. Демек, тоқсандық бағаның жартысы оқушының күнделікті сабақтағы үлгерімі мен оқу барысындағы тұрақты еңбегінің нәтижесінде қалыптасады. Бұл жерде оқушының бір реттік бақылау жұмысы ғана бағаланбайды. Оның тұтас тоқсан ішіндегі еңбегі ескеріледі: сабаққа қатысуы, тапсырмаларды орындауы, оқу бағдарламасын қаншалықты меңгергені қорытынды бағаға ықпал етеді. 
Қыркүйектен бастап мектеп бағдарламасына үш жаңа міндетті курс қосылады. Атап айтар болсақ, 5-7 сынып оқушылары «Конституция негіздерін» оқиды. Бұл пән арқылы оқушылар мемлекеттің құрылымы, азаматтардың құқықтары мен міндеттері туралы білім алады. 8-11 сыныптарға «Заң және тәртіп» курсы енгізіледі. Оның негізгі мақсаты – оқушылардың құқықтық сауатын арттырып, заң талаптарын түсіндіру. Ал, 5-11 сынып оқушылары «Жеке қауіпсіздік» курсын оқиды. Ресми түсіндірулерде бұл бағыт аясында қауіпсіз мінез-құлық, төтенше жағдай кезіндегі әрекет, кибергигиена және интернеттегі қауіптерге қатысты білім берілетіні айтылған.
Бұған дейін таңдау пәні ретінде оқытылған «Құқық негіздері» де барлық оқушы үшін міндетті пәнге айналмақ. Министрдің айтуынша, оның мазмұны жаңа Конституцияның қағидаттарына сәйкес жаңартылған. Жаңа пәндердің енгізілуі оқу жүктемесіне салмақ түсірмейді дейді мамандар.
Өзгеріс тек жаңа сабақтармен шектелмейді. Кейбір қолданыстағы пәндердің атауы да жаңарды.
Жасанды интеллект туралы заңға сәйкес әдістемелік нұсқаулықтар әзірленген. Ендігі жерде «Цифрлық сауаттылық» – «Цифрлық сауаттылық және жасанды интеллект», ал, «Информатика» – «Информатика және жасанды интеллект» болып аталады.
Министрдің айтуынша, оқу бағдарламаларына жасанды интеллект бойынша жаңа бөлімдер енгізілген. Барлығы 43 оқу мақсаты жаңартылған. Бұл өзгерістердің мақсаты – оқушыларды цифрлық технологияларды тек пайдаланушы ретінде емес, заманауи құралдардың мүмкіндігі мен жауапкершілігін түсінетін сауатты тұлға ретінде қалыптастыру.
Мектептегі ең көп талқыланатын өзгерістердің бірі – бастауыш сыныптардағы бағалау жүйесінің жаңаруы. Қазіргі жүйеде БЖБ – бөлім бойынша жиынтық бағалау, ал, ТЖБ – тоқсан бойынша жиынтық бағалау дегенді білдіреді. Бұл бағалау түрлері оқушының белгілі бір бөлімді немесе оқу кезеңін қаншалықты меңгергенін анықтау үшін қолданылып келді. Енді бастауыш сыныптарда бұл тәсіл болмайды. Оның орнына оқушының білімін оқу барысындағы түрлі жұмыстар арқылы бағалауға басымдық беріледі.
Атап айтқанда, БЖБ және ТЖБ-ның орнына мұғалім оқушының білімін күнделікті және аралық жұмыстар арқылы бағалайды. Диктант, мазмұндама, шығарма жаздыру, жоба жасау, ауызша және практикалық жұмыс сияқты тапсырмаларды мұғалім өзі таңдап, аралық бақылау формасы ретінде өткізеді. Бұл тәсіл бастауыш сынып оқушысының білімін бір күндегі немесе бір ғана бақылау жұмысындағы нәтижемен шектемей, оның оқу барысында көрсеткен тұрақты еңбегін бағалауға мүмкіндік береді.
Мұның артықшылығы, диктант пен мазмұндама жазу, шығармашылық жұмыспен айналысу арқылы оқушылардың сауаттылығы шыңдала түседі. Мұндай тапсырмалар олардың ой-өрісін кеңейтіп, өз ойын жүйелі жеткізуіне ықпал етеді. Ал, еркін тақырыпта шығарма жазу баланың қиялын дамытып, шығармашылық қабілетін шыңдайды.
Жаңа оқу жылынан бастап енгізілетін тәртіпте оқушының тоқсан соңындағы бір реттік нәтижесінен гөрі оқу барысындағы тұрақты еңбегіне көбірек назар аударылады. ТЖБ-ның алынып тасталуы бағалау жұмыстарын оңтайландырып, мұғалімнің оқушымен тікелей жұмыс істеуіне көбірек мүмкіндік береді деп күтілуде. 

Дайындаған  С.ДӘНІҚҰЛҰЛЫ.
Пікір қалдырыңыз