Мәйітхана төңірегінде мәселе көп...
Ерлан ҚУАНДЫҚ,
«Оңтүстік Қазақстан».
Бұл мақаламызда біз мәйітхана төңірегінде әңгіме қозғамақпыз. Иә, кәдімгі мәйітхана. Аты да, заты да суық бұл жерге түрлі жағдайда өмірден өткен марқұмдардың мәйіті сот сараптамасын жүргізу үшін жеткізіледі. Мұнда сарапшы-мамандар мәйітке алдымен сырттай тексеру жүргізіп, кейін ішкі ағзаларын зерттеп, өлімге алып келген жағдайға қатысты қорытынды шығарады. Сосын мәйіт туыстарына қайтарылса, қорытынды құзырлы мекемеге жіберіледі. Алайда, осындай күрделі процедура барысында қайтыс болған адамның туыстары мен құзырлы мекеме арасында түсініспеушіліктер де болып қалып жатады...
Еліміздегі мәйітханалар атқаратын қызметі мен мақсатына қарай екі түрлі мемлекеттік органның қарамағына жатады. Сот-медициналық мәйітханалар ҚР Әділет министрлігінің Сот сараптамалары орталығына, оның өңірлік институттары мен филиалдарына бағынады. Оған жазатайым оқиғадан, кісі қолынан, жол апатынан, белгісіз жағдайда немесе үйінде кенеттен қайтыс болған адамдардың мәйіттері жеткізіледі. Негізгі мақсаты – өлімнің нақты себебін анықтау үшін сот-медициналық сараптама жүргізу және құқық қорғау органдарына (полиция, прокуратура) ресми қорытынды беру. Ал, екінші – патологоанатомиялық мәйітхана бөлімшелері ауруханалардың жанында орналасады. Мұнда емдеу мекемелерінде (стационарда) түрлі аурудан қайтыс болған жандардың мәйіттері жеткізіледі. Ол ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне немесе аурухананың құрылымы ретінде жергілікті әкімдіктердің денсаулық сақтау басқармаларына бағынады. Онда қойылған клиникалық диагноздың дұрыстығы тексеріледі, аурудың даму барысы зерттеліп, дәрігерлік қателік бар-жоғы анықталады.
Біздің бүгінгі көтеріп отырған тақырыбымыз – Қазақстанның сот-медициналық жүйесіндегі ең бір шетін және жиі талқыланатын тақырыптардың бірі. Кейде марқұмды тезірек жерлеуге асыққан жұртшылықта заң талаптарына қатысты түсініспеушілік туындап жатады. Сондай кезде мәйітхананы корупция жайлап алған деген сөз де айтылып қалып жатады. Осыған байланысты біз ресми деректерге көз жүгірткенді жөн көрдік.
Ал, деректер не дейді? Биыл мамыр айында Талдықорған қаласында мәйітті ашып тексермей, тезірек шығарып беру үшін марқұмның туыстарынан пара алу дерегі тіркелген. Осы іс бойынша облыстық сот-медициналық сараптама инспекциясының басшысы ұсталды. Ол қара жамылып, қайғы үстінде отырған туыстарынан мәйітті «соймау», яғни сараптамалық ашу жүргізбеу және денені мәйітханадан тезірек шығарып беру үшін 200 мың теңге көлемінде пара алды деп айыпталды. Бұл деректі Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен құқық қорғау органдары анықтады.
Осы жылдың сәуір айында да онда сараптаманы қасақана бұрмалау, яғни жалған қорытынды беру фактісі бойынша қылмыстық іс тіркелген. Мәйітті туыстарына бергеннен кейін де сарапшылардың заңсыз әрекеті әшкереленген жағдайлар кездесті.
Сәуір айында Орал қаласында 40 жылдық тәжірибесі бар сот-медициналық сарапшы Марат Жонысов сотталды. Ол қайтыс болған адамның мәйітін зерттеу кезінде өлім себебін қасақана бұрмалап, жалған қорытынды берген. Кейін туыстарының талабымен мәйіт қайта қазылып, яғни эксгумация жасалды. Осыдан кейін сарапшының жалған қорытындысы әшкереленді. Сот оның бас бостандығын шектеп, марқұмның отбасына 3 миллион теңге моральдық шығын төлеуге міндеттеді.
