Білім беру объектілеріне қойылатын талаптар қандай?


Білім беру ұйымдары, оның ішінде білім алушылар мен тәрбиеленушілерді оқыту, тәрбиелеу, тұру және тамақтану орнын ұйымдастыру объектілері арнайы бекітілген құжаттар негізінде жүзеге асырылады. 

Обьектінің сыртқы талаптарын айтатын болсақ, жалпы мектептер және білім алушылар мен тәрбиеленушілер тұратын объектілердің аумағында сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттік нормативтер талаптарына сәйкес барлық периметрі бойынша қоршау болуы тиіс және ол қоршау зақымдалмаған болуы керек. Сонымен қатар аумағында олардың қызметiмен байланысы жоқ объектілерді орналастыруға жол берілмейді. Мектептің учаскесіне кіру жолдары, көлiкпен өту жолдары, шаруашылық құрылыстарға, қоқыс жинағыштарға арналған алаңдарға баратын жолдар асфальтпен, бетонмен немесе тазалауға қолжетімді басқа да қатты жабынмен жабылады. Сондай-ақ, мектептің аумағында сыртқы жасанды жарықтандыру, балалардың ойнау алаңдары болуы тиіс. Қоқыс жинағыштар жан-жақты жабдықталған, үш жағынан қоршалған, тазалау және дезинфекциялау үшін қолжетімді алаңға орнатылады. Оны жиі тазалап, дезинфекциялап тұру қажет. Авариялық жағдайлар болмағанда онда жөндеу жұмыстарын жүргізуге жол берілмейді. Білім алушылар мен тәрбиеленушілердің саны объектінің жобалық сыйымдылығынан аспауы тиіс. Ішкі талаптарға келсек барлық үй жайлардың төбелері мен қабырғалары тегіс, саңылаусыз, жарықшағы жоқ, бүлінбеген, грибоктармен зақымдану белгілерінсіз болуы тиіс. Едендерінде тақтай немесе паркет төсемі немесе ылғалды тәсілмен өңдеуге және дезинфекциялауға ыңғайлы жылы линолеумдер төсеуге болады. Медициналық кабинеттердің, санитариялық тораптардың, кір жуу, жуыну орындарының қабырғалары жууға, дезинфекциялауға ыңғайлы ылғалға төзімді материалдармен, айталық кафелденген немесе сырланған болуы қажет. Кемінде 1,5 метр биіктікте, себезгі бөлмелерінде кемі 1,8 метр биіктікке дейін қамталады. Еңбекке баулу шеберханаларындағы еден механикалық әсерге, ал, химия кабинеттері мен зертханалар химиялық реагенттерге төзімді материалдан жасалуы қажет. Спорт залының жылыту жүйесінің радиаторлары терезе астындағы қуыстарда орналастырылып, торлармен жабылады немесе еденнен биіктігі 2,4 метрде орналастырылады. Терезелерде және жарықтандыру аспаптарында қоршау құрылғылары міндетті түрде көзделуі тиіс.  Обьектідегі жарық диодты, люминесцентті болуы тиіс және энергия үнемдеуші шамдарды пайдаланады. Құрамында сынабы бар шамдарды қоқысқа тастауға жол берілмейді. Пайдаланылған құрамында сынап бар шамдарды сақтау және кәдеге жаратуға жіберу объекті басшысының бұйрығымен жауапты адамға жүктеледі. Жасанды жарықтандыру кезінде бір үй-жайда бір үлгідегі шамдар қолданылады. Оқу үй-жайларындағы жиһаз сол жақ бүйірден табиғи жарықтандыру қамтамасыз етіле отырып орнатылады. Негізгі жарық ағынының білім алушылардың алдынан және арт жағынан түсуіне жол берілмейді. Көз көруі нашар тәрбиеленушілер тақтаға жақын, алдыңғы қатардағы үстелдерге, ал, жиі суық тиіп ауыратын білім алушылар сыртқы қабырғадан алыс отырғызылуы қажет. Обьектілердің ғимараттары желдету және ауа баптау жүйелерімен жабдықталады. Ас блогында механикалық түрде іске қосылатын желдету жүйесі көзделеді. Желдету үшін ашылатын терезелерге, форточкаларға, фрамугаларға москит торлары орнатылады. Ауаның температурасын бақылау үшін білім беру ұйымдарының оқу және жатын үй-жайларында, балаларды тәрбиелеу және олардың тұратын орындарында, сондай-ақ медициналық пункт үй-жайларында термометрлер орнатылады. Сонымен қатар жинау мүкәммалдары (шелектер, щеткалар, шүберектер) таңбаланып, олар жекелеген үй-жайларға (санитариялық торап, медициналық пункт, ас блогының өндірістік үй-жайлары, тамақ ішетін залдар) бекітіліп, арнайы бөлінген орындарда сақталуы тиіс. Ас блогын және дәретханаларды күн сайын дезинфекциялау құралдарын пайдалана отырып жинайды. Дәретханаларда еден, есік тұтқалары, кранның құлақтары, раковиналар және унитаздар күн сайын дезинфекциялауға жатады. Ол арнайы нұсқаулық негізінде жүргізіледі.

Білім алушылар мен тәрбиеленушілерге арналған унитаздар жабық кабиналарда орналастырылады, қол жуатын, қол кептіретін құрылғылар жарамды болуы керек. Сонымен қатар, ұлдарға арналған писсуарлар, білім беру объектілерінің мектеп алды сыныптары үшін балаларға арналған унитаздар орнатылуы міндетті. Орталықтандырылған ыстық сумен жабдықтау жүйесі болмаған жағдайда су жылытқыштар орнатылады. Ыстық және суық су тұратын жерлердегі, медициналық мақсаттағы үй-жайлардағы барлық ванналарға, себезгілерге, кір жуатын орындарға, қолжуғыштарға, сондай-ақ ас блогындағы технологиялық жабдыққа араластырғыш орнатыла отырып, жүргізіледі. Ауыз су білім алушыларға барлық уақытта қол жетімді болуы тиіс. Мектеп директорының бұйрығымен оған бір маман жауапты ретінде бекітіледі. Шыны ыдыстар немесе бір рет қолданылатын стақандар қолдануға болады.  Физикалық және химиялық реагенттерді пайдалана отырып, зертханалық жұмыстарды жүргізу үшін физика мен химия кабинетіндегі демонстрациялық және оқу зертханалық үстелдерге электр энергиясын жүргізу керек, ал химия кабинетінде су және кәріз жүргізілуі керек. Химия кабинетінде сыртқа тарту шкафы жабдықталады. Тәжірибелер жүргізу үшін пайдаланылатын химиялық реагенттер, қышқылдар мен сілтілер таңбаланып, жауапты адамның бақылауымен арнайы бөлінген сейфте сақталады. Білім алушылар мен тәрбиеленушілер үшін сатып алынған өнімдердің оның сапасы мен қауіпсіздігін растайтын құжаттары болуы тиіс.

Объектілерде тұру жағдайларына қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар жөнінде айтатын болсақ, білім алушылар мен тәрбиеленушілердің тұруына арналған объектіні бөлек тұрған ғимараттарға, ішіне-жапсарлас салынған ғимараттарға, сондай-ақ оқу корпустарымен көрші ғимараттарға орналастыруға болады. Үй-жайлар олардың функционалдық мақсаттарына сәйкес жиһазбен жабдықталуы тиіс. Төсек-орын жабдықтары, жаңа және ескі киімдер мен аяқ киімдерді сақтау үшін қойма үй-жайлары көзделеді. Тәулік бойы болатын объектілерде білім алушылар мен тәрбиеленушілерді шомылдыру төсек-орын жабдықтарын, іш киім мен орамалдарды бір уақытта ауыстыра отырып, кесте бойынша жеті күнде кемі  бір реттен жүзеге асырылуы қажет. Төсек-орын жабдықтарын, орамалдарды ауыстыру ластануына қарай (аптасына бір реттен кем емес) жүргізіледі. Төсек-орын жабдықтары жылына кемінде бір рет камералы дезинфекциялануы керек. Бір жатын орынға кемінде үш төсек-орын жабдығының болуы керек. Төсек-орын керек-жарақтары мен төсек-орын жабдықтары таңбаланады, жеке гигиенаға арналған заттар (тіс щеткалары, тарақтар, жөкелер) әр балаға жеке бөлінеді. Жеке тіс щеткалары, жөкелер жуынатын бөлмелердегі ашық ұяшықтарда сақталады. Кір жуатын орын болмаған жағдайда кір жуу басқа кір жуатын орындарда бір орталықтан жүргізіледі.  Сонымен қатар ас блогы мен жабдықтың құрылысы, күтіп-ұстау, шикізат пен дайын өнімге, тамақтану жағдайларына қойылатын талаптар "Қоғамдық тамақтану объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар" санитариялық қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 17 ақпандағы № ҚР ДСМ-16 бұйрығына сәйкес көзделеді. Күн сайын тамақ ішетін залда объектінің басшысы бекіткен мәзір ілінеді, онда тағамдардың атауы, әр дайын тағамның шығымы көрсетіледі. Мәзірде көрсетілген тағамдар мен аспаздық өнімдердің атаулары пайдаланылған рецептуралар жинақтарында көрсетілген атауларға сәйкес келуі тиіс. Санитариялық қағидаларға 9-қосымшаның 3-нысанына сәйкес тағамдардың және аспаздық өнімдердің сапасын органолептикалық бағалау журналына жазба енгізе отырып, дайын тағамдардың сапасына органолептикалық бағалау жүргізеді. Білім беру объектілерінде медициналық қызмет көрсету қамтамасыз етіледі. Өндірістік бақылау адам мен мекендеу ортасы үшін қауіпсіздігін және  зиянсыздығын қамтамасыз етуге бағытталған, дара кәсіпкер немесе заңды тұлға орындайтын іс-шара болып табылады, оның ішінде зертханалық зерттеулер мен сынақтар кешені жүргізіледі, яғни тамақтардың сынамаларын, жарықтарыңызды, микроклиматқа, суларды міндетті түрде зертханалық зерттеуден өткізу қажет. "Өндірістік бақылауды жүзеге асыруға қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар" санитариялық қағидаларын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2023 жылғы 7 сәуірдегі № 62 бұйрығына сәйкес жүргізіледі.

Талғат ҚҰТТЫБАЙҰЛЫ,

Шымкент қаласының санитариялық-эпидемологиялық бақылау департаментінің басшысы.  

Пікір қалдырыңыз