Ал, біздің облыста мұндай келеңсіз деректер тіркелмеген.
Алайда, бірлі-жарым фактіге сүйеніп, бұл саланы жемқорлық жайлаған деуге келмейді. Дегенмен, тоқсаныншы және екі мыңыншы жылдары мәйітті алып кету үшін мамандарға ақша беру фактілері жиі кездескенін айтатындар бар. Тіпті, кейбірі сол кезеңді «мәйітті сатып алатынбыз» деп еске алады. Қазір мұндай жағдайлар біртіндеп тыйылып, мәйітхана жұмысы ретке келе бастаған. Бүгінде бұл салада заң талаптарының сақталуына басымдық беріледі. Әйткенмен, тұрғындар көкейінде мәйітті алып кету, сараптама жасату немесе одан бас тартуға байланысты сұрақтар әлі де бар. Осыған байланысты біз Шымкент қалалық адвокаттар алқасының адвокаты, заңгер Асқар Сапарғалиевтен заң талаптарын түсіндіріп беруді сұрадық.
– Жоғарыда айтылғандай, туыстарының марқұмды жерлеуге асыққан сәтін пайдаланып, ақша талап ету немесе мәйітті сараптамадан өткізбей алып кету үшін пара ұсыну жағдайлары құқық қорғау органдарының жіті бақылауында. Мұндай әрекеттер ҚР Қылмыстық кодексінің 366-бабы («Пара алу») немесе 367-бабы («Пара беру») бойынша қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады, – дейді заңгер.
Мәйітті беруден бас тарту, оны кешіктіру және заңсыз ақша талап етуге қатысты негізгі мәселелерді заңгер Асқар Сапарғалиұлы төмендегідей түсіндірді.
1. Неліктен сарапшылар мәйітті бірден бермейді?
Заң бойынша адам ауруханадан тыс жерде қайтыс болса, оған сот-медициналық сараптама тағайындалады. Бұған үйде, көшеде болған өлім, жол апаты немесе кісі қолынан қаза табу жағдайлары жатады. Өлімнің себебі белгісіз болған кезде де сараптама жүргізіледі. Мұндай жағдайда туыстарының сараптамадан бас тарту құқығы шектеулі. Егер қылмыстық іс қозғалып, өлімнен зорлық белгілері анықталса, «діни наным-сенімге байланысты мәйітті ашуға қарсымыз» деген өтініш ескерілмейді. Сараптама аяқталмайынша мамандардың мәйітті беруге құқығы жоқ. Өйткені, мұндай әрекет қылмыстың ізін жасыру деп бағалануы мүмкін.
Мәйітхана сарапшысы мәйітті ашып зерттеуді аяқтағаннан кейін де оны туыстарына бірден бере алмайды. Ол үшін істі жүргізіп жатқан полиция тергеушісінің ресми рұқсаты қажет.
Кей жағдайда тергеушінің құжаттарды ресімдеуді кешіктіруінен мәйітхана алдында кезек жиналып, наразылық туындап жатады.
2. Заңсыз ақша талап ету (парақорлық) қай кезде көрініс табады?
Әдетте тәжірибеде екі түрлі жағдай кездеседі. Бірі – мәйітті тезірек шығарып беру үшін ақша алу. Екіншісі – мәйітті ашып зерттемеу үшін пара талап ету. Сондай-ақ, заңсыз делдалдар немесе жемқор мамандар «кезекті жылдамдатып беремін», «анықтаманы мәйітті ашпай-ақ жазып беремін» деп туыстарының қайғыда тұрған сәтін пайдаланып, ақша талап етуі мүмкін.
Бұл жерде тағы бір жайтты ескерген жөн. Мәйітті ашып зерттеу, жуу және қажетті анықтамаларды беру қызметі мемлекет тарапынан тегін көрсетіледі. Алайда, мәйітхана маңында қызмет көрсететін жеке ритуалдық агенттіктер немесе санитарлар мәйітті киіндіру, макияж жасау, бальзамдау сияқты қосымша қызметтерді міндетті ақылы қызмет ретінде ұсынып, ақша талап ететін жағдайлар да кездеседі.
Жемқорлыққа тап болғанда қандай әрекет жасаған жөн? Бұл жөнінде Асқар Сапарғалиұлы былай дейді:
– Егер сіз немесе жақындарыңыз осындай қысымға тап бола қалсаңыздар, ешқандай да ақша беріп, әуре болмаңыз. Сот-медициналық сараптама институтының ресми қызметтері үшін қолма-қол ақша төленбейді.
Тергеушіден рұқсатты талап етіңіз. Егер сарапшы «құжат дайын емес» десе, істі тіркеген полиция бөліміне хабарласып, мәйітті беруге қажетті рұқсаттың жолданған-жолданбағанын анықтаңыз.
Көпшілік біле жүруге тиіс тағы бір мәселе – Қазақстан Республикасы заңнамаларына сәйкес, мәйітке сот-медициналық сараптама жүргізу барлық жағдайда міндетті емес. Ол заңда нақты көрсетілген сараптама өлім себебі күмәнді немесе қылмыстық сипаттағы жағдайларда ғана жүргізіледі. Бұл мәселе
ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің (ҚПК) 271-бабымен және Денсаулық сақтау министрлігінің тиісті ережелерімен реттеледі.
Осы жерде сараптаманың қай кезде міндетті және қандай жағдайда жүргізілмеуі мүмкін екені туралы да айта кетейік. Егер өлімнің себебіне күдік туындаса, полиция немесе тергеуші сот-медициналық сараптама тағайындайды. Зорлықпен өлу белгілері анықталса, туыстарының қарсылығына қарамастан мәйіт ашылып, зерттеледі. Мұндай сараптама кісі өлтіру немесе өзіне-өзі қол жұмсау жағдайларында міндетті түрде жүргізіледі. Сондай-ақ, өрт, суға кету, ток соғу сияқты жазатайым оқиғалардан қайтыс болған адамдарға да сараптама жасалады. Көлік апатынан немесе өндірістегі жарақаттан қайтыс болған жағдайда да сот-медициналық сараптама тағайындалады. Адам медициналық бақылауда болмай, көшеде, үйде немесе жұмыс орнында кенеттен қайтыс болса, өлім себебін анықтау үшін сараптама жүргізіледі. Белгісіз мәйіттің жеке басын және өлім себебін анықтау қажет болса да сараптама жасау керек. Ал, емдеу мекемесінде дәрігердің қателігі немесе заңсыз әрекеті салдарынан өлім болды деген күдік туындаса, сондай-ақ осыған байланысты арыз түссе, сот-медициналық сараптама тағайындалады.
Ал, өлім табиғи себептерден орын алғаны анық болса, мәйітке сот-медициналық сараптама тағайындалмайды. Бұл жағдайда емхана немесе аурухана дәрігері «Өлім туралы медициналық куәлік» береді. Марқұм ұзақ уақыт бойы созылмалы аурумен, мысалы, онкологиялық кеселмен немесе жүрек ауруымен ауырған болса және емханада есепте тұрса, сараптама жүргізілмеуі мүмкін. Өлімнің табиғи себептен болғанына дәрігерлер мен полицияның күмәні болмауы тиіс.
Жасы ұлғайған адамның өз үйінде табиғи түрде қайтыс болуы да осындай жағдайға жатады. Бұл ретте марқұмның денесінде жарақат белгілері болмауы керек.
Сараптамадан бас тартуға бола ма? Көп адамды мазалайтын сұрақтардың бірі осы. Егер полиция мәйітті сараптама жүргізу үшін мәйітханаға жіберсе, туыстарының «діни наным-сенімімізге байланысты мәйітті ашуға қарсымыз» деген өтініші әйтпесе талабы қанағаттандырылмайды. Тергеуші өлімнің мән-жайын анықтап, қылмыс белгілерінің бар-жоғын тексеру үшін сараптама қорытындысын алуы тиіс. Ал, адам ауруханада қайтыс болып, клиникалық-анатомиялық зерттеу тағайындалса, онда әңгіме басқа. Мұндай кезде марқұмның көзі тірісінде қалдырған өсиеті немесе туыстарының жазбаша өтініші негізінде мәйітті ашып зерттеуден бас тартуға рұқсат етілуі мүмкін.
Мәйітханадағы тәртіп пен сараптама жүргізу мәселесінде қай тарап та заң талаптарын сақтауы тиіс. Біздің бұл зерделеуіміз оқырман көңіліндегі көп сұраққа жауап табуға көмектеседі деп сенеміз.